Чт. Окт 3rd, 2024
Фото: Kazpravda.kzФото: Kazpravda.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2030 жылға қарай Қазақстандағы қарттардың саны 30 пайызға өсіп, 3 миллионға жетеді. Бұл республикалық бюджетке салмақ түсіретіні анық. Сондықтан былтыр шілдеде бекітілген әлеуметтік кодексте зейнетақыны толықтыруға жұмыс беруші міндеттелді. Бұл биылдан жүзеге асырыла бастаған. 

2023 жылғы ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, Қазақстанда 9 млн 534 мың жұмыскер мен 1,7 млн зейнеткер бар. Сәйкесінше, елдегі  жұмысшылардың зейнеткерлерге қатынасы беске бірді құрайды,яғни, 5 жұмыскер шамамен 1 зейнеткердің зейнетақысын төлейді. 

Бұл Азия елдерімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Мысалы, Азияда орта есеппен екі қызметкерге бір зейнеткер тұра келеді.

Елде зейнеткер санымен еңбек күшінің де артатыны белгілі. Қазақстанда әзірге туу көрсеткіші өзге Азия және Еуропа елдеріне қарағанда жоғары. Бірақ Қазақстаннан біржолы көшіп кетіп жатқандардың басым бөлігі жоғары білімді әрі еңбекке жарамды азаматтар болғандықтан, елдегі жұмыскер мен зейнеткер паритеті өзгеруі ықтималы.

“Әлемдік экономикада, елдің экономикасын халықтың өмір [сүру] ұзақтығымен есептейді. Қазақстанда өмір ұзақтығы жоғары деп айтуға келмейді. Әсіресе әйел мен ер адам арасындағы өмір ұзақтығының айырмашылығы жоғары. Шамамен 9 жыл”, — дейді Ұлттық экономика министрлігінің «Экономикалық зерттеулер институты» аймақтық зерттеулер орталығының директоры Ерлан Каримов.

Зейнеткерлер санының өсуі республикалық бюджетке ғана емес, сонымен қатар ұлттық банкке де ықпал етеді. Осыған қатысты, 23 ақпанда өткен брифинг барысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сулейменов зейнетақы жүйесінің әлсіздігі туралы баяндады. 

“Мемлекетіміздің демографиялық құрылымы өзгеріп келеді. Экономиканың құрылымы да, облыстардағы жұмыспен қамтуы да өзгеріп жатыр. Нәтижесінде зейнетақы жүйесі де шетте қалмауы керек. Сондықтан ұзақ мерзімді мәндерде зейнетақы жүйесіне өзгерістер қажет болады”, — дейді Сулейменов.

Базалық мөлшерлеме бойынша брифинг барысында Ұлттық банк төрағасы қазіргі зейнетақы жүйесінің құрылымы жедел емес, ұзақ мерзімді жаңартуды талап ететіндігін хабарлады. Сулейменовтың айтуынша, Ұлттық банк пен Еңбек министрлігі сарапшылармен кездесіп, қандай өзгерістер қажет екенін талқылау қажет. 

Қазіргі таңда мемлекеттен төленетін базалық зейнетақы мөлшері — 28 215, ортақ зейнетақы — 57 853, ал БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы — 30 384,9 теңгеге тең. 

Экономист Нурибек Рамазановтың ойынша, зейнеткерлер санының өсуімен қатар жұмыс күшінің өсуі экономикаға әсер етпеуі мүмкін. 

“Зейнеткерлердің өсуі болған жағдайда, ол жұмыс күшінің санына әсер етуі мүмкін. Бірақ сонымен бірге еңбек өнімділігі артты, осы жағдайда зейнеткерлер санының артуы ешқандай әсер етпеуі де ықтимал”, — дейді Рамазанов. 

Экономист Ерлан Каримовтің ойынша, Қазақстан Сингапур елінің зейнетақы реформасын ұстануы керек. 

“Егер де адам қайтыс болатын болса, оның зейнетақысы, жанағы жинақталған ақшасы жақын туыстарына берілуі тиіс. Немесе бұл кісі басқа елге көшетін болса, оның ақшасы өзіңмен бірге жүруі керек деп ойлаймын. Негізі зейнетақы жүйесін осы салада дамытуға болады” — дейді Ерлан Каримов. 

Қарт адам санының өсуі — кәсіби тәжірибесі мол мамандардың ұлғаюын білдіреді. Каримовтың пікірінше, елде адамдардың өмір ұзақтығын арттыру керек. Жұмыс істейтін зейнеткерлер ел экономикасына үлкен пайда әкеледі. 

“Әр адам өзінің экономикаға деген үлесін қосу керек. Егер зейнеткерлерді кәсіпкерлікке баулысақ, оларға кәсіпкерлікті үйрететін болсақ, жанағы серебряное предпринимательство деген ұғым бар. Олар экономикаға өздерінің үлесін қосар еді”,- дейді экономист.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *