БАД ішемін деп ажал құша жаздады

БАД ішемін деп ажал құша жаздады

Жарнама құрбаны

Соңғы онжылдық Қазақстанда бір мезгілде екі құбылыстың айқын көрініс беруімен ерекшеленді. Желілік маркетинг бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамыды, ал биологиялық белсенді қоспалар, яғни БАД (ББҚ), қазақстандықтардың күнделікті өміріне терең сіңді. Бүгінде мұндай өнімдерді дәріханалардан да, базарлардан да, әлеуметтік желілердегі жарнамадан да кездестіруге болады.

Бірі қоспаларды салауатты өмір салтының жаңа мүмкіндігі деп қабылдаса, дәрігерлер бақылаусыз қолданудың қауіпті салдарын айтып дабыл қағады. Сәнге айналған нарық пен медициналық тәжірибенің арасындағы осы қарама-қайшылық бүгінгі материалдың өзегіне айналып отыр.

Қазақстанда БАД айналымы бір жылда бес есеге артты. Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстандағы биологиялық белсенді қоспалар нарығы 2024 жылы 152,1 млрд теңгеге жеткен. Бұл бір жыл бұрынғыдан шамамен бес есе көп. Әсіресе Алматыда сатылым көлемі аса жоғары, 118 млрд теңгеден астам, яғни жалпы нарықтың басым бөлігі. Осылайша, белсенді қоспалар еліміздегі ең жылдам дамып келе жатқан және адамдардың күнделікті өміріне сіңіп кеткен салалардың бірі.

Адамдардың басым бөлігі қоспалар жайлы ақпаратты әлеуметтік желілерден алады. TikTok пен Instagram беттерінде БАД салауатты өмір салтының ажырамас бөлігі ретінде ұсынылады. Блогерлер жарқын бейнелермен сүйемелдеп, қоспаларды өмірді жеңілдететін және денсаулықты жақсартатын құрал ретінде насихаттайды. Бұл ортада желілік маркетинг өкілдері де белсенді.

Бірақ өсім мен сұраныстың көлеңкесінде нақты қауіп бар екеніне көз жеткізу үшін біз қоспаларды тұтынған қазақстандықтармен сөйлестік. Солардың бірі — Александра Добосова. Оның айтуынша, қарапайым тәжірибе күйеуін ажалға әкеле жаздаған.

Фото: Александра Добосова

«Интернеттегі сансыз оң пікірлерге сеніп, корейлік глутатионға тапсырыс бердім. Оны өзім ғана емес, бауырына ем қабылдап жүрген күйеуім де іше бастады. Алғашында бәрі қалыпты көрінгенімен, көп ұзамай денсаулығы күрт нашарлады. Қан талдауында бауыр көрсеткіштері қалыпты деңгейден бірнеше есе жоғары болып шықты. Дәрігер мұндай өзгерістерді тікелей қабылдаған қоспамен байланыстырды. Сол сәтте біз қоспаның денсаулықты жақсартудың орнына, керісінше, қатер төндіргенін түсіндік», – дейді ол.

Александра бұл жағдайды үлкен сабақ ретінде қабылдады. Оның айтуынша, интернеттегі жарнамалар мен пікірлерге сеніп қана қоймай, дәрігердің кеңесінсіз қоспа қабылдау қауіпті. Уақтылы жасалған талдаулардың арқасында олар қоспаны дер кезінде тоқтата алған. Аты-жөнін атамауды сұраған гастроэнтеролог соңғы жылдары дәл осындай шағыммен келетін пациенттердің қатары артқанын айтады.

«Көптеген адам түрлі қоспаларды қабылдап, жағдайы күрт нашарлағаннан кейін ғана дәрігерге келеді. Өз тәжірибемде салмақ тастауға арналған өнімдерді ұзақ уақыт қолданғаннан кейін бауыр фиброзының екінші дәрежесіне жеткен науқастарды көрдім. Сондай-ақ ерлерге арналған бірнеше қоспаны қатар ішкендерде токсикалық гепатит анықталған жағдайлар болды. Кейбір өнімдердің қаптамада көрсетілген құрамы шындыққа сәйкес келмейді. Сондықтан бақылаусыз қабылдау ағза үшін аса қауіпті», – дейді дәрігер.

Қатерлі дертпен күрестегі жалған үміт

Қатерлі ісікпен күресіп жүрген жандар арасында да қоспаларға сенім кең таралған. Жақында қатерлі ісікке шалдыққан қазақстандық әйел негізгі еміне сенуден қалып, бір танымал желілік брендтің өнімін қабылдай бастаған. Бұл шешім оның жағдайын жақсартпай, керісінше аурудың асқынуына, және өлімге алып келді. Түркиядағы клиникаларда жұмыс істейтін онкологтар қазақстандық пациенттердің көбі дәл осылай түрлі қоспаларды қатар қабылдап келетінін айтады. Дәрігерлердің пікірінше, бұл тәжірибе емнің нәтижесін төмендетіп қана қоймай, науқастың жағдайын ауырлатады. Қоспалардың құрамындағы кейбір заттар химиотерапия дәрілерінің әсерін әлсіретіп немесе жанама әсерлерін күшейтіп, ағзаны қосымша күйзеліске ұшыратады.

