Сб. Июл 27th, 2024
Фото: thekashmiriyat.co.uk

“Цифрлық аутизм” ұғымының пайда болғанына көп уақыт болмағанымен, оның қазіргі замандағы өзектілігі күн сайын артып келеді. Педагог-психолог Айгүл Асқарқызының айтуынша, бүгінде әрбір екінші баладан сандық аутизмнің нақты белгілері байқалады. Мамандар бұл аурудың ушығып кетуіне қатысты алаңдаушылық білдіріп отыр. 

19 жастағы Қуаныш Базарбекұлы Астана қаласында орналасқан ҚазТБУ-да оқиды. Оның екі жасар Батырхан есімді бауыры бар.

“Батырхан бір жарым жастан бастап түрлі гаджеттерді қолданады. Кішкентай бола тұра, өзі мультфильмдерді қосып, көріп отырады. Кейінгі кездері телефонға деген тәуелділігі ушығып кетті. Сондықтан қазір гаджеттерді бермей, тек теледидар көрсетуге тырысып жүрміз”, – дейді ол.

Оның сөзінше, телефонды тартып алған кезде, бауырының агрессиясы қатты шығады.

“Мінезі жаман болған соң ба, әлде телефонның кесірінен сондай болып кетті ме, білмейміз, бірақ ол кәдімгідей айғай-шу шығарады. Тіпті бізге қол көтерген сәті де болған. Оны тыныштандыру үшін гаджет беріп, видеоларын қосып беруге тура келеді. Ал ұйықтай алмаған жағдайда YouTube желісінен музыка қосып ұйықтатамыз”, – деді Қуаныш.

2023 жылдың желтоқсан айында ЮНИСЕФ пен Оқу-ағарту министрлігі Қазақстандағы балалардың цифрлық өміріне қатысты “Kazakhstan Kids Online” зерттеу жұмысын әзірледі. Зерттеудің мақсаты баланың ғаламтор қолдану кезінде туындайтын қауіпке баға беру және олардың азаюын қамтамасыз ететін стратегия құру болған.

Зерттеу мәліметіне сәйкес, көптеген әлеуметтік желілер мен ойын платформалары 13 жастан кіші балаларға жеке аккаунт құруға рұқсат бермейді. Алайда, зерттеу нәтижелері көрсеткендей, Қазақстанда 9 бен 10 жас аралығындағы балалардың 60 пайызында, 11 мен 12 жастағы жасөспірімдердің 66 пайызында ғаламтор желісінде жеке аккаунты бар.

Румынияның Аутист балалар орталығында психолог және координатор болып жұмыс істейтін Мариус Замфирдің жазуынша, күніне төрт сағат бойы компьютер, теледидар немесе телефонның экранынан көз алмаған балалардың дамуы басқаларға қарағанда айтарлықтай баяулаған. Олардың көз көру қабілеті мен сөйлеу дағдысы нашар болған. Бұл аутизмнің белгілеріне өте ұқсас дейді ол.

Замфир зерттеуінің нәтижесінде “цифрлық аутизм” термині қалыптасты. Ол ақпараттық технологиялардың әсерінен қарым-қатынас орнату дағдыларынан айырылу мағынасын берді.

“Балалардағы цифрлық аутизмнің негізгі белгілеріне смартфоннан ажырамау, әлеуметтік желілерге тәуелді болу, айналадағы адамдарға мән бермеу, коммуникацияның жоқтығы жатады. Яғни бала ешкіммен байланысқа түспей, телефонда отыра бергісі келеді”, – дейді балалар психологы Айдана Сансызбайқызы.

Цифрлық аутизм ауруы салыстырмалы түрде жақында ғана пайда болды. Маманның ойынша, егер де классикалық аутизмге тән әрекеттер жиынтығы баланың бойында туа біткен болса, цифрлық аутизм бір жарым жасқа қарай көріне бастайды.

“Үш жасқа дейінгі баланың әсіресе қатты сөйлескісі келіп тұрады. Бірақ ата-анамен байланыс орнатудың орнына бала гаджетте отырып, сондағы түрлі видеоларды көретін болса, ол ешқандай коммуникация орната алмайды. Нәтижесінде баланың тілі дұрыс шықпайды”, – дейді Сансызбайқызы.

2021 жылы жарияланған “Балалардың тұлғалық дамуына цифрландырудың әсері” атты мақалада “Физикалық белсенділіктің аз болуы ми жұмысындағы кинестетикалық механизмнің дамуын тежелтіп, кейіннен сөйлеу мен ойлау дағдыларын дамытуда біршама қиындық тудыртуы мүмкін” делінген.

“Бала телефондағы видеолардан түрлі кейіпкерлерді көреді. Олардың секіріп, ойнап, күліп жүргенін көрген кезде, балада еңбексіз дофамин бөлінеді. Сол себепті ол көре бергісі келіп тұрады, солай тәуелділікке ұшырайды. Ал олай болмас үшін баланың өзі көп қимылдап, секіріп, ойнап жүруі керек”, – дейді ол. 

Педагог-психолог Айгүл Асқарқызы сандық аутизмнің бала дамуына әсері үлкен екенін айтып, ата-аналар бұған мейлінше назар аударуы керек деп есептейді.

“Қазір әрбір екінші бала цифрлық аутизмге ұшырап жатыр. Баланы одан емдеу үшін ата-ана тарапынан интенсивті дисциплина жүргізілуге тиіс, әйтпесе болашақта қиын болады. Орта есеппен алғанда 24 сағаттың 17-18 сағаты адамдарда әлеуметтік желіде өтіп жатыр. Бұл өте қауіпті әрі глобальды проблема болып тұр”, – деді Асқарқызы.

Психолог мамандардың сөзінше, цифрлық аутизмді емдеу үшін ең алдымен баламен жақсы байланыс орнату керек. Балаға көңіл бөліп, онымен үнемі сөйлесіп, әңгімеге тарту керек. Сондай-ақ, серуендеуге жиі шығарып, белгілі бір режим құру керек. Нақты күн тәртібінің болуы балаға үлкен пайдасын тигізеді. Сонымен қатар, баланы түрлі үйірмелерге берген маңызды. Сыни ойлау дағдысын қалыптастыру мақсатында психологтар балаға кітап оқытудың да маңызын айтады.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *