Чт. Окт 3rd, 2024
Фото: azattyq.org

Қазақстанда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесі күн тәртібінен түспей тұрған маңызды тақырыптардың біріне айналды. Бұрын көбіне отбасы шеңберінен шықпай қалатын мәселе қазір қоғамда кеңінен талқылана бастады. Оған қатысты арнайы заң қабылданып, зорлық көрсетушіге жаза күшейтілді. Десе де, елде зорлық көрген әйелдер саны азаймаған. 

Астана қаласының Сара (есімі өзгертілген) есімді тұрғыны шамамен 3 жыл күйеуінен қысым көргенін айтады. Оның сөзінше, күйеуі манипуляцияға және абьюзивті іс-әрекетке бейім болған.

“О баста мен оның [күйеуінің] казиноға баратынын білдім. Арасында құмар ойындар ойнап жүрді. Танысқанымызға 1 ай болғанда сырға салу өтті. Бірінші жылы оның [күйеуінің] аздап бәс тігіп жүргені болмаса, маған қысым көрсетпейтін. Бірақ кейін оның үйге қонбайтын әдеті басталды. Түні бойы құмар ойын ойнап, ішімдік ішіп, есірткі де тұтына бастады”, – дейді жәбірленуші.

Сараның айтуынша, 2021 жылдан бастап жұбайы құмар ойынға тәуелді болып, үйіндегі барлық мүлікті бәске тіккен. Сол себепті жанжал туындаған кезде күйеуі алғаш рет қол көтерген. Сара бұл уақытқа дейін жұбайының қол түгілі, дауыс та көтермегенін айтады.

“Ол  [2021 жылы] 3 күн үйге қонбады. Қайтып келген кезде есірткі тұтынғанын және ішімдік ішкенін білдім. Екеуміз қатты ұрсысып қалдық. Сол кезде ол менің бетімнен салып қалды. Одан кейін оның бұл әдеті жиі қайталанды. Сондықтан біз [күйеуінің отбасымен] оны құмар ойынға тәуелділіктен емдейтін арнайы орталыққа жатқыздық. 1-2 ай жатып шықты. Мен оны қолдап, тамақ істеп, керек заттарын апарып тұрдым. Бірақ шыққаннан кейін ол мені “мен жоқта көзіме шөп салдың, басқа еркектермен болдың” деп айыптады”, – дейді Сара.

Сараның сөзінше, жұбайы құмар ойынның нағыз құрбанына айналған. Оның телефонын, әшекей бұйымдарын, тіпті, үйдегі жиһазды да бәске тігіп жіберген. Жәбірленуші арада жанжал туындаған кезде күйеуі оның [Сараның] шашынан сүйреп, басынан ұрғанын, тепкенін жасырмады. 

Жәбірленушінің айтуы бойынша, соның әсерінен оның бір құлағы естімей қалған екен. Сараға бірнеше рет ауыр физикалық қысым жасаса да, күйеуімен ажырасуға өтініш бермеген.

“Менде қандай да бір үміт болды. Мен оны өзгерте аламын деп сендім. Ол мені шын сүйетіндей көрінді. Қолдау көрсетіп, барын аямайтын. Бірақ қазір ойлансам, бұл тек манипуляция тәрізді ме?!.. Мен оның кесірінен қарызға баттым, талай соққы астында қалдым… Қазір ажырасқан жоқпыз, бірақ бөлек тұрып жатырмыз”, – деді ол.

Қазақстанда зорлық көргендер көбіне үнсіз қалады. Кейде отбасы араласып, мәселені жылы жабуға үгіттейді. Кей кезде зорлық көрсеткен азаматтың экономикалық әрі психологиялық қысымына тап болады. Ал кейде құзырлы органдардың немқұрайлығынан зорлық-зомбылық әрекеттері дер кезінде тергелмей, жабылып қалады. 

Адвокат Айман Омарованың айтуынша, агрессор көбіне заң алдында тиісті жазаға тартылмағандықтан, қоғамда әйелге қарсы физикалық зорлық-зомбылық ушығып кеткен. 

“Зорлық-зомбылық жасаған [ер адам] әйелді өлтіріп немесе мүгедек қылып қояды. Тіркелмеген қаншама жағдай бар. Ұрып-соғып жатса да, ”керегі жоқ” деп полицияға хабарласпайды. Тыр жалаңаш [әйелді] видеоға түсіріп, “мен жөзекшемін деп айт”, “кететін болсаң мен осыны бәріне көрсетемін” деп бопсалайды. Мұндай зорлықпен күресуде басты механизм – әйел адамның өз құқықтарын білуі. Өз құқығын білмейтін әйел адамға [Қазақстанда өмір сүру] өте қиын”, – дейді адвокат.

Әйелі Салтанат Нүкенованы асқан қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаев соты басталғалы қоғам назары осы мәселеге ауды. Бишімбаев сот барысында тағылған айыпты мойындамады. Нүкенованың өзі абайсызда «қайта-қайта құлап, жарақат алғанын» баяндады. Бірақ сот-медициналық сараптаманы дайындаған Тахир Халимназаров мұны жоққа шығарды. 

«Мынау басына тиген соққы. Адам ояу кезінде басына мұндай жарақат ала алмайды. Себебі құлаған кезде адам реклективті түрде басын қорғайды. Егер ол ояу болса, әрине. Кейде адам биіктен шұңқырға құлауы мүмкін. Бірақ, тегіс жерде құлағанда адам басында мұндай жарақат болмайды», – деді ол 8 сәуірде өткен сот процесінде.

Сондай-ақ, cараптама қорытындысы бойынша өлімге әкелетін тұншықтыру белгілері болғанын айтты. 

Әлеуметтанушы антропологтар Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өршуіне және жәбірленушілердің арыз бермеуіне бірінші кезекте әлеуметтік факторлардың әсер ететінін айтады. Бұл отбасыдағы тәрбиемен тікелей байланысты деп есептейді. 

Әлеуметтанушы Эльмира Отардың сөзінше, қазақ отбасындағы ата-аналардың ер балаларға деген қарым-қатынасы, олардың статусын көтермелеуі ең негізгі факторлардың бірі. 

“90-шы жылдан бері байқалады… Бала тәрбиесі қадағалаусыз қалды. Соның салдарын біз әлі көріп келеміз. Отбасындағы ер балаға аса құрметпен қарау әсер етіп отыр… Бізде көбіне әйелдердің өздерін кінәлап жатады. Әйелдер физикалық тұрғыдан ер адамдардан әлсіз болғандықтан, осындай әрекетке бару қалыпты көрініс сияқты көрінеді”, – дейді социолог Отар.

Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, 2023 жылдың қаңтар-мамыр аралығында Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты полиция органдарына 35 мың өтініш түскен. Арыздар бойынша агрессорлардың небәрі 17 пайызы, яғни 300-і қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 

Ал Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, былтыр елде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 69 әйел және 7 бала қайтыс болған. Ал қоғамдағы әрбір екінші ажырасудың себебі тұрмыстық зорлық-зомбылық болған. 

2024 жылы 15 сәуірде президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейтетін заң жобасына қол қойды. Заң жобасына енгізілген өзгерістер негізінен кәмелетке толмаған балалар құқығын қорғауға бағытталған.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *