Қазақстанда жыл басынан бері азық-түлік өнімдерінің бағасы орташа есеппен 6,3 пайыз өскен. Ірі, орта, шағын бизнеспен айналысатын кәсіпкерлерден бастап, ЖОО-да оқып жүрген студенттер үшін азық-түлік пен коммуналды шаруашылықтың құны жоғарылағаны біршама қолайсыздық тудырып отыр.
Ақтөбелік Әлия Алапкашева қазір MNU университетінде 3-курста оқиды. Ол Астанада жалға алған пәтер ақысы мен ай сайынғы коммуналды қызметке кемі 350 мың теңге жұмсайтынын айтады. Одан бөлек, күнделікті азық-түлік өнімдеріне де қаражат қажет. Оның сөзінше, ай сайынғы шығындарын жабу үшін ол үш жерде жұмыс істеп жүр.
«Азық-түлік бағасының қымбаттауы орта буын мен жоғары буынға кері әсерін береді, себебі зейнеткерлерге берілетін жәрдемақы өте аз. Мен секілді басқа қалалардан келген студенттер үшін де қиын», – дейді Әлия.
Елордадағы Макроэкономикалық зерттеу орталығының сарапшысы Бақберген Тоқтасынның айтуынша, азық-түлік өнімдері жиі инфляцияға ұшырайды. Сондай-ақ 2010 жылдан бастап тұтыну бағаларының индексін әзірлеуде тауарлардың үлесі көш бастап келетінін айтады.
Азық-түлік бағасының қымбаттауы шағын және орта бизнес өкілдеріне де әсер етіп отыр. «BI-BALA», «BI-BALA 2» балабақшасының директоры Гүлдана Өтемісова азық-түлік өнімдерінің қымбаттауы айтарлықтай шығын әкелгенін сөз етті.
«Мен балабақша кәсібінде 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Балабақшаны енді ашқанымда, нанның бағасы 70-80 теңге еді. Қазір 190-200 теңге шамасына жетті. Бұрын нанның шығыны аптасына 10 мың теңге болса, қазір 30 мың теңгені кұрайды», – деді ол.
Астанадағы «Медина» балабақшасының құрылтайшысы Мадина Әжікенова балалардың күнделікті қажеттілігіне көп ақша кететінін айтып, шығынның да аз емес екенін тілге тиек етті.
«Балабақшаға 70 бала келсе, 700 мың, миллион теңгеге дейін шығын кетеді. Инфляцияның салдарынан азық-түліктерге кететін шығындар жоғарылайды, демек балабақша бағасы да жоғары бола бастайды», – дейді ол.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елдегі инфляцияның орташа көрсеткіші биыл сәуірде баяулаған. Жыл басынан бері қызмет көрсету бағасы 13,5 пайыз, ал азық-түлік бағасы 6,9 пайыз өскен.
Кейінгі бір жылда коммуналдық қызмет ақысы да артты. Мысалы, суық су бағасы 36,9 пайыз, ал ыстық су құны 31 пайыз өскен. Ал орталықтандырылған жылыту қызметінің бағасы 33,5 пайыз жоғары болып отыр. Сондай-ақ, қоқыс шығару қызметі 30,7 пайызға қымбаттаса, электр энергиясының бағасы 29 пайыз өскен.
Күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасы артып келеді, мәселен, жұмыртқа (19%), жеміс-жидек (17%), сүт (10%), сары май (11,6%), күріш (22,7%) қымбаттады. Нан өнімдері (8,9%), ет өнімдері (6%). Бұл ретте пияз (-45%), қарақұмық (-25,1%) және күнбағыс майы (-24,6%) сияқты жекелеген өнімдердің бағасының төмендеуі байқалады.
Азық-түлік және алькогольсіз сусындар, тұрғын үй қызметтері, киім-кешек пен аяқ-киім бағасының қымбаттауы жылдық инфляцияның көрсеткіші бойынша ең жоғарғы болды.
Астанадағы Макроэкономикалық зерттеулер және болжау орталығының жетекші сарапшысы Рамин Қазымов алдағы үш айда азық-түлік инфляциясы баяулайды деп болжайды.
«Негізгі себептердің қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жоғары базалық ставкасының инфляцияның бәсеңдеуіне жалпы әсерін, Үкімет қабылдаған инфляцияға қарсы шаралар кешенін, әлемдік нарықтардағы жағдайды және маусымдық факторды атап өтуге болады», – деді экономист.
2022 жылы сол кездегі Үкімет басшысы Әлихан Смайылов азық-түлік өнімдері бағасының өсуін тежеу, ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен және көмірмен қамтамасыз ету мәселелерін қарап, жаңа жобалар әзірлеген еді.
Астанадағы «Asyl Mura» азық-түлік дүкенінің директоры Роза Ибраеваның айтуынша, дүкендердегі отандық өнімдерге қарағанда Ресей және өзге де ТМД елдерінен импортталған тауарлар тезірек сатылады.
«Күнделікті нан, сүт өнімдерінен келетін пайда аз, сол үшін оның құны жоғары болады. Әлеуметтік тауарлардың сатылымынан біз 30 пайызға дейін пайда көреміз», – деді ол MNU Newsroom тілшісіне.