Чт. Окт 3rd, 2024
Фото: ulysmedia.kz

Кейінгі жылдары мейнстримге айналған TikTok желісін шектейтін елдер көбейді. Еуропа одағы елдерінің билігі үкіметте қолданылатын телефондарға жүктеуді шектесе, кей Азия және Африка елдері түбегейлі шектеу қойды. Олардың басым бөлігі ақпараттық қауіпсіздікке сілтейді. 18 сәуірден бастап бұл желі Қырғызстанда шектелді. 4 күн өтпей Қазақстан үкіметі де қырғыз әріпестерінің шешімін құптап, шектеу қою мәселесін алға тартты. 

22 сәуірде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мәжіліс отырысынан шыққан кезде TikTok желісін Қазақстанда шектеу мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, желіде заң шеңберінен шығатын ақпарат көп. 

“Әлеуметтік желілерді ашасыздар, әртүрлі контент бар екенін көресіздер. Бұл есірткінің таралуы, порнографиялық материалдар, ересектер мен балаларды қорқыту, экстремистік материалдар, діни сипаттағы материалдар. Барлығын бақылау керек, бүгін біз әлеуметтік желілердегі құқықбұзушылық мазмұндағы контенттің көбейгенін көріп отырмыз”, – деді министр мәжіліс кулуарында. 

Балаева бұл үдеріс әлемдік тенденция екенін айтады. 

Қазақстанда әлеуметтік желілерді шектеу мәселесі бұған дейін де талқыланды. 2021 жылы елдегі балалар құқығын қорғау мәселесіне қатысты заң жобасында әлеуметтік желілерді реттеу уәкілдігі де талқыланған. Жобаны алға тартқан депутат Айдос Сарым Қазақстан үкіметінің желілерді реттеуге, тіпті бұғаттауға мүмкіндігі болғанымен, бұл заң оған жол бермейтінін айтқан. 

Ол заң жобасы балалар өміріне қауіп төндіретін контентті шектеу мақсатында қаралып жатқанын жеткізген еді. Қазақстанның медиа қауымдастығы биліктің бұл бастамасын цензураға балаған. 

The Associated Press агенттігінің жазуынша, TikTok платформасына әлемнің 20 елінде толық не жекелей шектеу қойылған. Мысалы, Бельгия, Франция, Дания және бірқатар Еуропа одағы елдерінде федералды билік қызметкерлері тұтынатын үкіметтік телефондарға видео бөлісетін желіні жүктеу шектелсе, Үндістан, Пәкістан, Непал, Өзбекстан және Сомалиде түбегейлі бұғатталған. 

Сондай-ақ, 24 сәуір күні АҚШ Конгресі TikТok әкімшілігіне ультиматум қойды. Америкалықтар жеке ақпарат қауіпсіздігін ескеріп, TikTok желісін қытайлық ByteDance компаниясының меншігінен ажырату қажеттігін алға тартады. Алдағы 12 айда қытайлық компания TikTok желісін өзге бір америкалық компанияға сатпаса, АҚШ территориясында бұғатталмақ. 

Аталған елдер көбіне ұлттық қауіпсіздік мәселесін алға тартады. Өзбекстан билігі де 2021 жылдың шілдесінде ел азаматтарының жеке ақпаратының қауіпсіздігі үшін желіні жапқан. Ал Қырғызстанда оны шектеуге “балалардың ақпараттық кеңістігінің қорғалмауы” негіз болған. 

Аида Балаева мұндай шектеу шаралары елдегі тұрақтылық пен бірлікті сақтау үшін қажет екенін айтты. Ол TikTok желісіндегі видеолардың көпшілігінде балағат сөздер бар екеніне назар аударған. 

Қоғам белсендісі, блогер Әділ Рамазанов ақпарат министрінің бұл мәлімдемесін TikTok желісінің саясиланып жатқанымен байланыстырады. Оның сөзінше, Балаеваның сөзін балаларды балағат сөздерден қорғау үшін TikTok-ты бұғаттау қажеттігінен бастап, елдегі бірлік пен тұрақтылықты сақтау керегімен аяқтауы жәй емес. 

“Балаеваның сөзін қалыпты тілге аударсақ, Ақорданы TikTok-та оппозициялық контенттің көптігі және оның қаралымдары алаңдатады. Тұрақтылық және бірлік – бәріміз Тоқаевты жақсы көріп, әлеуметтік желілерде пікірімізді білдірмеуіміз”, – деді ол. 

Блогер Рамазанов мемлекет цензураны енгізуге тырысқанда, дәстүр құндылықтарын немесе қауіпсіздік мәселесін қолданатынын айтады. 

23 сәуірде “Аманат” партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауалында балалар тәрбиесі жайлы сөз қозғап, оған TikTok платформасының әсеріне тоқталды.  

“Бүгінгі жастар ата-баба тәлімімен емес, негізінде TikTok арқылы тәрбиеленіп жатыр. Онда пайдалы контентпен қатар баланы жағымсыз әдеттер мен теріс қылықтарға бастайтын бейнематериалдар аз емес. Түрлі ойындарды жарнамалау, онлайн казино, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, тіпті порнография, сиуцидке шақыру, былапыт сөздер мен бейәдет көрініске толы рилстар да осы TikTok арқылы таралуда”, – деді ол. 

Қазақстан Парламенті мәжілісінің депутаттары бұл мәселеге назар аударуына өзге де факторлар түрткі болған. 22 сәуір күнгі Аида Балаева мәлімдемесіне дейін, нақтырақ 17 сәуірде Мирас университетінің ректоры Нүркен Халықберген TikTok-ты бұғаттауды ұсынған болатын

Ол Facebook-тегі постында әлеуметтік желінің балаларға қаупін ескеру қажет екенін айтады. Сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздік мәселесін де тілге тиек етіп, депутаттарды шара қолдануға шақырады. 

The New York Times колумнисі Бен Смит 2021 жылғы зерттеуінде TikTok желісі әкімшілігінің ішкі айналымға бағытталған құжатына сілтеп, платформаның адамды тәуелді ететін алгоритмі қалай істейтіні туралы жазды.

“TikTok Algo 101” дейтін құжатта платформа инженерлерінің қолданушыны платформада көбірек уақыт өткізу үшін оның қызығушылықтарын зерттеп қоймай, ол назар аударған хештег, пікір, лайк батырмасы және көбірек уақыт жұмасаған видеолар контексіне анализ жасайтыны туралы жазылған. 

Адам құқықтары жөніндегі маман Татьяны Чернобильдің ойынша, TikTok желісін бұғаттауға әр ел әртүрлі негіз ұсынып отыр. Бірақ көбінің түпкі себебі қоғамның кей ақпарат көзіне еркін қол жеткізе алмауын ұйымдастыру болып отыр.  Чернобыльдің айтуынша, үкімет толық бұғаттауды жүзеге асырғанша, нақты контентті шектеу әрекетіне жүгінген жөн. 

“Білуімше, мемлекетке нақты бір контентті шектеу техникалық тұрғыдан күрделі. Егер платформа зиян келтіретін контентке шектеу қоюдан немесе оған қатысты нұсқаулық бекітуден бас тартса, мемлекетке веб-сайтқа немесе платформаға толық шектеу қоя салу оңай болады”, –  дейді ол.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *