Қазан айының басында сенатор Геннадий Шиповских 13 жасқа дейінгі балаларға TikTok платформасын қолдануды шектеу керегін айтты. Ол TikTok желісіндегі кей контент балаларға кері әсер ететінін, тәуелділікке жетелейтінін алға тартып, мұнда ұлттық қауіпсіздік мәселесі де барын атап өтті.
Сенатор 13 жасқа дейінгі балалардың платформаны қолдана алмауы үшін Face ID технологиясын пайдалануға болатынын және балаларға зиянды контентті сұрыптайтын арнайы алгоритм дайындау керектігін айтты. Ал оған TikTok желісінің әкімшілігі келіспесе, платформаны түгел бұғаттауды ұсынды.
Сонымен қатар, 22 сәуірде өткен мәжіліс отырысында депутат Ерлан Саиров та TikTok әлеуметтік желісі жастарға кері әсерін тигізіп жатқанын айтқан еді.
«Қазіргі уақытта бұл платформада пайдалы контентпен қоса, балаларды жағымсыз әдеттер мен теріс қылықтарға итермелейтін бейнемазмұндар да аз емес. Онда түрлі ойындарды, онлайн казиноларды жарнамалау, әдепсіз іс-қимылдарды көрсету, тіпті порнография, суицидке үндейтін, былапыт сөздер мен бейпіл, бейәдеп көріністерге толы рилстар да кеңінен таралып жатыр», – деді ол.
Кейінгі жылдары әлемнің бірқатар елінде TikTok блокталды. Мысалы, 2020 жылдан бастап Үндістан ұлттық қауіпсіздікке байланысты TikTok-қа толықтай тыйым салса, 2018 жылы Индонезияда желіге кіруге шектеу қойылды. Көрші Өзбекстан мен Қырғызстанда 2021 жылдан бастап TikTok-қа тыйым салынды.
АҚШ Конгресі де TikTok-тағы америкалықтардың жеке деректері ұрлануы мүмкіндігін алға тартып, платформаның Солтүстік Америкадағы бөлігін жергілікті компанияға сатуға міндеттеді. Егер бір жылдың ішінде қытайлық ByteDance компаниясы желінің АҚШ-тағы бөлігін өзге біреуге сатпаса, желі ел территориясында толықтай бұғатталады.
Күні кеше Аустралия сенаты 16 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатын заң жобасын қабылдады. Премьер-министр Энтони Албанезе заң балаларды әлеуметтік желінің зиянды әсерінен қорғау үшін қажет екенін айтты.
Әлеуметтік желі қолданушыларын зерттейтін Kepios зерттеу орталығының дерегінше, жыл басында Қазақстанда TikTok қолданушыларының саны 14,1 миллион адам болған. Ал Instagram-ға 12,1 миллион аккаунт тіркелген болса, Facebook қолданушыларының саны 2,6 миллионға жеткен. TikTok желісі өзге платформаларға қарағанда кейін құрылса да, қолданушылар саны жағынан алға шыққан. Оның көрсеткіші кейінгі бір жылда күрт өсті, қазір жастар арасында танымал бола түсті.
TikTok – видео бөлісуге негізделген әлеуметтік желі. Ол 2017 жылы халықаралық нарыққа шыққан. Платформа Douyin, Toutiao және CapCut сияқты бірнеше танымал қосымшалардың негізін қалаған Қытайдағы BiteDanсe технологиялық компаниясына тиесілі.
TikTok пайдаланушыларға музыкадағы кейінгі трендтермен бірге келетін қысқа бейнеклиптерді жасауға, өңдеуге және бөлісуге мүмкіндік береді. Платформаны қолдану тегін.
TikTok платформасының ішкі ережесіне сәйкес, 13 жасқа дейінгі балаларға бұл желіні қолдануға болмайды.
TikTok балаларға зиян ба?
Қазақстанда бала құқықтары Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Масс-медиа туралы», «Байланыс туралы», «Жарнама туралы», «Ақпараттандыру туралы», «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы», «ҚР баланың құқықтары туралы», «Ойын бизнесі туралы», «Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектес прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы» заңдарымен қорғалады.
«Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңның 14-бабының 1-тармағына сәйкес, онлайн-платформаларда қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды, өзін-өзі өлтіруді, порнографияны, есірткі, психотроптық заттарды және өзге де заңсыз контентті салуға және таратуға тыйым салынады.
Британиялық Стратегиялық диалог институты (ISD) 2021 жылы жүргізген зерттеуіне сәйкес, TikTok-та өшпенділік тілі мен экстремизмді насихаттайтын бейнежазбалардың тек 18,5%-і автоматты түрде жойылған. Зерттеудегі 1 030 бейнежазбаның 30%-і нәсілдік кемсітушілік пен қастандық теорияларын насихаттаса, 24%-і экстремистік және террористік ұйымдар мен тұлғаларды қолдауға бағытталған.
