Сб. Июл 27th, 2024
Фото: Артем Геодакян / ТАСС

Кейінгі жылдары Қазақстанда ойынқұмарлыққа салынғандар қатары көбейген. Бұл мәселеге байланысты бүгін мәжілісте лудоманияға қатысты заң жобасы талқыланды. Заңда казинолар мен букмекерлік кеңселердің жарнамасына тыйым салу көзделген. Сондай-ақ заңға сай 25 жасқа толмаған азаматтарға құмар ойын ойнауға рұқсат берілмейді.

Өткен айда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда президент Тоқаев “лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер” деген болатын. Соған байланысты депутаттар ойын-сауық жарнамасын қоғамдық орындарда, биік ғимараттар қабырғаларына және баннерлерде әрі медиа ресурстардың сайттары мен телеарналарға шығуын шектейтін заң жобасы дайындап жатыр. 

Десе де, букмекерлік кеңселер жарнаманың өзге ұтымды түрлерін дайындауға талпынып келеді. Сондай әдістердің бірі – үлкен спорттық ойын кезінде көрерменді бәс тігуге шақыру. 

Мәселен, Әнел мен Ділдә – жазда жұмыс істегісі келген қарапайым студенттер. Достары оларға Olimpbet-ке жұмысқа орналасуды ұсынған. 

Бұл студенттерге тиімді көрінген. Өйткені жалақы айына емес, аптасына беріледі. Студенттердің айтуынша, олардың міндеті үлкен ойынды стадионда көріп отырған азаматтарды бәс тігуге көндеру болған. Қыздарға тігілген әр бес бәске бонус түсіп отырған. 

Сондай-ақ, бәс тіккендер арасында лотерея ойнатылып, оған смартфон, PS5 консолы және тағы басқа сыйлықтар тігілген. 

“Меніңше, тек қыздарды жұмысқа алатын. Шамамен 50-60, тіпті 70-ке жуық қыз болды. Бірақ бұл сан сезілмеді, өйткені бізді қаланың барлық жерінде жұмыс істей алатындай етіп шашыратып жіберетін”, – деді Әнел. 

Жұмыста қыздардың сырт келбеті де маңызды болған. Екі студенттің айтуынша, оларға юбка, суық күндері жемпір мен леггинстер берілген. Олар көбіне ер азаматтарға болжам жасауды ұсынған. Қыздардың айтуынша, ол бір жарыс барысында 5-тен 40-50-ге дейін болжам жинай алған. 

“Егер біз сауда орталығында, ғимараттың ішінде болсақ, бізге юбка кию керектігін айтатын. Көшеде күн суытқанда бізге жемпір мен леггинстер де беретін. Табыс – қыздың пысық болуына байланысты, егер бір қызметкер бес адамды бәс тігуге тарта алса, екіншісі күніне 50 адамды тарта алатын”, — деді Ділдә.

MNU Newsroom Olympbet компаниясына байланысып, адамдарды бәс тігуге тартудың осы түріне қатысты сауал қойды. Кеңсенің баспасөз қызметі барлығы заң аясында екенін, ешкім ешкімді мәжбүрлемейтінін айтты. 

Айта кетсек, талқыланып жатқан заңда букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасына шектеу қою ұсынылып отыр. Яғни, үйлердің қасбеттерінде, фасадтарында, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көлік құралдарында сыртқы жарнамаға тыйым салынады.

Депутат Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше, интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде, мобильді операторлардың смс хаттамаларына да жарнамаға толық тыйым салынбақ.

Егер заң күшіне енсе, белгілі блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал тұлғалар да мұндай ойын түрлерін жарнамалай алмайды. Жарнама тек спорттық объектілер, спорттық бағыттағы сайттар, телеарналар мен спорттық іс-шараларда ғана рұқсат етіледі.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *