Боз кілемнен рухани миссияға дейін
«Қазақстан Барысы» — тек спорттық жарыс емес, ұлттық рухтың символына айналған жоба. Бұл турнир миллиондаған көрерменді экранға телміртіп, балуандық өнердің беделін жаңа деңгейге шығарды.

Алайда, осыдан 14 жыл бұрын бастау алған «Қазақстан Барысы» алғашқы миссиясын толық орындай алды ма? Төл өнерді насихаттаған турнирдің танымалдығы соңғы жылдары бәсеңсіп қалмады ма? Newsroom.mnu.kz тілшісі Жансая Нұрымханова осы сұрақтармен дүбірлі додаға барып, сарапшылармен сұқбаттасты.


Рухты асқақтататын, делебені қоздыратын «Қазақстан Барысы» Есей Жеңісұлы үшін де ерекше жоба. Себебі ол бұл доданы спорт комментаторы ретінде 11 жыл бойы тұрақты жүргізіп келеді.
– “Қазақстан Барысы” жобасы қазақ күресіндегі біраз өзгерістердің басы болды. Солардың бірі, төл спортымызға арналған шағын ұйымдардың федерация болып бірігуі болды. «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры» атты қоғамдық қордың да ашылуы оң нәтижеге бастау бола алды. Уақыт өте келе жобаның ауқымы өсіп, “Әлем Барысы”, “Әскер Барысы” атты балуандар белдесетін бәйгелер қосылды. Тіпті қазір, жабық ғимараттар ішінде өтетін Азия ойындарының қатарына қосылды. Бұл қазақ күресінің әлемге танылу ауқымы кеңейіп келе жатыр деген сөз, — дейді Есей Жеңісұлы.



Сын сағатта өз мықтылығын дәлелдеп, қарсыласын жығуға барынша тырысатын әр палуан боз кілемдегі сайыстан соң белгілі танымалдылыққа ие болып, жанкүйерлер қошеметіне бөленері анық. «Бірақ соңғы жылдары алғашқы кездегідей жанашырлық пен көрермен ықыласы жетпей жатыр», — дейді Есей мырза:
– Алғашқы уақыттарда халықтың ықыласы өте жақсы болды. Зал толып, балуандарға керемет қолдау көрсетілетін. Ал қазір ондай қошемет қатты байқалмайды. Теледидардан қаншалықты тамашалайтынын білмеймін, бірақ жалпы алғанда алғашқы жалынның басылып қалғаны сезіледі.


Жас ұрпақты қазақ күресіне қызықтырудың жарнамасы жеткіліксіз болғаннан ба, әлде арнайы қадамдары толық жасалмағаннан ба — палуандардың биылғы байрақты бәйгесін тамашалауға келгендерің де көбі орта жастан асқандар екені байқалды. Күрестен халықаралық деңгейдегі төреші, әрі бапкер Шыңғыс Тұрсынов “Қазақстан Барысы” турнирінің қазіргі деңгейі туралы былай деді:
– Күреспен айналысып жүргеніме 40 жылдай уақыт болды. Бұл жобаның басы-қасында құрылғаннан бері жүрміз. Өзімнің ұлым Мұхит Тұрсынов 2014 жылғы “Қазақстан Барысы”, шәкіртім Айбек Нұғымаров 2013, 2015 жылдары жеңімпаз болды. Бастапқы бес жылда қазақ халқының қолдауы қатты болып, барлығы жақсы көрді. Өңірлерден ағылып жанкүйерлер келіп жатты. Қазір ондай қошемет жоқ десе де болады. Тек біз сияқты бапкерлер, спорттың айналасында жүрген адамдар ғана келеді.

Бапкердің айтуынша, бүгінде дүбірлі додаға қатысатын спортшылардың деңгейі өсуде. Оның дәлелі, чемпиондарға өз атақтарын қорғап қалу қиынға соғып жатқан көрінеді. Биылғы байқау соның дәлелі болды.

Арман Шораев палуандар додасының өткені мен бүгінін жақсы біледі. Себебі ол жобаның алғашқы жетекшілерінің бірі болған еді.
– Өзім бұл істің басынан кеткеніме 6 жылдан асты. Жобаның жарнамасы жеткіліксіз болғандықтан да болар жастар арасында бұрынғыдай дәріптелмей жатқаны рас. Алғашқы қарқын қазір сезілмесе де, жылда осыны ұйымдастырып жүрген жандардың еңбегіне рақмет, — деп пікірін білдірді.
Боз кілемде күш сынасқан палуандардың ішінде биылғы жеңіс “Найман” лақап атымен танылған Марат Байқамұратовқа бұйырды. Бұған дейін “Әскер Барысы” атанған ол қарсыласын ақтық белдесудің екінші минутында жықты.


Ал былтыр “Қазақстан Барысы” атанған Ерасыл Қажыбаев биыл күміс белбеуді місе тұтты. Қола жүлде болса Дүниежүзілік көшпенділер ойынының чемпионы Нұрдәулет Жарлығаповқа бұйырды. Негізгі жүлде қоры 27 млн. теңгені құрады.

“Қазақстан Барысы” жобасы расымен қазақ күресінің беделін жаңа деңгейге көтеріп, төл спортымыздың әлемдік аренада танылуына үлкен серпін берді. Алайда ол тек боз кілемдегі белдесу емес, рухани азық екенін ұмытпауымыз қажет. Ұлттық спортымыздың тағдыры тек балуандардың қолында емес, халықтың назарында, спортқа шын жанашыр жас буынның көбеюінде.