Чт. Окт 3rd, 2024
Фото: qazdauiri.kz

Қазақстанда су тасқыны кезінде жауапсыз мердігерлерге қатысты сотқа дейінгі бірнеше тергеу басталды. 11 сәуірде Қаржы мониторингі агенттігі Алматы қаласы мен Ұлытау, Ақтөбе облыстарындағы су бөгетін салуға тиіс мердігер компаниялардың басшыларына қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын мәлімдеді. 

Көктем шыққанда Қазақстанның он шақты өңірінде су тасқынынан зардап шеккен ауыл мен қала саны көбейді. Қазақстан үкіметі төтенше жағдайдың салдарын азайтуға тырысып, оған жауапты азаматтар үстінен тергеу жүргізе бастады. 

23 сәуір күні Қаржы мониторингі агенттігі су тасқынынан зардап шеккендерге бөлінген ақшаның жымқырылуына байланысты 4 өңірде іс қозғалғанын, күдіктілер анықталғанын мәлімдеген. Одан бөлек, су бөгеттерін салуға жауапты компаниялар үстінен де тергеу жүргізіле бастады. 

Алматыдағы «Ақсай өзенінің бассейнінде селді ұстайтын бөгет салу» жобасын іске асырған мердігер компанияның директоры бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінді. “Халық дауысы” жарияланған ақпаратқа сүйенсек, бөгеттің салуына 2020 жылы 22 млрд теңге бөлінген. 

Алайда 4 жыл ішінде бөгет құрылысы аяқталмаған. Ал жақында жүргізілген тексеру барысында құрылыс келіссөз құжатына негізделмей жүргізілгені белгілі болған. Қаржы мониторингі агенттігінің мәлімдеуінше, әзірге анықталған залал сомасы 775 млн теңгеден асқан.

5 сәуірде жалпы ауданы 15,8 миллион шаршы метр болған “Мағажан” бөгетінен су тасып, бұзылды. Нәтижесінде 8978 адам эвакуацияланады. Сондай-ақ, Ақтөбе облысының Қобда, Мұғалжар, Темір, Әйтеке би, Ойыл аудандарында және Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланады. 

Inbusiness.kz басылымының жазуынша, 11 сәуірде агенттік Ақтөбе облысындағы “Мағажан” су бөгетіне жауапты “Тұлпар” компаниясының үстінен іс қозғағанын хабарлаған. 

12 сәуірде қостанайлық Әнел Әлиғазина “Су тасқыны – сыбайлас жемқорлық жемісі” деген жазбамен бір адамдық пикетке шықты. Ол өңірлердегі су тасқынының зардабын жаңалықтардан көргеннен кейін осылай наразылық танытуға шешім қабылдағанын айтады. 

“Жыл сайын түрлі табиғи апат болады. Біресе орман өртенеді, біресе су тасиды. Көптеген адам мен жануар зардап шекті. Мен адамдарға бұған біздің автократия жауапты екенін айтқым келеді. Бұл биліктің жемқор болғанымен байланысты”, – деді ол жергілікті басылым тілшісіне. 

«Наша Газета» газетінің жазуынша, ол пикетке шыққан бойда қасына полиция және жергілікті әкімдіктің қызметкері барып, оның бұл әрекеті заңсыз әрі билікпен келісілмеген екенін айтып, ескерткен. 

Сыбайлас жемқорлық деңгейін зерттеу жөніндегі халықаралық Transparency International ұйымының былтырғы зерттеуінде Қазақстан сыбайлас жемқорлық индексінде 180 ел ішінде 93-орын алған. 

“Қазақстан (39 балл) сыбайлас жемқорлық мәселелерін шешуде, соның ішінде құқықтық реформа және ұрланған активтерді өндіріп алу арқылы белгілі бір прогреске қол жеткізді. Алайда, бұл күш-жігер оның автократиялық басқаруымен, сондай-ақ сот билігінің ашықтығы мен тәуелсіздігінің болмауымен көлеңкеде қалған. Бұл қуатты саяси элиталардың тұрақты ықпалымен бірге сыбайлас жемқорлықтың өркендеуіне мүмкіндік береді”, – деп жазды Transparency International.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *