Дүй. Мам 20th, 2024
Фото: liter.kz

Қылмыстық құқық бұзушылықтың ішінде көп кездесетін қылмыс түрі интернеттегі алаяқтық. Қашықтан алдап, бетін экранның ар жағында жасыратындар жыл сайын көбейіп келеді. Үкіметтің мәлімдеуінше, Қазақстанда алаяқтық былтырғы жылмен салыстырғанда 20 пайыз өскен.

Қазақстанда интернет алаяқтықтың ішінде екінші деңгейлі банктерден тауар орынына қолма-қол ақша өндіру қылмысы жиі кездеседі. Елде пайызсыз ақша алуға қызыққандар осындай жолмен заң бұзуға барып отыр. Әлеуметтік желілерден қолма қол ақша алу қызметін ұсынатындар көбейген. Алайда қызметіне жүгініп, артынша сан соғып қалған адамдар да жетерлік.

Астаналық Мақпал Kaspi Bank арқылы тауар орнына қолма-қол ақша алғысы келіп, интернеттегі делдалға жүгінген. Артынша басына 360 мың теңге несие рәсімделіп, құр алақан қалғанын айтады. 

Мақпалдың Kaspi “0-0-12” арқылы бөліп төлеуге 360 мың теңгеге өтінішін алдымен банк мақұлдайды. Кейін делдал оған алдын-ала келісілген Kaspi дүкеннен қашықтан осы сомаға “төлем жасатады”. Ары қарай ақша Kaspi дүкеннің кассасына түсіп, қолма-қол ақшаға айналады. 

Kaspi дүкен иесі банктің пайызын ұстап қалып, қалған соманы делдалдың есебіне аударады. Делдал өз пайдасын басында келіскен пайыз бойынша алып қалып, қалғанын Мақпалға беруі керек болған.

«Маған түсіндіргеніндей, былтыр 22 қарашада 18 пайызбен ақша алуым керек болған. Бірақ айтқандарының барлығын істеп төлем жасалғаннан кейін, делдал маған «жарты сағаттан соң ақшаңызды аударымын» деді. Бірақ артынша мені барлық жерден бұғаттап, телефонын мүлде көтермей қойды», – дейді ол.

Мақпал сол кезде алданғанын түсінгенін, дереу полицияға хабарласып, арыз жазғанын айтады. Көп өтпей, Kaspi дүкенінің иесі табылған. Бірақ ол да зардап шегуші болып шыққан. Ал делдалдан әзірге хабар жоқ.

Мақпал берген мәліметке сәйкес, Newsroom тілшісі делдалдың Instagram-аккаунтын тауып, жекесіне жазып көрді. Бірақ әзірге жауап алу мүмкін болмады. 

Ондағы пікір қалдырушылардың барлығы жарнама парақшасының иесін «алаяқ» деп айыптап жазған.

Пікір қалдырғандардың ойынша, бұл парақша иесінің Instagram-да басқа да бірнеше жарнама парақшасы бар. Ол өзін Сымбат деп таныстырған. Клиенттермен ватсап желісі арқылы сөйлесетін болған.

Ішкі істер министрлігінің құқықтық статистика топтастырған Qamqor платформасына сәйкес, алаяқтық бойынша тіркелген істер кейінгі екі жылда 20 пайыз өскен. 2022 жылы 7300 іс тіркелген болса, былтыр оның саны 8778-ге жеткен. Алайда нақты осы қолма-қол ақшаға айналдыру ісіне қатысты бөлек дерек жоқ.

Елордалық Айман 1 жылдан аса Kaspi қосымшасы арқылы тұрмыстық техника сатады. Сөзінше, оны да Мақпалды алдаған алаяқ сан соқтырған. 

«Мен Kaspi дүкенімді жалға беру үшін хабарласқанымда ол маған қолма-қол ақшаға алатын клиенттер бар екенін айтып, серіктестікке шақырды. Мен клиенттерге қашықтан төлем қабылдап, өз пайдамды алып, қалған ақшаны оның есебіне жіберуге келістім. Осылайша 1 күнде 2 млн 800 мың теңге ақшаны клиенттердің төлемінен сол адамға жібердім», – дейді ол. 

Айман артынша адамдар Kaspi-Pay-іне «ақшамды қайтар» деп жаза бастағанын айтты. Содан кейін делдалдың ақшаны клиенттерге бермегені белгілі болған. 

Айманның айтуынша, ол осылайша екі ортада «алаяқ» атанған. Алданған адамдар оның телефонына хабарласып, ашумен ауыр сөздер айтқан. Артынша тергеуші қоңырау шалып, атына арыз түскенін хабарлайды. 

Айманның берген мәліметіне сәйкес, қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Интернет алаяқтықтан зардап шеккендерге көмек көрсететін заңгер Маржан Орынбасарқызы қолма-қол ақша өндіруді ұсынушы да, тұтынушы да заң бұзушы саналады дейді. Бұл Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 190-бабында жазылған.

«Көп жағдайда адамдарға тауар емес, ақша қажет. Пайызды несиені банк мақұлдамағандықтан, олар осындай жолға барып жатады. Бұл заңсыз жолмен ақша жылыстату саналады. Алданған жағдайда делдалдарды табу өте қиын. Себебі олар көбінесе басқа біреудің атын жамылып жұмыс істейді», – дейді ол.

Орынбасарқызы кейінгі 3 жылда 100-ге жуық іске қатысты күдіктілердің жеке мәліметін тауып, жәбірленушілерге сотқа жүгінуге көмек берген. Алайда мұндай қызметке жүгінген жәбірленушілер де әкімшілік заңға тартылады.

Заңгер кезінде алданып қалған адамдардың көп бөлігі ақшаны емге, той жасауға, басқа қарыздарын өтеу мақсатында алғанын айтады. Жас мөлшерлері әртүрлі, арасында студенттер де көп кездеседі дейді ол. 

Астана қаласының полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Дастан Қалиев 12 наурызда өткен брифингте кейінгі жылдары интернеттегі алаяқтықта көбіне жасанды интеллект пайдаланылып жүргені жайлы мәлімдеді

“Астана аумағында жыл басынан бері 749 интернеттегі алаяқтық ісі тіркелген. Салдарынан азаматтарға келген залал 500 миллион теңгеден асты. Алаяқтардың негізгі схемасы көбінесе жасанды интеллект арқылы жүзеге асады. Мысалы, интернет платформаларда тауарлар сатып, қызметтер ұсыну, криптовалюта мен бағалы қағаздар сату және WhatsApp мессенджеріне заңсыз қол жеткізу арқылы [жүзеге асырылып жатыр]” – дейді Қалиев.

Related Post

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған