Ұтамыз ба, әлде ұтыламыз ба?
Қазақстанның Авраам келісімдеріне ресми түрде қосылуы — елдің сыртқы саясатындағы ең маңызды оқиғалардың бірі ретінде қабылданды. Бұл қадам Қазақстанды Таяу Шығыс пен Батысты жақындастырған тарихи дипломатиялық платформаға бастама жасаған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекетке айналдырды.
Астананың бұл шешімі ел ішінде де, халықаралық сарапшылар арасында да үлкен пікірталас туғызды. Бірі мұны Қазақстанның геосаяси салмағын арттыратын батыл қадам деп бағаласа, енді бірі оның аймақтық тепе-теңдікке әсеріне алаңдаушылық білдіреді. Дегенмен Авраам келісімдері Қазақстанға нақты қандай пайда әкеледі? Бұл қадам елдің болашақ бағытына қаншалықты әсер етуі мүмкін? MNU Newsroom тілшісі бұл сұрақтардың жауабын іздеп көрді.
Авраам келісімі деген не?
2020 жылы басталған Авраам келісімдері Таяу Шығыстағы ондаған жылдар бойы қалыптасқан қатынастарды өзгерткен маңызды дипломатиялық қадам болды. Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн және кейіннен Марокко арасында ресми дипломатиялық қатынастар орнап, аймақта жаңа геосаяси дәуір басталды.
Бұл келісімдер тек елдер арасындағы ресми байланыстарды жаңғырту үшін емес, экономикалық және технологиялық серіктестікті дамытуды мақсат етті. Израильдің су үнемдеу технологиялары, ауыл шаруашылығындағы жоғары тиімді әдістері, медицина мен киберқауіпсіздік салаларындағы тәжірибесі Таяу Шығыс елдерімен табысты интеграцияға жол ашты.
Авраам келісімдері бүгінде аймақтық тұрақтылық пен экономикалық өсімді нығайтуды көздейтін жаңа дипломатиялық форматқа айналды.

Бахрейн, БАӘ және Израиль Трамптың бастамасымен Авраам келісіміне қол қойған сәт. Вашингтон. 15 қыркүйек 2020 жыл.
New York Times деректері бойынша, келісімге қол қойылғанға дейін БАӘ мен Израиль арасында ресми байланыс болмаған, тіпті телефон арқылы да сөйлесу мүмкіндігі қарастырылмаған. Ал келісімнен кейін екі ел арасындағы туризм мен инвестиция белсенді артты, жаңа әуе рейстері ашылды. Израильден Мароккоға баратын туристер саны да көбейген. Сонымен қатар, АҚШ Батыс Сахараны Марокконың территориясы деп мойындағаннан кейін ғана Рабат Авраам келісіміне қосылуға келісті.

Қазақстан неге қызығушылық танытты?
Геосаяси шиеленістер күшейіп, мұнай нарығы құбылып тұрған бүгінгі кезеңде Қазақстанның жаңа дипломатиялық платформаға қызығушылығы кездейсоқ емес.
«Ресей мен Қытайдың арасында орналасқан Қазақстан серіктестерінің санын арттырғысы келеді. Яғни, Астана АҚШ және Еуропамен тығыз қарым-қатынас орнатуға тырысып жатыр. Бұл елдің Авраам келісіміне қосылуы — Вашингтонның назарын аударып, АҚШ-тың мемлекеттік ведомстволары мен жеке секторын Қазақстанға экономикалық тұрғыдан шақыруға жасалған прагматикалық қадам» деп жазды Вашингтондағы Атлант кеңесінің Еуразия орталығы директорының орынбасары Эндрю Д’Аниери.
Сарапшылар не дейді?

Тарих ғылымдарының кандидаты Керімсал Жұбатқанов Авраам келісімдерін «сенімге негізделген жаңа аймақтық модель» деп сипаттайды. Оның пікірінше, Таяу Шығыс елдері арасындағы бұрын жасырын жүргізілген ынтымақтастықтың ресми деңгейге өтуі аймақ үшін үлкен жетістік.
«Қазақстан секілді геосаяси тұрғыдан ашық әрі көпвекторлы ел үшін мұндай платформа маңызды тәжірибе береді», — дейді ол.
Ал бұл бастаманың Қазақстан үшін нақты саяси және геостратегиялық салмағы қандай? Елдің сыртқы саясатындағы жаңа қадамдар қандай мүмкіндіктер мен тәуекелдерге жол ашады? Осы сұрақтарға жауап алу үшін біз геосаясаттанушы Асылбек Серікұлымен сөйлесіп, Қазақстанның бұл бастамаға қатысты қызығушылығының түпкі себептерін талқыладық.

«Қазақстан ешқашан бір жаққа толық бет бұрған емес. Бұл бастама біздің бейтарап, келісімшіл мемлекет ретіндегі беделімізді күшейтеді», — дейді сарапшы.
Асылбек мырзаның айтуынша, Авраам келісімдері Қазақстанға бірнеше бағытта мүмкіндік береді. Біріншісі, елдің Шығыс пен Батыс арасындағы стратегиялық рөлін нығайту. Қазақстан көп жылдар бойы дінаралық және мәдениетаралық диалогты дамытуда тәжірибе жинады, сондықтан бұл платформада біздің бейтарап ұстанымымыз жоғары бағалануы мүмкін.
Екіншісі, экономика мен технология. Израильдің ауыл шаруашылығы, медицина, қауіпсіздік және су ресурстарын басқару саласындағы озық тәжірибесі Қазақстан үшін ерекше маңызды.
Тәуекелдер де жоқ емес. Радикалды топтардың қысымы, ислам әлеміндегі сезімталдық немесе Ресей мен Қытайдың алаңдаушылығы байқалуы мүмкін. Бірақ ол, Қазақстан бұл тепе-теңдікті сақтай алатынына сенімді.
Халық не дейді?
Алайда саясаттағы кез келген салмақты қадам секілді бұл бастама да қоғамда біржақты қабылданған жоқ. Әлеуметтік желілерде пікір екіге бөлінді:
- Бір бөлігі Авраам келісімдері Қазақстанға инвестиция, технология және жаңа нарықтар алып келеді деп сенеді.
- Екінші бөлігі бұл қадамды «тек имидж үшін жасалған символдық шешім» деп күмәнданады.
Кей азаматтар Палестина мәселесі аясында мұсылман елдерінің реакциясына алаңдайды. Басқалары Ресей мен Қытайдың ұстанымын болжап, аймақтық тепе-теңдікке әсері қандай болатынын сұрайды.
Осы пікір алуандығы Қазақстан қоғамының сыртқы саясатқа бейжай қарамайтынын, ал Авраам келісімдерінің өзегінде күрделі геосаяси сұрақтар жатқанын көрсетеді.
Асылбек Серікұлы бұл күмәннің өзіне де түсіністікпен қарайды:
«Қандай да бір ірі бастамада пікірдің әртүрлі болуы қалыпты құбылыс. Ең маңыздысы бұл келісім Қазақстанға тұрақтылық, қауіпсіздік және нақты серіктестік әкелуі мүмкін», — дейді ол.

Авраам келісімдерінің экономикалық және технологиялық әлеуетін бізге Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) сарапшысы Әли Мұхамбет түсіндірді.
Оның айтуынша, бұл бастама Қазақстанға тек дипломатиялық пайда емес, нақты экономикалық серпіліс әкелуі мүмкін. Сарапшының пікірінше, Израиль мен Парсы шығанағы елдерінің мүмкіндіктері Қазақстан экономикасының бірнеше саласын жандандыра алады.
1. Ауыл шаруашылығын цифрландыру,
2. Су ресурстарын тиімді басқару,
3. Экология мен жасыл энергетика,
4. Медицина және биотехнология.
Әли Мұхамбеттің айтуынша, бұл бағыттар Қазақстанның болашақ даму стратегиясымен толық сәйкес келеді. Ол елдің сыртқы саясатындағы бұл қадамды прагматикалық таңдау деп сипаттады. Ол сондай-ақ бұл бастама Орталық Азияға да әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Инфрақұрылымдық жобалар, логистика, трансшекаралық су және энергия жобалары біртіндеп өңірлік дамудың жаңа драйверіне айналуы ықтимал.
Қазақстанның ең ірі стратегиялық ресурсы — мұнай және дәл осы салада ел ең үлкен тәуекелдермен бетпе-бет келіп отыр. Экономиканың негізгі тірегі саналатын қара алтынды сыртқа шығару жолындағы қиындықтар Қазақстанды жаңа бағыттар мен жаңа одақтастар іздеуге мәжбүрлеуде.
Қазақстан мұнайын Ресей тәуелділігінен қалай қорғайды?

Коллаж ЖИ көмегімен жасалды
Қазақстан мұнайының негізгі бөлігі әлі де Ресей аумағы арқылы экспортталады. Украинадағы соғыс, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) инфрақұрылымына жасалған шабуылдар және Ресей мен Еуропа арасындағы санкциялық текетірес Қазақстан мұнайының сыртқы нарыққа шығу жолдарының қаншалықты осал екенін айқын көрсетті.
Орта дәліз не береді?
Орта дәліз — Қазақстан мұнайын Ресей мен Иранды айналып өтіп, Әзербайжан арқылы Батысқа жеткізетін бағыт. Егер бұл бағытқа ірі инвестициялар тартылып, логистикалық тізбек толық жолға қойылса, Қазақстан үшін қауіпсіз әрі тәуелсіз экспорттық артерия қалыптасады.
Сарапшылардың айтуынша, Орта дәліз тек балама бағыт қана емес, Қазақстанның энергетикалық тәуелділігін нақты төмендете алатын стратегиялық мүмкіндік. Баку-Тбилиси-Жейхан және Баку-Супса бағыттарын толық қуатында пайдалану нәтижесінде Қазақстанның мұнай тасымалын Ресей инфрақұрылымына тәуелділіктен шамамен 20-25 пайызға дейін азайтуы мүмкін.
Сонымен қатар, осы бағытпен Еуропаға жету уақыты дәстүрлі солтүстік бағытпен салыстырғанда 8-12 күнге қысқарады. Бұл — әрі қауіпсіздік тұрғысынан, әрі экономикалық жағынан Қазақстан үшін үлкен артықшылық.
Осы факторлар Астананың жаңа дипломатиялық платформаларға, соның ішінде Авраам келісімдеріне деген қызығушылығын күшейтіп отыр. Авраам келісімдері Қазақстанға тек технологиялық немесе инвестициялық мүмкіндіктер ғана емес, сонымен бірге энергетикалық тәуелсіздікке апаратын маңызды жол ашуы мүмкін.
Ал саясаткер Мұрат Байкенұлы бұл бастамаға сын көзбен қарайтындардың қатарында. Ол Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылуы Ресеймен қарым-қатынасқа әсер етуі мүмкін екенін айтады.
«Қазақстан әрдайым көршілерімен теңгерімді саясат жүргізіп келді. Ал бұл бастама сол тепе-теңдікті әлсіретуі ықтимал», — дейді саясаткер.
Ол Палестинаны қолдайтын елдердің реакциясы, ішкі саяси қабылдау және халықтың сенімі — мұқият талдауды талап ететін маңызды факторлар екенін ескертеді.
«Егер нақты пайдасы көрінбесе, халық бұл қадамды тек сыртқы пиар үшін жасалған шешім деп қабылдауы мүмкін», — дейді Мұрат мырза.
Саясаткер Авраам келісімдеріне қосылу Қазақстанды кейбір халықаралық алаңда күрделі жағдайда қалдыруы да мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бірақ бұл бірден бас тарту емес, алдын ала ойлануды талап ететін ескерту ретінде қарастырылуы керек. Оның айтуынша, Қазақстанның әр қадамы Мәскеу мен Бейжіңнің радарында тұрады, сондықтан мұндай шешімдер көпвекторлы саясаттың нәзік балансын сақтау қажет.

Ал экономист Сапарбай Жұбаев Авраам келісімдерінің Қазақстан үшін ең маңызды қыры заманауи технологияларға қол жеткізу екенін айтады. Ол әсіресе Израильдің климатқа бейімделген ауыл шаруашылығы тәжірибесін ерекше атап өтті.
«Біз су тапшылығын жиі айтамыз, ал Израиль бұл мәселені технологияның күшімен шешіп отыр. Неғұрлым құрғақ климатта отырып, олар бізден көп өнім алып, экспортқа жөнелтіп жатыр», — дейді сарапшы.
Сонымен бірге ол инвестиция тарту өздігінен жеткіліксіз екенін, шетелдік капиталмен бірге басқару мәдениетін, ашықтық пен жауапкершілікті де қабылдау керектігін айтады.
«Инвестиция — бұл тек ақша емес. Бұл — менеджмент, тәртіп және жауапкершілік. Біз технологиямен бірге осы мәдениетті де үйренуіміз керек», — дейді Сапарбай Жұбаев.
Оның айтуынша, Қазақстан геосаяси тепе-теңдікті сақтай отырып, Авраам келісімдерінің экономикалық мүмкіндіктерін ақылмен пайдаланса, ұтары көп.
Жалпы, Авраам келісімдеріне қызығушылық — Қазақстанның сыртқы саясатындағы кездейсоқ қадам емес. Таяу Шығыс елдерімен технология, инвестиция және қауіпсіздік салаларында серіктестік орнату Қазақстанға жаңа мүмкіндіктер есігін ашып отыр. Ал мұнай экспортының Ресей инфрақұрылымына тәуелділігі күшейген тұста балама бағыттар іздеу — елдің экономикалық және энергетикалық қауіпсіздігі үшін міндетті шарт.
Сонымен қатар қоғамдағы күмән мен сын да ескерусіз қалмауы тиіс. Халықтың дауысы тыңдалмайтын сыртқы саясат ұзаққа бармайды. Қазақстанның күші көпвекторлы саясатында. Егер Авраам келісімдеріне қатысты шешімдер ұлттық мүддені, ішкі тұрақтылықты және қоғам сенімін ескере отырып қабылданса, бұл бастама елдің дамуы мен қауіпсіздігіне нақты үлес қоса алады.
Бұл — жаңа кезеңнің мүмкіндігі. Енді сол мүмкіндікті қалай пайдаланатынымыз басты сұрақ болып тұр.