Сб. Июл 27th, 2024
Фото: kaztag.kzФото: kaztag.kz

Астананың солтүстік-батысына қарай 250 шақырым жерде орналасқан Бестөбе ауылындағы алтын кеніші 2021 жылдың шілдесі жабылғаннан бері үш жыл өтсе де, әлі өндіріс қайта қалпына келмеген. Былтыр премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр арнайы келіп, ауыл тұрғындарына жұмыс орындары қайта ашылатынын айтты. Кеніштегі суды тазалауға тағы бір жылдай қажет деді. 

Бестөбедегі “Алтыналмас” алтын өндіру фабрикасы 1000-нан астам адамды жұмыспен қамтып отырған. Ал қазір су басқан кенішті тазалаумен оның үштен бірі айналысып жатыр. Жұмыссыз қалған азаматтар протест те, президентке үндеу де жасады. Роман Склярдың ресми келуі де сол үндеуге үкімет құлақ салғанын меңзесе керек. 

Былтыр 30 наурызда “Алтыналмас” ЖШС жұмыскерлері жергілікті “Рауан” мәдениет үйінде жиналып, Бестөбедегі болып жатқан жағдай жайында өз наразылықтарын білдірді. Өз талаптарын қойып, Бестөбе тұрғындарын аландататын бірқатар тақырыптарды қозғап шықты. Олардың бірі — шахталардың жұмысын бастау мәселесі. 

2021 жылдың шілдесінен бастап жұмыссыз қалғандарға компания орташа жалақы төлей бастады. Ол бастапқыда 4 жалақы мөлшерімен шектелді. Бірақ халық тағы да үндеу жасағанда, айлық жәрдемақыны төлеу жалғасты. Десе де, 2023 жылдын қантарынан бастап, орташа жалақының орнына ең төмен жалақы төлене бастады.

Степногорск қаласы “Аманат” партиясының төрағасы Зульфия Хабибуллина жұмыссыз қалған азаматтар ауылға жақын басқа кен орындарынан жұмыс ұсынылғанын айтады. Хабибуллина бұрын “Қазақалтын” компаниясында әлеуметтік және PR бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеген.

“Қазір олар суды соруға кірісіп кетті, әзірге 400-ге жуық адам жұмыспен қамтылуда, қалғандары әкімшілікте тұр. Кейбіреулері жұмыстан шықса, кейбіреулеріне кәсіпорын — «Алтыналмастың» басқа еншілес компанияларында жұмыс істеуді ұсынды, сол себепті қазір жағдай сейілді десек те болар, бірақ шиеленіс әлі де бар”, — деді Хабибуллина.

Алтын өндірісінде 6 жылдай жұмыс істеп, қазір жұмыссыз жүрген Елқанат Ержанов бұл пікірмен келіспейді. Себебі, оның сөзінше, жұмыссыздардың бәріне ұсыныс айтылмаған. 

“Мен бұл шешіммен келіспеймін, себебі мыңдаған жұмысшы қызметсіз қалды. Компания қиын жағдайда қалған қызметкерлерге басқа жұмыс орындарын ұсынды, бірақ барлығына емес, 30% тек басқа кәсіпорындарға ауысты, ал қалған 70% жұмыссыз қалды”, — деді Елқанат Ержанов.

Бестөбе ауылы алтын кен орны табылған соң 1930 жылы құрылған. Совет үкіметі кезінде өндірісті “Қазалтын” мемлекеттік компаниясы жүргізеді. Ауыл инфрақұрылымын салуға сол компания көмектеседі. Ал Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін үкімет “Алтыналмас” дейтін тағы бір компания құрады. Ол кейін жекешелендіріледі. Ашық дереккөздерде оны Назарбаев отбасы өкілдері жекешелендіріп алған деседі. 

“Амамат” партиясының өкілі Хабибуллина ауыл экономикасы тікелей кен өндірісіне тәуелді екенін мойындайды. Өндіріс тоқтаса, ауылдың 7 мың тұрғыны айтарлықтай қиын жағдайға түсуі бек мүмкін. 

Былтыр наурызда ауылдағы “Рауан” мәдениет үйінде жиналған белсенділердің сөзінше, компания уақытша жұмыстан шеттетілгендерді жұмыстан түбегейлі шығара бастаған. 

«Олар көптеген жұмысшыны қысқартты, көбісі бұл компаниядан өздері кетуге шешім қабылдады, бірақ бұл бір кездері команданың барлық мүшелерінің өмірін қиындатқаны шындық. Бестөбеде басқа жұмыс жоқ, жалпы кенші қайда барады? Қазақстанның басқа шахталарына жұмысқа тұру өте қиын, ал бұрынғы жұмысшылар күзетші болуға немесе құрылысқа баруға мәжбүр», — деді жиынға қатысушылардың бірі. 

“Аманат” өкілі Хабибулина жұмыстан босату себебін олардың ұсынысты қабылдамауымен байланыстырды. 

“Басқа жерде жұмыс істеуге ұсынылып, одан бас тартқандар ғана жұмыстан босатылған. Көбісі Бестөбеде жұмыс істеп, шахтаға түсіп, тау-кен жұмыстарын атқаруға үйренген, ал кейбір кеншілер тіптен қара тізімде”, — деді ол MNU Newsroom тілшісіне.

Бестөбе кеніші 2021 жылдың басында “Алтыналмас” инвесторына толықтай көшкен. Компания жаңа болса да, оның алтын өндіру технологиясы ескі, яғни алтынды қолмен қазу әдісін пайдаланып келген. 

Ауылдағы эколог белсенділер зауыттың ауаны ластайтынын да айтып, дабыл қаққан. 2022 жылы компания енді жер асты шахталарынан бас тартып, ашық кен өндіру әдісіне көшуді жоспарлағанын айтқан. 

Ал 2023 жылдың басында “Алтыналмас” компаниясы Бестөбе кенішінен кететіні жайлы ақпарат тарады. Компаниясының басқарма төрағасы Дияр Қанашевтың қолы қойылған хатта «Жергілікті халық, оның ішінде Бестөбе кен орнының жұмысшылары, петиция мен президенттің атына жазылған хатта, ауыл тұрғындары мен билік өкілдерінің жиындарында компанияға басқа амал қалдырмай, өз талабынан танбады» делінген.

Кейін Роман Скляр ауылға барғанда “Алтыналмас” компаниясынан басқа ешкім келмейтінін мәлімдеген болатын. 

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *