Чт. Дек 5th, 2024
Фото: baq.kz

Қазақстанда донорға мұқтаж адамдар саны жыл сайын артып келеді. Биыл 4.21 пайызға өсіп, 4081 науқасты құрады. Оның ішінде 3983 ересек, 98 бала кезекте тұр. Өз кезегіне жетпей, ерте көз жұматындар да бар. Орта есеппен жыл сайын әртүрлі себептерге байланысты 300-ге жуық реципиент күту парағынан шығарылады. Былтырғы көрсеткішке сәйкес, өлім себебінен 267 адам күту парағынан алынған. 

53 жастағы астаналық Батпа Қаралтаева бүйрек донорын күтіп жүр. Кезекте тұрғанына 15 жыл болған. Оның 6 баласы бар. Алтыншы балаға жүкті кезінде көлік қағып, мерзімінен бұрын босанған. Салдарынан бүйрегі қысылып, істемей қалған. Ал баласына зақым келіп, мүгедек болып дүниеге келген.

Бұрын-соңды бүйрегім ауырмаған. 3 айлық жүктілік кезімде көлік қағып кетті. Жолдан өтіп бара жатқан едім. Жамбасымнан жарақат алып, ауруханада емделіп шықтым”, – деді ол.

Оның айтуынша, ем кезінде ауруханада өзін жақсы сезінген. Бірақ 1 апта өткен соң денесі ісіне бастаған. Ал 10 күннен кейін мүлде жүре алмай, әлсіреп қайта ауруханаға түскен. 

“Дәрігер тексерді, қайта анализ тапсырдым. Анализ нәтижелері нашар шықты. Кейін нефролог дәрігерге тексерілуге жіберді. Содан 2-3 жылдай нефрологқа қаралып, ем алып жүрдім. 2009 жылы бүйрегім жұмыс істемей, диализ ала бастадым”, – дейді.

Диализ – бұл бүйректің қалыпты жұмысын алмастыратын медициналық процесс. Бүйрек функциясы нашарлаған немесе тоқтаған жағдайда, диализ ағзадағы қалдықтарды, сұйықтықты және артық тұзды шығару үшін қолданылады.

 Сәуле Абраева трансплант координатор. “Әр науқас аптасына үш рет 4 сағаттан ем алады”, – дейді.

Батпа Қаралтаеваның жол апаты салдарынан 7 айлығында дүниеге келген баласы әлі күнге дейін жүрмейді, сөлемейді. Қазір баласы 21 жаста, оған 1 топ мүгедектігі берілген.

Бұрын мәйіт донорына жылына 2-3 рет сәйкестігін тексеру үшін барып жүрген. Алайда кейін белгісіз жағдайларға байланысты тоқтап қалған. Ол дәрігерлер шақырмай қойғанын айтады. 

Батпа туыстық донор алудан бас тартқан. Сөзінше, жақындарының мүгедек болып, денсаулықтарына зақым келгенін қаламайды. 15 жылдай донор күтіп жүргеніне қарамастан, болашақта “мәйіт доноры” дамитына үміті зор.

Мәйіт донорлығы

Жалпы әлемде транплантологияның дамуын тежейтін негізгі мәселе донордың жетіспеушілігі. Ал донорлар санын арттыруға бағытталған ең тиімді моделі – мәйіт доноры. 

Еуропа елдерінде халықтың 90 пайызы қайтыс болғаннан кейін донор болуға алдын ала келісім береді. Мысалы, Испанияның әрбір азаматы әлеуетті донор болып саналады. Олар Еуропа бойынша бірінші орынға шыққан. 

Мамандар Қазақстанда мәйіт донорлығын дамыту ісі баяу жүріп жатыр дейді. Мәселен, 2023 жылы қайтыс болғаннан кейін донор болуға 4609 адам келісім берсе, 31550 бас тартқан. Мәйіттік донорлыққа келісім бергендер көрсеткіші тек 10 пайызды құраған.

“Мәйіт доноры тек ми өлімі анықталған жағдайда жүзеге асады. Оны 3-5 маман бірлесіп анықтап, дәлелдейді. Ми өлімі тіркелген жағдайда туыстарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі”, – дейді Назгүл Жангелдина Астанадағы “Транспланттауды үйлестіру орталығы” директорының орынбасары. 

Институт мәлімдеуінше, былтыр 19 мәйіт донорлығына қатысты ота жасалған. Жангелдинаның айтуынша, биыл 8 қазанда қайтыс болған бес адамның ағзасы 19 адамның өмірін ұзартқан. 

Ал Шымкентте жол-көлік апатынан қайтыс болған 18 жастағы ер адамның ағзасы 4 адамның өмірін құтқарған. Оның жүрегі, бауыры мен екі бүйрегі донорлық органды ұзақ жылдар бойы күткен адамдарға трансплантацияланыпты.

Қайтыс болған азаматтың бір бүйрегі Тараз қаласындағы алты баланың әкесіне берілген екен. 

