Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the cyrlitera domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/mnu.kz/newsroom.mnu.kz/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the jetpack-boost domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/mnu.kz/newsroom.mnu.kz/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/mnu.kz/newsroom.mnu.kz/wp-includes/functions.php on line 6114
Есебі жоқ “материалдық қолдау”: Мүфтият әрбір қажы квотасына туристік агенттіктерден жарна алады - MNU Newsroom
Вс. Ноя 24th, 2024
Ghani Bashir / AFPGhani Bashir / AFP

2023 жылдың шілде айында “Zam-Zam Qazaqstan” туристік компаниясымен қажылыққа барған 120 адам парызын өтей алмай қалды. Қоғамда резонанс туғаннан кейін туристік компания жетекшісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. “Zam-Zam Qazaqstan” жетекшісі Данияр Илиев “31 арна” телеарнасының “50/50” ток-шоуында туристік компаниялар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына әр қажылық квотасына $500-дан жарна береді, деп айыптады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ақпараттың жалған екенін айтып, Илиев үстінен қылмыстық кодекстің 73-3 “жала жабу” бабына сәйкес, сотқа шағым түсіреді. 

MNU Newsroom осы оқиғадан кейін “әр квота құнына” қатысты зерттеу жүргізуді бастады. 

Мүфтияттың қажылық бөлімі маманы редакцияға әрбір туристтік компанияға міндетті төлем бар екенін растады, бірақ ол Илиев айтқандай $500 емес, 100 АҚШ доллары көлемінде. Жарнадан жиналған қаражат қажылықты ұйымдастыруға жұмсалады екен. Мекеме мұны “материалдық қолдау” деп түсіндірді. 

“Ашық байқаудан өткен туроператорлар тізімі жарияланған соң ҚМДБ мен туроператор арасында келісімшарт түзіледі. Шартта туроператор мен діни басқарманың міндеттері белгіленеді. Осы мақсатта ҚМДБ қажылық маусымын ұйымдастыру үшін Сауд Арабиясына бірнеше рет арнайы делегация жібереді”, — деп жазды мекеменің баспасөз қызметі. 

Мүфтият коммерциялық емес ұйым болғандықтан, қажылықты ұйымдастыруын және тек дұрыс атқарылуын қадағалаумен айналысатынын жазды. 

“Осы мақсатта [ҚМДБ] туроператорлардан әрбір қажылық орын үшін 100 АҚШ доллары көлемінде ресми шотқа заңды жарна қабылдайды. Әр туроператордан қабылданған қаражатқа келісімшарт түзіледі. Есесіне, ҚМДБ әртүрлі қызмет түрлерін көрсетеді”, — деп жазды мүфтият өкілі. 

Ресми жауабында мүфтият туристік операторлардан алынған жарнаға Сауд Арабиясына баратын ресми делегациядан бөлек, қажылық уақытында діни уағызшылар, медицина мамандары және БАҚ өкілдері мен ұйымдастырушы топ арнайы баратынын мәлімдеді. Бірақ әдетте нақты қанша азаматқа бұл қызмет түрлері көрсетілетіні және жарнаның қай бөлігі оған жұмсалатыны туралы мәлімет бермеді. 

MNU Newsroom осыған дейін мүфтияттың қажылықты ұйымдастыруы, туристік компаниялар арасындағы байқау және Меккеге бару бағасы туралы зерттеу жариялады. Мүфтият өз бетінше қажылыққа бару “заңсыз” екенін мәлімдеген. Яғни, қазақстандықтар тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы байқауынан өткен компания қызметі арқылы баруға мүдделі. Себебі Сауд Арабиясына қажылық визасы тек мүфтият бөлген квота шеңберінде беріледі. 

2023 жылдың соңында қажылыққа бір жылда 4 мың қазақстандық барғаны белгілі болды. Бұл туралы жыл соңында Астанада өткен мүфтияттың қорытынды төралқа мәжілісінде айтылды. Демек, мүфтият жоғарыда сипатталған міндеттер негізінде жылдағы бюджетіне кірмейтін кемі 400 мың АҚШ долларын жинағаны белгілі болып отыр. 

Діни басқарманың баспасөз қызметі бұл қаражат Сауд Арабиясына іс сапарларға жұмсалады дейді. Олардың айтуынша, мүфтият жанындағы қажылық мәселелері бойынша құрылатын арнайы комиссия өкілдері жылына кемі 10 рет Араб түбегіне барады. 

ҚМДБ редакцияның “жыл сайын ұйымдастырылатын қажылық жұмыстары неге автоматтандырылмаған?” деген сауалын жауапсыз қалдырды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы — қазақстандықтарды Сауд Арабиясындағы Меккеге, кейін Мәдина қаласына қажылыққа баруын ұйымдастыратын қоғамдық маңызы бар институт. Бұл уәкілеттік Қазақстанда мүфтияттан өзге еш мекемеге берілмеген. 

Мекеме өкілі Сауд Арабиясына қажылық парызды ұйымдастыруға әдетте 3-20 кісі баратынын, сапар кейде 4-5 күн, ал кейде 35-40 күнге дейін жалғасатынын мәлімдеді. Бірақ сапар уақытының созылу себебін, неге жыл сайынғы қажылықты әр кез барып, бөлек келісу қажет екеніне қатысты сұраққа мүфтият өкілі жауап бермеді. 

Сонымен қатар, ресми жауапта қажылық ұйымдастырудан артылған қаражат имам-молдалар мен дін жанашырларын ұмра мен қажылыққа жіберуге жаратылатыны жөнінде айтылған.

Алайда мүфтият өткен жылдан қанша қаражат артылып қалғаны және ұйым атынан нақты кімдер қажылыққа жіберілгені туралы сұрақты да жауапсыз қалдырды. Мүфтият өкілі бұл сұрақтың “маңызын көрмей тұрғанын” айтып, жауап беруден бас тартты. 

Қоғамдық институт бола тұра, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы туристік агенттіктерден жиналатын қаражаттың жұмсалу есебін көпке жарияламайды. Институт өкілі “материалдық қолдау” есебін алып отырған мекемелер бар екенін айтып, MNU Newsroom редакциясына есеп туралы ақпарат беруден бас тартты. 

“Сан, қаржы көлемі жайлы ақпарат ол басқа мәселе. Оны қадағалап, санап, есеп алып отырған мекемелер бар”, — деп жазды мүфтияттың қажылық бөлімінің өкілі. 

Редакция тілшісі мүфтияттың есебі туралы Қаржы министрлігінен сұрады. Министрлік өкілі ресми жауапта діни басқарманың туристік агенттіктерден төлем талап етуі заң шеңберінен шықпаса, қаржы жинауға құқылы екенін, оның есебін аталған мемлекеттік орган қадағаламайтынын мәлімдеді. 

“Егер дiни бiрлестiктердiң қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, дiни бiрлестiктердiң қызметіне мемлекет араласпайды. Сонымен қатар, дiни бiрлестiктер ерiктi түрде қаржылай және басқа да қайырмалдықтар сұрауға және оларды алуға құқылы”, — делінген Қаржы министрлігінің ресми жауабында. 

Қазақстандағы діни қызмет саласын реттеумен Мәдениет және ақпарат министрлігі айналысады. MNU Newsroom бұл органға да сұрақ жолдады. 

Алайда Мәдениет және ақпарат министрлігінің дін істер комитеті мүфтият қызметін қадағаламайтын мәлімдеді. Бұл мекеме де мүфтияттың әрекеті ел заңына қайшы келмесе, үкімет діни бірлестіктің қызметіне араласпайтынын жеткізді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мемлекеттен қаржыландырылмайды. Сондықтан есеп беруге міндетті емес екенін білдірді. MNU Newsroom ҚМДБ қызметіне күмән келтірмейді. Бірақ редакция мекеме ашықтық стандартын ұстанып, қаржы айналымын бәріне қолжетімді етсе, институтқа деген сенім одан да артатынын алға тартады. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі редакция зерттеуіне қатысты кейінгі сұрақтарын жауапсыз қалдырды. Ресми хатқа да жауап бермеді. Бірақ кейін студенттік басылымның жұмысына қатысты MNU басқарма төрағасына хат жолдаған. 

Хатта мүфтият университетке қарасты “MNU Newsroom” редакциясынан “мақсаты айқын көрсетілмеген және жоғары білім беру мекемесінің қызметіне тән емес зерттеулік сипаттан тыс, мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражаттың заңға сай жұмсалуын қадағалаушы өкілетті мемлекеттік органдарының тергеп тексеру жүргізу аясындағы” мәтін келіп түскені жазылған. 

Қоғамдық институт MNU Newsroom жолдаған сұрақтарға университет әкімшілігі қажет деп білсе, нақтырақ, университет басшысы тарапынан сұратылса, жауап беретінін жазған. MNU Newsroom мүфтияттың бұл әрекетін журналистикаға құрметсіздік деп санайды.

MNU Newsroom — Мақсұт Нәрікбаев университеті халықаралық журналистика мектебі жанында құрылған тәуелсіз студенттік басылым. Медиа жоба Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген және университет әкімшілігі жобаның редакциялық саясатына араласпайды.

Университетте журналистика мамандығында оқитын студенттер курс барысында MNU Newsroom жобасында бір жылдық тағылымдамадан өтеді. Студенттердің бірі жобаға қатысушы тілші ретінде журналистиканың follow the money (ақшаны қадағалау) концептін ұстанып, осы зерттеуді жүргізді.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *