Сб. Июл 27th, 2024
Фото: gemotest.ruФото: gemotest.ru

Безеу қоғамда жиі кездесетін тері ауруларының бірі. Ол түрлі жастағы адамдарда болады. Әсіресе, жастар арасында өте көп. Ғалымдар безеуді адам өміріне қауіп төндіретін ауру қатарына жатқызбаса да, кейінгі ғылыми зерттеулерде оның адамның эмоциялық тұрақтылығына айтарлықтай әсер ететіні анықтаған.

Анамария Джович бастаған хорват дәрігерлерінің 2017 жылғы зерттеуіне сәйкес, бетіне безеу шыққан адамдар көбіне өзіне сенімін жоғалтып, оқшаулануға бейім болады. Бұл күйзеліске алып келуі мүмкін.

Хорват ғалымдары күйзеліс пен безеу арасындағы байланысты өзге ғылыми зерттеу нәтижелерін салыстыра отырып анықтауға тырысқан.

Күйзелістің безеуге әсері, оның өршуіне ғана емес, емделмеуіне де ықпал етеді. Безеу, яғни акне – созылмалы ауру. Оның денеде ұзақ сақталуы, көптеген кішігірім тыртықтардың туындауына әкелуі де мүмкін.

Астанадағы Maqsut Narikbayev University туризм мамандығының 1 курс студенті Мадина Халимарденова кейінгі 9 ай бойы безеуден емделіп жатыр. Мадина тері ауруының кесірінен  жұмысынан айырылған және өзіне деген сенімін жоғалтқанын айтады.

“Негізінде безеудің шығуы менде терінің бұзылуына байланысты болды. Безеу менің өз-өзімді бағалауыма қатты әсер етті. «Біз сені бетіңдегі безеу үшін ала алмаймыз» деп жұмыс берушілер маған тікелей айтатын”, — дейді Халимерденова.

Елордалық психолог-психосомат Назым Сапа университетте оқитын студенттер көбіне оқу үдерісінде қиналғандықтан, бетіне безеу шығатынын айтады. Ол мұны оқу жоспарының күрделілігімен байланыстырады.

“Бақылаулар, mid-term қандай күйзеліс тудыратынын бәріміз жақсы білеміз. Студенттер осы күйзелістен өз психикасын аман сақтап қалуы қажет. Сол үшін уайымнан қорғану үшін осы стресстің алдын алу шарттарын бәрі білу керек деп ойлаймын”, – дейді ол.

Informburo.kz басылымының дерегінше, 2021-22 оқу жылында Қазақстанда 112 мың студент оқуын тәмамдай алмаған. Олардың 13,1 пайызы материалдық жағдайының кесірінен, 9,2 пайызы уақыт тапшылығынан, ал 6,4 пайызы білім беру мекемесінің жарғысын бұзғаны үшін оқудан шығарылған. Ал студенттердің 30,7 пайызы оқудың басқа форматына және 20,4 пайызы басқа ЖОО-ларға ауысқанынан оқуын аяқтай алмаған. Сондай-ақ, 17 мыңдай студент өз қалауымен дипломынан бас тартқан.

Польшадағы Вроцлав медициналық университетінің ғалымы Петр Краевскийдің зерттеуінше, безеумен ауыратын адамның жағдайын ангедонияға теңеуге болады. Себебі безеу адамды күйзеліске жетелеп қана қоймай, оны өмірге деген құлшынысынан да айыра алады.

“Ангедония безеуде жиі кездесетін құбылыс болып көрінеді және осымен ауыратын науқастарға біртұтас көзқараста қарастырылуы керек”, — дейді ол.

Yourskinline дерегіне сәйкес, 12-24 жас арасындағы америкалықтардың 85 %-ы акнемен ауырса, Ұлыбританияда бұл көрсеткіш 11-30 аралығындағы жастардың 95 %-ын құрайды. Ал канадалық дермотологтар ассоциацияның пікірінше, акне 12-24 жас арасында 90 % жиі кездессе, Аустралияда 16-18 жастағы балалардың 93,3 %-ы, ал Оңтүстік Африкада 17,5 %-ы безеуден зардап шеккен.

BBA in IT мамандығының 1-курс студенті Аружанқалқа Салимова: “Мүшел жас кезінде безеу шыға бастады. Менің терім күйзеліске тәуелді болды. Мектепті бітіргеннен кейін безеу азайды, алайда, басқа ЖОО-да 1-курсқа түскенде безеудің көлемі ұлғайды», – дейді.

Астанадағы DostykMed клиникасының дермотологы Әсем Сәкенова тері ауруының салдары адамда өмір бойы қалатынын айтады. Сондай-ақ ол кез келген уақытта қайта өршуі мүмкін.

“Осындай тері ауруларының басты мәселесі – өмір бойы жалғасуында. Мұны көбісі түсінбейді. Біз оны біржола емдей алмаймыз, алайда ремиссияға шығара аламыз. Яғни дәрігерлер осылай дұрыс түсіндіруі қажет. Мен ауыру асқынуы мүмкін екенін үнемі айтып отырамын. Егер дұрыс ем қабылдап, қажетті ем-шараларды сақтаса, жедел асқынуды тоқтатуға болады”, – дейді дәрігер.

2013 жылы түрік медицина ғылымдарының журналында жарияланған зерттеуде емханадағы анализ нәтижесі безеумен ауыратын адамдар күйзеліске жиі түсетінін анықтаған. Зерттеу авторы Ахмет Өзтүрік безеу адамдарды қоғаммен араласуын қиындатып, тұйық өмірге ауысып кетуіне жетелейтінін айтады. Десе де, биыл жарық көрген өзге бір зерттеуде емханадағы тестілеу безеу мен күйзелістің арасында аса байланыс жоғын көрсеткен. Зерттеуге безеу шығып, емханаға түскен 81 науқас ерікті түрде қатысқан. Емхана тестілеуін жүргізген Түркиядағы Неджметтин Эрбакан университетінің ғалымы Мұстафа Елмағачтың жазуынша, күйзеліс кезінде адамның тәбеті болмаса, безеу барда науқастар керісінше көбірек тамақтануға ынталанады екен.

Безеудің күйзеліске әкелу факторы жоғары болғанымен, оның нақты көңіл-күйге қай деңгейде әсер ететінін анық айту қиын. Әр емхана зерттеуі түрлі нәтиже береді. Бірақ, тері аурумен ауратын науқастардың күйзеліске тап боолуы көрсеткіші артып келеді.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *