Пластикті қайта өңдеу қаншалықты маңызды?

Пластикті қайта өңдеу қаншалықты маңызды?

Пластикті қайта өңдеу – бүгінгі күннің басты экологиялық мәселелерінің бірі. Жыл сайын миллиондаған тонна пластик табиғатқа зиян келтіріп, теңіздерді, ормандарды және қалаларды ластап жатыр. Бұл экологиялық қана емес, әлеуметтік және экономикалық проблемаға да айналды.

Әлемдік жағдай және Қазақстандағы көрсеткіш қандай?

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта бағдарламасының (UNEP) ақпараты бойынша, адамзат бір жылда 400 миллион тоннаға жуық пластик қалдықтарын өндіреді. Ал оның 9%-ы ғана қайта өңделеді екен. Қалғаны қоқысқа айналып, табиғи ортаға зиян тигізеді. Әр минут сайын 1 млн пластик бөтелке қолданылады, ал олардың қайта өңделуі өте төмен деңгейде. Пластиктің, қайта өңделмей қолданылуы экологияға ғана емес, адамның өзіне де кері әсер етіп жатыр.

Қазақстан қаптамашылар қауымдастығының басқарма төрағасы Батырбек Әубәкіровтің сөзінше, елдегі қоқыс полигондарына тасталатын 100 мың тонна пластиктің тек 3,5 мың тоннасы ғана қайта өңделеді.

Ал Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда жалпы қуаты жылына 1,2 млн тоннадан астатын 37 жаңа қоқыс өңдеу зауыты салынатынын мәлімдеді. Министрдің айтуынша, жобаны жүзеге асыруға 171,6 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінбек. Ол жобаларды жүзеге асыру қалдықтарды қайта өңдеу көлемін жылына 1,5 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік бермек.

“Жылына [ел бойынша] 600 мың тоннадай қоқыс қалдықтары түзіледі. Оның ішінде пластик 16%-ын құрайды. Пластик қалдықтарын қайта өңдейтін компаниялар жалпы басқалармен [өңдейтін компаниялармен] салыстырғанда аз емес”, – дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қал­дықтарды басқару депар­таменті ком­муналдық қалдықтар басқармасының басшысы Абылай Әлмұқанов. 

Қазақстан бойынша қоқысты қайта өңдейтін 50-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың кішігірім бөлігін үлкен зауыттар алады. Бірақ, негізінен шағын және орта субъект бизнестері қайта өңдеумен айналысады. Мемлекет тарапынан тек қалдықтарды жинау процесі жүргізіледі. Бұған қоса, елдегі сұрыптау мен қайта өңдеумен айналысатын компаниялардың көпшілігі дерлік жеке меншік. 

“Астана қаласында 2 кәсіп орын жұмыс істейді. Олардың қуаты жылына 3 мың тонна пластик қалдықтарын қайта өңдеу. Қазіргі кезде бүкіл ел бойынша пластик қалдықтарың қайта өңдеу қуаттары, елімізде түзілетін қуаттардың шамамен 25%-ын ғана жауып отыр”, – дейді Әлмұқанов.

Фото: автор

Қайта сұрыптау мәдениеті қалай қалыптасып келеді?

Батыс елдерінде қоқыстың қайта өңделуіне үлкен назар аударылады. Әрбір қоғам мүшесі өз қалдықтарын сұрыптап, тапсыруға тиіс.

Германияда сұрыптауға арналған арнайы “сары” жәшіктер және  “Wertstofftonne” жәшіктері бар. Қоқыстың әрбір түріне сәйкес арнайы қоқыс жәшігі тұрады. Сондай-ақ, кейбір өндірушілер өз өнімдерінде “Pfand” белгісін қояды. Бұл сатып алушылар үшін ақшаның белгілі бір бөлшегін қайтару ретінде қызмет етеді. 

Maqsut Narikbayev University Туризм факультетінің 3 курс студенті Индира Амангелдінің айтуынша, қоғамдық резонанс болмайынша, адамдар бұл туралы ойланбайды. Индира қоқысты сұрыптауға, экологияны сыйлауға анасы бала кезінен бастап үйреткенін айтады. Индираның анасының ұлты –неміс. Олар қоқысты бүкіл отбасымен бірігіп, сұрыптайды. Қалдықтарды қайта өңдеуге төрт айда бір рет тапсырады.

“Шынымды айтсам, қазақ қоғамында мен оны [қайта өңдеу практикасын] мүлдем байқамадым. Менің құрдастарым, достарым мұнымен ешкім айналыспайды. Тек іс-шаралар кезінде осы тақырыпты қозғауы мүмкін. Алайда, Қазақстанда ол аз дамыған. Германияда тұрғанда ол әдепкі жағдай еді”, – дейді Индира Амангелді. 

Астанада пластикті қабылдайтын бірнеше пункт жұмыс істейді. Олардың әрқайсысында пластик қабылдауының белгілі бір талаптары бар. Мысалы, LS ecolife, тек түссіз бөтелкелерді қабылдайды. Ал сары, қызыл, қара не ақ түсті бөтелкелерді Sparklo автоматтарына тапсыруға болады. 

Халық арасындағы экологиялық қарым-қатынасты дамыту үшін кейбір өндірушілер тапсырылған материалдар үшін белгілі бір бонустар не ақша төлейді. Ал мемлекет тарапынан EcoQolday қалдықтарды бөлек жинағаны, тасымалдағаны және қайта өңдегені үшін субсидия берілуі жөнінде жұмыстар басталып жатыр. Әрбір жинаған килограмм үшін жұмыс орындары қаржылай жеңілдіктер алатын болады. 

Нақтырақ айтқанда, «Жасыл даму» АҚ осы салада­ғы қайталама шикізатты жинап, қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға субсидия бөлмек.

“Бұл [бағдарлама] негізі енді басталды. Қаражат қарастырылды. Кәсіпорындарға беру үшін шамамен 7,6 миллиард теңге қарастырылды”, – дейді коммуналдық қалдықтар басқарманың басшысы Абылай Әлмұқанов.

Қоғамның пластикті қайта өңдемеу себептерінің бірі – экологиялық мәдениет туралы білімнің болмауы. Экологиялық мәдениет туралы білімнің жоқтығы немқұрайлылық тудырады. Сондықтан көпшілік қоқыстың қайда кететіні туралы ойланбауы да мүмкін.

Қайта өңделуге сай келмейтін пластик қалдықтары көбінесе қоқыс полигондарына тасталынады. Алайда, бір реттік пластик қалдықтары микро және нанопластикті бөледі. Нәтижесінде, тамақ контейнерін немесе су бөтелкесін қайта қолданғанда, адам организміне 16 мыңнан астам түрлі химикалық элементтер кіруі мүмкін. Ғалымдардың зерттеуінше, теңіздердегі пластиктің 90%-дан астамы балықтарға, сосын адам организміне қайта түседі.

Сондықтан пластикті қайта өңдеу – экологиялық, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі кепілі. Бұл мәселенің алдын алуда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту аса маңызды.

ОБСУДИ МАТЕРИАЛ