Әлеуметтік дәмхана тəжірибесі
Инклюзивті орта – адамға жəй ғана мүмкіндік емес, оның қадір-қасиетін мойындау мəдениеті. Бірнеше жыл бұрын АҚШ-та басталған бұл үрдіс кейін Түркия, Қытай жəне Нидерланд елінде дамып, ерекше адамдардың да еңбек етуге, қарым-қатынас құруға жəне қоғамның белсенді мүшесі болуға лайық екенін көрсетті. Қазақстанда да бұл идея енді тек талқылайтын тақырып емес, нақты əрекетке ұласып отыр. Халықаралық тəжірибе зерттеліп, жергілікті жағдайға сəйкес бейімделіп жатыр. Мұндай ізденіс пен сенімнің арқасында елімізде инклюзивті мəдениет жаңа кезеңін бастады.
Соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстанда мүгедектігі бар 737 мыңнан астам адам тұрады, олардың 376 мыңы еңбекке қабілетті жаста. Бүгінде ерекше қажеттіліктері бар 109 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Яғни үштен бірі ғана еңбек етіп жүр. Қалған 60 пайыздан астамы қоғамға бейімделгісі келеді, ел қатарлы өмір сүргісі келеді.
Өз үйім үшін…
33 жастағы Қуаныш Ноғайбаев Астанадағы Назарбаев университетіндегі дəмханада жұмыс істейді. Ол кафенің ашылуынан бастап еңбек етіп келеді.

“Негізгі қызметім – асхана тазалығын сақтау. Қажет болса, басқа жұмыстарға да араласамын. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға жұмысқа орналасу қиын. Көп жерге қабылдай бермейді. Ай сайын 80 мың теңгедей əлеуметтік төлемақы аламын. Бұл күнделікті қажеттілікті толық өтеуге жетпейді”, — деді Қуаныш.
Оның сөзінше, бұл жерде жұмыс істеу оның коммуникация дағдыларын дамытып, жаңа достар табуға көмектесті.
“Кафе жабылмаса деймін. Бұл жұмыста міндетті бір істі жасауға мəжбүрлемейтіні, өз еркіммен келетінім ұнайды. Адамдармен араласу арқылы жұмыс процесінен рахат аламын. Менің арманым – жұбайыммен бірге өз пəтерімізде тұру. Үйленгенімізге үш жылдан асты. Еңбек етіп, өзіміздің үйімізді алсам деген мақсатым бар. Сол кезде шынайы бақытты боламын”, — дейді ол.
«Күнде» дəмханасының негізін қалаушы Мəулен Ахметовтың ойынша, жұмыс тек ақша табу емес, сонымен қатар адамның қадір-қасиетін оятады.
“Біз бұрын сөйлемейтін, қоршаған ортаға толық ашылмаған жігіттердің қазір қонақтармен ашық əңгімелесіп, кофе ішіп, жаңадан келгендерге сабақ беріп жатқанын көргенде іштей қуанамыз. Олар кофе дайындау, тамақ пісіру сияқты жұмыстармен айналысады”, — дейді кəсіпкер.
Қазір дəмхананың төрт локациясы бар: үшеуі Алматы қаласында, бірі Астанада. Командада 50-ден астам қызметкер еңбек етсе, олардың 35-і ерекше қажеттіліктері бар адамдар.
Мүмкіндігім шексіз екенін түсіндім
29 жастағы Гүлсапар Әлішер де осы кафенің қызметкері. Бұған дейін еш жерде жұмыс істемеген ол жеңгесі арқылы Астана қаласы тұрғындарына арналған жұмыс платформасында “Дəмханаға жаңа қызметкерлер мен даяшылар қажет” деген хабарламаны көрген. Отбасымен барып, тексеріп көрген соң, 1 ай тағылымдамадан өтіп, кейін тұрақты түрде жұмысқа орналасқанын айтты.
“Мен өзім Шымкенттен Астанаға ағамның қолында тұруға келдім. Бұрын тұйық болдым. Бірақ жұмысқа тұрғалы өзімді ашып, жаңа ортаға шыққанымда өзгелермен əңгімелесуді үйрендім. Тұрақтылық пен тəртіпке бейімделіп, ұжыммен жұмыс істеу арқылы жаңа дағдыларға ие болдым”, — деді Гүлсапар.
Алғаш айлығын алған кезде еңбектің қадірін түсінген Гүлсапар, оның да жұмыс істеу қабілеті бар екенін сезінгенін алға тартты.
“Жұмыс істеу – жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл тəжірибе маған мүмкіндігім шектеулі емес, қайта шексіз екенін көрсетті”, — дейді ол.
Аталмыш дәмхананың басқарушы директоры Салтанат Жұмабаеваның айтуынша, кафе жұмысы кəдімгі қоғамдық тамақтану орындарына ұқсамайды. Əдетте онда сынақ мерзімі 1–2 күнге созылса, мұнда ол 1 айдан 3 айға дейін созылуы мүмкін. Бұл кезең қызметкерге жаңа сала мен əлеуметтік ортаға үйренуге мүмкіндік береді.

“Біз оларға бейімделуге көмектесу үшін арнайы уақыт бөлеміз. Бірден «жұмыс істей алады немесе істей алмайды» деу дұрыс емес. Ұзақ бақылау жасап, содан кейін шешім қабылдаймыз. Біздің ұйымда психолог маманы жұмыс істейді. Ол жаңадан келген қызметкерлерге жеке сессия жүргізіп, іштей уайым болса, эмоционалды қолдау көрсетеді ”, — дейді басқарушы директор.
Ерекше дəмхананың миссиясы
Мəулен Ахметовтың сөзінше, ең алғаш ол ерікті болып бастаған. Назарбаев университетінде əлеуметтік бастамаларға қатысып, қарттар үйіне барып, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсеткен. АҚШ-тағы тәжірибе алмасу бағдарламасы кезінде 200–300 сағаттан астам қоғамдық жұмыстар атқарған ол, ерікті болу тек хобби емес, адамдар өмірін шын мəнінде өзгерте алатын кəсіби іс екенін түсінген. Қазақстанға оралғанда волонтерлік ісін жалғастырып, кəсіпкерлік арқылы қоғамға пайдалы іс жасауды мақсат еткен.

Дəмхананың миссиясы – ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа тарту арқылы қоғамда инклюзивті мəдениетті қалыптастыру. Тек сапалы тағам мен жылы атмосфера ұсынбай, қызметкерлердің өзіне сенім артуына, қоғамның белсенді мүшесі ретінде өзін сезінуіне мүмкіндік береді.
“Əлеуметтік кəсіпкерлік — «тек көмектесуді” білдірмейді. Өйткені ол да экономика бөлігі. Егер сен жақсы өнім ұсынсаң, адамдар сені қолдайды. Künde кафесінде біз сапалы тағам, жылы атмосфера жəне нақты миссия ұсындық. Сондықтан адамдар бізге қайта қайта келеді. Ал бұл — нағыз бизнес көрсеткіші”, — дейді Мəулен.
Мəуленнің арманы – бұл дәмхананы 10–15 жылдан кейін «əлеуметтік кафе» деп емес, жай ғана «жақсы кафе» дейтін күнге жеткізу. Ол инклюзияның мақсат емес, қалыпты жағдайға айналуын қалайды.
Қызметкерлердің эмоциялық бейімделуі
«Күнде» дəмханасы қызметкерлерінің жұмысқа бейімделуінде психологиялық тұрақтылықтың маңызы зор. Атап айтқанда, олардың жұмысқа араласуы тек кəсіби дағдыларды дамытуға емес, сонымен бірге ішкі сенімділікті, өз құндылығын сезінуге жəне қоғамда өз орнын табуға көмектеседі. Айтпақшы, бұл дәмханаға жұмысқа қабылданатын қызметкерлердің бір бөлігін медициналық жəне психологиялық орталықтар осында жібереді екен.
Ерекше қажеттілігі бар адамдармен жұмыс істейтін жоба психологы Гүлнүр Яшеваның айтуынша, мұндағы жұмыс тек кəсіби дағды қалыптастырумен шектелмейді.
“Менің мақсатым – адамға тек жұмыс үйрету емес. Ең бастысы – оның өзін бағалай алуына, өзін қоғамның бір бөлігі ретінде сезінуіне көмектесу. Кейде кішкентай ғана өзгеріс – бенефициар үшін үлкен жетістік”, — дейді маман.
Психологтың ойынша, ортаға сəтті бейімделудің негізгі шарты – адамның жұмысқа қандай тəжірибемен, қандай эмоционалды жəне əлеуметтік жағдаймен келетінін түсіну.
“Негізінен, жұмысқа бейімделу процесі бірден байқалмайды. Диагноз маңызды болғанымен, əр адамның жеке ерекшеліктерін, когнитивтік жəне эмоционалдық функцияларын, сондай-ақ отбасы мен əлеуметтік ортадағы қолдауын ескеру қажет. Сондықтан қызметкердің жұмысқа қабілеттілігін тек бақылау нəтижесінде анықтауға болады” — дейді ол.
Оның сөзінше, бірнеше айлық тұрақты қолдау нəтижесінде қызметкерлердің тəртіпке бағынышты болуы, өзгерістерге икемділігі, эмоциялық тұрақтылығы, өзіне деген сенімі артады. Мысалы кейбір қызметкерлер бұрын тайсалып, ашық сөйлей алмаған болса, тренингтер мен сессиялар арқылы өз сезімдерін білдіруге, командада өз орнын табуға жəне өз қабілеттеріне сенім арттыруға үйренеді.
“Бұл кафе ашылғанға дейін 2015 жылы Алматыда психоаналитикалық қауымдастықтың өкілі Анна Кудиярова ұсынысымен «Training кафе” жобасы іске қосылды. Жоба даму ерекшелігі бар адамдарға қолдау көрсету үшін пилоттық алаң болды. Жобаға көп психолог тартылып, арнайы психоаналитикалық тəсіл арқылы қызметкерлердің ішкі процестерін бақылап, даму ерекшеліктері бар адамдарға қолдау көрсету формаларын сынап көрді. Біз ондағы қызметкерлерді асықтырмай, олардың өздерін құнды əрі қажетті сезінуіне мүмкіндік бердік. Нəтижесінде бұл əдіс ерекше жандардың сенімділігін арттырып, қорғаныс реакцияларынан шығуға əсер етті”, — дейді Гүлнүр Яшева.
Инклюзивтілік əлемдік практикада
Əлемнің бірнеше елінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа тарту арқылы əлеуметтік интеграцияны қамтамасыз ететін инклюзивті кафелер табысты жұмыс істеп келеді. Мысалы, АҚШ-та жəне Еуропада əлеуметтік кəсіпкерлік жобалар қызметкерлердің кəсіби дағдыларын дамытуға, психологиялық тұрақтылықты арттыруға жəне қоғамда өз орнын табуға көмектеседі.
Жаңа зерттеулер көрсеткендей, мүгедектігі бар адамдардың əлеуметтік байланыстары мен жұмыспен қамтылуы олардың психологиялық жəне əлеуметтік əл‑ауқатына оң əсер етеді. 2025 жылы Оңтүстік Кореяда жүргізілген зерттеу əлеуметтік интеграцияның мүгедектігі бар адамдардың психологиялық жай-күйіне тікелей əсер ететінін анықтады. Қоғамнан алшақ болу депрессия деңгейін өсірсе, жұмысқа қатысу мен тұрақты əлеуметтік орта психологиялық тұрақтылық пен өмір сапасының артуына əкеледі.

