Өнер мен вандализм арасындағы айқас

Өнер мен вандализм арасындағы айқас

Қазақстандықтардың шынайы көзқарасы қандай?

Соңғы жылдары Астана айтарлықтай түрленіп, жаңа келбетке ие болды. Қабырғалар мен көпірасты кеңістіктердегі муралдар, түрлі-түсті бейнелер көз қуантады. Бастапқыда бұл жаңашылдық қала мен тұрғындар арасындағы өнер арқылы орнаған байланыс сияқты еді. Бірақ бүгінде сол үндестік біртіндеп жоғалып барады. Себебі вандализм деген жабайылық өнердің бұл саласында айналып өтпеді. 

Есіл өзенін жағалай жүрсеңіз немесе Еуразия ұлттық университетінің маңындағы көпір астымен өтсеңіз дәл осындай тұрпайылықтың куәсі боласыз. 

Ал мына шимай-шатпақты көргенде еріксіз көңіл құлазиды. Едің бас қаласында емес, бұзақылар бас қосатын иесіз аумақта жүргендей боласыз. 

Бұрын мұнда мағынасы бар граффитилер көп болатын. Жас суретшілер әкімдікпен ақылдасып, сұр бетонға әр беруге тырысқан еді. Ал қазір сол қабырғалар бейберекет жазулар мен түсініксіз таңбаларға толып кеткен. Үсті-үстіне жағылған шимайлар қаланың рухын, келбетін жоғалтқандай әсер қалдырады. 

Вандалдардың бетімен кеткені сонша Еуразия Ұлттық университеті аумағындағы көпір маңына бояудың жағымсыз иісі сіңіп қалған. Кейбір жерлерде ғана граффитилердің бастапқы мазмұны байқалады. Әрі қарай  ретсіз шимай мен дөрекі жазулар көзге түседі. Солардың арасында спортшы бейнесі салынған қабырға бар, оны да бұзақылар бүлдіріп кеткен. 

Бұл “көше шығармашылығы” мен  “жабайы мәдениет” арасындағы айқас стрит-арт қауымдастығы өкілдерінің де жанына батады. SCAPE лақап атымен танылған граффити-суретші бұл туралы өз пікірін былай білдірді: 

«Біздің қауымдастықта өзара түсіністік пен сыйластық басты орында. Біз бір-біріміздің еңбегін бағалап, өз ойымызды жеткізгенде өзгенің жұмысына тиіспеуге тырысамыз. Әр суретшінің өзіндік қолтаңбасы бар, сол еркіндікке құрметпен қарау маңызды деп есептеймін. Ал тарихи нысандар мен қоғамдық маңызы бар орындарға сурет салу шығармашылық емес, мәдени сананың төмендігі деп санаймын.»

SCAPE сияқты суретшілер үшін өзара құрмет — басты қағида. Ал дайын суретті шимайлап, қала келбетінде өзінің жағымсыз ізін қалдыру мәдениет пен жауапкершіліктің жоқтығын білдіреді. 

Онда өнер мен вандализмнің айырмашылығы неде? Айырмашылық адамның ниеті мен көзқарасында жатыр. Нағыз граффити ойы мен мазмұны бар өнер, ал вандализм сол өнердің мәнін жоятын бейберекет қимыл. Бірі қаламен байланыс орнатқысы келсе, екіншісі оны өзіне бағындырғысы келеді.

Граффити ресми түрде заңсыз әрекет болып саналса да, соңғы жылдары оған деген көзқарас өзгере бастады. Қаланың кей аудандарында арнайы бөлінген қабырғалар мен алаңдар пайда болып, онда суретшілер өз идеясын еркін жеткізе алады. Мұндай кеңістіктерде шығармашылық пен тәртіп үйлесім тауып, қала мәдениетінің жаңа тынысы ашылғандай болады.

Алайда соңғы уақытта бұл тепе-теңдік жиі бұзылуда. Әкімдік келісімімен салынған муралдар мен граффитилердің үстін шимайлайтындар саны өкінішке қарай артпаса, кемімей тұр. Урбанист Елнар Базыкеннің пікірінше, мәселені шешу үшін адамдарға өз ойын еркін жеткізетін заңды әрі ашық кеңістік ұсыну керек.

«Кез келген стрит-арт туындысы мәңгілік емес, ол белгілі бір уақытқа ғана арналған. Егер бір сурет бүлінсе, оны қайта бояп, жаңасын салуға болады. Бізде болашақта кез- келген адам, тіпті кәсіби суретші болмаса да, өз идеясын еркін жеткізе алатын арнайы заңдастырылған алаң жасау жоспары бар», -дейді ол.

Мұндай бастамалар вандализмнің алдын алып қана қоймай, қала мен тұрғындар арасындағы мәдени байланысты күшейтеді. Бірақ кейбіреулер әлі де оны елемей, ғимараттар мен дайын жұмыстардың үстінен өз таңбасын қалдырады.

Психологтардың пікірінше, мұндай қылық көбіне өзін көрсетуге, назар аудартуға ұмтылудан, қоғамнан бөлектену сезімінен туындайды. Кейде іш пысудан, кейде қарсылықтан болуы да мүмкін. Бірақ түптеп келгенде бұл ортақ кеңістікке деген немқұрайлылықтың, мәдениетсіздіктің көрінісі. Мұндай еркіндік ортақ кеңістікті меншіктеудің, өз амбициясын басқаның еңбегінен жоғары қоюдың белгісі.

Мәселе тек елордамен шектелмейді. Бурабай өңірінде де табиғи ескерткіштерге қол сұғу жиілеген. Көл жағасындағы тастардың беті туристер мен демалушылардың шимай-шатпағына толып кеткен. Су үстінде тұрған әйгілі Жұмбақтас та вандалдардың мазақ алаңына айналды. Көптеген жазулардың қалыңдығы бір сантиметрге дейін жеткен. Салдарынан оларды өшіру оңай болмай тұр. Мамандардың айтуынша, тастағы таңбаларды толық жоюға тіпті бірнеше жыл уақыт кетеді екен. 

Ұлттық парк қызметкерлеріне тастардағы таңбаларды қолмен өшіруге тыйым салынған, себебі бұл табиғи қабатты зақымдайды. Химиялық ерітінділер де экожүйеге зиян. Сол себепті парк табиғатқа қауіпсіз құрғақ вакуумдық әдіс қолданатын арнайы құрылғы сатып алған. Мұндай жұмыстар қосымша шығынды қажет етеді. Вандалдардың жазулары мен іздерін жою үшін бөлінетін қаржы табиғатты қорғау мен инфрақұрылымды дамытуға жұмсалуы тиіс еді, бірақ енді бұл қаражат зиянды әрекеттердің салдарын жоюға кетіп жатыр.

Осындай әрекеттер қоғамда граффити мен вандализм арасындағы шекараны айқындап, заңды және заңсыз шығармашылықтың аражігін ажырату қажеттігін көрсетті.

Қылмыстық кодекстің 294-бабында ғимараттар мен құрылыстарды, ескерткіштер мен өзге де нысандарды жазулармен, суреттермен немесе басқа да жолмен зақымдау вандализм деп көрсетілген. Мұндай құқық бұзушылық үшін айыппұл, түзеу жұмыстары немесе елу тәулікке дейін қамау қарастырылған. Ал егер әрекет бірнеше адаммен бірлесіп не жеккөрушілік ниетпен жасалса, үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Вандализм әр елде әртүрлі жолмен шешімін табады. Мысалы, Сингапурда бұзақылық немесе келісімсіз жазулар заңмен қатаң реттеледі. 1966 жылы қабылданған “Vandalism Act” ережесі бойынша, қоғамдық немесе жеке нысандарға рұқсатсыз сурет салу қылмыс болып саналады. Бұрын мұндай әрекет үшін қамшымен соғу жазасы қолданылған, бүгінде бұл шара сирек болса да, заңда әлі бар. Қазір көбіне айыппұл мен түрме жазасы беріледі.

Кей елдерде вандализм  заң арқылы қатаң реттелсе, бізде бұл мәселе мәдени көзқарас пен ортақ жауапкершілік арқылы шешілуі керек деген түсінік қалыптасып келеді. 

Еліміздің көптеген қалаларында вандализм көріністері жиі байқалады. Қабырғалар мен ғимараттардағы жазулар өшіріліп жатса да, орнына жаңалары пайда болуда. Әкімдік тарапынан бақылау күшейтіліп, заңмен шектеу қойылғанымен, мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Бұл тек тәртіп пен ереженің емес, адамдардың мәдени көзқарасының көрсеткіші. Қала кеңістігіне деген жауапкершілік әр тұрғынның өзінен басталады. Егер сол түсінік қалыптаспаса, бояулар кетсе де, бейқамдықтың ізі қала береді.

ОБСУДИ МАТЕРИАЛ