Ресми деректер бұл мәселенің ауқымын айқын көрсетеді. 2024 жылдың соңында Қазақстанда қатерлі ісік диагнозымен диспансерлік есепте тұрғандар саны 230-236 мың адамды құраған. Ал бұл бір жыл бұрынғыдан 5-6 пайызға көп. Жыл сайын орта есеппен 40 мың жаңа жағдай анықталады.

Бұл сандардың артында мыңдаған адамның тағдыры тұр. Жаңа анықталған әрбір науқас дәл қазір қандай емді таңдауы керектігін ойлап, шешім қабылдап жүр. Мұндай сәтте қоспаларға сеніп кету қаупі жоғары. Сондықтан бұл жерде тек мемлекет пен дәрігерлер емес, қоғам да, әрбір адам да жауапкершілікті сезінуі тиіс. Онкологиялық науқастарға жалған үміт емес, нақты ақпарат қажет.

Мұндай оқиғалардан кейін біз желілік маркетинг өкілдерінің пікірін де білгіміз келді. Олар өз өнімдері туралы не айтады?

Шипаға сендіреген желілік маркетинг

Желілік маркетинг өкілдері БАД-ты дәрігердің кеңесінсіз-ақ іше беруге болады деп сендіреді. Егер тұтынушы алдын ала өзінде ауру, аллергия барын айтпаса немесе қоспаны дұрыс қолданбаса, кінә толықтай адамның өзіне жүктеледі. Біз сөйлескен дистрибьютор Айнұрдың айтуынша, «нұсқаулыққа сай ішсе ешқандай қауіп жоқ». Басқа дистрибьюторлар да осы пікірді қуаттады.

Әлеуметтік желілерде олар қоспаларды қымбат қаптамадағы табиғи әрі органикалық өнім ретінде ұсынады, ал блогерлер олардың тиімділігін күнделікті өмірдің «міндетті бөлігі» ретінде насихаттайды. Дегенмен интернеттегі пікірлердің басым бөлігі мұндай жарнаманы жоққа шығарады. Кейбір тұтынушылар пайда емес, керісінше асқынуларды бастан кешкенін жазып отырады.

Сонымен қатар, мұндай өнімдер тек физиологиялық емес, психологиялық және қаржылық тәуелділік те қалыптастырады. Біз сөйлескен бір тұтынушы белгілі бір компанияның өнімін бірнеше жыл бойы үзбей қабылдап келеді. Ол «баяғы таз қалпыма түсемін » деп қорқады. Қазір ол ай сайын осы қоспаларға 150 мың теңгеден астам қаржы жұмсайтынын айтады. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жағдайларда уақытша нәтиже берген әсер тоқтағаннан кейін жоғалып, ағза бұрынғы қалпына оралады немесе одан да нашар күйге түсуі мүмкін.

Эндокринолог: “БАД-ты өз бетінше ішуге болмайды”

Дәрігерлер белсенді қоспалардың түрлі салдарын атап өтсе де, бұл тақырыптың ең өзекті тұстарының бірі олардың шынайы пайдасы мен нақты қауіптері қайда шектеседі деген сұрақ. Біз осы мәселе төңірегінде эндокринолог Ләззат Жұмағазықызымен сөйлесіп, оның кәсіби пікірін білдік.

Фото: Ләззат Жұмағазықызы – эндокринолог

Эндокринолог Ләззат Жұмағазықызы қоспалардың пайдалы болатынын жоққа шығармайды. Оның айтуынша, олар кей жағдайда шынымен көмектесуі мүмкін.

« Ағзада дәрумендер мен минералдардың тапшылығы туындаған кезде оларды биологиялық белсенді қоспалар арқылы толықтыруға болады. Мысалы, D дәрумені, омега қышқылдары, магний. Ал антибиотик қабылдағаннан кейін ішек дұрыс жұмыс істеуі және микрофлора қалпына келуі үшін пробиотиктер пайдалы. Бұл ішектің, жалпы ағзаның жағдайын жақсартуға, иммунитетті нығайтуға көмектеседі », – дейді дәрігер.

Эндокринолог қоспалардың тек пайдасын ғана емес, қауіп-қатерін де түсіндіреді. Оның айтуынша, қоспалардың басты проблемасы ол бақылаудың әлсіздігі.

« Қатаң қадағалау жоқ, көп нәрсе өндірушіге байланысты. Сондықтан мен пациенттеріме қоспа таңдағанда құрамында жаңғақ, көкөніс, жеміс сияқты таныс өнімдері барын ұсынамын. Ал экзотикалық компоненттер көбіне белгісіз реакция туғызуы мүмкін. Әрқашан айтамын, қаптамадағы құрамын, дозасын, қарсы көрсетілімдерін мұқият оқу керек. Бір таблетканың ішінде бәрі болса жақсы деп ойлайтындар бар, бірақ бұл қате түсінік », – дейді ол.

Маманның айтуынша, негізгі қауіп бірнеше жерде жатыр.

« Интернет арқылы тапсырыс бергенде жалған өнім алу қаупі бар. Сондай-ақ майда еритін дәрумендер А, D, Е, К – ағзада жиналып, артық дозада токсикалық әсер беруі мүмкін. Қоспалардың тасымалдануы да өте маңызды. Себебі кейде олар дұрыс сақталмайды, тоңазытылып немесе қатты қыздырылып жіберіледі. Бұдан бөлек, дәрілермен өзара әсер ету қаупі де бар », – деп түсіндірді дәрігер.

Ол мысал ретінде бірнеше компонентті атап өтті.

« Омега барлық қоспамен үйлесе бермейді. Кейбір өнімдерде миға арналған гинкго билоба бар, ал кейбірінде сарымсақ. Сарымсақ қан кету қаупін арттырады. Егер пациенттің тромбоциттері төмен болса, бұл өте қауіпті. Көпшілігі мұны білмейді, бірақ БАД-тың құрамындағы сарымсақ антикоагулянт ретінде әсер етеді », – дейді эндокринолог.

Аллергия да назардан тыс қалмауы тиіс. Қоспаларға байланысты жағымсыз әсерлердің ішінде ол ең жиі кездесетіндерінің бірі саналады. Әсіресе құрамында өсімдік тектес экстрактілер бар өнімдер ағзада күтпеген реакция туғызады. Бұл туралы Ләззат Жұмағазықызы ескертті.

« Кейбір қоспаларда өсімдік экстрактілері болады, ал бұл жиі аллергиялық реакция тудырады. Бұрын ешқашан аллергиясы болмаған адамдардың өзінде уақыт өте келе пайда болуы мүмкін. Пациенттер бір ай немесе үш ай бұрын қоспаларды қабылдағанын ұмытып кетеді, ал дәл сол қоспалар аллергияны қоздыруы мүмкін », – деді маман.

Дәрігердің бұл сөзі қоспалардың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықтың орынды екенін көрсетеді. Ал мұндай мәселелерді елемеу мүмкін емес, сондықтан мемлекет те нарықты бақылауға алу үшін нақты қадамдар жасап жатыр.

Бақылауды күшейтуге бағытталған пилоттық жоба

Денсаулық сақтау министрлігі биологиялық белсенді қоспалардың тек мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін ғана сатылуы тиіс екенін еске салады. Соңғы уақытта бұл бағытта маңызды қадам жасалды. Қазақстанда биологиялық қоспаларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау бойынша пилоттық жоба іске қосылды.

Жобаның басты мақсаты, қоспалардың түпнұсқалығын растау, заңсыз айналымның алдын алу және есеп жүргізудің бірыңғай тәртібін енгізу. Сонымен бірге, таңбалау нарықтағы ойыншылардың заңсыз схемаларды пайдалануына жол бермей, бақылауды жеңілдетуге тиіс.

Таңбалау әртүрлі кезеңдерде жасалады. Қазақстан аумағында өндірілген қоспалар өндіріс орнында таңбаланады. Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден импортталған қоспалар Қазақстанға кірмей тұрып, үшінші елдердің аумағында код алады. Ал ЕЭО елдерінен жеткізілген өнімдер Қазақстан шекарасынан тыс жерде, елге кіргізілмей тұрып таңбаланады. Осылайша, тауардың қайдан шыққаны мен қай жолмен келгенін қадағалау мүмкіндігі артады.

Министрліктің түсіндіруінше, пилоттық жобаның тағы бір мақсаты таңбалаудың қаншалықты тиімді екенін тексеру. Егер жүйе толыққанды жұмыс істесе, Қазақстанда қоспаларды міндетті түрде таңбалау енгізілмек. Бұл мемлекетке бақылау тетігін күшейтеді, ал тұтынушылар үшін қаптамадағы код өнімнің шынайылығына көз жеткізудің қарапайым құралына айналады.

Дереккөздер: https://t.me/DenMinPR/19259

https://kapital.kz/economic/138444/obuem-torgovli-badami-v-kazahstane-uvelichilsya-v-pyat-raz.html

ОБСУДИ МАТЕРИАЛ