Чт. Окт 3rd, 2024
Фото: qmonitor.kz

Биыл ақпан айының ортасында Қазақстан Парламенті Сенатында өткен үкімет сағатында Қазақстанның демографиялық потенциалы туралы сөз қозғалды. Жиынға қатысқан сарапшылар елдің демографиялық әлеуетін арттыру үшін тек отбасы институтын дәріптеп қана қоймай, азаматтардың экономикалық мүмкіндігін арттырып, өңірлердегі инфрақұрылымды жақсарту маңызды екенін айтты. Кейінгі жылдары Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарынан көбірек жастар көшіп кеткені белгілі болып отыр.

Қазақстан тәуелсіздігі жарияланғалы бері елдегі туу көрсеткіші біршама өсті. Бірақ кейінгі жылдары бала саны да азайып келеді. БҰҰ-ның демографиялық болжамына сәйкес, елдегі туу көрсеткіші біртіндеп төмендеген. Қазір орта есеппен әрбір қазақстандық әйел 3 бала дүниеге әкелсе, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш төмендеуі мүмкін деп болжанып отыр. 

Елдің демографиялық әлеуеті төмендеген сайын, оның интеллектуалдық потенциалы да азаятыны белгілі. Сенаттағы үкімет сағатына қатысқан сарапшылар қолда бар потенциалды да жіберіп алмаудың әрекетіне кірісу керегін айтты. 

Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Экономика институтының ғылыми қызметкері Фарида Әлжанованың сөзінше, 2000 жылдардың басында туған балалар қазіргі негізгі еңбек күшіне айналғалы тұр. Оның пікірінше, елдегі экономикалық ахуалға байланысты олардың шетелге кету ықтималдығы жоғары. 

“Бұл үдерістерге жастар өте сезімталдықпен қарайды. Сонымен қатар, ұрпақ алмасуының әлеуметтік-мәдени ерекшеліктерін ескермеуге болмайды. Мысалы, бұқаралық ақпарат құралдары Оңтүстік Кореяға заңсыз жұмыс миграциясы, Англиядағы маусымдық жұмыстар туралы жиі жазады”, – дейді ғалым.

Бұл мәселе осыған дейін де көтерілген. Мысалы, БҰҰ жанындағы Миграция бойынша халықаралық ұйымның қазақстандық жас мамандардың көші-қон көңіл-күйі туралы 2018 жылы жарияланған зертеуінде кейінгі 7 жылда 300 азамат елден кеткені жайлы айтылады. Олардың 25 пайыздан астамы 15-28 жас аралығындағы жастар болғаны қауіпті тенденция делінген. Зерттеу авторлары эмиргация себебі көп дейді. Бірақ басты факторлардың бірі – көбірек табыс мүмкіндігі.

Миграция бойынша халықаралық ұйымның былтыр жариялаған зерттеуінде шетелдегі қазақстандықтардың потенциалы жоғары екені айтылады. Зерттеуге сәйкес, әлемнің 152 елінде шамамен 5-7 миллион қазақ өмір сүреді. Олардың басым бөлігі туған жерінде өмір сүріп жатқаны белгілі. Бірақ кейін көшіп барғандар саны да жыл сайын артып келеді. 

Польшаның Познань қаласына бір жыл бұрын көшіп барған Аружан да кейінгі жылдары шетел асқан қазақстандықтардың бірі. Ол WSB Merito университетінің бакалаврында оқиды. 

Аружанның сөзінше, Еуропада жастар үшін жақсы мүмкіндіктер қарастырылған.

“Мен 2-курс студентімін. Бұл жердегі білім сапасы өзіме қатты ұнайды. Студенттерге мұнда жеңілдіктер де көп. Мысалы, оқудан тыс жұмыс іздеу кезінде мәртебеңіз қарапайым жұмысшыдан биіктеу болып, жалақыңыз үстемдеу болады”, – дейді Аружан.

Саясаттанушы Жеңісбек Төленнің айтуынша жастардың шетел асуына түрлі факторлар әсер етеді. Солардың ішінде ең маңыздылары – білім алу және жұмыс істеу. 

“Еңбек иммиграциясы бойынша кететіндер мамандық бойынша жұмыс істеу және қара жұмысшы болып екіге бөлінеді. Жалпы кетіп жатқан азаматтар шет елдің тәжірибесін кейін Қазақстанға алып келсе – бұл жақсы. Алайда сол тәжірибесімен шетелде қалып қоюды қалайтындар өз еңбегін сол  елдің экономикасына арнайтыны өкінішті”, – дейді ол.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министірлігінің былтыр жариялаған дерегіне сүйенсек, шет елдерде 194 мың қазақстандық жұмыс істеп жүр. Оның 162 мыңы Ресейде, 13 мың азамат Польшада еңбек етеді. Сонымен қатар, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея елдерінде 6 мың қазақстандықтың бары айтылады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айының ортасында өткен Ұлттық құрылтай кезінде шетелде еңбек етіп жүрген қазақстандықтар туралы сөз қозғап, олардың мүмкіндіктер іздеп шетел асқанында еш ұяты жоғын айтқан. Десе де, елде ұсыныстарды жақсартып, оларды қайтару да маңызды дейді.

Түркістан облысының тумасы Болат Амантайұлының Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүргеніне 2 жыл болған. Оның сөзінше, өзге елге барғалы тұрақты жұмысқа табан тіремеген, мүмкін болған жұмыстың бәрін істей берген. Болат қазір күннен қуат алатын батереяларды орнатумен айналысып жүргенін айтты. 

“Бұл жердегі жұмыс өзіңнің етіңнің тірі болуына байланысты. Саған ешкім жұмыс дайындап қоймайды. Барлығымыз басында айына миллион тапсақ, бір жылда 12 миллион болады деп есептеп, мәз болып жүрдік. Оның бәрі өтірік әңгіме. Бір айтарым, 30 жыл жасай алмаған дүниеңізді 2 жылда істеуге болады. Бірақ ол тек ит тірлікпен (ауыр жұмыспен — ред.) келеді”, – дейді Болат.

Болат қазіргі бар мақсаты материалдық жағдайын түзеп алу екенін айтады. Содан кейін Қазақстанға оралатынын жеткізді.

Әлеуметтанушы Нұрбек Рахманұлы Қазақстаннан кетіп жатқан жастардың көбі тәуекелге бара алатын, бәсекеге қабілетті білікті жастар екенін тілге тиек етті.

“Қазіргі статистика бойынша бізде техникалық жабдықтау бағытына 630 мың еңбек күші жетіспейді. Сосын 5 мыңнан астам дәрігер тапшылығы байқалады. Бұл өте ащы мәлімет. Бұл мәселені шешу үшін біз шетелмен бәсекеге қабілетті айлық мөлшерлемелер ұсына алуымыз керек”, – дейді сарапшы.

Сыртқы істер министрлігінің 2024 жылдың басында жариялаған мәліметіне сәйкес, 191 мың азамат шетелде жұмыс істеп жатыр. Бұл Қазақстан Республикасының еңбекке қабілетті халқының 1,9% құрайды.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *