Ср. Ноя 13th, 2024
Фото: Thinkstock / cosmopolФото: Thinkstock / cosmopol

Әлемде адамның жұмысы мен тұрмысын жеңілдетуге бағытталған ғылыми технологиялар қарқынды дамып келеді. Бүгінде бұл технологиялар сан түрлі салада қолданысқа еніп, қауіпті әрі қиын мамандарды алмастыру арқылы өз септігін тигізіп жатыр. Кейінгі 5-7 жылда жасанды интеллект (ЖИ) қолданысы өрісі үлкейіп, әр салаға еніп жатыр. Бұл технологияны дамытуға Қазақстанда да қызығушылық артқан.

ЖИ-ге негізделген технологиялық стартаптар әсіресе елордадағы Astana Hub акселераторында қолдау тапқан. Технопарк мәлімдеуінше, қазір онда ЖИ технологиясын қолданатын стартаптар саны 200-ден асқан. 

Олардың арасында Cerebra, Biometric, ZebraEye.ai, Arlan Biotech, SmartPIM.ai, Alaqan, Med365, OkuToku.ai, SpeechLab секілді жобаларды атап өтуге болады. Бұл стартаптар ЖИ-ді өндіріске енгізуге тырысып жатыр. Әсіресе, технологияны медицина саласына бейімдеу әрекеті бар.

Мысалы, ZebraEye.ai стартапы көздегі сирек кездесетін патологиялық ауруларды бір минутта анықтайды. Стартаптың негізін қалаушы әрі жетекшісі Яна Тен ЖИ-дің бұл салада потенциалы жоғары екенін айтады. 

“Әлемде 500 миллион адам сирек кездесетін көз ауруларымен ауырады және олардың 40 пайызынан астамына қате диагноз қойылып, дұрыс емделмейді. Бұл денсаулыққа нұқсан келтіруі мүмкін”, — дейді Тен. 

Теннің айтуынша, ZebraEye.ai ЖИ диагнозды қою дәлдігі 98,8 пайызды құрайды. Ол бұл үдерісті ЖИ дәлдікпен орындайтындықтан, дәрігерлер оған уақыт жұмсамайды. Нәтижесінде, көбірек науқасқа көмектесуге мүмкіндігі болады. 

Әзірге, ЖИ көбіне автоматтандырылған қызметтерді орындауға жегіліп отыр. Бірақ ЖИ-дің генеративті мүмкіндігі артқан сайын, күрделірек тапсырмаларды да орындай бастады. Әлемде генеративті жасанды интеллектіге қызығушылық америкалық OpenAI компаниясының ChatGPT тілдік модельге негізделген чатботы қолданысқа енгеннен кейін күрт өсті. 

ЖИ дамуының қазіргі бағыттары мен тенденциялары көрсеткендей, бұл технология кейбір жұмыс орындарында және тапсырмаларды орындауда адамдарды алмастыруға қабілетті. Одан бөлек, адам баласы ЖИ-ден төнуі мүмкін қауіпті де талқылап жатқанына біршама уақыт болды. 

“Белгілі бір алгоритмге бағынатын әрбір мамандықты жасанды интеллект алмастыра алады. Сонымен қатар, креатив саласында жұмыс істейтін адамдар да қорқа бастады. Өйткені белгілі бір дәрежеде [жасанды интеллект] олардың орнын ауыстыра алатыны белгілі болып отыр,” — дейді робототехника ғылымдарының кандидаты, Айгерім Нұрбаева.

ЖИ саласын дамытып жүргендердің ойынша, 2025 жылдан кейін бұл технология адаммен заң, медицина, сәулет, саясат сияқты кәсіби қызмет салаларында бәсекеге түсіп, жеңіп шығады.

«Кей жұмыс орындары керек емес болып қалуы мүмкін. Сондықтан жаңа мамандықтар пайда болады және адам жұмыссыз қалғысы келмесе жаңа жағдайға икемделіп, бейімделгіш болуы керек» , —  дейді Нұрбаева.

Бүгінде ЖИ белгілі бір тапсырмаларды адамдарға қарағанда тиімдірек орындай алады. Бірақ оның мүмкіндігі әлі де шектеулі.

Журналист әрі ІТ маманы Мейіржан Әуелханұлының ойынша, ЖИ мүмкіндігі кей салаларда әлі де ақсап тұр. Сөзінше, технология шығармашылық, этикалық әрі құқықтық мәселелерге келгенде әзірге адаммен теңесе алмайды. 

“ЖИ мен адамның араласуын талап ететін тапсырмалардың арасындағы шекара үнемі өзгеріп отырады. Өйткені ЖИ технологиялары дамып, жетілуде. Бірақ күрделілік, шығармашылық және эмоционалдық интеллект сияқты адамға тән қасиеттерді қажет ететін тапсырмаларда адамның рөлі әрқашан маңызды болып қала бермек”, —  дейді Әуелханұлы.

IT потенциалы бар елдердің үкіметі бүгінде ЖИ мүмкіндігін қолдану аясын бақылауға алу мәселесі талқыланып жатыр. Қазақстан үкіметі де технологиялық потенциалын арттыру үшін машиналық оқу саласын меңгерген адамдардың санын арттыруға тырысып келеді.

“Биыл 18 жасанды интеллект мектебі Tech Orda бағдарламасы аясында жасанды интеллектінің түрлі бағыттары бойынша мамандар даярлайды. Бұл мамандықтарға дата ғылымы, деректерді талдау, машиналық және терең оқу салалары кіреді”, — дейді Astana Hub технологиялық орталықтарды дамыту кеңсесінің директоры Валерия Те.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *