Ауылдан фоторепортаж
Теріскейде тұрмыс-тіршілігі қалаға бергісіз керемет ауыл бар. Солтүстік Қазақстан облысы, Новоникольское елді мекенінде адам жанына қажеттінің бәрі бар. Мұндағы тазалықты көргенде Германияның әдемі шаһарлары еріксіз еске түседі. Newsroom.mnu.kz тілшісі өндірісі өркендеп, тұрмысы түлеген ауылмен танысып қайтты.

Біз Солтүстік Қазақстандағы Новоникольск ауылына жақындай бергенімізде, алыстан тау тәрізді мұнартқан алты алып жел диірменін көрдік. Тұрғындар қуат көзінің басым бөлігін осындай табиғи әдіспен алады екен.

Бұл ауылдың мұншалықты өркендеп, дамып кетуінің бірден бір себебі — халық сүт өндірісімен айналысатын Зенченко компаниясында жұмыс жасайды.

Ауылға кірген кезде сәулетті әрі бір стильде салынған баспаналарды көріп, таң қалдық. Үйлерді «Зенченко» компаниясы тұрақты жұмыс істейтін азаматтарына тегін табыстапты. Ал бұл — компанияның жұмыскерлерге жасап жатқан жеңілдіктерінің бірі ғана.

Бұл малға арналған сабан шөп. Кейбір азаматтар сабан шөпке тек мал азығы деп қарамай, пешке де жағады. Ол үшін арнайы қондырығы орнату керек.

Ауыл тұрғындарының басым бөлігі күндіз жұмыста. Түскі асты олар «Зенченко» компаниясы арнайы салған асханада ішеді. Айтуларынша, оларға 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар жергілікті сүт және нан өнімдеріне де 10 пайыздық жеңілдік бар.

Ауылдың орталық бөлігіне өту барысында әр көшеде қауіпсіздік мақсатында орнатылған камераларды байқадық. Елді мекендегі 504 көшеге 383 камера қойылған. «Сақтансаң — сақтайды» дегендей, сонымен қатар әр үйдің ауласы керемет безендіріліп, абаттандырылған. Бұл көрініс ауылдың ажарын аша түсуде.

Орталыққа өте келе көзімізге шоқтай болып бірден спорт сарайы, супермаркет және мұз айдыны ілікті. Спорт сарайына кіріп көргенімізде, бұл жерде арнайы бассейн, волейбол мен баскетбол ойнауға арналған зал, гір көтеру спортына арналған орын, сондай-ақ фитнес, би және йогаға арналған арнайы залдар бар екен.


Мұның барлығы да толықтай «Зенченко» компаниясының қолдауымен салынған және заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл жайында ауылдың зейнеткері Тыртышный Николай пікір білдірді:
“Біз, зейнеткерлер, жақсы өмір сүріп жатырмыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, көшелерде спорт және балалар алаңдары, хоккей корттары, бассейндер бар — бәрі халық үшін жасалған. Дүкендерде де бәрі табылады, ешқандай тапшылық жоқ, сыртқа шығудың да қажеті болмайды.”

Сыртқа шыға келе, далада арнайы теннис алаңы бар екенін байқадық. Дәл сол алаңның қасында мұз айдыны орналасқан.

Жақында мұнда Wildberries интернет-дүкенінің орталығы ашылған. Дүкеншінің айтуынша, күніне тапсырысын алып кетуге 50–60 шақты тұрғын келеді.

Бір әттеген-айы, ауылда қазақ тілді мектеп те, мешіт те жоқ. Тіпті балабақшаның өзі орыс тілінде ғана жұмыс істейді. Себебі елді мекен тұрғындарының 80 пайыздан астамын славян ұлтының өкілдері құрайды. Қазіргі таңда ауылда 1972 адам тұрады.

Айтпақшы, бұл мектепке осы ауылдағы өндірістің негізін қалаушы Геннадий Иванович Зенченконың есімі берілген.


Көгалдандырылған бұл шіркеу іші-сыртымен көздің жауын алады. «Енді мешіт бой көтерсе» деген ниеттегілер де бар. Ауыл әкімі Қуаныш Жұмағұловтың айтуынша, алдағы уақытта мешіт салу жоспарда бар.


Жұмыстың буынан кейін моншада жуынғанға не жетсін! Ауылдың орталық моншасына бар-жоғы 150 теңгеге баруға болады. Оны қойшы, пеш жағу, отын іздеу, тұтату — өз алдына бір жұмыс қой. Ал мұндағы тұрғындардың тең жартысы үйлерін орталық пеш арқылы жылытады. Қазақстандағы барлық ауыл осындай болса ғой, шіркін!