Десе де, “Транспланттауды үйлестіру орталығы” өкілінің айтуынша, елдегі донор мәселесі әлі күрделі. Себебі бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда өте аз. Назгүл Жангелдинаның айтуынша, 2020 жылы заңға енгізілген өзгеріс, коронавирус пен діни сенім мәселелері әсер еткен.

2020 жылы “Денсаулық туралы”кодекске өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес кез келген адам egov.kz порталы арқылы трансплантациялау мақсатында қайтыс болғаннан кейін органдардың немесе тінтердің бір бөлігін беруге не бас тартуға мүмкіндігі бар. 

Власть” басылымының жазуынша, заңға енгізілген өзгерістен соң мәйіт донорлығы отасы 86-дан 5-7-ге дейін күрт қысқарған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі халықаралық тәжірибені ескере отырып, нормативті-құқықтық база сарапталуда деп түсіндірген.

Мамандардың айтуынша, донор жетіспеушілігінің ушығып кетуіне коронавирус та елеулі әсер еткен. Мәселен, COVID-19 пандемиясымен тұспа-тұс ауырып қалған астана тұрғыны Асылбек өмірі түбегейлі өзгергенін айтады. Ол 2020 жылдан бастап диализ алуды бастаған.

“Коронавирус кезінде ауырып қалдым. Инфекция түсті деп, инфекционный бөлімге жатқызды. Кейін анализ тапсырып, бүйрегімнің ауыратыны анықталды”, – дейді ол. 

2006 жылы оған “созылмалы гломерулонефрит” диагнозы қойылған. 

“Бірақ ол кезде дәрігерлер маған дұрыс түсіндірмеді. Тек ащы, тұщы тағамдар жемеу керектігі мен ауыр жүк салмауымды айтты. Егер дұрыстап емделмесең диализге түсіп қаласын деп айтқан жоқ”- деді Асылбек. 

Ол 2020 жылы еңбек демалысын алып, үйленбек болған. Алайда ауырып қалып, ауруханада ем алып жүрген кезінде жеке өміріндегі жоспары да жүзеге аспай қалған.

“Өзге адамдар ол туралы біле бермейді. Ал білген соң оларда қорқыныш пайда болады”, – деді. Қазір оған диализдің соңғы бесінші стадиясы қойылған.

“Диализ туралы 2009 жылдан бері білемін. Танысым ем алып жүргенде естідім. Ал өзім осында түскенде ауыр болды. Себебі мен бұның не екенін, алда не күтіп тұрғанын білемін”, – деді ол.

Асылбек екінші сынып оқып жүргенде иттен шошып қалған. Салдарынан әлі күнге дейін тұтығып сөйлейді. Бірнеше жерден ем алса да, барлығы сәтсіз аяқталғанын айтты. Тек кітап оқып біраз жазылған. Бұған дейін сөйлеген кезде “т” әріпін ғана айтып, тұрып қала бергенін жеткізді.

Күту парағына тіркелгелі бері 4 жылдан асты. Алайды осы уақыт аралығында “мәйіт донорын” тексеруге оны бірде-бір рет шақырмаған.

Фото: tengrinews.kz

Әлемдік діндер трансплантация туралы 

Назгүл Жангелдинаның сөзінше, ағзаны беруге адамдар әлі дайын емес. Көп жағдайда діни сеніміне байланысты қайтыс болған адамның туыстары мәйіт доноры болуға келіспей жатады. 

Алайда бұған байланысты халықаралық діни бірлестіктің қатысуымен бірнеше іс-шара өткен. Соның бірі былтыр 21 маусымда Ақтөбеде болды. Шараға халықаралық трансплантолог мамандар мен діни қызметкер өкілдері қатысқан. Діни басқарма өкілдері дінде адам өлгеннен кейін оның ағзаларын донорлыққа беруге тиым жоқ екенін айтқан.

Ислам діні азаларды трансплантаттауға және қан құюға тыйым салмайды. Тек өмірге қауіп төнген жағдайда ғана басқа адамдарға адамның ағзасын беруге және оны қабылдауға болады деген саясатты ұстанады.

Орыс православие шіркеуі де егер адамның өмірін сақтап қалу үшін немесе мүгедек болып қалмас үшін қажет болса, ағзаларды ауыстырып қондыруды колдайтынын айтқан. Бірақ діни институттар трансплантологияны коммерциялуға, адам ағзасын саудаға салуға қарсы екенін білдірген.

Ал католик шіркеуі трансплантологияны ғылымның ең жоғары жетістіктерінің бірі деп санайды.

Дәрігерлердің айтуынша, жыл сайын кемі 1 рет толық тексерістен өтіп тұруы қажет. Бұл қатерлі дерттің алдын алып, дер кезінде ем қабылдауға септігін тигізеді.

Көп жағдайда адамдар сырқатын соңғы сатыда біліп жатады. Себебі бастапқыда аурудың белгілері байқалмауы мүмкін. Республика бойынша транплантацияны күтіп отырған адамдардың саны Астана, Ақтөбе, Семей мен Көкшетау қалаларында көп.