Сурет Yardi.com
Hugs Cafe – McKinney, Техас штатында орналасқан, мүгедектігі бар ересектерге арналған əлеуметтік кəсіпкерлік бағытындағы ұйым. Hugs атауы Hope (Үміт), Understanding (Түсіну), Grace (Мейірім), Success (Жетістік) деген сөздердің қысқартылғанынан құралуы кафе атауының негізгі философиясы ретінде саналады. Hugs Cafe — жаңа 13 500 шаршы метрді құрайтын штаб‑пəтер мен оқу орталығын салуға кірісіп отыр. Бұл нысан биыл ашылмақшы. Онда кафе, оқыту орталығы, асханалық үйрету алаңдары, бірнеше сынып бөлмелері, демалыс тегістері болады.
Қытай – Give & Take coffee кафесі

2020 жылы Қытайдың Шанхай қаласында құрылған Give & Take Coffee – қолжетімділік пен инклюзия қағидаларын қайта қарастырған əлеуметтік кəсіпке айналған дəмхана. Қызметкерлердің 90%-ы мүмкіндігі шектеулі адамдар, олар кофе дайындаушы, менеджер қызметінде жұмыс істейді. Дәлірек айтқанда 103 қызметкердің 93-і – мүмкіндігі шектеулі жандар.
Нидерланд – Brownies & Downies
Нидерландтың Солтүстік Брабант провинциясындағы Вегел қаласында да үй жағдайындағы, жылы əрі достық атмосферадағы дəмхана бар. Бұл кафе 2010 жылы құрылған Brownies & Downies желісіне тиесілі.

Сурет: VenloVerwelkomt сайтынан
Осылайша әлем елдері ерекше қажеттілігі бар жандарды еңбекке баулып, олардың көзіндегі үміттің отын жақты. Жер жүзінде қолдау тапқан бастамадан Қазақстанның да тыс қалмағаны қуантады. Ендігі кезек, әрбір клиент олардың қызметіне құрмет көрсетіп, қолдау танытса құба-құп болар еді.