Тұтыққан ұрпақ
«Қазақстандық бүлдіршіндердің 80 пайызында сөйлеу механизмінің дефектілері бар. Көпшілігі анық сөйлей алмайды. Мектепке баратын жасқа келсе де, 2–3 жастағы бала секілді түсініксіз сөйлейді», – дейді мамандар. Салдарынан баласының тілін түсінбеген ата-аналар жаппай логопедтердің қызметіне жүгініп жатыр. Сорақысы сол — «сұраныс артқанда, ұсыныс көбейеді» деген маркетинг заңы бұл салаға да жетіп, балалар «тәжірибе құралы» болып барады. Себебі бұл нарық соңғы жылдары бақылаусыз, өз бетінше дамып жатыр. MNU Newsroom тілшісі тұтыққан ұрпақтың тілі неге шықпай жатқанын және логопед болудың қаншалықты оңай екенін зерттеп көрді.
Мәселенің күрделеніп бара жатқаны балабақшадағы мерекелік ертеңгіліктерде анық байқалады. Топ толы бала болғанымен, тақпақты 2–3 бала ғана мүдірмей, анық айтады. Ал қалған 15–20 баланың не айтқанын тіпті өз анасы да ұқпайды. Логопед-дефектолог Зульфия Абдолдинованың айтуынша, қазіргі балалардың анық сөйлей алмауының себебі тек медицинада емес, ең алдымен отбасындағы тәрбие мен ата-ананың салғырттығында жатыр.

Логопед-дефектолог Зульфия Абдолдинова
«Баланың ең алғашқы ұстазы — ата-анасы. Бірақ бүгінде балаларымызды ата-ана емес, интернет пен «электронды күтушілер» (гаджеттер) тәрбиелеп жатыр. Тірі қарым-қатынас, бетпе-бет сөйлесу жоқ. Нәтижесінде 7 жасқа дейін толық қалыптасуы тиіс дыбыстар мүлдем шықпай қалып жатыр».
Маманның айтуынша, соңғы уақытта логопедиялық көмекке сұраныс өте жоғары. Оның орталығына қаңтар айынан бастап небәрі екі айдың ішінде 200 бала тіркелген. Алайда бұл үлкен сұраныс саланың бизнеске айналуына және ата-аналардың жауапкершілігінің төмендеуіне әкеп соққан.
«Әріптестерім туралы жаман айтқым келмейді, бірақ кейбір орталықтардың жабдықталуын көргенде: «Бұл шынымен көмек пе, әлде бизнес пе?» деген ой келеді. Бірақ мәселенің екінші жағы тағы бар: біз ата-аналардың жауапкершілігі жоқтығынан дені сау баланы «ауру» қылып алып келіп жатқанын көріп жүрміз. Баламен айналыспау, онымен сөйлеспеу, бәрін логопедке ысырып қою — үлкен қателік. Логопедия — бұл тек маманның кабинетінде шешілетін мәселе емес, бұл кешенді жұмыс. Процедурадан кейін үйге барып, баламен бірге тапсырмаларды қайталап, еңбектену керек. Ал бізде ата-аналар логопедке ақша төлесе болды, бала бірден сайрап кетеді деп ойлайды. Егер маманмен жұмыс істегенде 3-4 ай ішінде ешқандай нәтиже болмаса, уақыт созбай маманды ауыстыру керек. Бірақ ең бастысы — үй жұмысын ұмытпау», — деп сөзін түйіндеді дефектолог.
Логопедке 6 ай алданған ананың ащы шындығы

Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Ақтөбелік Әйгерім есімді келіншектің 4 жасар баласы да жекелеген сөздерді ғана айтып, толық сөйлем құрай алмаған. Ал мамандарға алып барғанда, олар сөйлеу дамуының кешігуі (ЗРР) диагнозын қойған. Дәрігерлердің аузынан мұндай диагнозды естіген бойда Әйгерім қатты уайымға салынып, дереу баласын жарнамасы жер жарған ең қымбат логопедиялық орталыққа алып барыпты.
«Орталыққа барғанымызда бізді жарқын жүзбен қарсы алып, баланың тілін 2-3 айда шығарып береміз деп уәде берді. Әр сабағына қомақты қаржы төледік. Басында әр сабаққа 2500 төлесек, кейін 10 мыңға дейін қымбаттап отырды. Бірақ маман баламен не істеп жатқанын, қандай әдіс қолданатынын ашып айтпайтын. «Бәрі жақсы, нәтиже болады, күтіңіздер» деген сөзді естумен арада 6 ай өтті. Ең сорақысы, бізге үйге тапсырма бермейтін, «өзіміз бәрін реттейміз» дейтін», — дейді Әйгерім.
Жарты жылдан соң Әйгерім баласын басқа тәжірибелі дефектологқа көрсеткенде, төбесінен жай түскендей болған. Маман баланың алтын уақыты босқа кеткенін, ал алдыңғы орталықтың тек механикалық жаттығулармен айналысқанын айтқан.
«Біз тек ақшамыздан емес, ең қымбат нәрсе — уақытымыздан айырылдық. Логопедияны бизнеске айналдырғандар үшін бала тағдыры емес, кассаға түсетін ақша маңызды екенін кеш түсіндік. Қазір жаңа маманмен үй тапсырмасын бірге орындап, кешенді жұмыс істеп жатырмыз. Нәтиже 2-3 аптаның ішінде көріне бастады», — деп түйіндеді кейіпкеріміз.
Балабақшадағы шынайы көрініс

Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Мәселенің қаншалықты күрделеніп бара жатқаны балабақша қабырғасында анық байқалады. Оған келесі кейіпкеріміздің сөзі дәлел. Біз 17 жылдық тәжірибесі бар, мемлекеттік балабақшада жұмыс жасайтын тәрбиешімен сөйлестік. Ол бізге мәселені ашық айтуға келісті, бірақ аты-жөнін өзгертіп беруімізді өтінді. 2009 жылдан бері бала тәрибесімен айналысып келе жатқан тәрбиеші қазіргі жағдайды «сөйлеу дағдарысы» деп атады.
«Мерекелік ертеңгіліктер (утренник) — біз үшін ең ауыр сынақ. Бұрын балалар тақпаққа таласатын еді, қазір жағдай мүлдем басқа. Топта 30 бала болса, соның ішінде тақпақты анық айтып, рөлді сомдай алатын небәрі 2-3 бала ғана табылады. Қалғандары не дыбыстарды «жұтып» қойса, енді бірі мүлдем үнсіз тұрады. Бұл — жай ғана ұялу емес, бұл — ойын жеткізе алмаудың зардабы», — дейді тәрбиеші.
«Біз балабақшада шудан емес, балалардың бір-бірімен сөйлесе алмауынан, дұрыс коммуникация құра алмауынан қорқатын болдық», – дейді тәрбиеші. Себебі әрбір үнсіздіктің артында агрессия жатуы мүмкін.
«Балалар бір-бірімен тіл табыса алмаған соң, ойын жеткізу үшін бір-бірін итереді, тістейді немесе төбелеседі. Бұл — тілдің жоқтығынан туған агрессия. Ата-аналарға бұл мәселені айтсақ, көбі: «Біз логопедке ақша төлеп жатырмыз, солар дұрыстасын» деп жауапкершілікті маманға ысырып қояды. Бірақ баламен үйде тірі қарым-қатынас болмаса, ешқандай логопед көмектесе алмайды», — дейді.
Расында да, тәрбиеші айтқандай, ата-аналардың «ақша төледік, логопед бәрін реттейді» деген сенімі көбіне алдамшы болып шығады. Өйткені нарықта балаңыздың тілін емес, қалтаңыздағы ақшаны шығарғысы келетін орталықтар аз емес. Себебі бұл салада да клиент үшін шайқас әлдеқашан басталып кеткен. Сол үшін логопедтер мен орталықтар агрессивті жарнамалар жасап, маркетингтік амалдардың неше түрін қолданып жатыр. Ең сорақысы, логопед-дефектологтар әлеуметтік желілерде өздерін эксперт ретінде көбірек көрсетіп, жеке бренд жасап, қалай логопед болуды және сол арқылы көп ақша табуға болатынын елге жаппай оқытып жатыр.
Сертификаттарға сенуге бола ма?

Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Логопедия саласының «бизнеске» айналуының басты себебі — маман тапшылығы мен бақылаудың әлсіздігі. Қазіргі таңда екі апталық курсты бітіріп, өзін «логопед» деп атайтындар көбейген. Алайда, заң мен этика бұл туралы не дейді? ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен бұйрықтарға сәйкес, «логопед» немесе «дефектолог» лауазымына тек тиісті бағыттағы жоғары кәсіби білімі (дипломы) бар тұлғалар ғана қабылданады.
Ал бүгінде трендке айналған «интенсивті курстар» негізгі дипломды алмастыра алмайды. Заң бойынша, сертификат тек біліктілікті арттыру құралы болып табылады. Дипломы жоқ адамның логопедиялық қызмет көрсетуі — кәсіби құзыретсіздік және тұтынушыны алдау болып табылады. (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 190-бабы бойынша қарастырылуы мүмкін).
Алайда біздің қоғамда заңды айналып өтетіндер көп. Мәселен, осы логопедиялық қызметке қатысты талапта бұл іспен тек «тиісті бағыттағы жоғары кәсіби білімі бар тұлғалар ғана айналысуы керек» деп жазылғанымен, оны жалпылама қабылдап жүргендер көп. Әсіресе баламен жұмыс жасайтын педагогтар, психологтар, медбикелер заңда нақтылық болмағандықтан бұл табысты нишаны жаппай оқып алып, кабинет немесе орталық ашып, клиент қабылдап жүр.
Зерттеуіміз көрсеткендей, бүгінгі логопедия нарығы — үлкен мүмкіндіктер мен қауіпті тұзақтың түйіскен жері болып тұр. Бір жағынан, баласының болашағы үшін соңғы тиынын санап беріп отырған ата-аналар, екінші жағынан — сол мұқтаждықты пайда көзіне айналдырған орталықтардың қызметі. Алайда, мәселенің тамыры тек ақшада емес. Балабақша тәрбиешілерінің «ежіктеген ұрпақ» туралы жанайқайы мен мамандардың заңсыз қызметі — қоғамдағы салғырттықтың айқын көрінісі болып тұр.
Ал бала тілінің дұрыс шықпауы тек сөйлеу кемістігі емес, бұл — оның ертеңгі күні қоғамнан оқшаулануы, білімнен қағылуы және өз-өзіне сенімсіз болуы.
Сол үшін логопед таңдағанда оның кабинетінің әдемілігіне емес, жарнамасына емес, қолындағы дипломы мен мекеменің лицензиясына қараңыз. Заңды құжатты талап ету әдепсіздік емес, бала алдындағы жауапкершілік.