Дүй. Мам 20th, 2024
Фото: qazaqstan.tv

Қазақстанда жануарлардың есебін жинаумен айналысатын Tanba ресурсының дерегіне сәйкес, елде 36 мыңға жуық үйсіз жануар бар. Жануар құқығымен айналысатын мамандардың айтуынша, биыл үйсіз, қараусыз қалған жануарлар саны көбейген. 

Қазақстан бойынша үйсіз жануарларды паналатуға арналған 25 баспана бар. Солардың бірі «Я живой» деп аталатын мекеме Астана қаласында орналасқан. Ұйым өкілінің айтуынша, қазір онда шамамен 120 иесіз мысық пен 150 ит бар.

Қызметкер зоотехник Сергей Сергеевичтің айтуынша, былтырға қарағанда иесіз жануар саны көбейген. Сөзінше, су тасқыны салдарынан жануарын паналатқысы келіп, хабарласатын адамдар қатары артқан. 

«Бізге күніне 200-300 рет қоңырау келіп түседі. Ал бізде орын жоқ. Егер біреу жануарды асырап алса, орын босап жатса, әрине, біз басқа жануарларды да өз қамқорлығымызға алуға әрқашан дайынбыз. Айына кейде 5, кейде 15 мысық пен ит алып кетіп жатады. Кейде тіпті ешкім келмейтін кездер де болады», дейді ол.

2020 жылдың қыркүйегінде президент Тоқаев жануарларды қорғау туралы заң жобасы қажет екенін айтып, жануарларға деген көзқарас кез келген мемлекет өркениетінің өлшемі болатынын меңзеген еді.

Заңда «үйсіз жануарлар үшін баспаналарға арналған жер» ұғымы бекітілмеген. Сондықтан оларды салу әлі де заңсыз. Бұл жануарлар паналайтын үйлердің неліктен аз екенін түсіндіреді. Сол себепті де, елде қорғаусыз қалған жануарлар да көбейіп келеді. 

«Адамдар көбінесе бұл жануарларға қажет күтім жасай алмай бізге өткізеді. Ал кейде еріктілер даладан тауып, алып келеді. Жануарлар бұл жерге әртүрлі жағдаймен түседі. Күн сайын иесіз жануарлар саны артып жатыр», дейді зоотехник.

Астанада үйсіз жануарларды құтқаратын «СтопОтлов» дейтін еріктілер тобы бар. Олар қорғансыз жануарларға көмек көрсетумен, ит пен мысықтарды өз қарамағына алумен және қаланың үйсіз жануарлар баспанасына қолдау көрсетумен айналысады.

Еріктілер қала шетінде орналасқан жануарларды уақытша қамқорлыққа алу изоляторына түскен жануарларды тамақтандыруып, емдеуге көмек етеді. Онда 3000-дай ит пен 600-дей мысық бар. 

Еріктілердің бірінің сөзінше, олар күніне 6 көлікпен, жараққаттанған 60 үйсіз жануарды алып келеді. Еріктілер кейде бар жануарға қажет күтімді толық аяқтай алмай, кейде сонда қонуына тура келеді екен. 

“Ауру жануарлар далада өте көп. Соларды біз осында алып келеміз, емдейміз. Қолдан келгенше жануар өмірі үшін күресеміз. Кейде бір-бірімен төбелесіп, жарақаттанып қалатындар бар. Жұмыс өте көп, бізге көмек қолы жетіспейді”, дейді еріктілердің бірі.

«СтопОтлов» өкілінің айтуынша, наурыз айында олар 4203 жануарға көмектескен. Оның небәрі 70-ін адамдар асырап алған. Ал қалғаны әлі күнге дейін еріктілердің қарамағында екен. 

“Біз барынша олардың үйлі болғанын қалаймыз. Үйсіз жануарлар жылдан жылға көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Ал оларға эвтаназия жасауға біз қарсымыз,” дейді еріктілердің бірі.

2022 жылы наурыз айында мәжіліс «жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңды талдап, бекітті. Заңда жануарларға адамгершілікпен қарауды, яғни оларды аулау не эвтаназия беруге жол бермеу қарастырылған. Ал биыл мәжілісте сол заңға өзгерту енгізу қайта талқыланып жатыр. Заң мәтініне сәйкес, жануарларды эвтаназиялауға рұқсат беру кіріктірілген.

Өзгертуге орай, ауру немес негізсіз агрессия көрсететін, зообақылау ұйымдарына жатпайтын, қараусыз қалған иттердің санын реттеу үшін 15 күн ішінде (егер олар қаңғыбас жануар болса) және 60 күн ішінде (егер олар қараусыз қалған жануар болса) эвтаназия қолданылады. 

«Біз бұл заңды қабылдамас бұрын, әрине, жануарларды аулау, дезинфекция, вакцинация, оларды босату қағидатын қарастырдық. Бірақ қазіргі уақытта адамдарға иттердің шабуыл жасау фактілері көбейіп кетті», деді Экология және табиғи ресурстар министрі заңға қатысты.

Жануарларды қорғаушылар мен ветеринарлар эвтаназияны «амалсыз, соңғы шара» деп санайды. Иесіз жануарлар ешкімге қажет болмағанның өзінде елеулі себепсіз эвтаназия қолдану адамгершілікке жатпайды, дейді олар.

«Жануар ауыр хәлде жатқан кезде, қиналып жатқанында қожайынының шешімімен, растау қағазымен ғана эвтаназия жасаймыз. Ал негізі эвтаназияны қолдамаймыз», – дейді Астанадағы Love Animals орталығының ветеринары.

2024 жылы ақпан айында мәжіліс жануарлар иелеріне арналған жаңа тыйым салу заң жобасын әзірлеген. Заңда осы жануарды уақытша асырау пунктін жүргізу арқылы иесінің жануардан бас тартуына тыйым салуы баяндалған. Бұл норма үй жануарларын көшеге тастамай, уақытша асырау пунктіне қосуға міндеттейді. Сонымен қатар, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға сәйкес, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мысықтар мен иттерге чип салу немесе тегтер қою міндеттелді. Бұл жануарды жоғалтқан жағдайда иесін табуға көмектеседі.

Related Post

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған