Дүй. Мам 27th, 2024
Фото: Дариға АсаниязоваФото: Дариға Асаниязова

2018 жылы Астанада ашылған ботаникалық бақта сирек кездесетін өсімдіктер бар. Оны жергілікті ортаға бейімдеп баптаумен бақ жанында құрылған ғылыми зерттеу орталығы айналысады. Мекеме қызметкерлері өсімдіктер жойылмауы үшін бақты қоршауға алу қажет десе, елорда тұрғындары ашық бақтың қоғамға игілігі көбірек дейді. Зерттеу орталығы ғалымдарының өтінішіне үкімет жауап беруге асығар емес.

Елордалық ботаникалық бақ ашылғанына небәрі алты жыл болса да, қала тұрғындары үшін демалыс орнына айналып үлгерген. Адамдар мұнда серуенге шығып, велосипед тебеді. Жалпы ауданы 89 гектарды құрайтын бақтың шамамен жарты бөлігі көпшілікке ашық саябаққа айналған. Ал қалғаны ғылыми аймақ деп бекітілген. 

Зерттеу орталығы ғалымдарының сөзінше, ғылыми-эксперименттік аймақта қоршаудың болмауынан өсімдіктерге және бақ жұмысына қажет құралдарға жиі залал тиеді. Олар бақта серуендеушілер көгалдарды таптап, қоқыс лақтыратынын, отыратын орындарды бүлдіріп, суару жүйелеріне залал тигізетінін айтады. Бақ маңында тұратын кей елордалық тұрғын тыйым салынған аймақта итпен серуендейді. 

“Жаңадан отырғызылған өсімдіктерді қайта қазып, ұрлап әкететін жағдайлар бірнеше рет болған. Мысалы, қызметкерлеріміз Санкт-Петербургке іс-сапармен барып, сол жердегі бақтың өсімдік коллекцияларын біздің баққа әкеп отырғызған. Бір апта өткен соң біреу сол жерді қазып, өсімдіктерді алып кеткен. Әлі күнге дейін кім істегенін білмейміз”, – дейді астаналық ботаникалық бақтың жетекші ғылыми қызметкері Сәуле Кәкімжанқызы. 

Жетекші ғалымның сөзінше, халық көгалдардың үстінде спорттық іс-шаралар ұйымдастырады, пикниктер жасайды. Бұл тек саябақ зонасында емес, кейде ғылыми зона аумағында да өтеді.

Фото: Дариға Асаниязова

Ботаникалық бақтың құрылымы мен ішкі ресурстарын Экология және табиғи ресурстар министрлігі реттейді. Сәуле Кәкімжанқызы мәселені өкілетті органға жеткізгенін айтады. 

“Ботаникалық бақты ғылыми тұрғыда дамыту мәселесі [мекеме басшыларымен] бірнеше рет талқыланды. Оның негізгісі бақтың қоршалмау проблемасы болды”, – дейді Кәкімжанқызы. 

Бірақ ғылыми зерттеу орталығы мен үкімет органдары арасындағы келіссөздер әзірге еш нәтиже бермеген.

Ботаникалық бақтың ресми сайтындағы мәліметке сенсек, бақтың ішіндегі ғылыми зона – 46.3 га, ал 42.9 га аумағы көпке ашық саябаққа айналдырылған. Екінші бөлігі қала әкімдігіне қарайды. Онда фитнес клуб, тамақтану орындары бар. 

“Біз еріктілерді шақыртып та көрдік. Олар бақ аумағында жүріп, халыққа тәртіпті сақтау бойынша мәлімдемелер жасаған. Алайда мұндай шараларды тұрақты түрде ұйымдастыру тиімді болмады”, – деді Сәуле Кәкімжанқызы.

2019 жылы 20 желтоқсанда үкімет қаулысымен ботаникалық баққа ерекше қорғалатын табиғи аумақ статусы беріледі. Себебі бақта сирек кездесетін және жойылу қаупі бар өсімдіктер өседі. Олардың көбі бақтың экспозициялық аймағында егілген. 

Астанада есепші болып істейтін Айжан Болатқызы бақ қоғам игілігі үшін құрылғандықтан, ол көпке қолжетімді болғаны жөн дейді. 

“Ботаникалық бақ ерекше қорғалатын табиғи аумақ болса да, оның қоғамдық қызметі басымырақ. Менің ойымша, кіру ақысыз болу керек, өйткені халық серуендеуге шығады. Бақ қаланың орталығында орналасқан. Бұл жерде халық көп жүреді. Егер қоршап тастап, ақылы түрде кіргізетін болса, ол дұрыс болмайды. Сондықтан территорияны қоршаудың мүлдем қажеті жоқ”, – дейді ол. 

Ботаникалық баққа таяу маңда тұратын Алуа Данакезқызы есімді студент керісінше қоршау қажет екенін айтады. Оның сөзінше, сирек кездесетін өсімдіктер күтімді қажет етеді және олардың Қазақстан флорасы үшін маңызы зор. 

Фото: Дариға Асаниязова

“Бақты сырттай қоршау дұрыс деп санаймын. Себебі бақтың ішінде түрлі сирек өсімдіктер өседі. Оларға ерекше күтім жасау қажет. Ал баққа көрінген адам кіре бергендіктен, осы өсімдіктерге зиянын тигізуі мүмкін”, – дейді Алуа. 

Ботаникалық бақ аумағында 1600-ге жуық өсімдік отырғызылған. Олардың классификациясы шамамен 130 түрді қамтиды.

“6000-нан астам түрі бар Қазақстан флорасын ғылыми тұрғыдан зерттеудің маңызы зор. Ол үлкен жұмысты талап етеді. Осыған сәйкес Флора және өсімдік ресурсы зертханасында сирек кездесетін және жойылып кетуге жақын өсімдіктерді, жалпы табиғатта кездесетін өсімдік түрлерін анықтау үшін құрылатын экспедициялар барысында өсімдіктер жиналып, гербарий дайындалып, Астана ботаникалық бағында сақталады”, – дейді Астана ботаникалық бағының флора және өсімдік ресурстары зертханасында қызмет ететін Мөлдір Жақыпжанқызы.

Ғылыми қызметкерлердің мәліметіне сәйкес, бақ территориясында сирек кездесетін өсімдіктердің 16 түрі өседі. Олардың күтіміне бюджеттен жыл сайын қаражат бөлінеді.

MNU Newsroom тілшісі ботаникалық бақтың қоршалу мәселесіне қатысты Экология және табиғи ресурстар министрлігімен байланысқа шығып көрді. Алайда олар сұрақтарға жауап беруден жалтарды.  

Бақ қызметкерлері территорияны қоршау проблемасын бақтың 2018 жылғы ресми ашылуына дейін де көтергенін айтады. Оны Алматы ботаникалық бағының директоры Гүлнар Тоқбергенқызы да алға тартқан екен.

Ботаникалық бақ жетекшілері қала әкімдігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі өкілдері қатысқан жиындарда бақтың сырт келбетін бұзбайтын заманауи қоршау орнату себебін ашық әрі анық түсіндіргенін айтады. Сондай-ақ, қалалық полиция тарапынан бақтағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етпейтінін де айтқан. 

Астана полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, соңғы 2 жылда ботаникалық бақ аумағында 2 қылмыстық іс тіркелген. Ал бақ аумағында растайтын құжаттарсыз заңсыз сауда жүргізгені үшін 187 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Фото: Дариға Асаниязова

“Ресми ашылған сәттен бастап 6 жыл ішінде ботаникалық бақ негізгі жобасы мен құрылу мақсатына сәйкес келмейтінін көрсетті, яғни ол ғылыми-зерттеу алаңынан демалыс аймағына айналып кетті. Сол үшін бақта қоршау орнатпай заңнамада көзделген күзет режимдерін сақтау мүмкін емес болды”, – дейді Сәуле Кәкімжанқызы.

Астана ботаникалық бағы – Алматы (Бас) ботаникалық бағының филиалы. Бас ботаникалық бақтың құрылғанына биыл 92 жыл толды. Екеуі де өсімдіктер дүниесін сақтап қалу, молайту, қорғау жұмыстарын толыққанды жүргізу үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақ ретінде бекітілген. 

Алматылық бақ өз қызметін Қазақстан заңнамасына, Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы «Ботаника және фитоинтродукция институты» жарғысына сәйкес жүзеге асырады. Бүгінде оған тек ақылы түрде кіруге болады. Келушілер үшін қоғамдық аймақ ашық, алайда өсімдік коллекцияларын көруге шектеу қойылған. Ғылыми коллекцияларды көру үшін арнайы экскурсиялар жүргізіледі. Олар да ақылы.

“Алматы ботаникалық бағында қолданылатын ережелер елордалық баққа да қатысты болуы керек. Алайда іс жүзінде астаналық бақ еш қорғалмайтын, кәдімгі демалыс орнына ұқсайтын аймаққа айналып кеткен”, – дейді Алматы ботаникалық бағының кіші ғылыми қызметкері Алина Серікқызы.

Алматылық бақ әкімшілігінің мәліметіне сәйкес, бұл жерде де түрлі тәртіп бұзушылықтар болған. Мысалы, келушілер көгалдарды таптап кетеді, балаларымен келсе, гүлдерді жұлып әкетеді. Сөзінше, алкогольді сусындарды тығып кіргізіп, әдейі ішіп отырған жағдай да болған екен. Ол кезде полиция келіп, заң бойынша жазалапты.

Алматы ботаникалық бағының ресми сайтында жазылған ережеге сәйкес, бақ территориясында самокат, велосипед және конькидің кез келген түрін тебуге болмайды. Электр қозғалтқышы бар көлік құралдарын (электромобильдер, электроскейттер, электропедтер, электроскутерлер, гироскутерлер, электросамокаттар) пайдалануға шектеу қойылған. Сондай-ақ, бақ аумағында өз бетімен сауда жасау, жалға беру, ойын-сауық не фотографиялық қызмет түрлерін ұсынуға да шектеу қойылған.

Елордалық бақта мұндай ереже жоқ. Керісінше, бақ территориясында велосипед, самокат тебуге арнайы жол торабы бар. Сонымен қатар күн жылығанда түрлі тағам киоскілері пайда болады. 

Фото: Дариға Асаниязова

Сәуле Кәкімжанқызы бақта өз кәсібін дөңгелететіндер ғылыми аймаққа да кіріп алатынын айтады. 

“Біз олармен белсенді түрде күрестік, ғылыми аймаққа жақындатпадық. Тіпті 102 шақыртып, әкімдік арқылы мәселені шешіп те көрдік. Бірақ олар қайта сол әрекеттерін істей берді,” – деді ол. 

Ботаникалық бақтың ғылыми зерттеу орталығының мәлімдеуінше, мекеме жетекшілері қала және аудан әкімдігіне, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне, Ботаника және фитоинтродукция институтының тікелей басшылығына былтыр 27 шілдеде ресми хат жолдаған. 

Кәкімжанқызы үкіметтен кейін көмек көрсетілгенін, бірақ тек ғылыми учаскелерді қоршау туралы шешім қабылданғанын айтты. Соның салдарынан жалпы бақтың аумағы емес, тек бірнеше коллекциялық аймақтар (баданалар, лалагүлдер) қоршалған.

Астана ботаникалық бағының директоры Медеу Ражанұлының Newsroom тілшісіне жіберген электронды құжатында Экология министрлігі тарабынан жерді ботаникалық бақтың қарамағына өткізу әрекеті жүргізіліп жатқаны туралы жазылған. Бірақ жерді табыстау қашан аяқталатыны белгісіз. 

MNU Newsroom тілшісі Астана қаласы әкімдігіне бұл мәселеге қатысты хабарласты. Жергілікті билік өкілі телефон арқылы жауап бермейтінін айтып, ресми сауал хатын жолдауды сұрады. 

Айта кетсек, Астана ботаникалық бағының зерттеу орталығы әкімдікке хат жолдағанын, бірақ нақты жауап ала алмағанын мәлімдеген.

Related Post

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған