Әртістерге не жетпейді
Бірі есірткімен ұсталып, сот алдында жауап берсе, енді бірі тәуелді екенін өзі мойындады. Кейінгі бес жылда қазақ эстрадасында осындай оқиғалар жиілеп, продюсерлер де бұл мәселені ашық көтере бастады. Көпшіліктің ықыласына бөленген әртісті есірткіге жетелейтін не? Тілшіміз өнер иелерімен және сарапшылармен сөйлесіп, сахна сыртындағы тәуелділіктің себебін, салдарын және одан арылу жолдарын саралады.
Қазақстанның Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының есебіне сай, 2026 жылы елде есірткіге тәуелді адамдардың саны 112 мыңнан асқан. Оның шамамен 74 мыңы синтетикалық есірткі қолданады. Ал синтетикалық есірткі өндіретін заңсыз зертханалар саны 2023 жылы 45%-ға, 2024 жылы 31%-ға өскен.
Синтетикалық есірткі – химиялық жолмен жасалатын психоактивті зат. Олардың қатарында мефедрон, метамфетамин және басқа да жасанды стимуляторлар бар. 2021 жылы Қазақстан шоу-бизнесін шулатқан шындық ашылды. Q-pop бағытында ән айтатын Mad Men тобының кейбір мүшелерінің екі жылдан бері Алматыда синтетикалық есірткі дайындап, сатумен айналысқаны белгілі болды. Топ мүшелерінің бірі есірткі өндіруге қажетті химиялық заттарды жеткізсе, енді бірі оны дайындап, тапсырыс қабылдаған. Ал қалғандары өнімді жеткізумен айналысқан.

Фотода топ мүшесі Әлімұрад Ибраимов / Polisia.kz
Қылмыстық топта продюсер Руслан Хван мен әнші Әлімұрад Ибраимов бар. 2022 жылдың сәуірінде сот жеті адамға қатысты үкім шығарды. Сот Хванды қылмыстық топ құрып, есірткі айналымына қатысқаны үшін 17 жылға бас бостандығынан айырды. Қалған алты сотталушыға 15 жылдан 16 жылға дейін жаза тағайындалды. Бұл оқиғадан кейін өнер адамдарының жауапкершілігі мен шоу-бизнестегі есірткі мәселесі туралы сұрақтар бұрынғыдан да өткір қойыла бастады.
Продюсер Ерболат Беделхан да сол кездегі жағдайдың өзіне қатты әсер еткенін жасырмайды. Оның айтуынша, оқиғаға қатысы болмаса да, аты аталып, түсініктеме беруге мәжбүр болған.
“Бұл жайтты естігенде өзім де қатты таңғалдым. Mad Men тобының ісі өнер адамдарына қоғам алдындағы жауапкершілігін тағы бір мәрте еске салады. Сахнаға шыққан сәттен бастап сен көпшіліктің назарында боласың. Сондықтан әр әрекетіңе жауапты екеніңді ешқашан ұмытпауың керек”, – дейді продюсер Ерболат Беделхан.

Фотода продюсер Ерболат Беделхан
Продюсерлер неге дабыл қағып жүр
Биыл қыркүйекте халыққа танымал әншілердің продюсері Жан Мұқанов қазақстандық шоу-бизнестегі есірткі мәселесін көтерді. Өнер саласында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан маман есірткі туралы ашық сөйлесетін уақыт жеткенін айтып, бұл жағдайдың тек тәуелді адамның өзіне емес, оның айналасындағы барлық жанға әсер ететінін айтты.

Фотода продюсер Жан Мұқанов
“Бүгінде эстрадада ішімдік емес, синтетикалық есірткі тұтынатындар көп. Есірткі пайдаланушылар арасында толық жүйе қалыптасып қойған. Дилерды да, тасымалдаушыны да, бұл былықтың артын жабатын адамды да табуға болады. Осының кесірінен әртістің жанындағы көмекшілері, командасы мен отбасы қиналады. Ешкімнің атын атап, түсін түстемеймін, бірақ үнемі даудың ортасында жүретін әртістерге қарап еріксіз сұрақ туады. Қазақ эстрадасына бұл кесапатты көрмегенсіп жүре беруге болмайды, әйтпесе салдарынан опық жейміз , – деп пікір білдірді продюсер.
Жан Мұқановтың мәлімдемесі қоғамда қызу талқы туғызды. Пікір білдіргендер эстрададағы бұл үдеріске қатысты заң қабылдануы керектігін айтып, қазақ өнерінің болашағына алаңдады.

Продюсердің сөзі барлық өнер адамы бірдей есірткі тұтынатынын білдірмейді. Дегенмен соңғы жылдары отандық шоу-бизнесте есірткіге қатысты шулы жағдайлардың саны артты.
Биыл 13 қазанда ресейлік рэпер Наваи Бакиров (Navai) Қазақстан шекарасында есірткі контрабандасы күдігімен қамауға алынды.

Полиция мәліметінше, орындаушы мінген автокөлікті тексеру барысында 2,5 грамм марихуана және есірткі ұнтақтауға арналған құрылғы – гриндер табылған. Сондай-ақ рэпердің концерттік директорының сөмкесінен шамамен 10 грамм есірткі тәркіленді. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, ұсталған кезде рэпер есірткілік масаң күйде болған. Сондай-ақ медициналық тексеріс кезінде рэпердің зәрінен каннабиноидтар табылды.
6 күннен кейін әншіге қатысты қылмыстық іс тоқтатылып, Наваи Бакиров Ресейге қайтты.
2025 жылдың тамызында Qarakesek лақап атымен танымал рэпер Омар Амантаев Ақтөбеде масаң халде көлік жүргізгені үшін ұсталды. Медициналық тексеріс оның есірткі қабылдағанын растаған. Ал Амантаевтың жеке заттарын тексеру кезінде 0,26 грамм мефедрон табылды.
Сот әншіні 15 тәулікке қамаққа алып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырды. Кейін есірткіні заңсыз сақтағаны үшін қоғамдық жұмыс істеуге және психиатрдан ем алуға міндеттеді.
Биыл ақпанда әлеуметтік желіде әнші Ерболат Құдайбергеннің оғаш әрекеті түсірілген видео тарады. Бейнеде оның итше үріп, жерден әлдене іздеп жүргені байқалады.

Бұл видеоны әртістің шу шығарып, тәртіп бұзғанына шағымданған қөпқабатты үй тұрғындары түсірген. Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері Ерболат Құдайбергенді медициналық тексеріске жіберді. Психоактивті заттардың әсерінде болғаны расталғаннан кейін ол 15 тәулікке наркологияға жатқызылды.
2023 жылы танымал әнші Төреғали Төреәлі Алматыда есірткілік масаң күйде көлік жүргізіп, полицияның талабына бағынбағаны үшін ұсталды. Сонымен қатар әнші оқиға орнынан қашпақ болып, тұрақта тұрған Chevrolet көлігіне соқтығысқан. Кейін сараптама оның есірткі қолданғанын растады.

Оқиғадан кейін әншіге қатысты жол қозғалысы ережелерін бұзу және полиция талабына бағынбау бойынша алты әкімшілік хаттама толтырылды.
Есірткінің шабыт беретіні рас па
Өнер мен есірткі туралы сөз қозғалғанда жиі айтылатын бір түсінік бар. Ол – психоактивті заттар адамның қиялын ұштап, тың туындылардың дүниеге келуіне көмектеседі деген пікір. Бұл түсініктің қайдан шыққанын болжау қиын емес. Әлемдік музыка тарихында есірткі қолданған өнер адамдары да, оны шығармашылық ізденіспен байланыстырған орындаушылар да көп болған. Ендеше есірткінің шабытқа ықпалы туралы медицина не дейді?
Нарколог Алексей Крафт есірткінің алғашқы әсері адамға күш-қуат беретінін айтады. Бүгінде дәрігер пациенттерінің қатарында әншілер, актерлер, тележүргізушілер мен шоумендер де бар екен.

