Мәдени алмасу ма, әлде коммерциялық жоба ма?

Work and Travel

Жыл сайын мыңдаған қазақстандық студент АҚШ-тағы Work and Travel бағдарламасына қатысады. Бастапқыда мәдени алмасуды мақсат еткен бұл жоба бүгінде жастар үшін табыс табу мен шетелдік тәжірибе жинаудың арасындағы таңдауға айналған.

Расымен бағдарламаның түпкі мақсаты өзгеріп кетті ме? Әп-әдемі бастама коммерциялық жобаға айналып кетпеді ме? Бұл сұрақтардың жауабы қазақстандық көптеген жастың тағдырына тікелей әсер етеді, өйткені бағдарламаға қатысу қомақты қаржылық тәуекелді талап етеді. Әсіресе шығындар мен табыстың арасындағы алшақтық – ең үлкен түйткіл, ол студенттерді де, олардың ата-аналарын да ойландырады.

Шығындардың ауыртпалығы

Work and Travel – АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен жүзеге асатын J-1 визалық бағдарлама, ол студенттерге жазғы демалыста (әдетте 3–4 ай) жұмыс істеуге және саяхаттауға мүмкіндік береді. Ресми түрде мәдени алмасуға бағытталған жоба 1961 жылдан бері жұмыс істейді және әлемнің 100-ден астам елінен студенттерді қабылдайды. 2024 жылы әлем бойынша 107 023 студент, соның ішінде Қазақстаннан 3682 қатысушы болды.

Қазақстандық студенттер үшін бұл – шетелде жұмыс жасау тәжірибесін арттыру мен ағылшын тілін жетілдірудің танымал жолы. Бірақ қаржылық жағы көпшіліктің аяғына тұсау болып тұр.

Бағдарламаға қатысу құны едәуір жоғары және жыл сайын өсіп келеді. 2025 жылы виза алуға консулдық алым $185 болса, 2026 жылғы қатысушылар үшін АҚШ үкіметінің жаңа Visa Integrity Fee енгізуіне байланысты жалпы виза құны $435-ке дейін өседі (қосымша $250 алым қосылады). Бұл өзгеріс көптеген студенттің жоспарын бұзуы мүмкін, өйткені қазірдің өзінде шығындар ауыр.

Бағдарлама құнына кірмейтін төлемдер:

  • SEVIS жүйесіне тіркеу – $35 (студенттердің мәліметтерін сақтайтын жүйе).
  • Агенттік қызметі – Қазақстандағы агенттіктер $100–200 алады, оған
  • құжаттарды дайындау және бағдарлама барысындағы қолдау кіреді.
  • Әуе билеттері – Қазақстаннан Нью-Йоркке немесе басқа қалаларға барып-қайту шамамен $800–1500.
  • Тұрғын үй және тұрмыс – аптасына $125–200 (жалға алу), тамақ және транспорт айына $200–500.
  • Қосымша шығындар – алғашқы күндерге $500–1000 қажет. Жалпы алғанда, қатысушылардың орташа шығыны $3000–5000 құрайды, ал виза беруден бас тартқан жағдайда кемінде $500 жоғалту қаупі бар.

Бұл сомалар қазақстандық орташа табысты (шамамен 300 000–400 000 теңге айына) ескергенде өте ауыр: студенттердің көбісі несие алады немесе ата-анасынан көмек сұрайды. Бұл қаржылық ауыртпалық бағдарламаның коммерциялық сипатын күшейтеді.

Көптеген студент сағатына $13–18 жалақы алады, бірақ тұрғын үй (~$125–200/апта), тамақ (~$200–400/ай) және салықтар шығынды көбейтеді. Ата-аналар үшін бұл – балаларының қауіпсіздігі мен қаржылық тұрақтылығы туралы мәселе және романтикалық «американдық арманның» шынайы құны.

Әлеуметтік-мәдени және мансаптық мәні

Қазақстандық студенттердің тәжірибесі бағдарламаның екіжақты сипатын көрсетеді: бір жағынан – мәдениет алмасу, екінші жағынан – қаржылық күрес. Жобаға төрт рет қатарынан қатысқан Муслима осылай шыңдалғанын айтады.

Фото: instagram.com/iitsmuslima/

«80% студенттер тек ақша табу үшін барады деп ойлаймын, бірақ бұл 50/50 болуы керек: табыс табумен қатар, елдің көрікті жерлеріне бару және ағылшын тілін дамыту қажет», – дейді ол.

Муслиманың тәжірибесінде ең табысты жұмыс – housekeeper рөлінде болған, онда күніне $50-150 шайпұл алуға болады деп бөлісті ол.

Фото: Ажар Шыныбай

«Нью-Йорк, Чикаго сияқты үлкен штаттарға барғанда, зәулім ғимараттарды көру кішкентай жеңіс сияқты. Бірақ қиындықтар да болды. Бір жазда 3–4 штат ауыстырдым, әуежайда 3–4 күн түнеуге тура келген кездер болды. Осы қиындықтар маған үлкен тәжірибе берді», – деп еске алады ол.

Ал SDU студенті Бекзада (бағдарламаға алғаш рет қатысқан) АҚШ-тағы алғашқы күндеріне аса жауапкершілікпен қарағанын айтады. Нью-Йоркте тұрақтағаннан кейін кішкентай Rehoboth Beach қаласына келгенде ауа райының күрт салқындауы мен жұмыс кестесіне үйрену қиындық тудырған.

Фото: instagram.com/bekzook/

Work and Travel-мен барған студенттер үшін бір ғана жұмыс жасау аздық етеді. Себебі шығындарды жаба алмай қалу қаупі бар. Сол үшін тағы бір табыс көзін іздейді. Бекзада да солай болған. «Америкада екінші жұмыс тапқан кезде қатты қуандым. Дегенмен қиын сәттерде болды. Мәселен, Түркиядан келген менеджердің қарым-қатынасы оңайға соқпады», – дейді.

Бірақ барлық кедергіге қарамастан, ол бүкіл шығынды өтеп, тіпті артық ақша тауып қайтқанын жеткізді. Бекзада дәл қазіргі уақытта алған тәжірибесі оның ішкі дүниесін кеңейтіп, өмірлік ұстанымдарын өзгерткенін атап өтті:

«Work and Travel бағдарламасынан басты күткенім – тек қана тәжірибе жинау болды. Иә, көбірек ақша жинауды да армандадым, алайда ол ең маңызды болды деп айта алмаймын. Бастысы – мұхит асып, ел-жер көріп, өзімнің ішкі шекараларымнан асқым келді. Қазір артқа қарасам, толықтай өз мақсатыма жеттім деп айта аламын», – дейді.

Фото: Ажар Шыныбай

Бекзада өткен жазғы тәжірибесін еске алып, қателіктерінен сабақ алғанын да айтты:

«Америкаға көп жүк алып кетпес едім, тек қана бір кішкентай чемоданмен барушы едім», – дейді.

Бұл кеңес шығындарды азайтудың маңыздылығын көрсетеді: мұқият жоспарлау, екінші жұмыс табу және қажетсіз жүкті азайту – табыстың кілті.

Жергілікті менеджердің ойы

Rehoboth Beach-тегі Zelky’s Beach Arcade менеджері Кэти Кампуцано жыл сайын халықаралық студенттермен жұмыс істейді. Оның айтуынша, мұндағы туристік маусымды халықаралық қатысушылардың көмегінсіз елестетудің өзі қиын.

«Біздің кішкентай жағалауымызда жыл бойы бірнеше жүз ғана адам тұрады, бірақ жазда туристер саны 150 мыңға дейін өседі. Үш аркадамызды толық жұмыс істету үшін бізге көп қызметкер қажет. Сондықтан дүкендерді басқару және қонақтарға қызмет көрсету үшін халықаралық студенттерге қатты сүйенеміз», – дейді ол.

Фото: instagram.com/kayteecamp/

Кэти қазақстандық студенттер туралы ерекше пікір білдірді:

«Мен Қазақстаннан келген қатысушылардың өте мейірімді, сабырлы және еңбекқор екенін байқадым. Біз жалдаған қазақ жастарының барлығы да біздің командада тамаша қызметкер болды», – дейді ол.

Фото: Ажар Шыныбай

Жаңадан келгендер үшін басты қиындықтардың бірі – тілдік кедергі

«Біздің салада, әсіресе сыйлықтар бөлімінде, үйренетін мәліметтер өте көп. Бұл ақпаратты есте сақтап, қонақтарға сенімді түрде түсіндіру тіпті кейбір америкалықтар үшін де қиын. Сондықтан біз жаңа қызметкерлерге алғашқы күннен бастап қажетті білімді үйрететін арнайы дайындық өткіземіз және тәжірибелі команда мүшелері әрқашан көмекке дайын», – деп түсіндірді Кэти.

Бағдарламаның қаржылық жағы да студенттерге оңай емес: «Мен оның өте қымбат екенін білемін. Оған қоса тұрғын үй жалдау және тамақтану шығындары бар, төрт айдың ішінде ол өте көп ақшаға айналуы мүмкін. Көптеген студент бағдарламаның өзіне кеткен шығынды ғана өтей алады», – дейді ол.

Дегенмен, Кэти әр студент үшін бұл тәжірибенің өзінше мәдени алмасу екенін атап өтті:

«Кейбір студенттер жұмыс істеп, ақша жинап, соңынан Америкада саяхаттай алады. Кейбіреулер қымбат тамаққа немесе сыйлықтарға ақша жұмсап, саяхатқа бара алмайды. Бірақ олар алысқа бармаса да, осында келудің өзі – мәдени алмасу. Тамақ, табиғат, жаңа адамдар – мұның бәрі олардың елімен салыстырғанда өзгеше», – дейді Кэти.

Болашақ қатысушыларға Кэтидің кеңесі қарапайым:

«Ағылшын тілін жақсарту үшін америкалық фильмдер мен телехикаяларды түпнұсқадағы тілде, субтитрмен көруді ұсынамын. Бұл АҚШ-тағы сөйлесу жылдамдығы мен сленгке үйренуге көмектеседі», – дейді ол.

«Егер бағдарламаның бір бөлігін өзгертуге мүмкіндік болса, мен оның құнын қайта қарап, тепе-теңдікті іздер едім. Бұл өте қымбат, ал студенттердің шығын үшін уайымдағанын көру жүрегімді ауыртады», – деп қорытындылады Кэти.

Инфографика: Ажар Шыныбай

Қазақстандық студенттер арасында Work&Travel бағдарламасы тек саяхаттау құралы ғана емес, жаңа мәдениеттерді танудан бастап өзін-өзі шыңдаудың бірегей мүмкіндігіне айналып отыр. Біз бағдарламаның өзектілігін терең түсіну үшін қазақстандық студенттер арасында сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде жастардың 47,4% тағы да АҚШ-қа баруға құлықты. Ал 42,1%  екіойлы, тек 10,5% бағдарламаға енді қатысқысы келмейді.

Жалпы, орта есеппен алғанда, Work&Travel-ге кететін шығын $3000–5000 аралығын құрайды. Бұл соманы толық өтеп, қаржылай пайда көргендер де бар, алайда кейбір қатысушылар шығынын ғана жауып қайтқан. Сондай-ақ респонденттердің 10%-ға жуығы  шығынға ұшырағанын айтты. Өмірдің тосын сыйлары да ұмыт қалмаған: жұмыс берушімен келіспеушілік, тұрғын үйден туындаған қиындықтар, жергілікті мәдениетке бейімделу қажеттілігі – осының бәрі жастардың шыңдалуына әсер еткен. Әйтсе де, көпшілік студент ұсақ-түйек кедергілерді өз күштерімен немесе агенттіктің көмегімен шешудің жолын тапқан.

Work&Travel бағдарламасының ең құнды жетістігі ретінде жастар жаңа жауапкершілік пен дербестікке қол жеткізгендерін, өмірлік маңызы бар тәжірибе жинақтағандарын айтады. Ағылшын тілін жетілдіру, жаңа достар табу және өз шекарасын кеңейту – бұл бағдарламаға қатысудың басты игілігі ретінде белгіленген. Соған қарамастан, агенттік қызметіне байланысты көзқарастар екіге бөлінеді: бір студенттер жоғары деңгейде көмек алғандарын айтса, басқалары көп нәрсені өз бетінше шешуге мәжбүр болғанын жасырмайды.

Work and Travel бүгінде қос қырлы сипатқа ие: мәдени алмасу жобасы немесе халықаралық студенттерге арналған коммерциялық қызмет. Ол қатысушыларға жаңа тәжірибе жинап, табыс табуға мүмкіндік бергенімен, өсіп келе жатқан шығындар мен табыстың тұрақсыздығы бұл сапарды баршаға бірдей қолжетімді ете бермейді.

Қаржылық тәуекел, тілдік дайындық деңгейі және жұмыс шарттары әр студент үшін нәтижені мүлде өзгеше етеді. Бірі үшін бұл – кәсіби және мәдени серпіліс, енді бірі үшін – қымбатқа түсетін сынақ.

Бағдарламаның алдағы тағдыры оның бастапқы мәдени миссиясын сақтай отырып, қатысушылар үшін экономикалық тепе-теңдікті қалай қамтамасыз ете алатынына тікелей байланысты болмақ.

ОБСУДИ МАТЕРИАЛ