Еліміздің теріскей өңірлерінде обыр індеті өршіп тұр

Еліміздің теріскей өңірлерінде обыр індеті өршіп тұр

Материал не туралы: Не себепті Солтүстік Қазақстанда обыр дерті өршіп барады? Бұған жергілікті тұрғындардың өмір салты әсер етіп жатыр ма, әлде бұл экологиялық мәселеден туындаған дерт пе?

Шиеленістің шешімі бар ма: Мамандар мәселені шешудің бірнеше нұсқасын ұсынды. Соның ішінде зерттеу жұмыстарын қаржыландыру да жиі айтыла бастады

Цитата: «Бұл құбылыс азаматтардың тұрмыс-тіршілігімен байланысты болуы мүмкін. Яғни, солтүстік облыстарда темекі шегу мен алкогольді көп мөлшерде тұтыну жиі кездеседі».

Дерттің дендеп кетуіне не себеп?

Солтүстік Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққандар саны артып барады. Бүгінде бұл аймақ онкологиялық аурулар көрсеткіші бойынша алдыңғы шептен шегінер емес. Бұған не себеп? Аймақтың экологиялық ахуалы жағдайды асқындырып тұр ма, әлде азаматтардың тұрмыс-тіршілігі түрткі болып тұр ма? Әлде бұл тұқым қуалаушылықтың салдары ма? Бізге сұхбат беруге келіскен онколог Назар Сейдалинн мұның бірнеше себебі бар екенін айтты.

“Бұл құбылыс азаматтардың тұрмыс-тіршілігімен байланысты болуы мүмкін. Яғни, солтүстік облыстарда темекі шегу мен алкогольді көп мөлшерде тұтыну жиі кездеседі. Екіншіден, бұл аймақтарда өнеркәсіптік кәсіпорындардың көп шоғырлануы орталық және солтүстік өңірлерге тән жағдай. Үшіншіден, мұнда уран кен орындары қалдықтарының әсері бар. Сол жерлерде радон газы бөлінеді, ал радон — қатерлі ісікке әкелетін негізгі факторлардың бірі”, — дейді дәрігер.

Дереккөз: Қазақстандағы онкологиялық аурушаңдық динамикасы өңірлер бойынша, 100 000 халыққа шаққанда, 2024 жылға арналған алғашқы жеті облыс.

Маманның айтуынша, біз онколгиялық ауралардың жоғары деңгейде болуына тек бір факторды айыптай алмаймыз. Себебі онкологиялық ауру біз ойлағаннан да күрделі, бұған бірнеше мультифактор әсер етуі мүмкін. Үзеңгілес әріптесін онколог Анна Александровна да қостады.

“Әдетте жас ерекшелігі бойынша қарттар көп шоғырланған аймақтарда және урбанизация қарқынды жүрген өңірлерде онкологиялық ауру көрсеткіші жоғары келеді. Бұл, атап өткендей, қарт адамдардың көп болуыменде байланысты”, — дейді Анна Александровна.

Шынымен де, 2024 жылғы stat.gov мәліметіне сүйенсек, қарттардың үлесі жастарға қарағанда жоғары өңірлердің алғашқы үштігінің көшбасшысы – Солтүстік Қазақстан облысы: онда 100 балаға 78 қарт келеді. Екінші орында Шығыс Қазақстан облысы болса, үшінші орында Қостанай облысы тұр. Онколог Назар Сейдалиннің айтуынша, адам жасы неғұрлым үлкен болса, соғұрлым обыр (рак) ауруына шалдығу қаупі жоғары болады. Ал 2024 жылғы темекі мен алкогольді сусындардың жайына келсек, жан басына шаққандағы жылдық шығын бойынша темекіге ең көп қаржы жұмсайтын өңір – Солтүстік Қазақстан облысы, ал алкогольді сусындарға ең көп шығын шығаратын өңір – Шығыс Қазақстан облысы.

Назар Сейдалиннің сөзінше, обыр ауруының туындауына психологиялық тұрақсыздық та әсер етуі мүмкін.

«Егер де адам үнемі күйзелісте, стресте жүрсе, ол күйден шығу үшін кей жағдайда темекі шегіп, арақ ішуге өзін итермелейді. Әлбетте, бұл – денсаулыққа зиян. Ежелгі ақ халаттылар айтқандай, бар ауру – бастан», — дейді.

Тұмса табиғаттың талауға түсіп, бүлінуінің де зардабы жоқ емес. Мұны мамандар да растап отыр.

“Солтүстік аймақтарда онкологиялық аурулар уран шахталарының қалдықтары мен шыққан тозаңдарының кесірінен пайда болады деген деректер де бар. Нақты айтар болсам, бұл тозаңдар тыныс жолдары арқылы өкпеге түседі, сәйкесінше радиологиялық әсері де бар. Альфа сәулелердің түсуі бауыр мен бүйрек обырларының дамуына себеп болатын факторлардың бірі болып табылады”, — дейді эколог Айнұр Сейілхан.

Сонымен қатар, экологтың айтуынша, терістікте судың жайы мәз емес, Есілді «өлі су» деп те атайды екен.

“Ғалымдар судың құрамын анықтаған кезде Есіл суын табиғи түрде тұтынуға тыйым салған. Яғни, оның ластану деңгейі орташадан жоғары, сол себептен оны тұтыну зиян. Ал судың негізгі ластаушылары – ауыл шаруашылығының қалдықтары”, — дейді эколог.

Тағы бір өкініштісі, Есіл тек Қызылжар өңірінің су көзі емес, басқа да облыстарға ортақ. Яғни залалды суды тұтыну аймақпен ғана шектеліп отырған жоқ.

“Солтүстік Қазақстандағы Есіл бойында орналасқан елді мекендер ғана емес, Ақмола облысы да бұл суды тұтынып отыр. Сондықтан бұл судың ластану деңгейінің орташадан жоғары болуы сол өңірлердегі аурулардың ушығуына әкеледі«, — дейді эколог.

Онколог Назар Сейдалин де бұл тұжырымдаманы құптап отыр.

“Судың сапасы — негізгі факторлардың бірі. Егер ауылдық өңірлерді алсақ, онда су мәселесі өзекті болуы мүмкін. Ал егер су артезиандық құдықтардан алынып, оның құрамында ауыр металдар, соның ішінде мышьяк болса, бұл — канцерогендердің бірі, және ол, әрине, онкологиялық аурулардың даму қаупін арттырады”.

Мысалы ретінде, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, Шал ақын ауданының Ольгинка және Сухабаровка ауылдарының сулары радиоактивті болғандықтан, олар Көкшетау топтық су құбырына су тарту желісін қосуға мәжбүр. Департаменттің бізге берген жауабына сүйенсек:

“СҚО-да кепілдендірілген қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті және проблемалы мәселелердің бірі болып табылады”.

Бұған дейін Қызылжар қаласындағы Биопруд төңірегінде келелі мәселе көтерілген еді. “Биопрудтағы” судың дұрыс тазаланбауының нәтижесінде атмосфералық ауа ластанған. Бұл жөнінде СҚО экология департаменті:

“Атап айтқанда, «Петропавл қаласындағы КТҚ технологиялық сызбаларын жаңғыртуды аяқтау» жобасының төртінші кезеңі ағынды суларды биологиялық тазарту және қосымша тазарту жүйесін енгізуді көздейді. Алайда бұл бағыттағы жұмыстар 2013 жылдан бері жобалық-сметалық құжаттаманы түзету және аяқталу мерзімдерін кейінге шегеру себебінен әлі аяқталған жоқ”.

Дегенмен, СҚО экология департаментінің мәліметінше, қазір хлорелла (суды табиғи жолмен тазартатын жасыл балдыр) өсіретін құрылғылар мен оны өндіру тәсілі «Қызылжар су» компаниясына берілген. Ал хлорелланы Биопрудқа қосу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Онкологиялық аурулардың көп болуының тағы бір себебі бар. Мамандардың айтуынша, бұл аймақтарда скрининг (алдын ала тексеру) жүйесі жақсы дамығанын көрсетеді. Яғни, ауруларды ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі жоғары болғандықтан, статистикада науқастар саны көп көрінеді.

Қоса кетсек, Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, СҚО-дағы 2024 жылғы өлім көрсеткіші 2023 жылмен салыстырғанда 12,8%-ға өскен. Бұл өсім жаңа науқастар санының көбеюінен емес, бұрыннан диспансерлік (ауруларды есепке алатын мекеме) есепте тұрған және бірнеше жылдан соң қайтыс болған науқастардың өлімімен байланысты. Яғни, облыста диспансерлік есепте ұзақ тұрған науқастар көп болса, өлім көрсеткіші де жоғары болады.

Аталмыш мәселелердің күрмеуін қалай шешеміз деген сұрақтың туындауы заңды. Эколог Айнұр Сейілханның айтуынша, экологиялық проблемалардың алдын алу үшін мемлекет тарапынан қаражат бөліп, ғылыми зерттеулерді теріскей аймақтарда қарқынын күшейту абзал дейді. Бұл бойынша нақтырақ Айнұр Сейілхан:

“Біздің ғылыми жұмыстарға бөлінетін қаржының көбі Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарына бөлінеді. Бұл дәлелденген. Себебі менің соңғы қызметім ұлттық ғылыми кеңестердің құрамында болды, жаратылыстану бағыты бойынша және осы жаратылыстану бағыты бойынша экология, биология, химия, география бағыттарының ғылыми зерттеулерінің басымдылығы шалғай жатқан өңірлерге аз жұмылдырылуы мен сол өңірлердегі ғылыми зерттеу институттарының осындай айтарлықтай өзекті мәселелерді белсенді көтермеу нәтижесінде, ол жерлерде зерттеу жұмыстары бәсеңдеп қалғанын анықтауға болады”, — дейді.

Ал, онколог маман Назар Сейдалин өз тарапынан мәселені шешу жолдары бойынша төмендегідей ұсыныс білдірді:

«Халықпен жұмыс, яғни адамдардың өз денсаулығына жауапкершілігін қалыптастыру. Бұл факторлар бойынша мемлекет ештеңе істей алмайды: егер адам темекі шегіп, дұрыс тамақтанбаса, бұл тек сол адамның өзіне байланысты. Ал мемлекет тарапынан қарасақ, экологияға қамқорлық жасау маңызды: зиянды өндірістер, мысалы, шахталар болса, оларды тиімді пайдалану қажет. Сонымен қатар, өндіріс орындарында алдын алу шараларын күшейтіп, шығарындыларды бақылау да маңызды» 

Сайып келгенде, еліміздің теріскей өңірлерінде обыр ауруларының өршуіне бірнеше фактор әсер етеді. Мамандар бұл себептердің ешқайсын жоққа шығармайды. «Тек оны шешу үшін мемлекет әлі де экологиялық және әлеуметтік мәселелерге жіті мән беріп, ерте қамдану қажет», — дейді.

ОБСУДИ МАТЕРИАЛ