Қалтарысы көп көне шаһар
Қарағанды — аумағы бойынша елдегі алып аймақ. Көпшілігі бұл жақтың халқын көңілсіз, салқынқанды деп ойлайды. Шахтерлер қаласын сонымен қатар криминал әлемімен байланыстыратындар да аз емес. “MNU Newsroom” тілшісі осы стереотиптер қандай аңыз, мифке байланысты таралғанын анықтау үшін Қарағанды қаласына сапарға шықты.
Қарағандыға қатысты кең тараған мифтер жайлы бізге қала тұрғыны Малика Жұманғали айтып беруге келісті.

Біздің алғашқы бағытымыз Майқұдық аймағы болды. Қала тұрғынының айтуынша, бұрын мұнда жүру қауіпті саналған және бұл жаққа қатысты “қара бұрыш” деген мифтер бар екен.

“90-жылдары мынау тұрған қиылыста есірткі сататын адамдар жиі тұрақтайтын. Түнде шу естілмейтін күн болмайтын. Қазір өзгерді, ғимараттарды жаңартқан. Балалар алаңы, жарық көшелер, таза аула. Сенесіз бе, бұл жер бұрын қара түнек еді”, – дейді қала тұрғыны.


Фотода бос қалған үйдің маңынан табылған шприц.
Майқұдық қазір біртіндеп өзгеріп келеді десек те, бұл жерде әлі де бұзақылар әлемінің ізі байқалады. Оған мына шприцтер дәлел. Ондағы ерітіндінің бірер күн бұрын қолданылғаны көңілдегі күдікті күшейтті.
Майқұдықтағы психиатриялық ауруханаға қатысты мифтер
Қаланың сыртында орналасқан ескі психиатриялық аурухана туралы да жұрттың аузында әртүрлі аңыздар бар. Бізбен сөйлескен күзетші Айдос ағай бұл мекеменің түнгі тыныштығы туралы қызық нәрсе айтты.

“Мен бұл жерде алты жыл күзетші болдым. Түнде кейде біреу сөйлеп жатқандай естіледі. Ал кей науқастар тіпті айғайлап, “тынышталшы” деп жатады. Басында жай науқастардын қиялы дедім, кейін тіпті өзім де қорқа бастадым”, — дейді.
Бос қалған боулинг орталық: Нәрестенің қарғысы
Қарағанды қаласындағы Гоголь 43 мекен жайында орналасқан, бүгінде қараусыз қалған боулинг орталығы туралы да көп миф таралған. Бұл біз көрген екінші нысан.

Бұл ғимарат бүгінде қараусыз қалған. Терезелері сынған, нысанның сырты да, іші де қоқысқа толы. Жергілікті жасөспірімдер мұнда жиі келіп, “экстрим” іздейді екен. Бұл жерде де бір тылсым аңыз сақталған.

“Бұрын осы жерде жас ана бір нәрестесін тастап кетіпті, кейін бала сол жерде көз жұмған дейді. Сол күннен бері бұл жерді ешкім сатып алмапты. Қанша адам тырысса да, бәрі түсінде сол баланы көргенін айтқан. Қолы созулы, үнсіз қарап тұрады екен”, — дейді қала тұрғыны Малика.

Бұл мифке сенетіндер боулинг ғимаратына кеш түсе жоламауға тырысады екен. Расында да, неге осынша жыл бойы ешкім бұл нысанды жөндеп, қайта іске қоспаған? Бұл сұраққа біз де жауап таба алмадық.
Жалпы Қарағанды көшелерін аралап жүріп, біз бұдан да көп түрлі аңыздармен таныстық. Басым бөлігі криминалды әлеммен байланысты. Арада қанша жыл өтсе де, шаһарда сырын ішіне бүккен бір тылсым әлем әлі де бар секілді көрінді.