Корея зауыттарынан Лондон даласына дейінгі қазақ жұмысшылары

Корея зауыттарынан Лондон даласына дейінгі қазақ жұмысшылары

Алыстағы нан табыс

Бүгінде шетел асып, маңдай терімен күн көріп жүрген қазақстандықтардың саны жыл сайын артып келеді. Ашық деректерге сүйенсек, шамамен 137 мың қазақстандық еңбек мигранты түрлі елде жұмыс істеп жүр. Олардың дені Ресейге бет бұрса да, соңғы жылдары Оңтүстік Корея мен Ұлыбритания елдері қазақстандықтар арасында танымал бағыттардың біріне айналды. Бірі Сеул зауыттарында еңбек етсе, бірі Лондон маңындағы фермаларда таңғы шық кеппей жатып құлпынай мен орамжапырақ теріп жүр. 

28 жастағы Түркістан облысының тұрғыны маусымдық жұмысқа бару үшін банктен қарыз алып, делдал компанияға 700 мың теңге төлеген. «Бір айдың ішінде құжат дайын болады, билет қолыңа тиюге жақын» деген уәдеге сенген жігіт Лондонға екі жылдан бері жете алмай жүр. 

  «Күні бүгінге дейін банкке ай сайын төлем жасап отырмын. Ал ол ақшаны шетелде жүріп қайтарамын деп ойлаған едім», – дейді ол. 

Бұл жалғыз жағдай емес. Жергілікті БАҚ-та 800 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін төлеп, алаяқтардың құрбаны болғандар жиі айтылады. 

Делдалдардың бағасы әртүрлі: ең төмені 100 мың теңге, орта есеппен 500-800 мың теңге, кейде тіпті 2 миллионға дейін жетеді. Қағаз жүзінде бұл ақшаға құжат рәсімдеу, билет пен жатын орын уәде етіледі. Алайда іс жүзінде құжат та, билет те болмай, адамдар қолындағы қаржысынан айырылып қалып жатыр.

Қазақстан азаматтары не үшін шетел асып жатыр? 

Себебі елдегі айлық табыс пен шетелдегі жалақы арасындағы айырмашылық жоғары. Қазақстандағы орташа жалақы — шамамен  316-448 мың теңге (шамамен 830 доллар). Ал Оңтүстік Кореядағы қазақ жұмысшыларының табысы — айына 1,5-2 мың доллар. Бірақ тұрғын үй, тамақ, жол шығындарын шегергенде, қолына таза шамамен 1-1,2 мың доллар қалады.  Ұлыбританиядағы маусымдық жұмысшылар болса аптасына 40-60 сағат жұмыс істеп, айына 1,8-2,2 мың фунт табады. Бірақ бұл да маусымдық табыс. 

Ресми емес мәліметтерге сәйкес, мұнда шамамен 15 мыңға жуық қазақстандық жұмыс істейді, олардың көпшілігі құжатсыз жүргендер. 2020 жылғы есеп бойынша, Қазақстан азаматтары Оңтүстік Кореяда заңсыз жүргендердің ішінде жетінші орынға тұрақтаған.

34 жастағы Алматы қаласының тұрғыны Азамат та бүгінде Оңтүстік Кореядағы зауытта еңбек етіп жүргендердің бірі.

«Жалақы жаман емес, бірақ алғашқы айларда пәтерақы мен жол шығыны көп ұсталады. Жұмыс ауыр, түнгі ауысым бар. Тіл білмесең, одан бетер қиын. Бірақ амал жоқ, отбасымды асырауым керек», – дейді. 

Еңбек миграциясының кері тұстары

Шетелге кеткен ата-ана балаларына тек ақша жібергенімен, мейірімін бере алмайды. Қарт ата-аналар жалғыз қалып жатыр.  Ол аздай тіл білмеу, полициядан жасырыну, жалғыздық сезімі бар. Оңтүстік Кореяда құжатсыз жүргендер көп болғандықтан, полициядан қашу – күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған.

Қауіпсіздік мәселесі: заңсыз жүргендер қысым мен әділетсіздікке тап болуда 

Заңсыз жүрген қазақстандық жұмысшылар көбіне жұмыс берушілердің қысымына қарсы тұра алмайды, жалақының кешіктірілуі немесе толық төленбеуі де жиі кездеседі.

Осыған орай жуырда еліміздің Сыртқы істер министрлігі бірнеше рет ескерту жасап, шет елден жұмыс іздеген кезде тек ресми арналарға жүгінуге кеңес берді. Ресми деректерге сәйкес, бүгінде Оңтүстік Кореяда 30 мыңнан астам қазақстандық бар

Мәселені шешу мақсатында Қазақстан тарапы Кореяға Employment Permit System (EPS) — еңбек рұқсаты жүйесіне қосылу жөнінде ұсыныс білдірген. Егер бұл келісім жүзеге асса, қазақстандықтар заңды түрде емтихан тапсырып, сертификат алып, ресми жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады. 

Сонымен қатар, Сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Кореядағы елшілік құрамына полиция атташесін енгізу жоспарын қарастыруда. Бұл арнайы жасақ жіберу емес, азаматтардың құқықтық мәселелерін бақылап, көмек көрсететін өкіл болмақ. Демек, қоғамда тарап кеткен «ертең-ақ полиция келіп ұстап әкетеді» деген әңгімелер – асыра сілтеу болғалы тұр.

Оңтүстік Корея мен Ұлыбританиядағы көзқарас 

Оңтүстік Кореяда жұмыс берушілер қазақтарды еңбекқор әрі төзімді деп бағалайды, алайда заңсыз мигранттардың көбеюі қоғамда сенімсіздік туғызуда. Жол апаты сияқты келеңсіз жағдайлар теріс пікір қалыптастыруы мүмкін. Дегенмен жалпы алғанда «қазақтарға қарсы» көзқарас жоқ.

Ұлыбританияда қазақтар маусымдық мигранттардың жалпы ағымында бейтарап қабылданады. Жұмыс берушілер оларды «уақытылы келетін, еңбекқор, тәртіпті» деп сипаттайды, ал қазақ студенттері мен жас мамандары елдің оң имиджін қалыптастыруға өз үлесін қосып жүр.

Миграциялық ағын: салыстырмалы көрініс 

Көрші елдермен салыстырғанда, қазақстандық еңбек миграциясының көлемі әлдеқайда аз. Мәселен, өзбекстандық мигранттар саны — 2 миллионнан астам, қырғыздан шамамен 1 миллион адам, ал Қазақстаннан 137 мың адам бар екен.

Сандар аз болғанымен, қазақстандықтардың бір бөлігі заңсыз жолды таңдағандықтан, олардың проблемалары қоғамда жиі талқыланады. 

Еңбек пен абырой 

Алыс жолға шыққан әрбір қазақстандық өз тағдырымен бірге елдің абыройын да арқалап жүр. Оңтүстік Кореядағы жасырын жұмысшылар да, Лондон даласында таңнан кешке дейін құлпынай теріп жүргендер де адал еңбек етуде. Кореяда көзқарас екіұшты болса, Ұлыбританияда қазақтар еңбекқор мигрант ретінде бағаланады. 

Адам еңбегін қадірлейтін қоғамда маңдай тердің ақысы да адал болуы тиіс, сондықтан шетелге жұмыс іздеп шыққан әрбір азамат ең алдымен ресми арнаны таңдауы қажет. Әйтпесе, арманын қарызға айырбастаған тағдырлар тағы қайталануы мүмкін. 

ОБСУДИ МАТЕРИАЛ