Батыс өңірінің тумасы Хамзат Мансарұлы жас кезінде денсаулығына салғырт қарағанын мойындайды. Анасы Ресейде тұрады, өзі күреспен айналысқан. 2011 жылы ол жол апатына түсіп, бір бүйрегі қысылып қалған. Алайда Хамзат қауіпті бірден сезіне қоймаған екен.

“Арасында басым ауырып, қан қысымым 200-ге дейін көтеріліп кететін. Мен оған мән бермей, байқамай жүре беретінмін”, – дейді ол.

2016 жылы Хамзаттың денсаулығы мүлде нашарлай түскен. Аяқтары ісініп, кейін беті сал болып қалған. 

“Сол кезде бірден ауруханаға бардым. Дәрігерлер “бүйрегін нашар жұмыс істейді, ем алу қажет” деді. Бірақ соған қарамастан диализге түстім”, – деді Хамзат күрсініп.

Хамзат диализ қабылдап жүргеніне 8 жыл болған. Оның айтуынша, анасы өз бүйрегін бергісі келген. Алайда сәйкес келмеген. 

“Мәйіт донорлығын қолға алса екен деймін. Себебі 1 адамның доноры қаншама адамның өмірін құтқарады”, – дейді.

Трансплантологияда ең көп сұранысқа ие ағзалардың бірі – жүрек. 48 жастағы астаналық тұрғын Ернар Бекішев жүрек трансплатациясына кезекке тұрғанына 5 жыл болғанын айтады. 

“Мен бұл жағдайға не себеп болғанын білмеймін. Мүмкін экология әсер етті. Өзім Семей аймағында туғанмын. Бала кезімде Абралы, Абай аудандарында тұрдым”, – дейді ол.

Оның айтуынша, 2018 жылы аяғы ісініп, жүруі қиындаған. Содан ауруханаға көрініп, біраз уақыт ем алып жүрген. 

Алайда денсаулығы нашарлаған соң, 2019 жылы ота жасатып, жүрегіне LVAD аппаратын орнатқан. 

LVAD (Left Ventricular Assist Device) – жүректің сол жақ қарыншасына орнатылып, қан ортаға айдалады. Осылайша, ағзаның өмірлік маңызды мүшелеріне қан айналымын қамтамасыз етеді.  

Аппарат сыртқы батареямен жұмыс істейді және оны пациент белбеу немесе арнайы қапшықта алып жүреді.  

“Аппарат салатын кезде жүрек доноры керегін бірден айтты. Өз қиындықтары барын да ескертті, мен келістім. Оған өкінбеймін”, – дейді астаналық тұрғын.

“Суға түсуге болмайды. Тоққа тәуелді боласың. Аппарат жұмыс істеуі үшін оны қуаттап отыру керек. Бір батарейка 4-5 сағатқа жетеді, ал менде екі батарейка”, – дейді ол.

Жүрек доноры табылды деп екі рет шақырған. Алайда екеуі де сәйкес келмеген.

Шетелдік тәжірибе

Оңтүстік Кореяда бірнеше жылдық әрекеттен соң, 1999 жылы “Ағзаларды трансплантациялау туралы заң” қабылданған.

Елде заң алғаш рет ми өлімі тіркелген жағдайда, ағзаны донорлыққа пайдалануды заңды түрде реттеді. Бұл өз кезегінде заңсыз мүшелер саудасын шектеп, Ұлттық Трансплантациялау Орталығының (KONOS) құрылуына негіз болыпты.

Мемлекеттік мекеменің міндетіне бүкіл ел бойынша күту парағын жаңарту, мәйіт ағзасын қарастыру, тірі донорлар тізімін жүргізу, трансплантациялар дерекқорын жинау, ағзаларды трансплантациялау саласындағы саясатты анықтау және тағы басқа жұмыстарды атқару кіреді.  

Бірақ Оңтүстік Кореяда сол трансплантация туралы заң қабылданғаннан кейін мәйіт донорларының саны күрт азайған. 

2000 жылы қайтыс болған донорлардың саны өте төмен болды – миллион тұрғынға 1 адамнан ғана келді. Алдыңғы заңға сәйкес, әрбір орталық мәйіт мүшелерін өзінде қалдырып, оларды өз пациенттеріне қолдана алатын. 

Бірақ заң қабылданғаннан кейін KONOS мүшелерді бүкіл ел бойынша күту парағына сәйкес бөле бастады. Сол себепті донор орталықтары миының өлімі тіркелген ықтимал донорларды анықтауға аса қызығушылық танытпады.  

Сондықтан корей үкіметі мәйіт донорларын анықтаған донорлық ауруханаларды ынталандыра бастады. Кемінде бір донорлық бүйректі ауруханада қалдыруды шешті. Осыдан кейін мәйіт донорларының саны аздап өскен.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *