Тарихшы тың деректермен бөлісті

Тарихшы тың деректермен бөлісті

Алжир құпиялары

Көпшілікке АЛЖИР тек өткеннің көлеңкесі, қанды кезеңнің бөлшегі ғана секілді. Дегенмен, тарихшы Гүлнұр Төлепбергенова үшін ол – тірі естелік. Музейдің ашылған күнінен бастап әр бұрышын жатқан білетін ол бізге бұрын айтылмаған құпияларды ашып берді.

АЛЖИР қабырғалары талай үнсіздік пен көз жасының куәсі.
Бірақ ең ауыру — аналарынан ажыратылған сәбилердікі еді. Үш жасқа толған соң оларды лагерьден алып кетіп, бөтен есім беретін. Сол сәтте бір ананың үні өшіп, бір баланың өткені жойылатын.

АЛЖИР-де 1507 бала дүниеге келген. Кейбірі зорлықтан, кейбірі әйелдердің өз еркімен жарық дүние есігін ашқан. Аналар лагерь қызметкерлерімен байланыс орнатып, сол арқылы ауыр жұмыстан босату, емізуге рұқсат алу, күзетшілердің қырын қарамауы секілді жеңілдіктер алуға тырысқан. Темір тордың ар жағында өмірге келгендер кейін есейген соң да аналары жайлы ақпарат іздеп, келіп тұрады екен.

– АЛЖИР-де туған 1507 баланың тізімі бар. Оларды үш жасында балалар үйіне жіберген кезде есімдерін, тегін тіпті жасын өзгертіп тастаған. Ондағы мақсат «халық жауының» ұрпағын түп- тамырымен жою, бір-бірін табуға мүмкіндік бермеу еді. Сол балалардың кейбірі кейін музейге келді. Көпшілігі әлі тірі. Бірақ, бәлкім музей туралы білмейтін де, айтуға қорқатын да шығар.  Біз Хасен Нұрмұхамедов пен оның жары Кира Нұрмұхамедованың ізін зерттедік. Хасен атылды, Кира лагерьде, ұлы Ленді туыстарына қалдырған. Оны 2008 жылдан бастап іздедік, тек 2016 жылы Кираның бауырының ұлы арқылы таптық. Кейін Лен музейге келіп, ата-анасының тарихын өз көзімен көрді, — деп бөлісті Гүлнұр Төлепбергенова.

Көпшілігі жоғары білімді әйелдер еді: дәрігерлер дәрігер болып, тігіншілер тігін тігіп, мұғалімдер сабақ берді. Тіпті бишілер мен әншілер де лагерь моншасында өнер көрсетіп, әйелдерге үміт сыйлаған. Бірақ олардың еңбегі ақысыз болды. Канал қазып, барак салып, егін егіп, мал бақты.

-Қыстың қақаған аязында үш қазақ әйелін бұзауды күзетуге қалдырып кеткен. Тоңып қалған әйелдер бір-біріне сүйкеніп, жылынып отырып ұйықтап қалыпты. Сиыр туған кезде, қатып өлген бұзау үшін сол үш қазақ әйелін атып тастаған. Сол сәт әйелдердің өмірінің құны бұзаудан да төмен болғанын айқын көрсетті, — деді тарихшы.

Көпшілігін «күйеулеріңмен кездесесіңдер» деп алдап, лагерьге осылай алып келген. Киімдері тозғанда ескі маталардан балаларға қайтадан жейде тігіп, жазда кейде тек іш киіммен жүруге мәжбүр болған. Тар, күңгірт бөлмеде таңнан кешке дейін тігін машинасымен жұмыс істеген әйелдердің көбі көзінен айырылған.

Қамауда болған Мариям Анцис лагерьдегі әйелдердің өтінішімен ашылған тігін цехының директоры болған. Алғашында ол жерде тұтқындарға киім тігілсе, кейін лагерь қызметкерлері мен олардың әйелдеріне көйлек тіге бастады. Бостандыққа шыққан соң, кейбірі өз қолымен тіккен киімдерді дүкен сөрелерінен көрген.

Лагерьде әр балаға бір ғана кішкентай тілім қара нан берілген. Оны сол жерде жеп бітіру керек болған. Дегенмен, кейбіреулері нанның жартысын үгітіп, қалтасына салып алатын, кейін аштық қысқанда сол қиқымды аузына салып, өзін жұбатуға тырысқан. Майя Кляшторная естелігінде: «Басым ауырса, нан иіскеймін» — дейді. Сол кездің әйелдері үшін нанның иісінің өзі өмірдің дәмін еске салатын. Ал шикі қамырдан кішкентай мүсіндер жасап, жанын жұбатқан.

«Алғашында лагерьде жазалау өте көп болған. Басшылары тым қатал, аяушылық дегенді білмеген», — дейді мұражай қызметкері. Әйелдер жұмыс істеп жатқанда атпен шауып бара жатып, қамшысымен ұрып өтеді екен. Тіпті кейбірі соққыдан құлап, тұра алмай қалған. Дегенмен мейірімді жандар ол кезде де болған. Баринов есімді басшы әйелдер жылағанда жұбатып, қолдау көрсеткен көрінеді. 1989 жылы лагерь тұтқындары қайта кездесуге келгенде сол Бариновты арнайы іздеп барып, құшақтап көріскен екен.

Тергеу бөлмесі – лагерьдің ең қорқынышты жері еді. Күндіз әйелдер ауыр жұмыс істесе, түнде оларды кезекпен тергеуге шақырған. Сағаттар бойы жауап алу таңға дейін созылатын, ал таң атқан соң оларды қайтадан жұмысқа айдаған. Ұйықтауға рұқсат болмаған. Арнайы биік, арқасыз орындықтар қойылып, аяқтары жерге тимейтіндей жасалған – солай әйелдерді қозғалтпай ұстаған. Таңертеңге дейін денелері жансызданып, қозғала алмай қалатын. Кей жағдайларда тергеу бөлмесінде зорлау оқиғалары да болған.

«Әйел қырық жанды» дейді ғой — қанша азап көрсе де, олар өмірге деген үмітін үзбеген. Лагерьде әйелдер орамалдарын қатты тартып байлап, беттеріне әжім түспесін деп тырысқан. Кейде кішкентай нанға жағуға берілетін майды беттеріне жаққан — сұлулығын сақтау үшін. Ал кейде сол майды ішке жылы болсын деп жеген. Ауыр еңбек, аштық пен витамин жетіспеушілігінен шаштары мен тістері түссе де, олар мойымаған. Сұлулығын сақтау – олардың өмірге деген қарсылығы, рухының тірі қалған белгісі еді», — дейді мұражай қызметкері.

-Бейімбет Майлиннің жары Гүлжамал лагерьде білімі болмағаны үшін, қой баққан. Бір боранда қойларын жоғалтып алып, «таппасаң, тағы бір жыл қосамыз» деген сөзден кейін жылап ауылға қарай жүгірген. Жақын ауылға жеткенде бір үйдің табалдырығында еңіреп отырады. Сол үйдің ер азаматы жұбатып: «Жыламаңыз, апа, қойыңызды тауып береміз», – дейді. Ауыл адамдары көмектесіп, елу қойын қайтарып, тамақ беріп, астына ат мінгізіп, лагерге шығарып салады. Бұл — сол кездің өзінде қазақ жерінде мейірімнің өшпегенінің дәлелі, — Гүлнұр Төлепбергенова өзіне қатты әсер еткен оқиғаның бірімен бөлісіп.

Соғыс жылдары Красный флаг ауылының адамдары әйелдерді аяп, қол ұшын созудың амалын тапқан. Лагерьге келіп: «Бізге егінге жұмысшы керек, адам жетіспейді» – деп өтірік айқай салған. Солай он шақты әйелді «жұмысқа» алып кетеді де, ауылға апарып, үйлеріне кіргізіп, тамақ беріп, ұйықтатып, демалдырып қайтаратын болған. Ал Жаңажол ауылы ондайды жасай алмаса да, әйелдерге құрт лақтырып, жерге тамақ тығып кететін болған. Тұтқындар оны байқап, тез жеп үлгеретін.

Тұтқында болған Мариям Анцис бұл кезеңдерді өз естелігінде былай сипаттайды:

«Бізді Сібірден Қазақстанға жібергенде қуандым. Үйге емес, лагерьге бара жатқанымды білсем де, қуанғанмын. Себебі Қазақстанда аш қалмадық. Адамдар қамыс арасына тамақ жасырып кететін. Сол үшін қазақ халқына мың алғыс».

Лагерьге әйелдерді «столыпин вагонымен» әкелген: бастапқыда жүк тасуға арналған, кейін адам тасыған ауыр вагон. Әр вагонға жетпістен аса адамды тыққан.

«Суықтан қабырғаға сүйенген әйелдердің шашы мен киімі үсіп, мұз болып жабысып қалған. Ортада пеш болғанымен, жан-жағы тесік болғандықтан жылу жетпеген. Әйелдердің көбі жұқа көйлекпен, туфлимен жүрген, ал кейбірі жүкті болыпты. Жол бойы талай нәресте шетінеп, аналардың зарлы дауысы вагон ішін кернеген. Су бермей, тек тұздалған балық қана таратқан», — дейді мұражай қызметкері.

«Қасірет қақпасы» музейдің ең символдық бөлігі. Оның ақ және қара түстері терең мағына береді. Ақ түс — әйелдің пәктігі мен аналық бейнесін, кимешектің нышанын білдірсе, қара түс — ер адамның ерлігін, дулығаның бейнесін көрсетеді. Бір жағынан, бұл түстер тірілер мен өлілердің арасын бөліп тұрған шекарадай. Қақпадан өткен әр адам басын иіп, әруақтарға тағзым етеді. Ақ — бейбітшіліктің, ал қара — сол бейбітшілік жолындағы құрбандық пен қанның символы.

«Еркіндік және еркінсіздік» композициясы — темір тор мен құстар бейнесі арқылы терең ой қалдыратын белгі. Ондағы он бес құс — сол кездегі он бес одақтас республиканы білдіреді. Бірі бостандыққа ұшып шыққан, бірі торда қалған. Бұл бейне тек мемлекеттер тағдырын емес, АЛЖИР әйелдерінің де өмірін еске салады: кейбірі азаптан аман шығып, еркіндікке жетті, ал кейбірі сол тордың әр жағында көз жұмды.  

Фотода Гүлнұр Төлепбергенова әріптестерімен

«– Қазіргі жастар ол заманды, мұндай лагерьдің болғанын біле бермейді. Өзім де тариых мамандығын оқыдым, бірақ оқулықтарда АЛЖИР туралы бір-ақ сөйлем жазылған «халық жауының әйелдері» деп. Ал осы сөздің артында қаншама тағдыр жатқанын музей ашылған соң ғана түсіндік. Біз сол әйелдердің өмірін, ұмыт болған естеліктерін жеткізгіміз келеді. Кейде айтып отырып өзіміздің де көзімізге жас келеді – қалай төзген екен деп, — деді тарихшы сұхбат барысында«, -дейді.

ОБСУДИ МАТЕРИАЛ