Көпшілік біле бермейтін тарихи Астана
Қазақстандықтардың көбісі Есілдің бойын жайлаған Астананы елдің бас қаласы ретінде ресми статус алғаннан кейін гүлденді деп ойлайды. Бірақ бұл көне шаһардың өзіндік тарихы терең. Оған қаланың оң жағалауында орналасқан ескі ғимараттар куә.
Ақмоладан бүгінгі Астанаға дейінгі жол негізі оң жақ жағалаудан басталды. Мұнда көне көпестердің үйлері, сонымен қатар кеңестік модернизм үлгісіндегі ғимараттар мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тарихқа куә мемлекеттік мекемелер мен бизнес орталықтары қатар орналасқан. Әр көше қала тарихының көпшілік біле бермейтін деректерінен сыр шертіп, ескі мен жаңаның үйлесіміне куә етеді.
Кеңес заманында «Инженерлік мұнара» аталған ғимарат – оң жағалау символына айналған ірі сәулет нысаны. Ол ХХ ғасырдың басында қалаға су жеткізіп қана қоймай, инженерлік ғимарат қызметін атқарған. Бір қызығы, бұл орын қазір мейрамханаға айналған. Ал мұнараның сыртқы келбеті тарихи қалпында сақталып, ішкі бөлігі заманауи интерьерге сай қайта жасақталған. Бұл – ескіні сақтап, жаңаны қабылдаудың айқын мысалы.

106-шы кавалериялық дивизия штабы
Астананың оң жағалауы — қаланың тарихи жүрегі. Мәселен мына Кенесары көшесіндегі №35 үй – ІІ дүниежүзілік соғыс жылдарында Кеңес армиясының 106-шы кавалериялық дивизиясының штабы болған. Мұнда құрылған бөлім 1941–1942 жылдары Харьков операциясында қырғынға ұшыраған, оның даусыз тарихи шежіресі тек 2010 жылдары архив деректерінің көмегімен толық қалпына келтірілген. Қарапайым сәулетті ғимарат ел жадындағы қасіретті күндердің үнсіз куәгері іспеттес. Кезінде стратегиялық маңызы жоғары болға нысан қазіргі таңда кеңсе қызметін атқарып тұр.

«Астана» сауда үйі
Ал бұл 1905-1907 жылдары Кубриндер әулетінің сауда үйі ретінде салғызған модерн стиліндегі ғимараты. Бүгінде бұл нысан Астана супермаркеті ретінде жұмыс істеп тұр.

Василий Кубриннің үйі
Бұл ХХ ғасырдың басындағы көпес Василий Кубриннің үйі. Мұнда жерасты өткелі мен ағылшын бағы болған. 1830 жылдары қазақ жеріне қоныс аударылған Константин Кубрин кейін Ақмолада сауда-саттықпен айналысып, бай көпестердің қатарына қосылады. Кейін оның бұл ісін ұлдары Андриан мен Матвей сәтті жалғастырып, Кубриндер әулетінің абыройы одан бетер асқақтайды. Кейін Матвей Ресейге көшіп, барлық ісін ұлы Василийге табыстайды. Ал Василий Ресейге іс-сапармен барғанда Петерборда тұратын сұлу актрисаға ғашық болып қалады. Сосын елге келген соң сүйіктісіне арнап осы зәулім үйді салдырған.


Кеңес билігі кезінде пионерлер үйіне, музейге айналған ғимарат бүгінде балалар көркемсурет мектебінің мекені болып отыр. Далалық архитектураны бейнелейтін бұл сәулеттік ескерткіш Қазақстанның мәдени мұралары тізіміне енгізілген. Оның жерасты өткелі мен көне сәулеті қала «ескі сәніне» елеулі үлес қосқанын көрсетеді.

Көпес П. Моисеевтің үйі
Мәмбетов көшесіндегі №28 үйдің де тарихы терең. 1914-1918 жылдары қызыл кірпіштен салынған көрнекті үйде көпес П. Мойсеев тұрған. Октябрь төңкерісінен кейін бұл ғимарат ұзақ жылдар бойы аудандық кеңестің қызметіне пайдаланылды. Кейін тарихи ғимарат ардагерлер ауруханасының мекенжайына айналған.

Мәмбетов көшесіндегі бұл көпқабатты үй
Мәмбетов көшесіндегі бұл көпқабатты үй «ескі қала» атмосферасын жалғастырып тұр. Құрылыстың жеңіл әрі үйлесімді сәулеті ежелгі Ақмола қаласының образын жаңғыртып, келушілерді өткенге жетелейді.

Жалпы, қаланың оң жағалауы тарихи нысандармен ғана емес, өзіндік ерекше атмосферасымен адамдарға жылулық пен жайлылық сыйлайды.