Ср. Дек 4th, 2024
Фото: medbalance.org.il

 Қазақстанда кейінгі 15 жылда қант диабетіне шалдығу көрсеткіші 3,5 есе өсті. Әсіресе коронавирус эпидемиясынан кейін науқастардың саны артқан. Эндокринологтардың айтуынша, ауру тіпті жасарып келеді. Дәрігерлер оның алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстану өте маңызды екенін айтады.

Халықаралық қант диабеті федерациясының мәліметінше, әлемде шамамен 537 млн адамда қант диабеті бар. Бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 643 млн-ға көтерілсе, 2045 жылға қарай 783 млн-ға жетеді деп болжанып отыр. Ал әлі анықталмаған диабетпен ауырып жүргендер саны – 240 млн-ға жуық адам.

Қант диабетінің негізгі симптомдарына шөлдің қанбауы, кіші дәреттің жиілеуі, көздің бұлыңғырлануы, шаршау, салмақтың түсуі мен көбеюі жатады. Уақыт өте келе сусамыр жүректің, көздің, бүйректің, сондай-ақ жүйке жүйесінің зақымдалуына әкелуі мүмкін.

“Тез шаршап, қатты шөлдей бердім. Таңертеңнен кешке дейін су ішсем де, шөлім қанбайтын. Сосын жүйкем ауырған сайын тамақты көп іше беретінмін”, – дейді алматылық Ерлан Нұржанов.

51 жастағы Нұржанов қант диабетімен ауырып жүргеніне 20 жыл болғанын айтады. Оның сөзінше, ауру тұқым қуалайды.

“Біздің үйде 10 бала [бар]. Оның бесеуі қант диабетіне шалдыққан. Өкінішке қарай, аурудың асқынуына байланысты үшеуі қайтыс болды. Эндокринолог отбасыда үштен артық адамда диабет бар болса, ол генетикалық фактор болатынын айтқан. Әкеміз ерте қайтыс болды. Анамыз айтқандай, ол кісі суды өте көп ішкен екен. Сондықтан диабет әкемізден берілді деп ойлаймыз”, – деді ол.

Астана қаласы №1 көпбейінді қалалық ауруханада эндокринолог болып жұмыс істейтін Жанар Қамитбекованың сөзінше, диабет 4 түрге бөлінеді.

“Сусамырдың бірінші түрімен әдетте 0 жастан 35-40 жасқа дейінгі инсулинге тәуелді адамдар ауырады. Екінші түрімен ауыратын адамдар инсулинге тәуелді болмайды, олар дәрі-дәрмек ішу арқылы емделеді. Сусамырдың үшінші түрі гибридті, яғни бірінші түр мен екінші түрдің араласуынан пайда болады. Диабеттің соңғы төртінші түрі гестационды деп аталады және ол жүктілік кезінде дамиды”, – деді дәрігер.

Нұржанов сусамырдың екінші түрімен ауырады. Былтыр шілде айында Ыстамбұлда ауруға қарсы ота жасатты. Отаға дейін қандағы қант деңгейі 27 болса, отадан кейін 7-ге түскен. Өзінің айтуынша, қазіргі жағдайы жақсы.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елде 439 327 ересек адам мен 5132 бала қант диабетіне шалдыққан. Сусамыр әлеуметтік маңызы бар аурулар санатына жатады және ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі) мен МӘМС  (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жүйесі арқылы қаржыландырылады. Яғни, диагноз қойылған барлық пациент толық көлемде тегін емделе алады. 

Эндокринолог-диетолог Ләззат Жанұзақова Қазақстанда сусамырмен ауыру соңғы 15 жыл ішінде 3,5 есе өсті дейді.

“Әсіресе, коронавирус эпидемиясынан кейін, 2021-2022 жылдары жағдай ушығып кетті. Көбінесе үлкен адамдар ауырды, бірақ балалар да қалыспады. 2021-2022 жылдары 382 мың адам ауырды. Оның ішінде 30 мыңға жуығы бірінші типтілер, 352 мыңы екінші типтілер болды”, – деді дәрігер.

Сонымен қатар, Ләззат Жанұзақова аурудың жасарып жатқанын қоса айтты.

“Ауру шын мәнінде жасарып келе жатыр. Оның жасаруы көп жағдайда балалардың жеп жүрген фаст-фуд тағамдарына байланысты. Мысалы, газдалған сусындар, энергетиктердің құрамында қант көп мөлшерде болады. Олардың бәрі диабеттің пайда болуына әсер етеді”, – деді ол.

Астана қаласы №1 көпбейінді қалалық аурухана эндокринологы Жанар Қамитбекова да бұл тұжырыммен келіседі.

“Қант диабетімен ауыру көрсеткіші өсіп жатыр. Әсіресе коронавирустан кейін көбейіп кетті. 2023 жылғы статистика бойынша, Астана қаласында диспансерлік есепте 35 мың науқас болды. Оның 2 мыңы – балалар. Жыл сайын  2300 науқас тексерістен өтеді. Олардың 70 пайызы екінші тип диабетімен ауырса, қалған 30 пайызында – диабеттің бірінші түрі”, – дейді Қамитбекова.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, қант диабетінің симптомдары кенеттен пайда бола алады. Әсіресе 2-типті қант диабетінің белгілері жеңіл өтіп, олардың нақты анықталғанына дейін бірнеше жыл қажет болуы мүмкін. Уақыт өте келе ауру жүрекке, көзге, бүйрекке, сондай-ақ жүйке жүйесіне зақым келтіруі ықтимал.

59 жастағы Астана қаласының тұрғыны Светлана Жанатайқызы да сусамырдың екінші түрімен ауырады. Ол 2002 жылдан бері аурумен күресіп келеді.

“Сол жылы 40 күн бойы тамақ ішпегенімнен пайда болды деп ойлаймын. Қатты шөлдей берген соң емханаға бардым. Сол кезде диагноз қойды. Қазір әлі де денсаулығымда проблемалар бар. Қол-аяғым ұйиды, дәрі ішемін. Диета ұстанамын”, – деп ойын бөлісті ол.

Қазір Светлана тәулігіне 4 уақыт инсулин қабылдайды.

“Дәрілер қант деңгейін жақсы сақтап тұрса да, басқа жағынан кері әсерін тигізіп жатыр. Қан қысымым төмендеп, бұлшық еттерім ауырып, жиі құсқым келіп жүр. Сондықтан әзірге ішуді доғаруға шешім қабылдадым. Ары қарай не болатынын енді көрерміз”, – деді Жанатайқызы.

Диабеттің көбеюінің негізгі себептері ретінде Ләззат Жанұзақова түрлі вирустың әсерінен иммунитеттің төмендеуі мен салауатты өмір салтын ұстанбауды атап өтті. Сондай-ақ үлкен кісілерде диабет ағзада түрлі витаминдердің жетіспеушілігінен туындайтынын айтты.

“Қазір емханаларда МӘМС арқылы тегін емделуге болады. Медициналық есепке тұрған науқастарға тегін дәрілер беріледі. Бұрын тек бір түрін берсе, қазір бірнеше түрі беріледі. Бірақ бұл дәрілер кейде жетпей қалып жатады. Бірінші типпен ауырып жүрген 18 жасқа дейінгі балаларға 2012-2013 жылдардан бері помпа аппараты тегін беріледі. Бұл өте қымбат аппарат, сондықтан оны алу үшін медициналық есепте тұру қажет”, – деді эндокринолог-диетолог.

Жанар Қамитбекованың айтуынша, помпа аппаратын Астана қаласында 1,5 мың бала қолданады.

Сонымен қатар, диабеттің пайда болуына вирустардың мутациясы да әсер етеді. Нақтырақ айтқанда, вирустар ұйқы безінің жасушаларын бұзып, диабетке алып келеді. 

“Аурудың алдын алу адамның өзіне байланысты. Ең алдымен салауатты өмір салтын ұстану керек. Спортпен шұғылдану керек. Витаминдерді уақтылы ішу керек. Түнгі ұйқы дұрыс болуы керек”, – деді эндокринолог Жанұзақова.

Ұйқының маңыздылығы туралы эндокринологтар бекер айтпайды. Өйткені Швецияның Упссала университетінің зерттеушілері аз ұйықтаудың диабетке әкеп соғатынын дәлелдеді. Олар Британ биобанкіндегі деректер базасын пайдаланып, наурыз айының басында зерттеуін жариялаған. 

Зерттеудің нәтижесіне сәйкес, күніне 3-5 сағат ұйықтайтын адамның тәулігіне 7-8 сағат ұйықтайтын адамға қарағанда диабеттің екінші түріне шалдығу қаупі 1,5 есе көп екені белгілі болған. 

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *