Павлодар облысы Жолтаптық ауылының тұрғындары ел тәуелсіздігін жариялағалы аса ешнәрсе өзгермегенін айтады. Себебі ауылды қалаға жақындататын жол жоқ. Былтыр халық өңір әкімімен кездесіп, Жолтаптық жанындағы Мыңкөл ауылына дейінгі жолды жөндеуге келісім алған. Жергілікті билік өкілі биыл Жолтаптықты аудан орталығына апарар тасжолға қосатын бағытты жөндеуге ақша бөлінгенін айтты.
Жолтаптық – Павлодар облысы Железин ауданының шығысында, Ресеймен шекаралас аймақта орналасқан шағын ауыл. Аудан орталығынан 87 шақырым қашықта орналасқан. Ауыл маңынан өтетін Михайловка-Железин тасжолынан небәрі 15 шақырым жерде тұрса да, аудан орталығына жету оңай емес. Себебі жол жоқ.
Ауыл тұрғындары тасжолға апарар жол қыста қар басып, күз бен көктемде батпаққа айналатынын айтады. Олардың сөзінше, тұрғындар жолды жөндеуді жергілікті әкімдіктен 30 жылдан бері сұрап келеді.
“Облыстық, аудандық әкімшіліктен Жолтаптығымызды дамытуға деген құлшыныс болған жоқ. 30 жыл бойы көшеде жарық та болмады. Салдары – жемқорлық. Бірақ бұл менің жеке ойым”, – дейді ауыл тұрғыны Қазбек Ақтамбаев.
Бастапқыда “Жолтаптық-Мыңкөл” жолы баланста тұрмаған. Құрылыс министрлігінің жоспары бойынша 14 шақырым грейдерлік жол жөнделуі қажет еді. Алайда жергілікті халық тәуелсіздік алғаннан бері бөлінген ақшаның қайда кетіп жатқанын білмейтінін айтады. Ақтамбаевтың ойынша, халыққа қаржыдан бөлінген ақшаның мониторингін көрсету қажет.
Железин ауданы экономика секторы бөлімінің басшысы Ерқанат Серікбаевтың мәлімдеуінше, былтыр «Тереңкөл-Михайловка» бағытына құм төселіп, таспен қапталған. Оның сөзінше, былтыр тұрғындардың талабымен Жолтаптық пен Мыңкөл ауылдары арасындағы 4,6 шақырым жолға да асфальт төселген.
Жолсыз қиналған тек Жолтаптық ауылының тұрғындары емес. Оның жанында дәл сол Михайловка-Железин тасжолынан шамамен бірдей қашықтықта тағы үш ауыл бар. Аудан әкімдігінің өкілі биыл «Березовка-Веселая Роща-Мыңкөл-Жолтаптық» арасын біріктіретін жолды салуға облыстық бюджеттен 228 млн теңге қаражат бөлінгенін айтты.
«ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің тапсырысы бойынша, 2024 жылдың наурыз айында «Березовка-Веселая Роща-Мыңкөл-Жолтаптық» жол трассасын орташа ремонт балансында асфальттау процессі жүреді. Қазір далада қар, қыс біткен соң құрылысшылар жер кептелісін жөндеуге барады. Жұмыстар 1 қазан күні аяқталуы қажет», — дейді Серікбаев MNU Newsroom тілшісіне.
Ашық дереккөздерде, Жолтаптық халқының саны тәуелсіздік алғалы азайып келеді. 1999 жылы жолтаптықтар саны небәрі 317 адам болса, 2009 жылға қарай тұрғындар саны 133-ге дейін төмендеген. Ауыл әкімі Жанар Жанбұтанқызы қазір мұнда 129 тұрғын бар дейді.
Жанбұтанқызы ауылдан қалаға көшкісі келетіндер көп болғандықтан, Жолтаптық тұрғындары азайып бара жатқанын айтады.
“Жолтаптық мектебінің түлектері қалалық оқу орындарына – колледждер мен ЖОО-ға түсіп, жұмысқа тұрып, болашақта ауылға қайтқысы келмейді. Қалаға қоныстанғанда, әке-шешесі жақын туыстары, ата-әжесі де көшіп кетеді”, – дейді ауыл әкімі.
Астанадағы үкіметтік емес “Тұрақты даму” жер қорының төрағасы Алан Балтабайұлы Жолтаптыққа инфрақұрылымның салынбауы ондағы халық санының аздығынан дейді.
“Жолтаптықтағы басты мәселе – жергілікті тұрғындардың аздығы. 1994 жылдың басында ауылда 90 үй болса, жұмыссыздықтың салдарынан 2024 жылы 30-ы ғана бар. Жағдайды түзету үшін ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту қажет”, – дейді ол.
Ауыл тұрғыны Дархан Жұматаев: “Негізі әкімдердің сөзіне сенуге болады. Себебі бізге құрылыс жайында смета, қажетті іс-қағаздарды ауыл тұрғындарымен өткізілетін жиналыста көрсеткен. Наурыз айынан бастап, күзде бітіріп қалады”, – дейді MNU Newsroom тілшісіне.
Жолтаптық ауылына 15 шақырымдық беті қиыршық тасты ауыларалық жол бар. Соңғы 3 жылда бұл жолды күрделі жөндеуге бюджеттен қаржы қарастырылмаған, күзгі-көктемгі кезеңдерде грейдерлеу, қыста қар тазалау, жазда шөп шабу жұмыстары аудандық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жүргізіліп жатыр.
«Ауылдың инфрақұрылымы көп нәрсені талап етеді. Балаларға да, ересектерге де арналған демалыс орталықтары жоқ. Бір қуантарлығы, асфальт жол мәселесі шешілді. Жылдан жылға аудан әкімдерінен тас жолды жөндеп беруді сұрап, былтыр ғана бізді естіп, кіреберіс жол салуға ақша бөлді», — дейді ауылдағы «Жолтаптық негізгі орта даму мектебінің» директоры Жанат Асқарова.
Ал ауыл әкімі Жанар Жанботанқызының сөзінше, Жолтаптық ауылында 2024 жылға нысандар құрылысы жоспарланбағандықтан, бюджеттен қаржы бөлінбеген. Әзірленген жобалық-сметалық құжаттама жоқ.
Павлодар облысында Жолтаптық ауылы секілді инфрақұрылымы нашар елді мекендер көп. Мысалы, Астана-Қорған халықаралық транзиттік дәліздің бойында 9 шақырым жерде орналасқан Келлеровка және Чкалов ауылдары тұрғындарының айтуынша, ауылдағы жолдар кейінгі 40 жылда жөнделмеген.