Басқа әлеуметтік желілердегідей TikTok-та да балалардың кибербуллингке ұшырау қаупі бар. Онлайн қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысатын америкалық Security компаниясының дерегінше, TikTok пайдаланушыларының арасында балаларға төнетін кибербуллинг қаупі 64 пайызды құраған. Алайда басқа әлеуметтік желілермен салыстырғанда бұл төмен көрсеткіш. Әлеуметтік желілердің ішінде Youtube-те балалардың кибербуллиңке ұшырау ықтималдығы – 79%, Snapchat-та – 69% құрайды.
MNU-де Психологиялық білім беру бағдарламасының профессоры Анаргүл Ғаббасова TikTok-тың балаларға оң және теріс әсері бар, дейді.
«TikTok балалардың психологиялық дамуына екі түрлі әсер етуі мүмкін. Бір жағынан, ол өзін-өзі көрсету мен шығармашылыққа, танымалдылыққа мүмкіндік береді, ал екінші жағынан, шамадан тыс қолдану тәуелділікке әкелуі ықтимал. Ұзақ уақыт пайдаланған кезде зейін қою қабілеті төмендеуі мүмкін, сондай-ақ өздерін басқалармен салыстыру нәтижесінде негатив ойлар, депрессияның пайда болу қаупі артады», – дейді психолог.
Астана қаласының тұрғыны, үш баланың анасы Әсем (аты өзгертілген) балаларының телефонға тәуелді болып бара жатқанын байқаған.
«Үлкен қызым жетіде. TikTok-ты өзі жақсы көреді. Көп отырады, сол алаңдатады. Көргенін қайталайды, тіпті агрессия көрсете бастады», – дейді ол.
Оның айтуынша, TikTok-та мағынасыз видеолар көп.
«Ата-аналар TikTok қолдану уақытын шектеп, балаларды желіден тыс белсенділіктерге тарту арқылы мазмұнды сыни ойлаумен қабылдауға үйрете алады, сондай-ақ әлеуметтік медианың эмоционалдық денсаулыққа әсері туралы ашық сөйлесудің маңызы зор», – деп айтты Анаргүл Ғаббасова.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Рахановтың айтуынша, жастар тәрбиесіндегі барлық мәселелерді тек әлеуметтік желілердің зиянды әсерімен түсіндіру қате.
«Әлеуметтік желілерде теріс немесе құқыққа қайшы мазмұн кездескенімен, олар пайдаланушылардың қарым-қатынасы және қоғам мен мемлекет арасындағы байланыс үшін маңызды әлеуметтік рөл атқарады. Сонымен қатар, білім беретін және дамытатын пайдалы контенттің де мол екенін атап өткен жөн», – деп ол MNU Newsroom тілшісіне.
Редакция сөйлескен кейбір қолданушы TikTok-ты балаларға зиян деп есептемейтінін атап өтті.
«Мен өзім TikTok-ты көп қолданамын. Бірақ бұл маған сондай бір қатты зиянын тигізді деп айта алмаймын. Қайта трендтер арқасында би билеп үйреніп, қаралым жинап, тіпті ақша таба бастадым. Керісінше, бұл желі жастарға шығармашылық және табыс табу жағынан пайдалы деп ойлаймын», – дейді толық аты-жөнін көрсетпеуді сұраған семейлік 16 жасар Айнаш.
TikTok-та Айнаш секілді желіні тек қызық үшін емес, өз пайдасына асырып жүрген бишілер, суретшілер, кәсіпкерлер өте көп.
Биыл 18 сәуірде Қырғыз билігі ел территориясында TikTok-қа шектеу қойды. Шешім қабылдауға TikTok тарапынан «Балалардың денсаулығына, олардың физикалық, интеллектуалдық, психикалық, рухани және адамгершілік дамуына зиян келтірудің алдын алу жөніндегі шаралар туралы» Қырғыз Республикасының Заңын сақтамау негіз болғаны айтылды.
Танымал қырғыз блогерлері үкіметтің бұл шешімін теріс бағалап, қарсылық танытты. Олар желінің ел экономикасына да оң әсері барын алға тартады. Мысалы, Kaktus Media ресурсының жазуынша, қырғыз кәсіпкерлері түрлі тауарын TikTok арқылы сатса, Қырғызстанның туристік жерлері де желіде танылып, сұранысқа ие бола бастағанын.
TikTok-ты бұғаттау керек пе?
TikTok-ты елде түбегейлі бұғаттау мәселесі бұрыннан қоғамда кеңінен талқыланып келеді. Дегенмен жауапты адамдар бұл тақырыпты жан-жақты қарастырып, терең талдау қажеттігін жеткізеді.
«Медиасауаттылық жағынан қарастырғанда, балаларға зияны бар. Өйткені, ақпарат қабылдауда балалар нені көрсе, соны қайталайды. Ақпараттың, жеке деректердің тарауы жағынан балаларда медиа иммунитет жоқ», – дейді медиа сарапшы Алмабек Ибрайымов.
Биыл наурыз айында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Қазақстанда онлайн-платформаларды толықтай бұғаттау көзделмейтінін, тек олардың ішіндегі заңсыз контентке шектеу қойылатынын айтты.
Оның сөзінше, құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда, хабарландыру хаттары TikTok платформасының әкімшілігіне автоматтандырылған Safety Enforcement Tool жүйесі арқылы жіберіледі. Ал уәкілетті орган бұзушылық белгілері бар материалдарды платформаның заңды өкіліне тұрақты түрде жолдап отырады.
Үкіметтің жыл басындағы мәліметіне сәйкес, 2023 жылы 44 630 контент қауіпті деп танылған. Оның ішінде 10142-сі балаларға зиян екені анықталған және үкімет талабымен өшірілген. Ал 2024 жылдың қаңтар және ақпан айларында 526 заң бұзу анықталыпты. Оның ішінде жалған ақпарат тарату, митинг не пикет ұйымдастыру, сепаратистік көзқарас пен билікпен күшпен басып алуға шақыру элементтері бар контент анықталған.
Медиа сарапшы Алмабек Ибрайымов айтуынша, балаға зиян келтірмеу үшін әлеуметтік желілерді шектеу – әрбір ата-ананың жауапкершілігі.
«Ата-анасы өзінің ұялы телефоны арқылы бақылаулар орнату керек. Әлеуметтік желіге “не салып жатыр?”, “кіммен сөйлесіп жүр?”, “не жазды?”, “нені көрді?” соның барлығын мүмкіндігінше бақылап отыру керек», – дейді медиа сарапшы.
Мәдениет және ақпарат министрлігі MNU Newsroom басылымына берген дерегіне сәйкес, «TikTok» компаниясы жасөспірімдердің экран алдында өткізетін уақытын күніне 60 минутпен шектеу үшін арнайы шаралар қабылдаған. Енді 18 жасқа толмаған әрбір пайдаланушы аккаунтын күніне 60 минуттан артық пайдалана алмайды.
Берілген уақыт аяқталғаннан кейін жасөспірімдерге әлеуметтік желіні ары қарай пайдалану үшін құпия сөз енгізу қажет болады. Ал 13 жасқа толмаған балаларға қосымша 30 минут экран уақыты ата-анасы немесе қамқоршысы құпия сөз енгізген жағдайда ғана беріледі.
Цифрлық технологияларды зерттейтін Datareportal орталығының 2024 жылдың бірінші тоқсанында жариялаған мәліметіне сәйкес, 13 жасқа толмаған пайдаланушылар басқарады деген күдікпен платформадан шамамен 21,6 миллион контент жойылды. Сондай-ақ, биыл TikTok-тан 171 миллионға жуық жалған аккаунт жабылған.
«Қазақстан Интернет Ассоциациясының» президенті Шавкат Сабиров TikTok сияқты кез келген әлеуметтік желі үшін, әсіресе балаларға қатысты қауіпсіздік шаралары аса маңызды екенін айтты.
«Мұнда басты рөлді ата-аналар атқаруы керек, өйткені баланың қауіпсіздігін ешкім ата-аналар сияқты қамтамасыз ете алмайды. Ата-ана бақылауы өте қажет, себебі бала өз бос уақытын толығымен TikTok-та өткізбеуге тиіс», – дейді маман.
Сонымен қатар, ол қазіргі цифрландыру деңгейінде қауіптің көпшілігі (соның ішінде балаларға қатысты) интернеттен туындайтындықтан, кешенді ұлттық бағдарлама қажеттілігін айтты.
«Тіпті әлеуметтік жағдайы төмен адамдардың да интернетке қосылған мобильді құрылғылары бар екенін атап өткен жөн. Бұл құрылғылар олар үшін де, олардың балалары үшін де қолжетімді. Сондықтан мемлекет ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қауіпсіз пайдалану және балалар мен жасөспірімдерді қорғау бойынша ұлттық бағдарлама әзірлеуі өте маңызды. Бұл бағдарламаның аясында ақпараттық мақалалар, сұхбаттар, бейнематериалдар, әлеуметтік жарнамалар мен билбордтар сияқты көптеген материалдар болуға тиіс», – дейді Шавкат Сабиров.