Сб. Июл 27th, 2024

Қазақстандықтар кейінгі он жылда болмаған су тасқынның зардабын тартып отыр. Елдегі 17 облыстың 14-інде су тасып, мыңдаған азамат эвакуацияланды. Бар тапқанын жұмсап, салған үйі мен өсірген малын су шайып кетті. Үкімет өңірлерде жедел штаб құрып, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды құтқаруға тырысып жатыр. Сарапшылар тасқын салдарынан келген шығын бұрынғыдан әлдеқайда көп екенін айтады. 

Бүгінде Батыс Қазақстан облысының 6 ауданы мен Орал қаласын су басты. Өңірдегі төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, тасқын су 552 тұрғын үйге, 427 саяжай теліміне залал келтірген. Қаратөбе ауданының Аққозы ауылында 130 үйдің 80-і су астында қалған. Сырым ауданында Өлеңті, Бұлдырты ауылдарын су шайып, 268 тұрғын үй зардап шеккен. Ал Орал қаласы әкімдігі мен қалалық көпсалалы аурухананың бірінші қабаттарын су алған. 

Оған қоса, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Павлодар, Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Түркістан, Қостанай облыстарының тұрғындары да су тасқының зардабын көріп жатыр. 

Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында төтенше жағдай жарияланған. 

“Ағын судың қарқыны қатты. Бұндай су өмірімде болмаған шығар. Тасқын судан шетте орналасқан үйлерге қауіп төніп тұр”, – дейді Ақтөбе облысының тұрғыны әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында.

27 наурызда Абай облысында су тасқыны салдарынан үш адам жоғалғаны белгілі болды. Оның екеуі Аягөз ауданының Тарбағатай ауылында Бөрілі өзені тасығанда із-түссіз кеткен. Екі азамат трактормен өзеннен өтпек болғанда тұрып қалған. Куәгердің айтуынша, құтқарушылар келгенше су көтеріліп, олар ағып кеткен. 

«Ешкім келмеді. Төтенше жағдай департаментінде ешқандай дайындық жоқ. 112-ге қоңырау шала бердім. Не ауыл әкімінен, не Аягөздегі төтенше жағдай қызметкерлерінен көмек болмады. Екеуі 12 сағат бойы 10 метр жерде трактордың үстінде отырды”,- дейді Қарағаш ауылының тұрғыны Тұрсынғали Қажыгереев. 

Сәуірдің басында елдің батыс бөлігінде жағдай қиындады. Ал Ақтөбе облысы Мағаджан су қоймасы бөгеті бұзылып, бөгет бойында орналасқан елді мекенге су басу қауіпі төнген. Облыс әкімдігі осыған байланысты Алға ауданы Бесқопа ауылының 200 адам қауіпсіз жерге көшірілгенін мәлімдеді. Оның 80-і бала болған. 

1 сәуірден бастап Батыс Қазақстан облысының Сырым, Теректі, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында су тасқыны болып, тұрғын үйлерді су басты. Салдарынан 4 мыңға жуық адам зардап шекті. Құтқарушылар көмегімен қауіпсіз жерге көшірілді. Оның жартысы балалар болған.

4 сәуірде Жылыой ауданында Жем өзені арнасынан тасып, бірнеше ауылды су басты. Жылыой әкімдігінің хабарлауынша, Құлсары қаласының 2 және 3-ауыл тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшіру туралы шешім қабылдаған.

Құлсарылықтар алдын ала ескерту болмағанын айтып, наразылығын айтады. Азаттық радиосының жазуынша, 66 мың адам тұратын ауылдың тең жартысына дерлік эвакуацияланған. 

“5 сәуірде су келген соң түнде бала-шағамды, енемді пойызға салып жібердім. Үйден құжаттар мен дәрі-дәрмек алып шығуға ғана үлгердім. Су басқан күннен бері тоз-тоз болып далада жүрміз, баспана жоқ. Машинада қонып жүрміз, шыны керек”, – дейді Құлсары тұрғыны Гүлназ Елеусінова Азаттыққа.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің тасқын кезіндегі жұмыстарын сынға алып, 4 сәуірде Батыс Қазақстан облысына барды. Нақтырақ, Теректі, Сырым, Қаратөбе аудандарының жағдайымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Тоқаев жағдайдың әлі де күрделі екенін мойындап, мұндай көлемдегі су тасқыны бұрын-соңды болмағанын айтты.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, тасқынға қарсы шараға 1911 адам, 332 техника, 101 мотопомпа, 1 тікұшақ жұмылдырылған. Сонымен қатар, құтқару жұмыстарына өзге де өңірлер гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр. 

Қиын-қыстау кезде, расталмаған мәліметтер де тарап, халықты әбігерге салып отыр. Мысалы,  4 сәуірде “Жайық өзені 10 метрге дейін көтерілуі мүмкін” деген ақпарат тарады. Бірақ “Қазгидрометтің” БҚО бөлімінің директоры бұл ақпараттың фейк екенін айтып, жоққа шығарды

“[Ресейдегі] Ириклин су қоймасының су жіберуі салдарынан қиындықтар туындап жатыр. Осыған байланысты біздің аймаққа сәуірдің ортасында, 15-не қараған уақытта су келеді. Біздің болжамымызға сәйкес, су арнасы 850 сантиметрге (8,5 метр) дейін көтерілуі мүмкін”, – дейді ол. 

Кейінгі күндері су тасқынының қаупі Солтүстік Қазақстан облысына төнді. 8 сәуірде Сергеевка су қоймасы 180 пайызға толғаны белгілі болды. Қойма бұзылса, Есіл өзені бойындағы үш аудан және Петропавловск қаласын су басу қаупі бар. Облыс әкімі жағдайды бақылап отырғанын айтып, дайындық жұмыстарын жасап жатқанын айтты. 

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *