«1414» — сенімді нөмір емес, қауіпті қақпан болуы мүмкін

«1414» — сенімді нөмір емес, қауіпті қақпан болуы мүмкін

Мемлекеттік нөмірлерді пайдаланып, өзін Ұлттық банк, полиция немесе ҰҚК қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтардың саны бір жылда 47%-ға өсті. Бүгінде интернет арқылы жасалатын қылмыстар жалпы алаяқтықтың 54,2%-ын құрайды. Астаналық тұрғын Әсел Ағажан да дәл осындай жағдайға тап болған.

«Бастапқыда ештеңеден күмәнданған жоқпын. «1414»-тен келген хабарлама болар деп ойладым. Көп ұзамай WhatsApp бұзылып, таныстарымнан қаржы сұралып жатқанын білдім. Жақындарыммен дереу байланысып, ештеңе аудармауды ескерттім. Әпкеммен бірге нөмірімді қайтарып алдық. Алаяқтар мақсаттарына жете алмады. Бірақ бұл оқиға қатты үрей туғызды. Осындай жағдайға түсіп жатқан адамдарды ойласам, жүрегім ауырады», — дейді ол.

Алаяқтарға неге тұсау сала алмай отырмыз?

ҚР ІІМ дерегінше, алаяқтықтың алдын алу үшін 64 548 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған. 1,1 миллионнан астам жадынама мен брошюра таратылып, ғаламторда 19 мыңнан астам ақпараттық материал жарияланған. Соған қарамастан, 2025 жылы «1414» нөмірін пайдаланып жасалған 5503 қылмыс тіркелген. Бұл — өткен жылғы 3734 дерекпен салыстырғанда 47%-ға көп.

Киберқауіпсіздікке халықаралық қолдау

ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті отандық IT-компаниялармен («Seven Hills of Kazakhstan», «MSSP.GL») және халықаралық серіктестермен («Group-IB», «Kaspersky Lab», «Doctor Web») ынтымақтастық орнатқан. Ұлттық байланыс пункті арқылы 109 мемлекеттің уәкілетті органдарымен бірлескен жұмыс жүргізілуде.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, байланыс операторларымен бірлесіп, 67 миллионнан астам жалған қоңырау бұғатталған. Антифрод орталық жұмысының нәтижесінде 2,2 млрд теңге бұғатталып, оның 1,5 млрд теңгесі — азаматтардың, 644 млн теңгесі — дропперлердің шоттарында қалған. 280 өтініш бойынша тексеріс жүргізіліп, 247 азаматтың 1,2 млрд теңге сомасындағы заңсыз несиесі жойылған.

Алаяққа алданбаудың 10 қадамы

Интернеттегі алаяқтық деректерінің азаймауына орай еліміздің ішкі істер министрлігі мынадай қауіпсіздік ержелерін сақтанып жүруді ұсынды.

  • Телефон арқылы келетін «банк», «полиция» немесе «инвестиция» ұсыныстарына сенбеу.
  • Жеке деректер мен СМС-кодтарды ешкімге бермеу.
  • Бөгде адамдар ұсынған қосымшаларды орнатпау.
  • Белгісіз сайттарда алдын ала төлем жасамау.
  • Инвестиция жасар алдында жобаның заңдылығын тексеру.
  • Қосымшаларды тек ресми көздерден жүктеу.
  • Сілтемелер мен «қалқымалы терезелер» арқылы төлем жасамау.
  • «Ұялы нөміріңіз өшеді» деген қоңырауларға сенбеу.
  • Банкинг паролін үнемі өзгертіп отыру.
  • Шоттардағы ақша қозғалысын тұрақты бақылау.

Алаяқтыққа тап болған жағдайда азаматтар полицияға немесе «Е-өтініш» платформана жүгінуі тиіс. Алаяқтықтың өсуі қоғамдағы әлсіз тұстарды — сенімнің, ақпараттық сауаттылықтың және сақтық мәдениетінің төмендігін айқындады. Миллиондаған брошюра мен мыңдаған іс-шараға қарамастан, нәтиже күткендегідей емес. Бұл — қауіпсіздікке деген көзқарасты түбегейлі өзгерту қажеттігін көрсетеді.

ОБСУДИ МАТЕРИАЛ