Сб. Июл 27th, 2024
Фото: baq.kz

EnergyProm мониторингтік агенттігінің зерттеуінше, Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы бір жыл ішінде 11,7 пайыз өскен. Астана қаласының өзінде фармацевтикалық өнімдер 15,8 пайыз қымбаттаған. Экономистер мұның бірнеше себебі барын айтады. Сондай-ақ, қарапайым тұрғындарға мұның кері әсері тиетінін мәлімдейді. 

84 жастағы зейнеткер Роза Вологодская Алматы қаласында тұрады. Денсаулығы сыр беріп, ем-дом алып жүргендіктен, дәріханаға жиі баруға мәжбүр. 

“Невропатолог дәрігерге қаралған кезде “новахондрин” деген дәріні жазып берді. Осы дәріні мен жыл сайын көктемгі уақытта үш ай бойы ішуім керек. Қазір оның біреуі 11 мың теңге тұрады. Дозасына қарай үш айға шамамен 57 мың теңге кетеді. Ал бұл дәріден бөлек басқа да дәрілер алуым керек. Сонда дәріханаға бір барғанда 80 мыңдай ақша жұмсаймын”, – дейді ол.

EnergyProm мониторингтік агенттігінің мәліметіне сәйкес, осы жылдың ақпан айының қорытындысы бойынша дәрі-дәрмек, емдік жабдықтар мен медициналық аппараттардың бағасы бір жыл ішінде 11 пайыз өскен. Мұндағы фармацевтикалық препараттар 11,7 пайыз, емдік жабдықтар 8,7 пайыз және өзге де медициналық өнімдер 0,9 пайыз қымбаттады.

Вологодскаяның сөзінше, елде дәрі-дәрмек бағасы жиі өседі. 

“Мысалы кей күні бір препаратты 1300 теңгеге алсам, келесі айда оның бағасы 1400 теңге болады. Тағы бір айдан соң 1500 теңге тұратын болады. Солай шығын да көбейеді. Жағдайы жоқ отбасылар үшін бұл өте қиын дүние”, – дейді зейнеткер.

EnergyProm агенттігінің зерттеуінде өңірлер арасында баға өсуінің антирейтингісі бойынша Ұлытау облысы көш бастап тұр. Бір жыл ішінде осы өңірде фармацевтикалық препараттар 18,4 пайыз өскен. Кейінгі жоғары өсім Астана мен Шымкент қалаларында байқалған. Астана қаласында дәрі-дәрмектің бағасы 15,8 пайыз көтерілсе, Шымкентте бұл көрсеткіш 14,8 пайызды құраған. Тек Маңғыстау облысында баға аса қатты өспеген (5,6%). 

БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары саласындағы сарапшы Данна Гафятуллина дәрі-дәрмек бағасының өсуіне әсер ететін негізгі факторларды атап өтті.

“Бірінші – өндірушінің бекіткен бағасы. Қазақстанда барлық фармацевтикалық өнімнің шамамен 70-80 пайызы импортталған тауар, яғни олар бізге шетелден жіберіледі. Бағаның қымбат болуына бұл тікелей әсер етеді. Екінші – бағамның құбылмалылығы. Яғни теңге курсы да бағаның өсуінің бірден-бір себебі болып келеді. Үшінші – инфляция деңгейі. Біздің елде жыл сайынғы инфляция көрсеткіші 9-10 пайызды құрайды. Нақтырақ айтсақ, дәрілердің бағасы да шамамен осы процентке көтеріледі”, – деді ол. 

Сонымен қатар, сарапшы электр энергиясының бағасы да дәрінің қымбаттауымен байланысты екенін айтты. Өйткені ол өз кезегінде логистикаға әсер етеді. Бұл дегеніміз – электр энергиясының бағасы өссе, фармацевтикалық препараттардың да бағасы өседі деген сөз. 

EnergyProm-ның анализінде нақты қай дәрілердің бағасы өскені жайлы да жазылған. Мәселен, парацетамол қымбаттаған. Бір жыл ішінде оның бағасы 63,3 пайыз өсті. Сол секілді ацетилсалицил қышқылы 60,1 пайыз, белсендірілген көмір 32,3 пайыз, «хилак форте» 24,4 пайыз, йод ерітіндісі 22,9 пайыз, «фенистил нью» 21,8 пайыз және «флемоксин солютаб» 21,2 пайыз қымбаттады.

23 жастағы астаналық Гауһар Бекмұхамбетова да бағаның өскеніне наразы. Оның сөзінше, өзі жиі алатын дәрі қымбаттаған.

“Дәрі-дәрмек бағасының өскенін бірден байқадым. Өзімнің ұйқы безім жиі ауырады. Соны емдейтін дәріні де жиі алып жүремін. Кейінгі уақытта сол дәрінің бағасы екі есе көтерілгеніне назар аудардым. Шыны керек, бағаның өсуіне менің көзқарасым жақсы емес. Себебі жұмыста алатын жалақым өспейді, бірақ өміріме қажет нәрселер қымбаттайды. Соның кесірінен шығыным көп болып жүр”, – дейді елордалық. 

Денсаулық сақтау министрлігі мен оның ішіндегі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті, сондай-ақ комитет қарамағындағы Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы да Қазақстандағы фармацевтикалық қызметке жауапты болып келеді. Бұл органдар елдегі дәріханаларға лицензия берумен және дәрі-дәрмек бағасын реттеумен айналысады

“Министр бұйрығымен фармацевтикалық өнімдердің көтерме және бөлшек саудасы үшін шекті бағалары қойылады. Мұндай практика бізде 2019 жылдан бері бар. Министр қаулысы әр жарты жыл сайын, яғни жылына екі рет шығарылады. Соңғы қаулы 2023 жылы 7 тамызда №465 болып жарияланған. Қаулыда 6890 дәрілік заттың бөлшек және көтерме сауда үшін бекітілген бағалары мен өндірушінің бағасы жазылған”, – дейді Данна Гафятуллина. 

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтында фармацевтикалық препараттардың қымбаттауы маусымдық бағаның өсуімен байланысты екеніне қатысты ақпарат жарияланды

“Иә, өткен жылмен салыстырғанда биыл бірнеше препараттың, мысалы жүрек-қан тамырлары ауруын емдейтін, вирусқа және микробқа қарсы дәрілердің бағасы қымбаттады. Мұның негізгі себебі – маусымдық бағаның өсуі. Дегенмен антикоагулянт, қабынуға қарсы препарат, витамин секілді дәрілік заттардың бағасы керісінше төмендегенін айта кеткен жөн”, — делінген ресми сайтта. 

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *