Жеңілдіктер мен акциялардың қақпаны
Өткен жылы Қазақстандағы электронды сауда көлемі 3 768,8 млрд теңгеге жеткен. Оның 3 237,5 млрд теңгесі яғни 86%-ы маркетплейстер арқылы жасалған. «Соңғы дана». «Тек бүгін -50% жеңілдік». «Себетте 10 минут қана сақталады» деген секілді жарнамалар миллиондаған қазақстандықтың миын жаулап, көрсеқызар етті. Бұрын дүкенге баруға, тауарды таңдауға, кассада төлем жасауға біршама уақыт кетсе, қазір сатып алу үшін бірнеше батырманы басу жеткілікті. Ал тауар бағасының жеңілдікпен көрсетілуі, бөліп төлеу деген мүмкіндіктер шешім қабылдауды одан бетер оңай етіп жіберді. Соның салдарынан көптеген қазақстандық қарыздың қамытын киіп, несиеге белшеден батып жатыр.

Маркетплейстердегі бөлшек сауданың ең үлкен үлесі телефондар мен гаджеттерге – 17,1%-ы, киім, аяқ киім және спорт тауарларына – 12,4%-ы тиесілі. Одан кейінгі тізімді үйге және саяжайға арналған тауарлар – 12,1%, тұрмыстық техника – 10,3%-ы, азық-түлік – 7,4% жалғаған.
Сонымен бірге «МойСклад» (moysklad.kz) сервисінің деректеріне сүйенсек, орындалған тапсырыстар саны бойынша Kaspi.kz көш бастап тұр – мұнда 1,7 миллионнан астам тапсырыс жасалған. Одан кейінгі орындарда Lamoda (20,6 мың) мен Wildberries орныққан. Дегенмен, орташа төлем көлемі жағынан көшбасшылар мүлде басқа: ең жоғары орташа чек Jmart.kz (735,6 доллар) және ForteMarket (610 доллар) платформаларында тіркелген. Ал Shop.kz арқылы жасалған орташа төлем 207,6 долларды, Halyk Market-те 186,4 долларды, ал Kaspi.kz платформасында 103,3 долларды құрайды.
Қазақстандықтар онлайн шопинг жасаудың шебері болып барады
Онлайн киім дүкенінің иесі Аяжан Ардаққызының айтуынша, әлеуметтік желідегі парақша арқылы тауарға қызығушылық танытатындардың басым бөлігі — жастар. Оның клиенттері арасында 18-30 жас аралығындағы қыз-келіншектер көп.
Кәсіпкердің өзі де сауда форматының өзгергенін мойындайды. Бұрын клиент дүкенге немесе базарға арнайы барып, бірнеше тауарды салыстыратын. Қазір Instagram-дағы бір видео немесе сторис адамның назарын бірден аударып, сатып алуға себеп болып жатыр.
Әсіресе жеңілдіктер мен акциялар шешім қабылдауды жылдамдатады. «Бағасы қазір ғана төмен», «соңғы өлшем», «акция бітуге жақын» деген сөздер адамның ұзақ ойлануына мүмкіндік бермейді.
«Жеңілдіктер кезінде WhatsApp-қа жазатын клиенттер көбейеді. Хабарламалар бірінен кейін бірі келіп жатады. Біз әрқайсысына уақытында жауап беруге тырысамыз. Шағын бизнес болғандықтан, тапсырысты қабылдау, клиенттерге жауап беру, тауарды дайындау сияқты жұмыстардың бәріне өзіміз үлгеруіміз керек», – дейді ол.
Дәл осы жерде қарапайым шопинг пен әдетке айналған тәуелділіктің айырмашылығы көрінеді. Жеңілдікпен зат алудың еш айыбы жоқ. Бірақ адам «арзан болып тұрғанда алып қалайын» деп, өзіне мүлдем керек емес заттарды қайта-қайта сатып ала берсе, бұл жақсы әдет емес.
«Әдемі киім көргенде өзімді ұстай алмай қаламын»

Суретте Нұрдана Рамазан
Мұны Нұрдананың жағдайынан көруге болады. Ол киім алуды бала кезінен жақсы көреді. Шопинг жасағанда өзінде бар заттармен жаңа киімді қалай үйлестіретінін елестетеді. Кейде нақты бір нәрсе іздемей-ақ, интернеттен бірнеше тауар қарап отырып, «Қазір алмасам, кейін таппай қаламын» деген ойға келеді екен.
“Ең алдымен киімнің сапасына назар аударамын. Нақты қашан басталғанын айту қиын. Кішкентай кезімнен десем де болады. Басында киім сатып алу мен үшін жай ғана қызығушылық еді. Бірте-бірте дүкенге нақты бір зат үшін бармасам да, ұнаған нәрсенің бәрін сатып алғым келетін болды. Алғашында айына шамамен 3-4 киім алатынмын, кейін бұл әдетім жиілей түсті. Ұзақ киілетін, сапалы зат болса, тіпті бағасына да қарамайтын кездерім болады”, – дейді Нұрдана.
Нұрдананың айтуынша, шопинг жасаған алғашқы сәттерде көңіл-күйі көтеріліп, кеудесін қуаныш кернеп жүреді. Бірақ ол сезімнің әсері көп ұзамай тарқап, тез басылады екен. Арада сәл уақыт өткенде үйінде дәл сондай заттың бары есіне түсіп, өкіне бастайды. Ақшаны босқа шашпаймын деп қанша тырысқанымен, әдемі тауарды көргенде өзін ұстай алмай қалады.

Суретте Махаббат Бексұлтанқызы
Ал Махаббаттың тәжірибесі басқаша. Бұрын ол да айына бірнеше рет интернеттен тапсырыс беретін. Әсіресе көңіл-күйі болмаған кезде немесе зеріккен сәтте іштегі бос қуысты толтыру үшін онлайн сауда жасайтын. Жеңілдіктерге желігіп, қалай көп зат алып қойғанын байқамай қалатын. Кейін қажетсіз заттарға ақша жұмсап жүргенін түсініп, бүгінде өзінің осы әдетімен күресіп келеді. Қазір тауарды бірден алмай, күтуге тырысады.
“Қазір ұнаған затты бірден алмай, алдымен ойланып аламын. Ішім пысқанда да бұрынғыдай бірден интернетке кіріп, тапсырыс беруге асықпаймын, назарымды басқа нәрсеге аударамын. Қазір көбіне тек шынымен керек заттарға ғана ақша жұмсауды үйреніп келемін”, — дейді Махаббат.
Шопинг неге көңіл-күйді көтереді?

Суретте психолог Зарина Көмекқызы
Психолог Зарина Көмекқызының түсіндіруінше, адамның сауда жасауына әрдайым материалдық қажеттілік себеп бола бермейді. Кейбір адамдар сатып алуды жағымсыз эмоцияларды жеңілдетудің бір тәсілі ретінде қолдануы мүмкін. Мысалы, стресс, жалғыздық, көңілсіздік немесе ішкі қанағаттанбау кезінде жаңа зат сатып алу уақытша жағымды сезім беруі мүмкін.
«Кей адам затты қажет болғандықтан емес, өзінің эмоциялық жағдайын жеңілдету үшін сатып алуы мүмкін. Мысалы, мазасыздық, жалғыздық, көңілсіздік немесе ішкі қанағаттанбау кезінде шопинг уақытша жеңілдік береді. Бірақ сатып алынған зат негізгі мәселені шешпейді», — дейді психолог Зарина Көмекқызы.
Яғни адам кейде киімнің өзін емес, сол киімді сатып алғаннан кейінгі эмоцияны іздейді. Бұл жерде психологиялық механизм де маңызды. Сатып алуға деген қызығушылық тауарды алғаннан кейін ғана пайда болмайды. Адам тауар іздегенде, бағасын салыстырғанда, жеңілдікті көргенде, оны себетке салғанда және тапсырыстың келе жатқанын күткенде де жағымды эмоция сезінуі мүмкін. Яғни күту сезімі қуанышты сәл ұзартуы мүмкін.
Ғылыми зерттеулер компульсивті сатып алуды стреспен тығыз байланыстырады. Мысалы, 2024 жылы жүргізілген 16 зерттеудің талдауы адам стресс сезінген сайын, оның ойланбай сауда жасауға бейімділігі артатынын дәлелдеді. Дегенмен, бұл зерттеулер әртүрлі әдістермен жүргізілгендіктен, стресс пен шопингтің қайсысы себеп, қайсысы салдар екенін нақты айту әлі қиын.
Бұл процесте дофамин де жиі аталады. Бірақ оны жай ғана «тәуелділік гормоны» деп түсіндіру дұрыс емес. Дофамин – ми қызметіндегі марапат, мотивация және үйрену процестеріне қатысатын нейромедиатор. Сондықтан сатып алудың өзі ғана емес, тауарды күту мен оған байланысты эмоция да адамның мінез-құлқын қайталауға ықпал етуі мүмкін.
«Адамдарға қалау мен қажеттіліктің ара жігін ажырата білу маңызды»
Онлайн шопингтің тағы бір ерекшелігі – төлем жасау процесінің тым жеңілдеп кетуі. Бірнеше батырманы басу арқылы бар болғаны 20-30 секундта қалағаныңызды сатып алуыңызға болады. Ол аздай бөліп төлеу мүмкіндігі де онлайн шопингті одан бетер қолжетімді етіп жіберді. 100 мың теңгенің тауарын бірден төлеу ауыр көрінуі мүмкін. Ал оны бірнеше айға бөліп төлеген кезде баға психологиялық тұрғыдан жеңіл сезіледі. «Айына осынша ғана сумма, оп-оңай төлей саламын ғой» деген жалған сенім бүгінде қаншама адамды тұзаққа түсіріп, қарыздың шұңқырынан шыға алмай жүргендер көбейді.

Суретте қаржылық коуч Жұлдыз Ахметова
Қаржылық коуч Жұлдыз Ахметова «бұл ретте адамға қалау мен қажеттіліктің ара жігін ажырата алу маңызды» дейді. Сондай-ақ «бұл маған шынымен керек пе?» деген маңызды сұрақты өзіне қойып дағыдылануы керек.
«Егер алғыңыз келіп тұрған затқа ұқсас зат үйде бар болса, ал жаңа тауар тек жеңілдік болғаны үшін қызықтырса, бұл қажеттілік емес, қалау болуы мүмкін. Сол үшін өзіңізден “маған бұл шынымен керек пе?”, “менде осыған ұқсас зат бар ма?” деп сұрау маңызды. Кейде адам қажеттілігін емес, осылай жай ғана қалауын сатып алады. Аз ғана сомадағы бірнеше сатып алу да ай соңында үлкен шығынға айналуы мүмкін», – дейді.
Мұны тамақпен салыстыруға болады: адам аш болса – бұл қажеттілік. Ал тоқ болса да тәтті көріп, жегісі келсе – бұл қалау. Сатып алуда да осы айырмашылықты түсіну маңызды.
Сондай-ақ ақша тек қымбат заттарға кетеді деу қате. Ай сайынғы ұсақ тапсырыстар да бюджетті теседі. Косметика, арзан киім, телефонға арналған жабдықтар сияқты майда-шүйде заттар жеке алғанда білінбейді. Бірақ ай соңында бәрін есептегенде, шығынның қалай өсіп кеткенін байқамай да қалып жатамыз. Егер адам осы шығындарды жабу үшін кредитке немесе бөліп төлеуге жиі жүгінсе, шопингтің қаржылық салдары күшейеді.
Сауда жасағанда бақылауды жоғалтып алу – тәуелділікке апаратын тура жол

Суретте аддиктолог Алмас Ерланұлы
Аддиктолог Алмас Ерланұлының айтуынша, адамның көп зат сатып алуының өзі оны бірден тәуелді адам деп атауға негіз болмайды.
«Көп зат сатып алу — әлі тәуелділік емес. Негізгі мәселе — адамның өз әрекетін бақылай алуында. Егер адам “соңғы рет аламын” деп бірнеше рет шешім қабылдап, бірақ қайтадан сатып ала берсе, бұл тәуелділікке жақын мінез-құлықтың белгісі болуы мүмкін», – дейді Алмас Ерланұлы.
Бұл жерде негізгі мәселе – бақылаудың жоғалуында. Қарапайым сатып алушы «маған бұл зат керек пе?» деп ойлана алады және қажет болмаса, сатып алудан бас тартады. Ал тәуелділікке жақын мінез-құлықтағы адам қажетсіз екенін түсінсе де, қайта-қайта сатып алуды жалғастыруы мүмкін.
Мұндай жағдайда бірнеше белгі байқалады: адам сатып алуды тоқтатуға бірнеше рет әрекет етеді, бірақ қайта оралады. Қажетсіз заттарды жинай береді, шығындарын жақындарынан жасырады, кредит немесе бөліп төлеу арқылы сатып алуды көбейтеді. Ал шопинг оның оқуына, жұмысына, қарым-қатынасына немесе қаржылық жағдайына әсер ете бастайды.
Бұл әдет пе, әлде ауру ма?
Ең күрделі сұрақ та осы. Ғылымда бұл жағдайды компульсивті сатып алу бұзылысы (compulsive buying-shopping disorder) деп атайды. Бұл дегеніміз – адамның шопинг жасау тежегішін ұстай алмай, тоқтай алмауы. Адам өзін қанша тоқтатқысы келсе де, сатып алуға деген ішкі ынтазарлығын баса алмайды, ал бұл соңында оның қаржысына, жұмысына немесе отбасына зиянын тигізеді.
Сонымен бірге оны жай ғана «шопингті жақсы көру» немесе «көп ақша жұмсау» деп түсіндіру де дұрыс емес. Ғалымдар бұл құбылыстың психологиялық, әлеуметтік және мінез-құлықтық факторларын әлі де зерттеп жатыр. 2023 жылғы жүйелі шолу компульсивті сатып алу-шопинг мәселесінің ICD-11 кодтау құралында импульсті бақылаудың басқа нақтыланған бұзылыстарының мысалы ретінде көрсетілетінін атап өтеді. Сол шолуда психотерапия, соның ішінде когнитивті мінез-құлықтық терапия бойынша оң нәтижелер бар екені, бірақ зерттеулер саны мен сапасы әлі шектеулі екені көрсетілген.
Демек, әрбір онлайн шопингке тәуелді адамды «ауру» деп атауға болмайды. Бірақ егер сатып алу адамның өз бақылауынан шығып, қарызға, үлкен өкінішке, отбасылық немесе оқу-жұмыс мәселелеріне әкелсе, оны жай ғана «мінез» деп қарау да жеткіліксіз. «Бұл мәселені уақытылы қолға алмаса ол ушығып кетуі мүмкін», — дейді мамандар.
Шопоголизмге тәуелділіктен арылуға бола ма?
Аддиктолог маманның айтуынша, ең алдымен адам өзінің қайталанатын әрекетін байқауы керек. «Көңіл-күйім түсті – дүкен қараймын – бір нәрсе сатып аламын – біраз уақытқа жеңілдеп қаламын – кейін өкінемін» деген цикл қайталана берсе, оның себебін түсіну маңызды.
Мұндай жағдайда күнделікті өмірде бірнеше қарапайым қадам көмектесе алады. Ол үшін маркетплейс хабарламаларын өшіру, картаны барлық дүкенге сақтап қоймау, ай сайынғы шопингке нақты лимит белгілеу және қымбат немесе қажетсіз көрінген затты бірден алмай, кемінде 24 сағат күту керек.
Бірақ мәселе тереңдеп кеткен жағдайда тек «өзімді ұстаймын» деу, мәселені өз бетінше шешуге тырысу жеткіліксіз болуы мүмкін. Мамандар «дәл осы компульсивті сатып алу белгілерін азайтуға көбіне психотерапия, әсіресе когнитивті-мінез-құлықтық терапия жақсы көмектеседі» дейді. Себебі бұл бағытта ең көп зерттелген тәсілдердің бірі де осы екен. 2025 жылғы ғылыми шолу да осы бағыттағы зерттеулердің белгілі бір оң нәтижелерін атап өтеді.
Мамандар «емдеу тек шопингті тоқтатудан тұрмайды, адамның не себепті қайта-қайта сатып алатынын түсіну де маңызды» дейді. Егер сатып алу стресс немесе жалғыздықпен күресудің тәсіліне айналса, сол эмоцияларды басқарудың басқа жолдарын қалыптастыру қажет екенін айтады.
Онлайн сауда адамның уақытын үнемдейді, тауарды салыстыруды жеңілдетеді және бұрын қолжетімсіз болған көптеген өнімді бір жерден табуға мүмкіндік береді. Бірақ дәл осы ыңғайлылық оның әлсіз тұсына да айналуы мүмкін. Тауарға жету қаншалықты оңай болса, ойланбай сатып алу да соншалықты оңай. Бірақ оның өтеуі сондай оңай болмауы мүмкін.
Сондықтан мәселе маркетплейсте немесе интернет-дүкеннің өзінде емес. Негізгі мәселе — адам мен сатып алудың арасындағы бақылаудың кімде екенінде.