Жемқорлық және өршіп бара жатқан өрттер
Елімізде өрт қауіпсіздігі мәселесі жыл сайын күрделеніп барады. Соңғы жылдары жиілеп кеткен өрттер халықтың тұрмыстық жауапсыздығын ғана емес, Қазақстандағы жүйелі бақылау мен қауіпсіздіĸ мǝдениетінің ǝлсіздігін ашық көрсетті. Себебі айдың, күннің аманында жыл сайын балалар топ-топ болып, тірідей отқа жанып кетіп жатыр. Ең сорақысы, адамдар әлі күнге дейін «менде бәрі жақсы, мұндай жағдай менің өмірімде болмайды» деп ойлайды. Ал негізінде ешкім ештеңеден сақтандырылмаған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің деректеріне сүйенсек, соңғы 5 жылда елімізде 61 762 өрт тіркелген. Ал өткен жылы оның саны шамамен 11 мыңға жуықтаған. Бір қарағанда бұл құрғақ сандар секілді. Бірақ әрбір санның артында қаншама адамның тағдыры, өĸініші, қайғы-қасіреті жатыр.
Ал өрт неден шығады?
Статистикаға сүйенсек, еліміздегі өрттердің жартысына жуығы, яғни 59%-ы электр құрылғыларын орнату және пайдалану қағидаларын бұзудан туындаған. 24,9% жағдайда отпен абайсыз жұмыс істеу, ал 16,1% жағдайда пешпен жылыту жүйесін орнату және пайдалану кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу себеп болған.

Яғни статистика көрсеткендей, елдегі он өрттің алтауы электр құрылғыларын орнату мен пайдалану қағидаларын бұзудан болып жатыр. Неге бұл көрсеткіш тым жоғары? MNU студенті Аружан Жанәділова бұл мәселені тереңінен зерттеп көрді.
«Шаш ал десе, бас алатын» реформа
Өкінішке қарай біздің елде кей реформалар бір-біріне қарама-қайшы жұмыс істейді. Мысалы жемқорлық деректерін азайту мақсатында ТЖМ жаңа нысандарды қабылдап алу процесіне қатыстырылмайтын болып шешім қабылданды.
«Қазіргі кезде жаңа тұрғын үйлер мен ғимараттарды МЧС емес, көбіне әкімдік немесе техникалық қадағалау қызметкерлері қабылдайды. Ал өрт қауіпсіздігіне жауапты негізгі орган — ТЖМ бұл процеске қатыспай отыр. Соның салдарынан көптеген жаңа үйлер жұмыс істемейтін дабыл жүйесімен, дұрыс бапталмаған түтін шығарғыштармен және істен шыққан автоматикамен пайдалануға беріледі», – дейді осы саланың білікті маманы Қуаныш Қайырбекұлы.
Ол аздай құрылыс кезінде арзан материалдардың қолданылуы, техникалық нормалардың тек формалды орындалуы, инженерлік жобалардың сапасыз жасалуы, автоматты өрт дабылдарының істен шығуы, түтін шығару жүйелерінің ешқашан тексерілмеуі және қабылдау актілеріндегі үстірттік секілді факторлар бар. Мұндай олқылықтар үй пайдалануға берілгеннен кейін назардан тыс қалып, қауіпсіздік мәселесі «адам қателігіне» телініп кетеді. Шын мәнінде, өрттің шығуына ықпал ететін себептердің басым бөлігі құрылыс пен техникалық процестердегі ақаулардан туындайды.
Ал тұрғындар бұл кезеңдерге араласпайды, тіпті олардың бар екенін де білмейді. Өрт қауіпсіздігі тек «үйді қалай қолданасың» дегенге емес, «оны қалай салды» деген сұраққа да тікелей байланысты. Себебі құрылыс жұмыстары кезінде электр желілерін тартумен нағыз мамандар айналыспайтын жағдайлар да болады. Ал мұның соңы тағы да сол өрттің жиі тұтануына әкеп соқтырып жатыр.
Сандармен сипаттауға келмейтін қайғы
Соңғы жылдары болған өрт оқиғалары әлі де елдің есінде. 2019 жылы Астанадағы Көктал-1 тұрғын алабындағы жек секторда болған өрттен бір отбасының бес қызы тірідей жанып кетті. 2024 жылы Қостанай облысының Жітіқара қаласында тағы да бес бала дәл осылай қаза тапты. Ал 2025 жылы Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауылында бір үйдің өрімдей бес баласы да сол тілсіз жаудың құрбаны болды. Ол аздай өткен жылы Түркістан облысы, Алғабас ауылында 12 адамның өмірін жалмаған қайғылы оқиға бүкіл елді дүр сілкіндірді.
Датчик бағасы: қауіпсіздік құны мен оның шынайы мағынасы
Елімізде болған осындай трагедиялық жағдайлардан соң өзге елдерде тұратын отандастарымыз өздеріндегі секілді, түтін датчиктерін жаппай орнату жайлы айта бастады. Осы құрылғылар туралы білмек болып, біз датчик сатумен және орнатумен айналысатын мамандармен сұқбаттастық.

Вячеслав Герман бұл салада тәжірибелі маман. Тұтынушылардың талғамы мен талабын жақсы біледі. Вячеславтың айтуынша, көпшілік үшін баға — шешім қабылдаудағы негізгі фактор екен. Бірақ бұл салада «қымбат» немесе «арзан» деген түсінік емес, құрылғының өмірлік маңызы басты орынды иеленеді.
«Автономды түтін датчиктері әдетте 3 000-нан 8 000 теңгеге дейін тұрады. Бұл — бір отбасының күнделікті шығыны көлеміндегі сома. Бірақ дәл осы құрылғы өрттің алғашқы секундтарында адамға шешуші уақыт береді», – дейді ол.

«Көп адам датчиктің ең арзанын сұрайды. Баға — бұл тек сан. Ал датчиктің құндылығы – әр отбасыға қауіпсіздік беруінде. Қарапайым құрылғы адамның орнына “ояу тұрады”. Бұл оның ең үлкен артықшылығы», – дейді.
Алайда біздің тұрғындар көбіне құрылғыны формалды түрде орнатып, кейін пайдаланбайды екен. Ол аздай қымбатсынып, орнатқысы келмейтіндер көп.
Заңды түрде мәжбүрлеп, датчиктер орнату қажет пе?
Соңғы жылдары өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаңдатылып жатыр. Қағаз жүзінде бәрі дұрыс. Тиісті норма бекітілген, бұйрық шыққан. Түсіндіру жұмыстары да жиі жүргізіліп жатыр. Бірақ сонда да өрт азаймай тұр. Мүмкін мемлекет түтін датчиктерін заңды түрде мәжбүрлеп орнаттыруы қажет шығар? Осы орайда біз өрт сөндірушілердің пікірін сұрауды жөн көрдік.

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің аға инженері Ербалған Полатовтың айтуынша, әлеуметтік тұрғыда әлсіз топтарға мұндай құрылғыларды мемлекет пен әкімдіктер тегін орнатып береді екен. Ал қалғандары өз қаражатына сатып алуы тиіс. Бірақ халықтың өрт қауіпсіздігіне қатысты мәдениеті төмен. Сол себепті «құдай сақтасын» деп, қолды бір сілтеп жүре беретіндер көп екен.
«Жеке тұрғын үйлер – азаматтардың жеке меншігі. Сондықтан біз ешкімді мәжбүрлей алмаймыз. Біздің негізгі бағытымыз – тек түсіндіру, профилактика жүргізу, халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыру. Айыппұл мөлшерін арттыру біздің құзыретімізге кірмейді. Бұл — заң шығарушы органның өкілеттігі. Ал біздің басты міндетіміз – алдын алу шараларын жүргізу, түсіндіру жұмыстарын күшейту және ең бастысы, адам өмірін сақтау. Айыппұл салу — мәселенің түпкілікті шешімі бола алмайды», — дейді Ербалған Полатов.
Қазақстандағы өрт қауіпсіздігіне қатысты зерттеу көрсеткендей, мәселенің түпкі себебі бір ғана техникалық талапта немесе бақылау жүйесінде емес. Ол қоғамдағы күнделікті дағды мен мәдениетке келіп тіреледі. Өрт сөндірушілердің тәжірибесі де осыны дәлелдейді: көп жағдайда өрт қарапайым ережені сақтамаудан шығады. Бір қараусыз қалған розетка, тазаланбаған пеш, бақылаусыз телефон немесе балалардың қолына түскен сіріңке санаулы минут ішінде үлкен қайғыға айналуы мүмкін. Жеке сектордағы тұрмыстық қиындықтар, қаржылық тапшылық пен ескі инфрақұрылым бұл қауіптің ықтималдығын одан әрі арттырады.
Өрт қауіпсіздігі мәдениеті тек техникаға, тексеріске немесе жазалауға сүйенбейді. Ол күнделікті қалыптасатын тәртіп, отбасының ішкі қағидасы мен жауапкершілік деңгейінен бастау алады. Жүйе қанша күш салса да, қауіпсіздік әдетке айналмаса, трагедияның алдын алу мүмкін емес. Бұл мәселені зерттеу барысында түсінгеніміз: Қазақстандағы өрттердің басым бөлігі алдын алуға болатын жағдайлардан туындаған. Қауіпсіздік үлкен реформа емес. Ол әр үйден басталады. Әдеттен және қарапайым әрекеттен басталады. Егер осы мәдениет қалыптаспаса, әр қыс сайын «бұл қайғының алдын алуға болмас па еді?» деген сұрақ қайталана бермек.
Айтпақшы, мемлекет өз реформасының қателігін енді ұғынған секілді. 2026 жылдың 1 ақпанынан бастап нысандардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды беру жүйесі төтенше жағдайлар министрлігінің құзіретіне қайта берілетін болды.