Балалар онкологиясы
Дәрігер аузынан шыққан суық диагноз — өмірдің соңы емес, бірақ тағдырдың бағытын күрт өзгертетін ауыр сынақ. Балалар онкологиясы — медициналық диагноздан әлдеқайда терең ұғым. Бұл — кішкентай тағдырлардың үлкен сынағы, ата-ананың үміт пен үрей арасындағы ұйқысыз түндері. Бұл зерттеу мақаласын жазу барысында біз құрғақ статистикадан гөрі палатада әр минут үшін болып жатқан үнсіз күреске назар аудардық. Бала өмірі — уақытпен жарыс. Ал осы бәйгеде жеңіп шығу үшін бүгінгі денсаулық сақтау жүйесі не ұсына алады?
Көпшілік ойлағандай, қатерлі ісік тек тұқым қуалайтын ауру емес. Статистика бойынша, балалардың тек 10%-ында ғана генетикалық бейімділік байқалады. Қалған жағдайлар – спорадикалық, яғни кездейсоқ мутациялардың әсері. Сонымен қатар, Эпштейн-Барр вирусы, АИТВ (ВИЧ) және малярия сияқты инфекциялардың дертке түрткі болатыны дәлелденген. Қоршаған ортаның ластануы, ата-ананың темекі шегуі және радиациялық сәулелену де қауіпті арттырады. Балалар обырының ерекшелігі — оның көбіне өмір салтынан емес, ағзаның даму процесіндегі генетикалық өзгерістерден туындауында.
Елімізде балалар арасындағы онкологиялық сырқаттанушылық деңгейі соңғы 10 жылда төмендеген жоқ, тұрақты сипат алып отыр. Орта есеппен жыл сайын 600-ге жуық бала алғаш рет осы диагнозбен тіркеледі.
Аурудың құрылымы:
36% — жіті лейкоздар (қан жүйесінің ісігі);
20% — орталық жүйке жүйесінің ісіктері;
7% — лимфомалар;
6% — нейробластома және герминогенді ісіктер.
Бүгінде Қазақстанда аталмыш дертпен 5 жылдық өмір сүру деңгейі 71%-дан асты. Ходжкин лимфомасы мен ретинобластомада бұл көрсеткіш 80-90%-ға жетеді. Бұл — медицинаның үлкен жеңісі.
Білікті балалар онкологы Айгүл Жәнібекқызы ең басты мәселе — аурудың «жасырынып» келуінде екенін айтады.

Фотода дәрігер Айгүл Жәнібекқызы
«Өкінішке қарай, Қазақстанда балалардың басым бөлігіне диагноз алғашқы сатыларда қойылмайды. Ісік қарапайым ауруларға «маскировка» жасап алады: әлсіздік, дене қызуы, аяқтың ауруы. Ата-аналар да, кейде дәрігерлер де мұны кәдімгі суық тиюмен шатастырады. Тәжірибемізде диагноз алғашқы белгілерден кейін 1-3 айдан соң ғана қойылатын жағдайлар өте жиі кездеседі. Бұл әрқашан дәрігердің қателігі емес, ісіктің өте агрессивті әрі беймәлім дамуынан болады», — дейді.
Қазақстанда балалар онкологиясы бойынша екі ірі республикалық орталық жұмыс істейді: Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен Астанадағы «UMC» мекемесі. Мұнда химиялық емнен бастап, дің жасушаларын трансплантациялауға дейін жасалады.
Бұл әдістер сау жасушаларға тиіспей, тек ісік жасушаларын жоюға бағытталған. Айгүл Жәнібекқызының айтуынша, аталмыш әдістер өмір сүру мүмкіндігін 90%-ға дейін арттырды. Бірақ мәселе — қолжетімділікте. Препараттардың тым қымбаттығы мен квотаның шектеулігі емнің бәріне бірдей дер кезінде жетуіне кедергі келтіріп отыр.
2012 жылдан бері елімізде 529 трансплантация жасалған. Алайда донор тапшылығы өзекті болып тұр. Ұлттық регистрде небәрі 9 000 донор бар. Салыстырмалы түрде, туысқан донор тек 25% жағдайда ғана сәйкес келеді. Қалған балалар үшін туыс емес донор іздеу бірнеше айға созылып, кейде оның соңы уақыт жоғалтумен аяқталып жатады.
Ал ауруды ерте анықтау үшін мына белгілерге бейжай қарамау қажет:
- Себепсіз әлсіздік пен тез шаршау;
- Ұзақ уақыт бойы төмендемейтін дене қызуы;
- Денеде көгерулер мен гематомалардың өздігінен пайда болуы;
- Лимфа түйіндердің ұлғаюы;
- Сүйек пен буындардың, әсіресе түнде ауыруы.
Дәрігерге қаралғанда жалпы қан анализі, УДЗ, КТ және МРТ негізгі ақпаратты береді. Ал соңғы нақты диагноз тек биопсиядан кейін қойылады.
Оңалту ісінде де олқылық көп
Емдеу — бұл жолдың жартысы ғана. Баланың қалыпты өмірге оралуы үшін оңалту өте маңызды. Айгүл Жәнібекқызының атуынша, бізде бұл кезеңде олқылықтар көп.
«Біз емдеуді үйрендік, бірақ толыққанды қалпына келтіруді әлі жолға қоя алмай келеміз. Ауруханадан шыққан соң, балалар жергілікті жерлерде тиісті мамандардың (психологтар, реабилитологтар) жоқтығынан қараусыз қалады. Бұл — бүгінгі күннің ең ауыр проблемасы», — дейді.
Балалар онкологиясы — үкім емес, бірақ ұзақ төзім мен үздіксіз күресті талап ететін ауыр сынақ. Бүгінде Қазақстан медицинасы протондық терапия мен 3D-эндопротездеу секілді заманауи технологияларды енгізіп, мыңдаған балаға үміт сыйлап отыр. Алайда емнің нәтижесі тек медицинаның мүмкіндігімен шектелмейді. Ерте диагностика, қолжетімді ем, сапалы оңалту және қоғамның қолдауы — осы күрестегі басты тіректер. Өйткені әрбір аман қалған бала — тек бір отбасының емес, тұтас қоғамның жеңісі.