Фотода Алексей Крафт
Маманның айтуынша, есірткі жүйке жүйесіндегі дофамин, серотонин және норадреналин секілді нейромедиаторлардың жұмысына әсер етеді. Соның нәтижесінде адам өзін сергек сезініп, ұзақ уақыт жұмыс істеуге немесе шығармашылықпен айналысуға құлшынысы артқандай күй кешеді.
“Есірткіні алғаш тұтынған сәтте әртістер осы әсердің арбауына түседі. Олар өздеріне әрдайым қуат беретін «ғажайып дәрі» таптық деп ойлауы мүмкін. Дегенмен психоактивті заттарды қолдану адамның жүйке жүйесіне де, денсаулығына да орасан зор зиянын тигізеді. Тәуелді адамның ұйқысы бұзылады, кейін ол өз бойынан мазасыздық, эмоционалдық қажу мен депрессия белгілерін байқайды. Ең өкініштісі – есірткінің салдарынан арылу ұзақ уақытты талап ететін процесс”, – деп түсіндірді нарколог.
Оның айтуынша, есірткінің әсерінен әртістің өз шығармашылығына беретін бағасы өзгеруі мүмкін. Кейбір психоактивті заттардың әсерінен адам өз ойларын ерекше терең санап, шығармаларына теңдесіз туындыдай қарайды. Дегенмен бұл әсердің ән сапасын шын мәнінде арттыруы екіталай.
— Есірткі өнер адамына шабыт сыйламаса, эстрадада бұл дерт неліктен жалғасып келеді?
“Мен жұмыс істеген әртістер концертке дайындық, репетиция, түсірілім, гастроль мен жарнама қажытады деп шағымданатын. Олар бұл міндеттерін ысырып, жұмыстан шығып кете алмайды. Сол күйзелістен арылудың амалын көп адам есірткіден іздейді. Әсіресе танымалдыққа енді қол жеткізген орындаушылар әр мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысып, өз күшіне дұрыс баға бере алмайды. Эстрада жұлдыздарының арасында сахнадағы көңілді бейнесін сақтап қалу үшін есірткі тұтынатындар бар», – дейді дәрігер.
Алексей Крафт бұл мәселеде продюсерлердің рөліне де тоқталды. Наркологтың айтуынша, олар әртістің жұлдызы жанып тұрған сәтті барынша ұтымды пайдаланып қалуға тырысады екен.
“Бірден айта кетейін, бұл пікірді барлық продюсерлік орталыққа телуге болмайды. Дегенмен отандық арт-менеджерлердің арасында әншіні адам емес, табыс көзі ретінде көріп, денсаулығына қарамастан үздіксіз жұмыс істететіндер бар», – дейді маман.
— Есірткіге тәуелді әртістерді қалай емдейсіздер? Олармен жұмыс істеудің қандай ерекшеліктері бар?
“Ең алдымен науқасты шабыт алу үшін психоактивті заттарды қолдану қажет деген жаңсақ түсініктен арылтуға тырысамыз. Нашақорлықты емдеу – ұзақ уақытты талап ететін күрделі процесс. Біз адам ағзасын есірткіден тазартып, оны қабылдауды тоқтатқан кезде пайда болатын физикалық ауырсыну мен басқа да белгілерді жеңілдетеміз. Кейін дәрі-дәрмектің көмегімен адамның психикалық жағдайын тұрақтандырамыз. Емнің нәтижелі болуы көбіне науқастың өз еркімен тәуелділіктен арылуға ұмтылуына байланысты. Мәжбүрлі емнің тиімділігі төмен», — деп түсіндірді нарколог.
Әртістерге не жетпейді
Сырт көзге өнер адамдарының төрт құбыласы түгелдей көрінеді. Атақ-даңққа бөленген, материалдық жағдайы жақсы, көпшіліктің ықыласына ие жандарға не жетіспейді? Бұл еріккендіктің белгісі ме? Осы сауалдарға наркологиялық орталықта әртістермен жұмыс істеген психолог Шолпан Мықтыбек жауап берді.

Фотода психолог Шолпан Мықтыбек
“Кейбір әншілер өздерін тек көпшіліктің ықыласына бөленіп, мақтау естіп, концертке шақырту алған кезде ғана бағалы сезінеді. Олар өзіне айтылған сынды ауыр қабылдап, жұрттың назарынан тыс қалса, күллі әлемде ешкімге керек болмай қалғандай сезінеді. Есірткіге тәуелділіктің себептеріне адамның бұған дейін басынан өткерген оқиғалары, қиындыққа төтеп беру қабілеті және жақындарымен қарым-қатынасы да әсер етуі мүмкін. Есірткі қабылдаған сайын адамның бойындағы кінә мен ұят сезімі күшейе түседі. Әсіресе ата-анасының, жақындарының алдындағы кінәсін ауыр сезінуі мүмкін. Бірақ сол жағымсыз сезімдерден құтылудың орнына, оларды уақытша ұмыту үшін есірткіге қайта жүгінеді. Осылайша адам бірінен-бірі туындайтын тұйық шеңберге түседі”, – дейді психолог.
Маманның сөзінше, тәуелділікке шалдыққан әртіс уақыт өте келе есірткісіз өзін сенімді ұстай алмайтынына сене бастайды. Мысалы өнер адамы есірткі қабылдамаса, сахнаға шыға алмайтындай, көрермен алдында еркін сөйлей алмайтындай болады.
“Тәуелділіктің қаншалықты жылдам қалыптасатыны адамның психологиялық жағдайына, қолданған затына, оны қаншалықты жиі және қандай мөлшерде қабылдайтынына байланысты. Ең қауіпті кезең – адамның есірткіні ләззат алу үшін емес, өзін қалыпты сезіну, күнделікті тіршілігін жалғастыру үшін қолдана бастауы”, – деп түсіндіреді Шолпан Мықтыбек.
Психолог тәуелділік адамның мінез-құлқы мен айналасындағы адамдарға деген қарым-қатынасынан да байқалуы мүмкін екенін айтады. Мәселен, бұрын ашық-жарқын болған адам тұйықталып, жақындарынан сыр жасыра бастайды. Кейде ешкімге ескертпестен ұзақ уақытқа жоғалып кетуі, араласатын ортасын өзгертуі мүмкін.
Шолпан Мықтыбек есірткіге тәуелділікті ұзақ мерзімді ем мен тұрақты қолдауды қажет ететін дерт ретінде сипаттайды. Оның айтуынша, емделгеннен кейін адамның есірткі қолданбай өмір сүретін кезеңі ремиссия деп аталады. Бұл кезең біреуде алты айға, енді біреуде он жылға, тіпті өмір бойына созылуы мүмкін.
“Тәуелділікке шалдыққан адам қалыпты өмір сүру мүмкіндігінен айырылмайды. Ол да отбасын құрып, еңбек етіп, шығармашылықпен айналыса алады. Бірақ қайтадан есірткіге оралмау үшін араласатын ортасына, достарына, жиі баратын жерлеріне және бос уақытын қалай өткізетініне ерекше мән беруі қажет. Ең бастысы, мұндай адам ем мен қолдауды қажет ететінін түсінуіміз керек», – деп сөзін түйіндеді психолог.
Өнер адамдарының арасындағы тәуелділік себептерін талқылағанда, жас орындаушылардың қандай ортаға тап болатынын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Әсіресе шоу-бизнеске енді қадам басқан жастар үшін жаңа таныстық пен түрлі басқосулардың қауіп-қатерін бірден аңғару қиынға түсуі мүмкін. Осы орайда Қазақстанның халық әртісі Майра Ілиясовадан жас өнерпаздарды есірткіден қалай қорғауға болатынын сұрадық. Шәкірт тәрбиелеп келе жатқан әнші бұл мәселенің өзін де алаңдататынын айтты.

Фотода әнші Майра Ілиясова
“Өнер саласында бұл мәселе белең алған. Жастар арасында адамның өзіне білдірмей, тіпті ішіп отырған сусынына есірткі қосып жіберетіндер бар. Сол себептен жас әртістер аса сақ болуы керек. Ешкімнің арбауына еріп, біреудің жетегінде кетпеуге тиіс. Кіммен араласып, қандай ортаға түскеніңе есеп беріп отыру маңызды”, – дейді Майра Ілиясова.
Ән мәтініндегі есірткі
Әлемдік поп-мәдениетте, әсіресе рэп жанрында есірткіге қатысты жолдар мен астарлы тіркестер жиі кездеседі. Бұл үрдіс қазақстандық музыкада да байқалады. Осы орайда ән мәтінінде есірткінің жиі аталуы оны насихаттауға және тыңдарманның бұл заттарға қызығушылық танытуына әсер ете ме деген сұрақ туындайды.


ҚР ІІМ Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу кеңесі төрағасының орынбасары, Esirtkisiz Bolashaq қорының басшысы Жандос Ақтаев есірткіні сәнді, қызықты немесе қалыпты өмір салтының бөлігі ретінде көрсетудің қауіпті екенін айтады.

Фотода Жандос Ақтаев
“Бұл мәселеде жас тыңдарманға келетін зиян алаңдатады. Жасөспірімдер сүйікті орындаушысының әніндегі кейбір астарлы тіркестердің мағынасын алғашында түсінбеуі мүмкін. Бірақ есейген сайын сол сөздердің есірткіге қатысты екенін ұғып, есірткі тұтынуды қалыпты құбылыс ретінде қабылдаудың қаупі бар. Олардың санасында «Мен жақсы көретін әнші бұл туралы еркін айтып жүр. Демек онда тұрған ештеңе жоқ шығар» деген түсінік қалыптасуы мүмкін”, – деп сипаттады Ақтаев тыңдарман бойында қалыптасуы мүмкін қайшылықты.
Ол Esirtkisiz Bolashaq шығармашылық арқылы есірткіні насихаттағаны үшін жауапкершілік енгізу жөнінде ұсыныс әзірлеп жатқанын айтты.
Шоу-бизнестегі есірткі мәселесі заңмен реттеле ме
Биыл сәуірде Астана қаласы мәслихатында Қазақстанда өнер адамдарын есірткіге міндетті түрде тексеру мәселесі көтерілді. Бастаманы ұсынған – депутат, журналист Ләйлә Сұлтанқызы. Оның айтуынша, қоғам алдында жүрген адамдардың, әсіресе жастар үлгі тұтатын өнер иелерінің жауапкершілігі жоғары болуы керек. Ләйлә Сұлтанқызы танымал адамдарды алдын ала ескертусіз медициналық тексеруден өткізуді ұсынып отыр.

Фотода Ләйлә Сұлтанқызы
Бұл бастамаға қатысты мәслихат депутаты Азамат Айтхожин да пікір білдірді. Ол эстрададағы түйткілді шешу үшін құқық қорғау органдары, прокуратура және денсаулық сақтау саласының өкілдерімен біріге жұмыс істеу керегін алға тартты.
“Бұл ұсынысты есірткі және есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының алаңында талқылау керек. Біз бір орында тұрмай, есірткі мен оның бизнесіне қарсы күрестің барлық мүмкін жолдарын іздеуіміз керек”, – деді депутат.
Бастаманың кейінгі тағдырын білу үшін редакция Ләйлә Сұлтанқызымен байланысқа шықты. Мәслихаттың бұрынғы депутатының айтуынша, оның өнер адамдарын есірткіге міндетті түрде тексеру жөніндегі ұсынысы әзірше қолдау таппаған. Ләйлә Сұлтанқызы бұл тақырыпты талқылау барысында былтыр Түркияда басталған шоу-бизнес өкілдерін есірткіге қатысты тексеру бастамасын мысалға алғанын айтады. Сол кезде Стамбұл прокуратурасы мен құқық қорғау органдарының тергеуіне ондаған танымал актер, әнші және әлеуметтік желі жұлдызы іліккен еді. 2026 жылдың сәуірінде түрік прокуратурасы танымал актер Бурак Дениздің сынамаларынан кокаин мен каннабис іздерін анықтады.
Бүкіл деректі саралай келе түйгеніміз, шоу-бизнес өкілдерін есірткіге тексеретін уақыт келген секілді. Бірақ оның қашан және қалай жүзеге асары әзірге белгісіз. Белгілісі, танымал тұлғалардың бұл бассыздығы өскелең ұрпақты да өзгертіп, зардабы ауыр болуы мүмкін.