Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the cyrlitera domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/mnu.kz/newsroom.mnu.kz/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the jetpack-boost domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/mnu.kz/newsroom.mnu.kz/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/mnu.kz/newsroom.mnu.kz/wp-includes/functions.php on line 6114
“Өмір үшін күрес”: әскерде комаға түскен Ербаянның тағдыр баяны қалай өзгерді? - MNU Newsroom
Чт. Ноя 21st, 2024
Фото: Instagram | erbayan2024

Қосшы, Ақмола облысы – Қыркүйектің ымырт салқыны басқанда, кешкі сағат 19:00-ға таяғанда Гүлсім Қамиева өңі қудай боп қуарып, көздері ғана баяу қимылдап жатқан ұлы Ербаянның демін бақылап отыр. Алдына таймер қосып қойған. Ербаян Мұхтар кейінгі айлары кеңірдегіне жалғанған арнайы пластик түтіктің көмегімен тыныс алады. Осы жолы ол түтіксіз 30 минуттай дем алып үйренді. Бұл әдеттегіге қарағанда ұзақ.

Дәрігерлер науқастың жүрек соғысы мен қан қысымын қадағалау үшін қолына арнайы құрылғы сатурация тағып қойған. Алайда оны шешіп тастай берген соң, анасы қолын өзі ұстап отырады. Ербаян да анасының қолын жібергісі келмегендей, қатты қысып алған.

Таймер шырылдағаннан кейін қарындасы Құндыз Мұхтар оның демалатын түтігін тазалап, ақырын аузын сүртті. 

Әскерде жұмбақ жағдайда құлап, жарақат алған Ербаянның денсаулығы ақырын болса да оңалып келеді. Қасында көмектесіп жүрген өзінің ата-анасы мен ет жақын бауырлары. Әсіресе, анасы мен қарындасы қасынан бір елі де алыстамайды. Мұрнынан шығарылған түтік арқылы суытылған тамағы мен суын беріп отырады. Ербаян әр кез оларға қарап жымиюға тырысса не көзімен қуанышын білдіргісі келсе, Гүлсімнің ет жүрегі елжіреп мейірленіп қалады.

Әдеткі жексенбінің кешіндегі сондай сәт жақындарын тағы бір қуанытты. Олардың қуанған дауысы көрші бөлмеде сұқбат беріп отырған әкесіне де естіліп тұрды.  

Әскерге алып кетті

22 жастағы Ербаян Мұхтар былтыр әскерге кетпей тұрып, Астанадағы Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясында бірінші курста оқып жүрген. Болашақта футбол жаттықтырушысы болуды армандаған. 

Былтыр 27 маусым әскери қызмет өкілдері Ербаянды Отан алдында борышын өтеу үшін әскерге алып кеткен. Сол күні бәрі де тез болғандай. Ербаян әкесі Хамит Айтмағамбетовпен қоштасып та үлгермеген.

Туыстарының сөзінше, Ербаян әскерге күз айында Бақдаулет есімді жақын досымен бірге бармақ болады. Алайда әскерден шақырту келіп, уақыт тығыз болған соң өз еркімен шығып кеткен. 

Әкесі ұлын әскерге алып кеткені туралы хабарды Қояндыда үй салып жүргенде естігенін айтты.

“Баламның “үйді үлкен қылып салшы” деп айтқан қалауы бар еді. Балалардың да тілін алатын бір кездер болады. Өйткені әр ата-ана балаларының көңілінен шығуы керек деп ойлаймын. Арманын орындап, үй салып жатқанмын, келіншегім хабарласып әскерге кеткенін айтқанда, өзім біртүрлі болып қалдым”, – деп ағынан жарыла сөйледі ол.

Аймағамбетов жаңалықты естіген бойда абдырап, жұмысын тастай сала үйіне жетіп барған. Ол үйіне жеткен кезде, баласы заттарын жинап, Көкшетауға жолға шығып кетіпті. 

Әскерге кетуіне әу баста әкесі қарсы болмаған, керісінше қолдау көрсеткен. Себебі баласы футбол жаттықтырушысы болғысы келгендіктен, ол үшін әскери билет қажет болуы мүмкін екенін түсіндірген. 

Ербаянның Алматыдағы әскери қызметте жүрген сәті / Фото: Instagram | erbayan2024

Ербаян мемлекет алдындағы борышын Ұлттық ұлан қатарында өтеуге бекінген. Оны алдымен Алматы облысы Жетікен ауылында орналасқан 5574 әскери бөлімге жіберген. Туыстары одан телефон арқылы жескенбі сайын хабар алып отырғанын айтты. 

Қызметі басталғаннан кейін Ербаян достарынан, ата-анасынан жиі ақша сұрай бастаған. Анасы Гүлсім Қамиева оған кейде 1500-2000 теңге, ал кейде 5000 теңге жіберіп отырғанын сөз етті. 

“Дүкеннен өзіне керек заттар аламын деген соң, ешнәрседен күмәнданбадым”, – дейді ол. 

2023 жылдың қараша айында Ербаян Алматы қаласындағы 5571 Ұлттық ұлан әскери бөліміне ауыстырылған. Хамит ұлына хабарласып, басқа бөлімге ауысу – әскердегі стандартты үдеріс екенін естігенін айтады. 

Ұлттық ұлан – қоғамдық тәртіп күзетімен айналысатын Ішкі істер министрлігіне қарасты әскери институт. Бұл мекеме Қазақстанның 19 қаласында қоғамдық тәртіпті бақылап, адам құқықтарын сақтауға міндеттеледі. Ұлттық ұланға қызметке барған сарбаздар түрлі халықаралық, республикалық не өңірлік деңгейдегі шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылады. 

Ербаян жаңа әскери бөлімге ауысқанда дос-жарандарынан, туыстарынан ақша сұрауы жиілеген. Әке-шешесінен бірнеше рет 2000-5000 теңге алған. Ағасынан 20 000 теңге, тағы бірнеше досынан 25-30 000 теңгеден қарыз алған. 

Мектеп жасынан бері танитын Нұрдаулет есімді досы “6 ай ішінде 3-4 рет 40-50 000 теңгедей сұрады” деді. Туыс ағасы Наурызбай Мұхтардан да Ербаян қайта-қайта ақша бере тұруын сұраған. Бірақ Наурызбай ақша не үшін қажет екенін нақтылап сұрай бергендіктен, кейін ағасына хабарласуды қойған екен. 

Оқиға болған күн

Ербаян әкесіне әскердегі қызметі туралы азды-көпті айтып жүрген. Хамиттің сөзінше, ол Алматы қаласына ауысқанда көлік жүргізушісі болып жүрген. 

2023 жылы 4 желтоқсанда сарбаз әскерде басынан жарақат алып, Алматыдағы №12 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Жағдайы ауырлап, бірден жан сақтау бөліміне түседі. Туыстарының айтуынша, оқиға түнгі сағат 02:00-ден асқанда болған. 

Ата-анасы оқыс оқиға туралы хабарды тек 14 сағат өткен соң білген. 

Сарбаздың қарындасы Құндыз Мұхтардың сөзінше, бастапқыда Ұлттық ұлан өкілдері “Ербаянның жағдайы жақсы, тек құлап қалды” деген. Сарбаздың ет жақындары оқиға туралы естігеннен кейін әскери бөлім жетекшілерінен жағдайды түсіндіріп беруді талап етіп, тоқтаусыз хабарласқанын айтты. Десе де, бөлім командирлері Ербаянның нақты қалай зақым алғанын айтпай, жағдайы жақсы деп сендіруге тырысқан. 

Құндыз Мұхтар оқиға болғаннан кейінгі күні сағат 16:00 шамасында Ербаянның басынан жарақат алғанын, жан сақтау бөлімінде екенін білгенін айтты. 

Ата-анасы сол күні бірден ұшаққа билет алып, Алматыға жеткен. Анасы Гүлсім аурухананың жан сақтау бөлімінде жатқан баласын алғаш көргенде танымай қалғанын жасырмады. Гүлсім “Ербаянның көзінің асты көгеріп кеткен еді” дейді. 

“Ербаянды танымай қалдым. “Қайсысы өзімнің балам” деп сұрақ қойдым. Себебі палатада бірнеше адам жатты. Ербаянның басы түгел бинтпен оралған екен. Көргеннен кейін жыладым, өте ауыр болды”, – дейді анасы сол кезді есіне алып. 

Аурухана әкімшілігі ата-анасына сарбаздың денесін көруге рұқсат бермеген. 

Ербаянның әскерге дейін түскен фотосы. Фото: Instagram | erbayan2024

Анасы Гүлсім телефонын алып, баласының хәлін видеоға түсірмек болады. Бірақ оған кезекші дәрігер кедергі келтіріп, “түсіруге рұқсат жоқ” деп ескерткен.

Гүлсім дәрігермен сөзге келіп қалғанда, Ербаян өзі жатқан кереуетті қолымен бірнеше рет соққан. 

“Сол кезде біз орнымызда үнсіз тұрып қалдық. Маған дәрігер балаңыз естіп жатыр, тынышталыңыз”, – деді Гүлсім.

Сарбаздың өмірі үшін күресі

Кейінгі жылдары Қазақстан қарулы күштеріне әскерге барып, кейін әлімжеттік көргенін айтқан сарбаздар оқиғасы көбейді. Кейбірі борышын өтеуге барып, үйіне есінен танып оралса, тағы біреулерінің мүрдесі оралады. 

Медианың күн тәртібіне Ербаяндікіне ұқсас кейстер шыға бергеннен кейін, кейінгі буын жастар да, олардың ата-аналары да әскер қызметінен бас тарту керегін айтып жүр. 

Қазақстан қарулы күштері мен ішкі істер министрілігінің өкілдері “әскерде әлімжеттік жоқ, ал сарбаздар өлімінің көбі әскери қызметке қатысы жоқ азаматтық негізбен байланысты” деп түсіндіреді. 

2023 жылы сәуірде Бас әскери прокуратура өкілі Мақсат Қазиев кейінгі үш жылда 270 әскери қызмкеткер қайтыс болғанын мәлімдеді. 2020 жылы – 78, 2021 жылы – 96, 2022 жылы – 85, ал 2023 жылдың бірінші төрт айында 11 әскери қызметкер қаза болған. Қазиев бұл мәлімет тек қатардағы сарбаздарға емес, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан және Ұлттық қауіпсіздік комитеті, мемлекеттік күзет қызметі және Төтенше жағдайлар министрлігінің бақылауында барлық әскери қызметкерге қатысты деген. 

Биыл 20 қыркүйекте елдің қарулы күштерінің өкілдері Астанада баспасөз брифингін өткізіп, әскери қызметтегі қылмыстық істер керісінше жыл сайын азайып жатқанын жеткізді. 

Брифингке қатысқан Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев кейінгі үш жылда әскердегі әлімжеттікке қатысты қылмыс саны 28 пайыз азайғанын айтты. Оның сөзінше, 2021 жылы 32 жағдай болса, кейінгі жылы ол 23 іске кеміген. Ал биылғы жылдың басынан әлімжеттікке қатысты 13 оқиға тіркелген. 

Қорғаныс министрлігінің Тілеухан Басқожаев есімді өзге бір өкілі жыл сайын өлім-жітім де азайып жатқанын хабарлады. Оның сөзінше, Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдерде 2021 жылы – 53, 2022 жылы – 44, 2023 жылы – 42, ал 2024 жылы 9 айда 32 әскери қызметкер қайтыс болған. Оның ішіне офицер де, келісімшартпен істейтін әскери қызметкер де, қатардағы сарбаз да кіреді. 

Сол күнгі брифингке ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық ұлан өкілі де қатысты. Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Үмбетов Ербаян әжетханада құлап, бас жарақатын алғанын айтқан. 

Ербаян Қосшыдағы үйінде жатқан кезін, қыркүйек 2024 / Фото: Instagram | erbayan2024

“Ербаян Мұхтар 2023 жылдың 4 желтоқсанында сағат 02:15-те оянып дәретханаға барған, оның құлағанын көрген куәгерлер де бар. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Оны ІІМ әскери-тергеу органы жүргізіп жатыр”, – деді Үмбетов. 

Азаттық радиосының мәлімдеуінше, дәрігерлер оған бас миының қысылуынан болатын жедел субдуралды гематома деген диагноз қойған. Сарбаздың оң жақ желке сүйегі сынып, миының ісуінен жара пайда болған. 

Ербаян Мұхтар қызмет еткен әскери бөлімшенің дәрігері Наурыз Байбатыровтың сөзінше, Ербаян құлап түскеннен кейін ояу болған, басы қатты ауырып жатқанын айтқан. 

“Естуім бойынша, [Ербаян] үлкен дәретке барып отырған. Адам көп отырып тұрғаннан кейін басы айналады ғой. Мүмкін, сол үшін [құлап түсті ме], деп ойлаймын. Бірақ нақты вердикт шығара алмаймын”, – деген дәрігер 18 наурыз күні Азаттық радиосына.

Cарбаздың жақындары оның өзі құлағанына сенбейді. 

Гүлсім Қамиева баласының басында басқа да жақараттары барын айтты. Ол “Ербаянның мұрны сынған, бірақ ол жайлы дәрігерлер айтпады” дейді. 

“[Басында] жарақаттар бар. Артында да бар. Бір жағымен құласа, мынадай жарақаттар қайдан пайда болады?!”, — деді ол.

Ербаян Алматыдағы аурухананың жан-сақтау бөліміне жатқызылғанда бірден комаға түскен. Ішкі істер министрлігі ата-анасына Алматыда уақытша тұруға пәтер жалдап береді. Олар күнде Ербаянға барып, жағдайын біліп отырған. Бірақ аурухананың бас дәрігері кейін күзетшіден оларды ішке кіргізбеуді міндеттей бастаған. 

Комадағы сарбаздың ағасы Наурызбай Мұхтар бас дәрігердің аурухана күзетшісіне қалдырған жазбасын кейін желіде жариялады

Ербаянның Алматыдағы Ұлттық ұлан әскери бөлімінде түскені фотосы / Фото: Instagram | erbayan2024

Ербаян 19 күннен кейін 23 желтоқсанда комадан шыққан. Аурухана дәрігері анасына хабарласып, жақсы хабар барын айтады.

“23 желтоқсан әскери медицина қызметкері хабарласып, жақсы жаңалық бар деді. Бірақ телефон арқылы айтпай, ауруханаға келуімді сұрады. Балам оянды ма деп ойладым, бірақ оны қабылдау маған қиын болды. Сол себепті әкесі мен қарындасының баруын сұрадым”, – деді анасы. 

Кейін қарындасы Құндыз анасына Ербаянның оянғанын хабарлаған. 

Туыстарының айтуынша, Ербаян оянғаннан кейін көзімен реакция білдіріп, қолын көтеріп амандаса алатын болған. Бірнеше күннен кейін анасы Гүлсім ұлынан әскери бөлім дәретханасында болған оқиға туралы сұрайды. 

“Ербаян “сені ұрдыма?” дегенде, балам “иә” деп басын изеді”, – деді анасы. Гүлсімнің сөзінше, кейін әкесі де қайта сұрағанда, ол дәл солай жауап берген. 

Хамит 23 қыркүйек күні MNU Newsroom тілшісімен сөйлесіп отырып, “Ербаннан “сені кім ұрды?” деп сұрағанымыз қазір бізге өкініш болды” деді. 

Әкесінің сөзінше, комадан шыққаннан кейін Ербаянның жағдайы оңалып келе жатқан. Дәрігерлер бір аптадан кейін жеке бөлмеге шығаруды жоспарлаған екен. Бірақ 2024 жылы 12 қаңтар күні Ербаян Алматыдағы Қорғаныс министрлігіне қарайтын әскери госпитальге ауыстырылады. Бұл туралы ата-анасын ешкім хабардар етпеген. 

“Мен рұқсат бермеймін дедім. Осы ауруханада емделіп, аяғына тұрып кеткенін қаладым. Олар да “жақсы” деп келіскен. Бірақ соған қарамастан рұқсатсыз ауыстырып тастады,” – деді Гүлсім. 

Гүлсімнің сөзіне сүйенсек, сарбаздың №12 қалалық клиникалық ауруханада тапсырған анализдері таза шыққан. Дәрігерлер басында тек ісік бар екенін айтқан. Бірақ ол ісік өзі кетеді, қауіпті емес деп түсіндірген. 

“[Әскери госпитальге] барған кезде балам менің қолымды қатты қысып алды. Көзінен жасы шығып, қолымды жібермеді. Қолымды қысқан ізі 1 аптадай кетпей тұрды”, – деді анасы. 

Гүлсім сол сәтті тағы да есіне түсіріп отырып, біраз уақыт үнсіз қалды. Кейін назары қайта сұқбатқа ауып, тілшінің кезекті сұрағын күтіп отырғандай ишара берді. 

Ербаянды санитарлық авиация қызметкерлері алып кетуге келген сәт. 27 қыркүйек, 2024 ж. / Фото: Мөлдір Қабыкен

Гүлсім баласының бұл әрекетіне алаңдап, 5571 әскери бөлімнің командирі Оспанбек Бақдаулетке хабарласып себебін сұраған. Бақдаулет алаңдауға еш себеп жоғын айтып, анасын сендірген. 

Гүлсім 14 қаңтар күні таңертең 9:00-де әскери госпитальге баруы керек болғанын айтты. Бірақ көлік бұзылып, кешігіп жеткен. Келген кезде госпиталь дәрігерлері баласының басына ота жасап, бас сүйегі мен миының бір бөлігін алып тастағанын білген. 

Ол уақытты созу үшін госпиталь дәрігері әдейі асықпай келуімді айтты, деп күдіктенеді.

“Ота сол күні сағат 10:00-де болған. Госпиталь жетекшісінің орынбасарына хабарласып, мен кешігіп жатырмын деп, мән-жайды түсіндірдім. Асықпауымды сұрады. “11-12-де келсеңіз болады, мен де сол уақытта жиналыстан шығамын” деп айтты”, – деді анасы ашынып.

“Балама кірсем, ешқандай реакция жоқ, көріп жылап шығып кеттім”, – деді Гүлсім. 

Ербаян ісінің тергелуі

MNU Newsroom редакциясы Ербаянға жасалған отаға қатысты Ішкі істер министрлігіне хат жолдады. Құзырлы орган “Мұхтардың бас жарақат алу фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 440-бабы 3-бөлігі 4-тармағы (денсаулыққа ауыр зиян келтірумен ұштасқан әскери қызметшілер арасындағы жарғыдан тыс қарым-қатынастар) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру” жүргізіліп жатқанына меңзеп, сұрақтарға жауап бермеді. 

Редакция министрлікке әскерде әлімжеттік жасады деп күдікке ілінген әскери қызметкерлер мен Ербаянға ота жасау себебін әрі сол кездегі науқастың жағдайы туралы бірқатар сұрақ жолдады. Бірақ оларға да жауап берілмеді. 

Ербаянның қоғамдық қорғаушысы Инга Иманбай Оrda.kz басылымына 13 маусымда берген сұқбатында Ербаян дәретханаға барған кезде дәретханада басқа да сарбаздар болғанына назар аудару керегін айтады. 

“Түнгі сағат 2-де әскери бөлім дәретханасында неге 8 адам жүр? Олар онда не істеп жүр? Сосын сонда [Ербаян] комаға түседі”, – деген ол. 

Инга Иманбай жұбайы Жанболат Мамай саяси белсенділігі үшін қуғындалғанда оның қорғаушысы болған. Кейіннен Мамай секілді азаматтардың мүддесін қорғауға белсене кіріскен. Биыл маусым айынан бері ол Ербаянның отбасына құқықтық көмек көрсетіп келеді. 

Ербаянның ата-анасы мен қоғамдық қорғаушысы пресс-брифинг кезінде. 17 қыркүйек, 2024 ж. / Фото: Мөлдір Қабыкен

Инганың сөзінше, Ербаянның ісі бойынша жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттері бірінші алты айда жүрмей, тоқтап қалған. Ол құзырлы органдарға шағымданғаннан кейін іс қайта қарала бастаған. Тергеушілер ауысып, тергеу жұмыстарына Ербаянның ата-анасы да қатыстырылған. 

Хамит Айтмағамбетов AIRAN YouTube-арнасына 24 тамызба берген сұқбатында тергеушілермен бірге Ербаян құлаған дәретхана алдындағы камераға жазылған видеоны көргенін айтқан. 

“Сол камерадан көргеніміздей, ұлым дәретханаға кіреді. Ал 1 минут 50 секунд өткеннен кейін оны төрт сарбаз көтеріп алып шығады”, – деген еді ол. 

Айтмағамбетовтің айтуынша, дәретханада әскери шені жоғары сержант та болған. Ол онда Ербаянға дейін кіріп, құлағаннан кейін шыққан. 

Оңалу үдерісі

Отадан кейін әскери госпиталь дәрігерлері Гүлсімге науқасты Астанаға алып кетуіне кеңес берген. Алайда отадан енді шыққан баласын ұзақ жолға шығаруға анасы келіспеген. Ол “жол көтере алмауы мүмкін” деп қорыққан. 

Гүлсімнің айтуынша, госпитальдегі дәрігерлер “балаңызды алып кетіңіз, біз ешқандай кепілдік бере алмаймыз, балаңыз ауыр хәлде, өліп кетуі мүмкін” деп ескерткен. 

“Бәлкім мен алып кетіп, жолда бірнәрсе болғанын қалап тұрған шығар. Әйтпесе отадан жаңа шыққан баланы не себепті алып кет дейді”, – деді анасы күдікпен.

22 қаңтарда сарбаз №12 қалалық клиникалық ауруханаға қайта ауыстырылады. Сол айда Ербаянның Астанадағы атасының денсаулығы нашарлап, өмірден озады. Гүлсім мен Хамит баласын дәрігерлер қарауына қалдырып, жылдам Астанаға кетуге мәжбүр болады.

Олар Астанаға кетсе де, Алматыдағы қалалық ауруханаға күнде қоңырау шалып, баласының жағдайын сұрап тұрған. Дәрігерлер оның ақырын оңалып келе жатқанын айтса да, 24 ақпан күні Ербаян қайта комаға түседі. 

Қарындасы Құндыз Алматыдағы дәрігерлер Ербаянға тағы бірнеше ота жасады, деп күдіктенеді. Ол Ербаянның аяғы мен басында тыртық пайда болғанын көріп, солай топшылаған. 

Алайда дәрігерлер мұны жоққа шығарған. Құндыздың айтуынша, бастапқыда мән-жайды түсіндірмей, жауап беруден жалтарған. Тек үш күннен кейін басына тері жамау қажет болған соң, аяғынан алғанын түсіндірген. 

Гүлсім ұлы Ербаянның қолып ұстап отыр. 22 қыркүйек, 2024 ж. Фото: Мөлдір Қабыкен

Ағасы Наурызбай кейін қосымша жасалған оталарға қатысты құжаттарды талап еткен. Бірақ дәрігерлер еш құжат не анықтама көрсете қоймаған.

“Бірінші кіргенде сенбедім. Танымай қалдым. Көз алдымда сау жүрген інімді осындай жағдайда көремін деп ойламадым. Жүрегім қатты ауырды”, – дейді Наурызбай.

Алматыдан Астанаға

Ербаян өмір мен өлімнің арасында жатса да, мойымай күресті. Екі айдан астам уақыт комада жатып, 11 сәуірде оянды. 

“Екінші рет комадан шыққанда [ол өзіне] өте ауыр болды. Жарты миын алып тастаған. Екі көзі қып-қызыл, өте әлсіз болды. Түрін танымадым, Ербаян емес сияқты көрінді”, – деді Құндыз. 

Қарындасының айтуынша, Алматыдағы қалалық аурухана дәрігерлері Ербаян ояу болса да, еш реакция танытпайтынын айтқан. Қарындасы “мұнымен келіспедім” дейді.

“Дәрігерлер “ағаңыздың ойлау қабілеті жоқ, ол көрсетіп жатқан реакциялар өзінікі емес” деді. Бірақ мен қасында болғанда дәретке отырып қойса, не асты суланып кетсе, бір жері ауырып тұрса барынша реакция беруге тырысатын. Егер ойлау қабілеті болмаса, түк болмағандай жата беруші еді”, – дейді ол.

Хамит пен Гүлсім Ербаян әлсіз болса да, оянғаннан кейін оны Астанаға жеткізіп, емін сонда жалғастыруды ойлайды. Олар қалалық ауруханадан анализ қағаздарын алдырғанда құжатта баласын “мәйіт” деп жазып қойғанын көрген. “Дәрігерлер шатасқан болар”, деп тағы сұратса, дәл сол құжаттарды алған. 

“Демек өз жоспарлары болған. Баламды не өлтірмек болды, не тірі өлік етіп қалдырғылары келді. Әйтпесе екі рет маңызды құжатта қалай қателесуге болады”, – дейді Гүлсім ашуға ерік беріп.

Биыл 5 шілдеде Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық авиация қызметі сарбазды Алматыдан Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығына жеткізді. Кейін Ербаян елордадағы орталықта шілденің соңына дейін ем алды. Ол сонда 1-топ мүгедегі деп танылады. 

Үмітін жоғалтпаған ата-ана

Сарбаздың ата-анасы үкіметке сенуден қалған. Олар баласын емдеуге бар жағдайды жасауға тырысып жүр. Сондай-ақ, Ербаянды осыған жеткізген азамат жазасын алуы керек деп, сотқа дейінгі тергеу баяу жүріп жатқанына шағымданады. 

Олар баласын Ұлттық нейрохирургия орталығындағы емі біткеннен кейін үйіне шығарып алады. Гүлсім, Құндыз және өзге туыстары қолдарынан келгенше күтімін жасап жүр. 

“Басынан бастап өтірікпен басталған іс әлі өтірікпен келе жатыр. Мен Ербаянның өзі құлағанына сенбеймін. Менің ағам әлсіз емес. Ол футболшы, спортшы”, – дейді қарындасы Құндыз.

Хамит пен Гүлсім Ұлттық ұлан командирлері “Ербаянның еміне көмектесеміз” деп уәде бергенін айтты. Содан олар алғашқы 3 ай бойы үндемей, баласының сауығып кеткенін күткен. 

Хамиттің сөзінше, тіпті істі жабу үшін әлдебіреулер қомақты ақша мен үй ұсынған екен, алайда олар келіспеген.

Ербаянның артынан ерген екі қарындасы және інісі бар. 19 жастағы Құндыз ағасының оңалуына жәрдемдесу үшін университеттегі оқуын тастап кеткен. Гүлсім де жұмысынан шығып, күнделікті баласының күтімін жасап жүр. Қазір отбасында тек әкесі көлік жүргізіп нәпақа табады. 

Хамит баласы Ербаян үйге шыққаннан кейін оған кәсіби күтім қажет болғаннын айтты. Үйге келіп оған қарайтын арнайы медбике жалдаған. 

Туыстары Ербаянның видеоларын әлеуметтік желілерде таратып, көптен көмек сұраған. Сарбаздың жағдайына бейжай қарамайтын азаматтар “Ербаянның емі үшін” деп анасының банк картасына ақша аударып отырған. 

Ұлпан Серікбаева Ербаянға денесін шынықтыруға көмектесіп жатыр. 6 қыркүйек, 2024 ж. Фотоскрин: Instagram | erbayan2024

Ұлпан Серікбаева есімді емге арналған дене шынықтыру маманы Ербаянның Instagram-да тараған видеоларын көріп, қозғалыссыз жатқандықтан бұлшықеттері тартылған және көп салмақ жоғалтқанын көрген. Дәрігер сосын сарбаздың туыстарына шығып, тегін көмектескісі келетінін жеткізген.

Серікбаева тамыз айынан бері бір ай бойы Ербаянның аяқ-қолының бұлшықеттері өсуін ынталандыратын жаттығулар жасап келгенін айтады. 

“Ең басында Ербаянның динамикасы төмен болды. Денесі қозғалмай, тек көзбен қимылдайтын. Қазіргі жағдайы қалыпты. Есте сақтауы, қимылдарды қайталауы жақсы. Көзбен барлығын көріп, түсінеді, қайталайды”, – деді ол. 

Гүлсім Ербаянның аяққа тұрып кетуі үшін тағы да интенсивті ем алуы керек болды дейді. Сол үшін олар ұлын Германияға алып барып емдеуді жоспарлай бастайды. Оған қомақты қаражат керек екенін пайымдайды.  

Тамыз айында Айтмағамбетовтер отбасы сол жоспарын баршаға айтып, көмек сұрайды. Небәрі бірнеше күнде көмекке 218 миллион теңге жиналады. Германиядағы емдеу үдерісіне қанша қаражат қажет екенін білмегендіктен, олар қор жинауды тоқтатпайды.

Наурызбай Мұхтар Instagram мен TikTok-та Ербаянға арнап аккаунттар ашып, күнделікті жаңалықтарды, сарбаздың жағдайын айтып отырады.

25 қыркүйекте Наурызбай Instagram-аккаунтқа тікелей эфирге шығып, Германияға бару мүмкіндігі кешігіп жатқанын айтты. Себебі Ербаян ағзасынан инфекция табылған. 

Наурызбай Ұлттық нейрохирургия орталығының мамандары анықтаған инфекция себебінен Германиядағы клиника қабылдамайтынын мәлім етті.

“Ал Германиядағы басқа клиникамен келіссөз жүргізуге тағы бірнеше ай кетіп қалуы мүмкін”, – деді ол. 

Туыстары ұлын Германияға бару мүмкіндігі кешіккеннен кейін дәрігерлермен ақылдасып, Түркиядан клиника іздей бастайды. 

Қыркүйектің 25-не дейін сарбаздың еміне 250 миллион теңгедей қаржы жиналған. 

Ал 27 қыркүйек таңғы сағат 8:00-де Ербаян ата-анасымен Қорғаныс министрлігінің әскери ұшағымен Стамбұл қаласына ұшып кетті. Олармен бірге ұшақта санитарлық авиация қызметкерлері болды. 

“Алла жазса, Түркияда 90 күн боламыз деп отырмыз. Олар әзірге үш айға шақыртып жатыр. Сосын ары қарай еміне байланысты көреміз”, – деді Хамит Айтмағамбетов ұшып кететін күні. 

Сарбаздың туыстары әзірге қай клиникада және қандай ем алатынын айтпайтынын мәлімдеді. Отбасы Ытанбұлға жеткенде желіде фото жариялады

Ербаян Стамбұлдағы клиникаға жеткізілгеннен кейінгі сәт. 27 қыркүйек, 2024 ж. Фото: Instagram | erbayan2024

Қазақстанда қалған Наурызбай Мұхтардың сөзінше, Ербаян Стамбұлда толық тексеруден өткен. Түрік дәрігерлері сарбаздың басының оң жақ бөлігіне пластик немесе титан қоюды жоспарланғанын тілге тиек етті. 

Ал Ербаянның қоғамдық қорғаушысы Инга Иманбай 10 қазанда тергеу амалдары тоқтап қалғанын айтып тағы шағымданды. Ол маусым айында сот медициналық сараптаманы қайта жасау керегін айтқанын, бірақ әлі күнге дейін жасалмағанын сөз етті. 

Иманбай қазан айының ортасында Алматыдағы оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасына Ербаян Мұхтардың ісі бойынша барып, тергеу ісімен танысқан. 

“1 қазан күні қаулы шығыпты, Ербаянға қатысты негізгі қылмыстық істен бөлек, әскери госпитальде және №12 қалалық клиникалық ауруханада болған дәрігерлердің іс-әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеле бастаған”, – деді ол. 

MNU Newsroom дәрігерлердің іс-әрекеті туралы Ішкі істер және денсаулық сақтау министрліктеріне хат жолдады. Бірақ құзырлы органдар тергеу амалдарының аяқталмағанын айтып, сұрақтарды жауапсыз қалдырды.

Кейінгі жылдары қоғамда Қазақстан әскерінде оқыс оқиға не суицид есебінен өмірден өткен сарбаздар жиі талқыға түсіп жүр. Ербаян қызмет еткен 5571 әскери бөлімде 2022 жылы 9 тамызда Алмаз Шахимов есімді өзге бір Ұлттық ұлан сарбазы қайтыс болды. Ресми мәлімдемеде оның өлімі дауыл тұрғанда басына шатыр құлап кеткен деп түсіндірілген. Шахимовтың анасы екі жылдан кейін сарбаздың денесіне эксгумация жасатып, оның денесі пышақталғанын, соның салдарынан өмірден айтты.

Биыл мамыр айында Жамбыл облысы Отар қаласына әскерге барған қостанайлық Нұржігіт Әбділпатта бірнеше апта өтпей ауруханаға түседі. 19 жастағы сарбаз көп өтпей комаға түсіп, бір айдай жан сақтау бөлімінде жатады.

Нұржігіт Әбділпаттаның әскерде түскен фотосы / Фото: azattyq.org

Нұржігіттің анасы Азаттық радиосына берген сұхбатынла баласы әлімжеттік көргенін айтқан. Қорғаныс министрлігі мұнымен келіспей, сарбаз пневманияға шалдыққанын айтып, денесінде “қандай да бір соққы және зақымдану ізі болмады” деген. 

Бұған дейін де Әбділпатта қызмет еткен № 30212 әскери бөлімде сарбазды азаптауға қатысты шу болған. 2022 жылдың сәуір айында Маңғыстау облысынан әскери борышын өтеуге барған Әлібек Қалбай есімді сарбаз төрт күннен кейін жұмбақ жағдайда мерт болған. Тергеу амалдары сарбазға қатардағы өзге жауынгерлер ауыр соққы жасағанын көрсетті.

Қыркүйектің басында қазақстандықтар әскери борышты өтеуді міндеттеуді тоқтатуды талап етіп, петиция жариялады. Үкімет бекіткен ереже бойынша петицияны 50 мың азамат қолдаса, ондағы көтерілген мәселе қаралуға тиіс.

Петиция авторы кейінгі жылдары қоғамдық талқылауға түскен оқыс оқиғаларға сілтеп, әскери қызметті міндетті емес кәсіби құрылымға ауыстыру қажет екенін жазған. Петицияны қысқа уақытта 60 мыңдай азамат қолдаса да, кейін үкіметтің модерациясынан өтпей қалды. 

Qumash ресурсының жазуынша, Қорғаныс министрлігі ел конституциясына сілтеп, “қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысты мәселелер петицияда көтерілуге жол берілмейді” деген. 

Ал он айдан аса уақыт төсекке танылған Ербаян Түркияда емін жалғастырып жатыр. Таяуда әлеуметтік желідегі парақшасында жағдайы тұрақты екенін хабарлады. 

“Ербаянның бұрынғы қалпын күнде елестетемін, бұрынғыдай жүгіріп келіп, құшақтап “мама” деген сөздері бәрі құлағымда”, – дейді анасы көзіне жас алып.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *