Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the cyrlitera domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/mnu.kz/newsroom.mnu.kz/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the jetpack-boost domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/mnu.kz/newsroom.mnu.kz/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/mnu.kz/newsroom.mnu.kz/wp-includes/functions.php on line 6114
Жатыр мойны обыры: қатерлі ісікпен күрес қайта жанданды - MNU Newsroom
Чт. Ноя 21st, 2024
Фото: verywellhealth.com

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемде жыл сайын 600 мыңнан астам әйел жатыр мойны обырына шалдығады және 340 мыңдайы бұл аурудың салдарынан қайтыс болады. Осы қатерлі дерттің алдын алу үшін Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы екпе егу бағдарламасы 2024 жылы қайта іске қосылды. Мамандар елдегі 9 өңірде басталған жаңа науқан кезінде 2013 жылы өткен пилоттық жобадағы сәтсіздіктер ескеріліп, ақпараттандыру жұмыстары күшейтілгенін айтады. Алайда екпеге қатысты қоғамда ата-аналар тарапынан екіұшты көзқарас та жоқ емес. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі вакцинаның обырдың алдын алуда тиімді екенін айтады.

Шымкент қаласында тұратын Әсем (ред. — есімі өзгертілді) онкологиялық ауруға шалдыққанын білгенде қатты қорқып қалған. Оның төрт баласы және үш немересі бар. Қазір жатыр мойны обырымен ауырып жүргеніне бір жылдан асқан. 

“Қынаптан мезгілден тыс қан шыға бергендіктен, жедел жәрдем шақырттым. Кезекші дәрігерлерге барып, ультрадыбыстық зерттеуден өттім, анализ тапсырдым. Он күн өткен соң анализдің нәтижесіне қарап, мені басқа дәрігерге жіберді. Сол дәрігердің қабылдауынан кейін маған жатыр мойнының түймешігі деген диагноз қойылды. Аптасына бір рет Ташкент қаласынан арнайы дәрі сатып алып, дәрігер мені бір ай бойы емдеді”, – дейді ол.

Бірақ ол емнің нәтижесі болмаған. Сосын басқа дәрігердің жазып берген дәрісін үш ай ішкен. 

Әсем қайта тексерістен өткен кезде түймешік әлі кетпегенін көреді. Содан кейін орталықтағы бас дәрігерге барған. Бас дәрігер азаматшаға онкологқа баруға кеңес береді. 

“Онкология дегенді естігеннен кейін қатты қорқып қалдым. Амал жоқ болғасын консультацияға бардым. Қатерлі ісік бар екенін анықтады. Ендігі кезекте ауруханаға жатып, химиотерапиядан өту керек болды. Бірақ қорыққанымнан оған келіспей, өз бетімше емделуге тырыстым. Түрлі дәрумендерді ішіп жүрдім, ештеңе көмектеспеді”, – деп ағынан жарылды. 

Қазақстанда кейбір дамыған елдерге қарағанда жатыр мойны обыры көбірек кездеседі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, обырға 25-44 жас аралығындағы әйелдер жиі шалдығады және сүт безі қатерлі ісігінен кейін екінші орында тұр. 

Жыл сайын шамамен 1900 адамға жатыр мойны обыры деген диагноз қойылып, оның 600-дейі соның салдарынан қайтыс болады.

Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының ақпаратына сәйкес, кейінгі жылдары жатыр мойны қатерлі ісігі тіпті жасарған. 22-23 жастағы әйел адамдарда бұл ісік соңғы 3 пен 4-сатыға жеткенде анықталып жатыр. 

Қазір Әсемнің дерті соңғы төртінші сатыға жеткен. Дәрігерінің айтуынша, дұрыс емделмегендіктен ауруы асқынып кеткен. Ісіктің кесірінен екі бүйрегінен қуық арқылы зәр жүрмей қалған. Бүйректеріне ота жасатып, енді несепағар арқылы қуыққа орнатылатын жұқа түтік фолей катетерімен жүр. Зәр қуықтан сол түтік арқылы шығады.

Дәрігерінің айтуынша, қазір науқастың денсаулығы өте нашар, көп салмақ тастаған. Әзірге дәрігер жазып берген дәрілерін ішіп, үйінде ем алып жатыр.

Жатыр мойны обыры деген не?

Жатыр мойны обыры – жатыр мойны эпителийінде пайда болатын қатерлі ісік. Жатыр мойны – жатырдың төменгі жағы. Ол жатырды қынаппен байланыстырады. 

Астана қаласында онкогинеколог болып жұмыс істейтін Айгерім Қуанышеваның сөзінше, аурудың симптомдары бастапқы кезеңдерде аса байқалмайды.

“Бірінші және екінші сатыларда қынаптан сұйықтық шығып, жыныстық қатынас кезінде қан шығуы мүмкін. Анық байқалатын белгілер, өкінішке қарай, ауру асқынып кеткен кезде, соңғы сатыларда пайда болады. Мысалы іштің төменгі жағы қатты ауырады, қынаптан шығатын су иісі жағымсыз болады, менструациядан тыс қан шығады”, – дейді дәрігер.

Онкогинеколог “бұл симптомдар обыр асқынып кеткен кезде көрінгендіктен, әйелдердің көбі аурудан толық жазылу мүмкіндігінен айырылады” дейді.  

Жатыр мойны обырына шалдыққан кейбір әйелдер бұл дерт туралы ашық сөйлесе бермейді. Өйткені диагноз қойылған сәтте олар психологиялық тұрғыдан қинала бастайды. 

Мұндай кезде жақын адамдардың қолдауы аса қажет, дейді дәл осы ауруға тап болған астаналық Салтанат (ред. – есімі өзгертілді)

Оның жасы 56-да. Жатыр мойны қатерлі ісігі диагнозы оған 2017 жылы қойылды.

“Негізі менде анық байқалған симптомдар болмады. Менструация кезінде қынаптан жиі қою сұйықтық шығып тұрды. Бірақ еш жерім ауырған жоқ. Осы туралы нақты білу үшін жергілікті емханадағы дәрігердің консультациясына жазылдым. Дәрігердің қабылдауынан кейін мені көпсалалы медицина орталығына жіберді. Ауруханада жатыр мойнының биопсиясына анализ тапсырдым”, – деді ол.

Анализдің нәтижесі обырдың үшінші кезеңін көрсеткен.

“Сол сәтте не істеу керегін түсінбедім. Себебі қынаптан шыққан сұйықтық тоқтады, өзімді жалпы жақсы сезіндім. Мұнымен қоса, қосымша дәрі ішіп жүрдім. Тіпті Түркияға демалысқа ұшып кеткен едім”, – деді азаматша. 

Астаналық Қазақстанға қазанның соңында оралғанда оған дәрігері хабарласып, анализ нәтижесі нашар екенін түсіндірген, дереу емді бастау керегін айтқан. Дәрігері өзге онколог әріптестерімен кеңесе отырып, оны ауруханаға жатқызуға шешім қабылдайды. Бұл 2017 жылдың қараша айында болған.

“Алдымен сәуле терапиясын алдым, сосын бір ай үзілістен соң химиотерапиядан өттім. Химиотерапияны 2018 жылдың ақпан айында ала бастадым. Біріншісін оңай көтерсем, соңғысынан қатты қиналдым. Бір химиотерапиядан келесі химиотерапияға дейін маған 21 күн берілді, өйткені ағзам осы уақыт ішінде қалпына келіп үлгеруі қажет болды”, – деп айтты ол.

Астаналық науқас ем процесінен кейін қайта анализ тапсырып, ісіктің жоғын анықтаған. 

Сол жылы науқас елдің оңтүстігіне көшіп, жылы климат аймағында бір жыл бойы денсаулығын қалпына келтірген. Әр жарты жыл сайын тексеріліп, анализ нәтижесі жақсы шыққан.

Алайда 2019 жылы Астанаға көшіп келіп, анализ тапсырғанда қатерлі ісік қайта өрши бастағанын біледі. Дәрігердің болжауынша, оған суық тиген. Содан кейін 2020 жылы ауруханаға жатып, тағы химиотерапиядан өтеді.

“Бұл жолы психологиялық тұрғыда дайын болдым”, – дейді елордалық науқас. 

Ол сол жылғы химиотерапия жеңіл өткенін, алған дәрумендердің әсері болғанын айтады. Кейінгі анализ нәтижесі оң шыққан. “Қазір өзімді өте жақсы сезінемін”, — деді ол.

Фото: levita-med.ru

Адам папиллома вирусы деген не?

Адам папиллома вирусы (АПВ) – көп жағдайда жыныстық жолмен берілетін кеңінен таралған инфекция. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыныстық қатынасқа жиі түсетін адам белгілі бір кезеңде папилломавирусты өзіне міндетті түрде жұқтырады және оның еш белгілері байқалмауы мүмкін. 

Инфекция 25 жасқа дейінгі әйелдер мен еркектерде көп таралған. Статистикалық мәлімет бойынша, әр адамның папилломавирусқа шалдығуының ықтималдығы 80 пайызға жетеді. Яғни, әр сегізінші әйел мен еркектің ағзасында бұл вирус белгілі бір кезеңде тұрақтайды.

Мамандар вирустың жұғу мүмкіндігін жыныстық қатынас кезінде мүшеқапты пайдалану арқылы төмендетуге болатынын айтады. Алайда ол вирустан толықтай қорғамайды, себебі жыныстық мүшенің терісі толығымен жабылмайды. 

Вирус әдетте 12-24 ай аралығында ешбір емсіз, ағзаның иммундық жүйесінің күресі арқылы жойылады. Алайда жоғары онкогендік қаупі бар вирустың түрімен ауырғанда, он жағдайдың кем дегенде біреуінде инфекция созылмалы түрге ауысып, ағзада тұрақтап, кейін қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін.

Жатыр мойны обырының адам папиллома вирусымен байланысы қандай?

Онкогинеколог Айгерім Қуанышеваның сөзінше, жатыр мойны обыры туындауының ең негізгі себебі, 99 пайыз жағдайда, адам папиллома вирусының әсерінен болады.

Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының мәліметіне сәйкес, адам папиллома вирусының 200-ден астам түрі бар. 

Онкогендік қаупі жоғары түрлері жыныстық қатынас арқылы беріліп, жатыр мойны обыры мен басқа да қатерлі ісіктерді тудырады. Ал онкогендік қаупі төмен вирустың түрлері жыныстық мүшелерде сүйелдердің шығуына алып келеді. 

“70 пайыз жағдайда жатыр мойны обырын АПВ 16 мен АПВ 18 онкогендік түрлері тудырады”, — дейді онкогинеколог Қуанышева.

Бүгінде папилломавирустың онкогендік қаупі жоғары деп танылған кем дегенде 12 түрі белгілі. Оларға 16, 18, 31, 33, 35, 39, 45, 51, 52, 56, 58, 59 және 68 түрлері жатады. Онкогендік қаупі ең жоғары инфекция түрлеріне АПВ 16 мен АПВ 18 жатады. 

1970 жылдардың соңынан бастап түрлі ғалымдар клиникалық зерттеулер жүргізу арқылы папилломавирустың жаңа түрлерін анықтай бастады. Бірақ олардың жатыр мойны обырына қатысы болмады.

Неміс ғалымы, вирусолог Харальд цур Хаузен бастаған топ 1983 жылы инфекцияның 16-түрін, 1984 жылы 18-ші түрін анықтағаны туралы мақала жариялайды. Зерттелген қатерлі ісіктердің басым көпшілігінде вирустың екі түрі де табылған. 

Сол жылы жатыр мойны обырының адам папиллома вирусымен байланысын анықтағаны үшін вирусологқа Нобель сыйлығы табысталды.

Адам папиллома вирусы жатыр мойны шырышты қабатының эпителий жасушаларына жұғады. Вирустың ДНҚ-сы жасушалардың геномына ену арқылы обыр пайда болады. 

Ғалымдардың зерттеуінше, бұл процесс шамамен 10-30 жылға дейін созылуы мүмкін. Неміс вирусологының бұл жаңалығынан кейін қатерлі ісікке қарсы вакцинаны өндіру жолға қойылды.

Фото: doctor-anna.ru

Сәтсіз аяқталған жоба

2013 жылы Қазақстанда 12-14 жастағы қыз балаларды адам папиллома вирусына қарсы вакциналау процесі басталды. Бұл пилоттық жоба елдің төрт өңірінде өткен. Олар – Атырау мен Павлодар облыстары және Алматы мен Астана қалалары. 

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, пилоттық жоба кезінде 7172 қыз балаға бір дозадан егілсе, 4217 қыз бала толық үш доза қабылдаған.

Алматыда вакцина алған қыздардың бірі Еркежан Тасболатова болған. Оның анасы Жанар Қайдарова Алматы қаласында ауруханада жұмыс істейді және қызына 11 жыл бұрын екпе салуға өзі келісім бергенін айтады. 

“Қызым үш рет салынатын екі валентті вакцина алды. Екпе егілген соң бір күн бойы өзін әлсіз сезініп жүрді, өйткені ағзаның вакцинаға реакциясы сондай болды. Дегенмен бұдан басқа еш жері ауырған жоқ”, – деді ол. 

Қазір қызы 23-те. Отбасын құрған, бір баласы бар. Екіншісіне аяғы ауыр. Анасының сөзінше, денсаулығына қатысты проблемасы жоқ. 

Адам папиллома вирусына қарсы вакцинаның үш түрі белгілі. Екі валентті вакцина (Cecolin, Cervarix, Walrinvax) вирустың 16, 18-түрлерінен, төрт валентті вакцина (Cervavac, Gardasil) 6, 11, 16, 18-түрлерінен, ал тоғыз валентті вакцина (Gardasil 9) инфекцияның 6, 11, 16, 18, 21, 33, 45, 52 және 58-түрлерінен қорғайды. 

2015 жылы Павлодар облысында екі жасөспірім қыз екпе салғаннан кейін денсаулығы күрт нашарлағанына шағымданып, есінен танып қалған болатын. Кейін тапсырған анализдердің нәтижесінен мұның вакцинаға қатысы жоқ екені белгілі болды.

Денсаулық сақтау министрлігінің «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының директоры Айнагүл Қуатбаеваның айтуынша, әр қыздың екпе егу процесінде туындайтын стресске өзіндік психоэмоционалды реакциясы болады. 

“Мұндай реакция әдетте жасөспірімдер арасында, әсіресе қыз балаларда кеңінен таралған. Реакцияның екпе сапасына ешқандай қатысы жоқ, ол дәлелденген нәрсе”, – деді ол. 

Мамандар вакцинаның қаупі не ауыр салдары жоғын түсіндірсе де, қоғамда екпеге қарсы теріс көзқарас жиілеген. 2017 жылы Астанадағы 66 мектеп-лицейде оқыған Мәриәм Әділетқызы бірқатар сыныптасына папилломавирусқа қарсы екпе егуге ата-анасы рұқсат бермегенін айтады. 

“Біздің сыныпта отыз оқушы болған, оның жартысы қыз балалар еді. Соның ішінен тек екі оқушыға екпе екті, оның бірі мен болдым. Қателеспесем, мен тек бір доза алдым. Өзімді бір-екі күн бойы әлсіз сезіндім, бірақ кейін жағдайым жақсарып, оқуға қайта оралдым”, – дейді 19 жастағы Мәриәм.

Денсаулық сақтау министрлігінің екпе егу науқанынан кейін жариялаған есебінде павлодарлық жасөспірімдердің оқиғасы басқа да балалар мен олардың ата-аналарында вакцинаға негативті көзқарасты қалыптастырғаны жазылған. Оқиғадан кейін ата-аналар жаппай келісім беруден бас тартып, нәтижесінде пилоттық жоба жабылды.

Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институты кейін пилоттық жобаның тиімділігін бағалау үшін зерттеу жұмысын жүргізген. Оған вакциналанған 803 адам мен вакцина алмаған 798 адам қатысқан.

Зерттеудің нәтижесіне сәйкес, екпе екпеген әйелдердің 17,2 пайызында, ал вакцина алған әйелдердің 0,8 пайызында вирус анықталды. Инфекция көбінесе 25 жасқа дейінгі әйелдерде анықталған. 

“Өкінішке қарай, папилломавирусқа қарсы иммунизация жобасын ары қарай жалғастыру қиынға соқты. Себебі медициналық қызметкерлердің кәсіби даярлығы жеткіліксіз болды, қоғамды ақпараттандыру жұмыстары дұрыс ұйымдастырылмады. Дегенмен 2013 жылғы тәжірибе қазір Денсаулық сақтау министрлігіне олқылықтарды жоюға көмектеседі”, – деп топшылайды эпидемиолог Айнагүл Қуатбаева.

Фото: egemen.kz

Жаңа вакциналау бағдарламасы

2024 жылдың 17 қыркүйегінде Қазақстанның бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова адам папиллома вирусына қарсы вакцинацияны ұйымдастыру және жүргізуге қатысты қаулы шығарды. 

24 қыркүйектен бастап папилломавирусқа қарсы вакцинация елдің 10 өңірінде жүргізіле бастады. Олар – Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Жетісу, Түркістан, Ұлытау облыстары және Астана мен Алматы қалалары. 

Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасына сәйкес, 2024 жылдың қыркүйек айына дейінгі мерзімде жатыр мойны обыры 1273 адамда анықталған. 

Былтыр Қазақстанның әрбір 100 мың тұрғынына шаққанда 10 азамат жатыр мойны обырымен ауырды. Өңірлерде бұл көрсеткіш әртүрлі. Мәселен сырқаттанғандардың ең жоғары көрсеткіші Ұлытауда (100 мың тұрғынға шаққанда 22,1) байқалған. Сосын тізімде Павлодар (16,3), Шығыс Қазақстан (14,7), Ақмола (13,8), Батыс Қазақстан (12,2), Қарағанды (12,3) және Абай облыстары (11,8) тұр.  

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы папилломавирусқа қарсы вакцинация 9-14 жастағы қыз балаларға жүргізілуі керек деп ұсынады. Бұл жас аралығында тұрақты иммунитет қалыптасатындықтан, екпе егу тиімді деп бекіткен.

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметіне сәйкес, Қазақстанда папилломавирусқа қарсы төрт валентті Gardasil атты вакцина қолданылады. Ол вирустың төрт түрінен қорғайды. Вакцинаның өндірушісі — Merck Sharp & Dohme (АҚШ) компаниясы.

Бұл компания өндіретін вакцина әлемнің 120-дан астам елінде қолданылады. Олардың қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария, Мексика және Еуроодақ елдері бар.

Бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі шеңберінде жоспар бойынша вирусқа қарсы 11 жастағы қыздарға екпе егіледі. Сонымен қатар, қосымша екі жас тобын (12 және 13 жастағы қыздар) вакциналау туралы шешім қабылданған. Вирусқа қарсы екпе егу ата-анасының келісімімен жүзеге асырылады.

Алматылық Жаннұр Болатқызының 11 жастағы қызы оқитын 148 мектеп-гимназиясында папилломавирусқа қарсы екпе егу басталғанын айтты. Болатқызы қауіпті қатерлі ісікке қарсы екпе егуді үкімет өз міндетіне алғанын қуана айтады. Бірақ өз қызына биыл екпе алуға рұқсат бермеген.

“Жалпы бұл вакцинаға мен өзім қарсы емеспін. Біздің елге алғаш рет келіп жатқанымен, шет елдерде бірнеше жылдан бері салынады екен. Тіпті білуімше, кейбір мемлекетте ақылы түрде вакциналайды. Салыстырмалы түрде Қазақстанда екпенің тегін болуы мені қуантады. Өйткені вакцина, ең алдымен, онкологиялық аурулардың алдын алады. Сондықтан әр қыз бала вакциналануы керек деп ойлаймын”, — деді ол.

Алайда алматылық ана екпе сапасын алдымен бақылап көргісі келетінін айтты.

“Осы жолы екпе егуге келісімін берген адамдардың тәжірибесі мен реакциясына қарап, келесі жылы міндетті түрде қызыма салдыртамын”, – деп түсіндірді ол. 

Factcheck.kz сайтының ақпаратына сәйкес, 2013-2015 жылдары болған пилоттық жобадан кейін папилломавирусқа қарсы вакцина туралы теріс ұғымдар тараған. Әсіресе, вакцина салдырған соң әйел адам бала көтермей қалады деген фейк қоғамда өте көп талқыланған. 

Оны ғылыми зерттеулер жоққа шығарды. Мысалы АҚШ-та жүргізілген бір зерттеуге 3483 әйел мен еркек қатысқан. Олардың 34 пайызы папилломавирусқа қарсы екпе қабылдаған. Анализдің нәтижесіне сәйкес, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдердің бала көтеру мүмкіндігі мен вакцинаның арасында еш байланыс болмағанын анықтаған. 

Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының зерттеуі де осыған ұқсас қорытындыға келді. Пилоттық жоба кезінде вакциналанған әйелдердің 130-дан астамы қазір ана атанған.

Екпеге қатысты тараған тағы бір миф – вакцина папилломавируспен ауырып жүрген адамға көмектеспейді. Зерттеуге сәйкес, вакцина салдыру арқылы адам вирустың басқа штаммдарынан қорғана алады.

Папилломавирусқа қарсы вакциналар 2006 жылдан бері қолданылып келеді. Сол жылы төрт валентті вакцина алғаш рет өндірілді. 2007 жылы екі валентті вакцина шығарылды. Ал тоғыз валентті екпе 2014 жылы қолданысқа енді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 2006 жылдан бері 100 миллионнан астам адамға вирусқа қарсы екпе егілді. Бұл үшін 270 миллионға жуық екпе дозасы пайдаланылды.

Астанадағы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығына қарайтын egu.kz сайтының мәліметінше, 2023 жылғы дерекке сәйкес, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше 194 елдің 135-і иммунизация бағдарламаларына папилломавирусқа қарсы вакцинацияны енгізді. Олардың қатарында Аустралия, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Дания, Жаңа Зеландия, АҚШ, Швеция, Швейцария секілді мемлекеттер бар.

Бұл елдерде папилломавирусқа шалдығатын, жатыр мойны обырымен ауыратын 18-35 жастағы әйелдердің саны 90 пайызға азайғаны анықталған.  

Ал ТМД елдерінің арасында адам папиллома вирусына қарсы екпені егу Армения, Грузия, Молдова, Түрікменстан, Қырғызстан және Өзбекстанда қолға алынған. 

Фото: arainfo.kz

Қазақстанда неліктен екпе тек қыз балаларға егіледі?

Папилломавирус жатыр мойны обыры дамуының негізгі факторы болғанымен, инфекция екі жыныста да түрлі онкологиялық ауруларды тудырады. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жүргізілген зерттеулерге сәйкес, папилломавирустың онкогендік қаупі жоғары түрлері әйелдердің жыныс мүшелерімен қатар, еркектердің де жыныс мүшелерінде, баста, мойында және көмейде қатерлі ісіктің пайда болуына алып келеді.

Эпидемиолог Айнагүл Қуатбаеваның сөзінше, әлемде 40-тан астам мемлекетте папилломавирусқа қарсы вакцина қыз бен ұлға тең дәрежеде салынады. 

Мұндай елдердің қатарына Аустралия, АҚШ және Еуропа мемлекеттері жатады. 

“Вакцинаны әйел мен еркекке бірдей салу тәжірибесі қысқа мерзімде жатыр мойны, тік ішек, тері, мойын, көмей обырларының және вируспен байланысы бар басқа да аурулардың азаюына ықпал ететіні сөзсіз”, – дейді ол. 

Сондай-ақ, дәрігер ұлдар мен ересек әйелдерді вакциналау екпенің қаржы тұрғысынан қаншалықты қолжетімді екеніне байланысты болатынын қоса айтты.

Денсаулық сақтау министрлігі берген мәліметке сүйенсек, қыздарға екпе егу олардың болашақ серіктестерін қорғауды қамтамасыз етеді және мұндай популяциялық иммунитет вирустың таралуын тоқтатуда өте тиімді болады. 

Зерттеуші, феминист Әйгерім Құсайынқызының ойынша, вакцинаны тек қыз балаларға салу вирустың әйелдерге қатысты қауіпті екенін мойындағанымен, оны жыныстық қатынастағы жауапкершілікті тек қыздарға арту арқылы шешу әділетсіз болып көрінеді. 

“Бұл тәсіл денсаулық сақтау жүйесінің біржақты көзқарасын көрсетеді, өйткені папилломавирус ұл балаларда да кездеседі, олар вирусты тасымалдаушы саналады. Мұндайда тек қыз балаларға екпе егу қоғамдағы гендерлік жауапкершілікті біржақты көрсетеді, әйелдер тағы да денсаулық мәселелері үшін ««»жауапты» ретінде қарастырылады, ал ұл балалардың рөлі ескерілмейді”, – дейді зерттеуші. 

Оның сөзінше, әйелдердің денсаулығына қатысты шешім қабылдағанда ұл балалардың денсаулығын назардан тыс қалдыру феминистік тұрғыдан әділетсіз.

Ал онкогинеколог Айгерім Қуанышева “папилломавирусқа қарсы екпені ұл балаларға салудың қажеті жоқ” дейді. 

“Еркек те, әйел де аурудың таралуына жауапты болғанымен, бұл вакцина нақты жатыр мойны обырынан қорғайды. Екпе иммундық жүйені жақсарту арқылы ағзада вирусқа қарсы антиденелерді қалыптастырады”, – деді дәрігер.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *