Қазақстан ұлттық банкі биыл 12 сәуірде елдегі валютаның базалық мөлшерлемесін өзгеріссіз қалдырды. Сарапшылар мөлшерлеме төмендейді деп болжаған. Оның сақталуына су тасқыны түрткі болған.
Ұлттық банктің мәлімдеуінше, Қазақстандағы жылдық инфляцияның көрсеткіші кейінгі екі айда 9,1 пайызға дейін төмендеген. Десе де, бұл болжалған траекториядан біршама жоғары болған. Ұлттық банк елдегі су тасқынынан туындайтын қосымша шығындардың әзірге белгісіз екенін ескеріп, базалық мөлшерлемені бұрынғыдай 14,75 пайыз көрсеткішінде қалдыруға шешкен.
Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов 12 сәуірде базалық мөлшерлемені сақтап тұру себебін түсіндіріп, елдегі су тасқыны ахуалын алға тартқан еді.
«Су тасқынының салдары тұрғысынан алғанда қандай да бір бұлыңғырлық бар. Базалық мөлшерлемені осы деңгейде сақтап қалуға сол да әсер етті. Су тасқынының бірнеше салдары болуы ықтимал. Бірінші кезекте әлеуметтік салдар, екіншіден су тасқыны болып жатқан аймақтарда кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндігінің шектелуі. Үшіншіден, су тасқынының зардаптарын жою үшін қажет болатын бюджеттік шығын мәселесі бар», – деді ол.
Сүлейменовтің сөзінше, биыл жылдық инфляция деңгейі 7,5–9,5 аралығында болады.
“Қазір мөлшерлемені көтерудің қажеті жоқ. Бірақ оны төмендету де қауіпті. Өйткені инфляция қайта өсіп кетуі мүмкін. [Су тасқынынан зардап шеккендерге] өтемақы төлеу басталғанда нарықта ақша айналымы күрт артады. Жоспардан көп ақша айналымға енгендіктен, инфляцияның өсу ықтималдығы болады”, – дейді экономист Расул Рысмамбетов.
Ұлттық банк инфляция көрсеткішін 5 пайыз көрсеткішіне дейін төмендетуді көздейді. Қаржы нарығын реттеушінің мәлімдеуінше, қазіргі елдегі ахуал ақша-несие саясатын жұмсартуға келмейді.
“Экономикалық зерттеулер институты” АҚ макроэкономика және болжау сарапшысы Бақберген Тоқтасынның ойынша, мұның бәрі инфляцияны төмендетуге бағытталған. Себебі ол импорт пен экспортқа да, халықтың әл-ауқатына да айтарлықтай әсер етіп отыр.
“Базалық мөлшерлеменің белгілі бір деңгейде сақталуы инфляцияны 5 пайыздық мөлшеріне төмендетуге бағытталған. Алдағы жылы инфляция 5 пайыз көрсеткішіне дейін түспейді. Оның көрсеткіші біршама жоғары болады. Яғни, мақсат бойынша, орта мерзімді жоспарда инфляцияны 5 пайызға түсіру болып отыр”, – дейді Тоқтасын.
Экономистің айтуынша, базалық мөлшерлеменің 14,75 пайыз деңгейінде сақталуы – ұлттық банкке инфляцияның өсуіне ең жақсы деңгейде жауап беруге мүмкіндік береді. Үкіметке су тасқыны өткеннен кейін инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін қомақты қаражат қажет болады.
Тоқтасынның болжауынша, су тасқынының салдарымен күресу сұраныс бойынша ЖІӨ-ны ұлғаяды. Қысқа мерзімде бізде тауарлар мен қызметтерге үлкен сұраныс болады, бұл жыл қорытындысы бойынша ЖІӨ-ні арттырады.
“Егер тауарлар мен қызметтерге баға өссе, онда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеруге мәжбүр болады. Бірақ, айталық, Ұлттық банк қазір мөлшерлемені 14,5 пайызға дейін төмендетсе, инфляция өседі”, – дейді Тоқтасын.
“Экономикалық зерттеулер институты” жүргізген зерттеу бойынша инфляция көрсеткішінің төмен болған кезі 2018 жыл болып есептеледі. 30 жылдың ішінде ең төмен инфляцияның деңгейі – 1,9%, ал 1992 жылы елде гиперинфляцияның деңгейі – 3060,8% болған.
Ұлттық банктің хабарлауынша, проинфляциялық тәуекелдер реттелетін бағалардағы реформалардың жалғасуымен, Қазақстанның аумағындағы су тасқынының салдарымен, сондай-ақ оларды жою үшін қажет бюджет шығысы көлемінің белгісіз болуымен негізделеді.