Чт. Окт 3rd, 2024
Фото: kursiv.media

Әлемдік ірі мәліметтер базасы саналатын Numbeo деректер қорының ақпаратына сәйкес, 2024 жылы ТМД елдерінің арасында Қазақстандағы такси бағасы өте қымбат екені анықталған. Экономистердің топшылауынша, бұған әсер ететін бірнеше фактор бар.

Қазақстандық Ranking мониторингтік ресурсының мәліметінше, 2024 жылдың сәуір айына қарай Қазақстанда 13,9 млн адам такси қызметін қолданған. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда бұл сан 4,9 пайыз азайған.

Аймақтар бойынша Алматы  (2,5 млн) мен Астана қалаларында (1,5 млн) және Қарағанды облысында (1,1 млн) ең көп жолаушы тасымалданған. Ал ең аз көрсеткіш Жетісу (277 мың), Атырау (290,8 мың) және Алматы облыстарында (306,5 мың) тіркелген.

44 жастағы Астана қаласының тұрғыны Жансая Ыдырысова елордадағы такси бағасына наразы екенін айтады. Себебі, бағасы негізсіз қымбат.

“Автобусқа қарағанда жылдамырақ әрі ыңғайлырақ болғандықтан, такси қызметін пайдаланғанды жөн көремін. Бірақ баға тұрғысынан шығын көп. Әсіресе ауа райы күрт өзгеріп, жаңбыр жауған сәтте баға екі есе көтеріліп кетеді. Қарапайым халық үшін бұл оңай емес”, – дейді ол.

Ranking статистикасына сүйенсек, 2024 жылы такси қызметінен түскен табыс 2 млрд теңгені құраған. 2023 жылы ол 1,4 млрд теңгені қамтыған. Жалпы алғанда 46,5 пайыздық өсім байқалды.

Жансая Ыдырысова бір ай бұрын Алматы қаласына барып, сол жердегі такси бағасына таңданғанын айтты.

“Мүмкін қала үлкен болғандықтан шығар, нақты себебін айта алмаймын. Бірақ қай жер болмасын, таксидің бағасы 3000 теңгеден түспеді. Қала ішіндегі бір арақашықтық үшін бұл өте үлкен сома деп ойлаймын”, – деді елордалық.

Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, елдегі такси қызметінің салыстырмалы түрде қымбат болуына бірнеше фактор әсер етеді. 

“Бірінші кезекте сұраныстың болуына байланысты. Екінші кезекте, “inDrive” пен “Яндекс.Такси” секілді халықаралық платформалар біздің елде олигополиялық сипатқа ие. Яғни, такси платформаларының аз болуы, сәйкесінше бәсекелестік деңгейінің төмен болуы такси бағасының қымбат болуына әсер етеді. Сонымен қатар өзіндік құн, яғни жанармай бағасының қымбаттауы мен жалпы елдегі инфляциялық жағдай да такси қызметінің құнына тікелей әсер етіп отыр”, – дейді ол.

Numbeo деректер қорының ақпаратына сәйкес, бір километр үшін төленетін орташа такси бағасының рейтингі бойынша Қазақстан 97 елдің ішінен 73-орынды иеленді. Елде ол 0,67 АҚШ долларын құрады. Рейтингке қатысқан ТМД елдерінің арасында бұл ең үлкен сома болып отыр. Салыстырмалы түрде такси жолаушылары бір километр үшін Әзербайжанда 0,59 доллар, Ресейде 0,33 доллар, Беларусьте 0,31 доллар, Өзбекстан мен Украинада 0,30 доллар, және Армения мен Молдовада 0,28 доллар төлейді.

Экономист Ғалымжан Керімбектің сөзінше, елдегі ең үлкен такси компаниялар – “Яндекс.Такси” мен “inDrive” шетелдік платформалар болғандықтан, такси қызметі біздің елде қымбатқа сатылады.

2024 жылдың наурыз айының қорытындысына сәйкес, такси бағасы бір айда 0,6 пайыз, ал бір жылда 12,3 пайыз қымбаттаған. Айлық динамика бойынша өсім тек Алматы (5 пайыз) мен Астана (2 пайыз) қалаларында байқалды. Қалған аймақтарда баға деңгейі сол қалпында сақталған. Жылдық динамика бойынша ең үлкен өсім –  40,6 пайыз Алматы қаласында тіркелген. Ал ең кіші өсім (1,2 пайыз) Маңғыстау облысында болды.

Қазақстандағы экономика түрі нарықтық болғандықтан, такси қызметінің бағасын мемлекет емес, нарықтың өзі реттейді, дейді мамандар.

“Бізде мемлекет такси бағасын бақыламайды. Такси бағасы сұраныс пен ұсыныс және сол такси компанияларының арасындағы бәсекелестік арқылы ғана қойылады”, – дейді экономист Сапарбай Жобаев.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *