Дүй. Мам 20th, 2024
Фото: ortcom.kz

Бүгінде жасөспірімдер мен жастар арасында электронды темекі тұтынатындар көбейген. Темекінің мұндай түріне елде бір жыл бұрын тыйым салынса да, дүкендерде әлі де ашық сатылып жүр.

Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы заңға сәйкес, темекі өнімдері 21 жасқа толмағандарға сатылмауға тиіс. Алайда тіпті кәмелет жасқа толмаған балалар да электронды темекі тұтынып жүр. 

Астанадағы мектептердің бірінде 11-сыныпта оқитын Ардақ мектептегі замандастары дәретханаға тығылып вейп шегетінін айтады. 

«Қай дүкенге кірсем де вейптер бар. Оның бағасы да оқушыларға қолжетімді. Бұл жерде жас шектеуі жоқ. Еркін сатыла береді. Мектепте көбісі дәретханаға кіріп, тығылып шегеді», дейді ол. 

Биыл 19 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев вейп пен электронды темекіге қолданылатын ароматизаторларды сату және жарнамалауды шектейтін заңға қол қойды.  Қазақстанда бұл заң 2022 жылдың шілдесінен бері талқыланып келеді.

Заңның мазмұнына сәйкес, вейпті импорттауға немесе Қазақстанда дайындауға, оны сатуға не сатып алуға рұқсат берілмейді. Мұндай әрекетке барған азаматтар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Жыл басында “Қазақстанның балалар қоры” қоғамдық қорының зерттеуіне сай, Астана және Алматы қаласындағы жасөспірімдер мен жасы 21-ге толмағандардың 80 пайызы аптасына кемі бір рет вейп тартатыны белгілі болған. 

Green clinic пульмонолог дәрігері, медицина магистрі Аурини Серікованың айтуынша, вейптен туындайтын ауру түрлері өте көп. 

“Вейпер ауруы немесе EVALI бұл өкпенің жедел зақымдануы, электронды темекі сұйықтығындағы майлы заттарды ингаляциялау нәтижесінде өкпеде қабыну реакциясын тудырады. Өкінішке қарай, ауру емделмейді. Әлем бойынша вейпингтен туындаған evali ауруының қарқынды дамуының салдарынан жасөспірімдердің өлімі көп тіркелген”, – дейді Серікова. 

Дәрігердің сөзінше, вейпке қосылатын диацетил дейтін сұйықтық өкпеге барғанда, оның ұсақ тыныс алу жолдарын зақымдайды. Бұл «попкорн өкпесі» немесе облитерантты бронхиолит ауруына жетелейді. 

«Көп жағдайда бұл ауруларға жасөспірімдер, орта және жоғары сынып оқушылары, студенттер шалдығады. Сондай-ақ ересектер, олардың арасында темекі тартуды мүлде тоқтатып, вейпке көшкендер бар. Адам электронды шылымды неғұрлым ерте қолдана бастаса, соғұрлым тезірек тәуелділік пайда болып, одан бас тарту қиындай түседі. Ауруларды емдеу мерзімі әртүрлі, кейбіреуіне айлар керек болса, кейбірі жылдарды қажет етеді», дейді пульмонолог.

Бүгінде елде 300 мыңға қазақстандық тыныс алу органдарының ауруларымен есепте тұр. Дәрігерлердің айтуынша, егер қазір вейпке құмарлық тоқтатылмаса, 10 жылдан кейін Қазақстанда өкпесі ауыратын науқастар саны көбейеді. 

Мәселені 24 қаңтарда мәжілісте көтерген депутаттардың бірі вейп ішіне құйылатын химиялық сұйықтық қаупі туралы сөз етті.

«Вейпке темекіден бөлек, ароматизаторлар, масайтатын заттар қосылатыны жасырын емес. Оған қоса, алкогольдік ішімдіктерді де қосуы әбден мүмкін. Оны қадағалап жатқан кім бар», – деді Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов.

Қазақстан вейпинг қауымдастығының өкілі Ринат Шамерзаев бұл шешіммен келіспейтінін айтады. Оның сөзінше, вейп сатуға тыйым салынғанымен, шекарадан оңай өте береді. Ол заңда мәселенің бұл тұсы қарастырылмағанын айтады.

Вейп сататын дүкендердегі сатушылар бұл заңға қарсылық білдіріп отыр. Астаналық сатушы Нұржанның ойынша, бұл бірқатар адамның экономикалық әл-ауқатына кері әсер етеді. 

«Бұл заңнан кейін 20 000 адам жұмысынан айырылады. Соның ішінде, дүкен иелері, дистрибьюторлар, көтерме саудагерлер, логистер, курьерлер, жұмысшылар, сатушылар мен фрилансерлер (смм, маркетологтар және т.б.). Заң шыққаннан кейін бізге тауарды сатуға біраз уақыт береді деп үміттенеміз. Өйткені, көп қаржы тауарға инвестицияланды», дейді вейп сатушысы. 

Сонымен қатар, оның пайымдауынша, заң күшіне енгеннің өзінде вейп сататындар сатудың басқа жолын іздестіруі ықтимал.

«Мемлекеттік бақылауды айналып өту жолдары арқылы сататындар да болады. Мысалы, кальян мен темекіні бұрында тыйым салғаны есімде. Бірақ қазір көптеген мекемелер кальян сатуға мүмкіндік береді», дейді вейп шоп сатушысы Нұржан.

Былтыр қоғам белсенділері Қазақстанда вейпке толық тыйым салу аталған мәселені шешпейтінін айтқан. Олардың ойынша, кәмелетке толмағандарға алкоголь мен темекі сатуды қадағалайтындай, вейптерді сатуға да бақылауды күшейту керек.

Related Post

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған