Жаңа көзқарас
Тәуелділік – бұл мінездің әлсіздігі емес, мидың нейробиологиялық өзгерісі, психологиялық бұзылыс. Сондықтан оны дерт деп танып, ұзақ мерзімді емдеу керек. Ал мемлекеттік наркологиялық диспансерлердегі қысқа мерзімді “ағзаны тазарту” процедурасы мәселені түбегейлі шешпейді. Наркологтардың айтуынша, соның салдарынан тәуелділердің тек 30%-ы ғана бірнеше жылдан кейін тұрақты ремиссияға жетуде. Ал қалғандары тәуелділіктің тұзағынан шыға алмай, өзінің де, жақындарының өмірін қиындатып, мәселе шешімін таппай келеді. MNU Newsroom тілшілері соңғы жылдары қоғамда қарқын алып, бой бермей бара жатқан тәуелділік мәселесін және оның не себепті шешімі табылмай жатқанын анықтау мақсатында журналистік зерттеу жүргізді.
Құмар ойын ойнау, алкоголь немесе есірткі қолдану адамда жиілеген сайын дофаминдік жүйесі бұзылып, тәуелді күйге түседі. Себебі бұл әдеттер терең эмоциялық әсер беретіндіктен, оның дәмін бір татқан адам сол ләззатты қайтадан іздеп, сол үшін барын беруге дайын. Бұл жолда олар ұрлыққа да, алдау мен алаяқтыққа да, қылмысқа да баруға дайын. Көп жағдайда туыстары олардан бас тартып, уақытша болса да құтылу үшін наркологиялық орталықтарға әкеп тапсырады.
Ал ол жақта детоксикациямен ағзаны тазалау, тамыр арқылы дәрі құю, жедел жағдайларда реанимациялық көмек және психофармакотерапия қолданылады. Бұл әдістер адамның физикалық жағдайын уақытша жақсартқанымен, тәуелділіктің түпкі себебіне әсер ете қоймайды. Ресми стандарт бойынша науқастарға 45 күндік тегін ем ұсынылады. Алайда нарколог Тоқтар Қойшыбековтің сөзінше, бұл талап іс жүзінде сирек орындалады.
«Көбісі ұзақ уақыт 45 күн жатқысы кеймейді. Сол үшін олар қысқа мерзімде, мысалы детоксикацияға, ағзасын тазартуға 3-5 күнге жатады да, жұмысқа қайтадан шығып кетеді, есін жинаған соң. Әрине тәуелдік емделмегендіктен, біраз уақыттан кейін қайтадан қайтып келеді», — дейді Астана қалалық психикалық денсаулық орталығының психиатр-наркологы Тоқтар Койшыбеков.

Фотода Тоқтар Койшыбеков
Мемлекеттік наркологиялық орталықтар негізі көп жылдан бері осы тәсілді ұстанады. Соның салдарынан тәуелді адамдар тек ағзасын “тазартып” шығады да, сол бұрынғы ортаға, сол күйзелістерге қайта оралады. Ал ішкі ойлау жүйесі өзгермегендіктен, рецидив қайталанады.
«Ең алдымен айтарым, бұл наркологиялық аурулар олар созылмалы дерт деп саналады. Сол үшін ол дұрыс емделмесе міндетті түрде асқынады. Негізі реабилитациялық бағдарламалар 1,5-2 жылға жоспарланған», — дейді нарколог.

Нарколог Тоқтар Койшыбеков тәуелділікті емдеудегі негізгі жұмыс психотерапия, яғни психологпен болуы тиіс екенін жасырмайды. Бірақ мемлекеттік орталықтарда бұл бағыт екінші орынға ысырылған. Көп жағдайда кәсіби психотерапевтер жетіспейді, ал науқастармен жүйелі психологиялық жұмыс жүргізілмейді.
«Психотерапиялық сөзбен емдеу, психокоррекциялық ем әрине ең негізгісі болып табылады. Тәуелділікке шалдыққан адамдар ауыр энцефалопатияға ұшырайды. Сол кезде оларда ойлау қабілеті төмендейді, есте сақтау нашарлайды, шешім қабылдау қабілеті әлсірейді, кей жағдайда мінез-құлық өзгереді. Яғни адам әбден деградацияға ұшырайды. Өмір сүруге мотивация болмайды. Сол үшін психологиялық көмек өте қажет», — дейді нарколог.
Тәуелділіктен емделгеннен кейінгі өмір
Тағы бір маңызды мәселе, емнен кейінгі өмір. Теория жүзінде диспансерлік бақылау бар болғанымен, іс жүзінде ол әлсіз. Көптеген науқас емнен шыққан соң ұзақ мерзімді қолдаусыз қалады. «Ал тәуелділік сияқты созылмалы ауруды жеңуде бұл кезең өте маңызды», — дейді мамандар.
Әлемдік тәжірибеде тәуелділік кешенді түрде емделеді: алдымен детоксикация жасалады, бірақ бұл тек бастапқы кезең. Негізгі акцент ұзақ мерзімді психотерапияға, әлеуметтік бейімдеуге және емнен кейінгі тұрақты бақылауға қойылады. Яғни адам тек физикалық емес, психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан да қалпына келтіріледі. Қазақстанда дәл осы тізбектің ең маңызды бөлігі, терең психологиялық жұмыс әлсіз болып тұр.
Бізге сұқбат беруге келіскен Алмат Қалдыбаев құмар ойынға 15 жыл тәуелді болған. Бұл проблеманы өз бетінше шеше алмайтынын түсініп, жеке оңалту орталығына барады. Себебі сол жақтағы терең психологиялық көмектің бұл тығырықтан толық алып шығатынына сенімді болыпты.
«Басында бәрі метеп оқып жүргенімде «Бинго» деген лотореядан басталды. Құмар ойынға деген қызығушылығым сол кезде ашылды. Кейін бара-бара 15 жылда көлік, пәтер, алтындар бәрі кетті ломбардқа. Менен әйелім мен бала-шағам кетіп қалды. Сол сәттен бастап, оңалту орталығына жүгінуге бел будым. Ол жақта әртүрлі тапсырмалар орындап, 5 айлық ем қабылдау курсын аяқтадым», — дейді.
Қазір Алматтың бұл әдеттен арылғанына 5 жыл болған. Ол өзінің басынан өткен бұл жағдайды қазір әлеуметтік желідегі парақшасында ашық айтып, тәуелділіктің тағдырды талқандайтын қасірет екенін, оған мүлде жоламау керектігін насихаттап жүр.

Фотода Алмат Қалдыбаев
Тәуелділіктен емдейтін жекеменшік оңалту орталықтары мен анонимдік бағдарламалар көбінесе мемлекеттік жүйе назар аудармай отырған кемшіліктердің орнын толтырып келеді. Алмат Қалдыбаевтың тәжірибесі көрсеткендей, жеке оңалту орталықтарының басты артықшылығы — оқшаулау (изоляция) және ұзақ мерзімді «12 қадам» сияқты психологиялық бағдарламалар.

Фотода жеке меншік оңалту орталығы және емделуші
Жеке орталықтарда емделушілер тек дәрі ішіп қана қоймайды, олар өз сезімдерімен жұмыс істейді. «Күнделік жазу» және топтық терапия секілді әдістер арқылы тәуелділіктің тамырын іздейді.

Фотода жекеменшік оңалту орталығындағы жұмыс процесі
Алайда, бұл бағыттың да өз кемшіліктері бар. Мұндай жеке орталықтардағы баға айына 300-600 мыңның аралығында. Ал 1 сеансты аяқтауға 3-4 ай керек. Жағдай ауыр болса бірнеше сеанс керек болады. Әрине бұндай салыстыру мемлекеттік ем мен жеке жүйедегі методиканы бір-біріне қарсы қою емес. Негізгі мәселе емдеу тәсілінде екеніне қоғам назарын аударту.
«Біздің қоғам тәуелділікті ауру деп түсінбейді»
Төрт жылдан бері тәуелділермен жұмыс жасап жүрген психолог Серікгүл Сали «ең өкініштісі біздің қоғам тәуелділікті әлі ауру деп түсінбей жүр, қабылдамай жүр. Қоғам қабылдаса онымен күрес түрі де тереңдер еді» дегенді айтты. Сондай-ақ ол тәуелділердің туыстарымен де жұмыс жасалуы керек деп отыр.
«Бірінші кезекте проблема кімде? Проблема тәуелді адамы бар отбасында. Олай болатын болса, сұраныс солардан болуы керек. Менде не нәрсе дұрыс емес? «Неге менің үйімнен лудоман өсіп шықты? Біз нені дұрыс жасамай отырмыз?» деп ойлануы керек. Олар әбден барар жері, басау тауы қалмаған кезде бізге келеді. Сіз отбасында ауру баланы өсіріп қойдыңыз ба? Ненің арқасында? Отбасындағы атмосфера, қарым-қатынасының арқасында. Сондықтан олар тәуелділіктен емделіп шыққаннан кейін олармен қалай қарым-қатынас құру керек? Қандай қолдау жасау керек? Соның бәрі туыстарына түсіндірілуі керек», — дейді психолог.

Фотода психолог Серікгүл Сали
Өкініштісі, мұндай жұмыстар біздің қоғамда әлі кенжелеп тұр. Жалпы бұл журналистік зерттеу тәуелділікті қысқа мерзімді медициналық шаралармен шешуге болмайтынын көрсетті. Бұл — ұзақ және кешенді емді талап ететін созылмалы ауру екеніне көз жеткіздік.
Мамандардың пікірінше, тиімді жүйе құру үшін ең алдымен тәуелділікті толыққанды ауру ретінде мойындау қажет. Одан кейін емдеу құрылымын өзгерту керек: психотерапия негізгі орынға шығуы тиіс, ал детоксикация тек алғашқы кезең ретінде қарастырылуы қажет. Сонымен қатар ұзақ мерзімді реабилитация бағдарламаларын енгізіп, емнен кейінгі қолдау мен бақылау жүйесін дамыту маңызды.
«Ең бастысы, емдеудің мақсаты тек ағзаны тазарту емес, адамның ойлау жүйесін, мінез-құлқын және өмір салтын өзгерту болуы тиіс», — дейді мамандар. Онсыз тәуелділік мәселесі шешілмеген күйінде қала бермек.