Тыйым салынған іс пе, әлде ізгі амал ма?

Тыйым салынған іс пе, әлде ізгі амал ма?

Ағза донорлығы

Қазақстанда ағза донорлығы жайлы айтылғанда әлі күнге дейін түрлі түсініспеушіліктер мен алып-қашпа әңгімелер көп. Ал шын мәнінде бұл — өмір мен өлім арасындағы нәзік шекарадағы таңдау.

2025 жылғы 10 тамыздағы мәлімет бойынша, елімізде 4 384 адам трансплантацияны күтіп отыр. Олардың ішінде 3890 ересек пен 90 бала бүйрекке, 201 ересек пен 21 бала бауырға мұқтаж. Ал жүрек пен өкпе күтетіндер саны жүзден асады. Өткен жылы ғана 335 адам қажетті ағзасына қол жеткізе алмай көз жұмды. Бұл сандардың артында адамдардың тағдыры, ата-ананың үміті, балалардың болашағы тұр.

Донорлыққа қатысты ең үлкен стереотиптердің бірі — «исламда тыйым салынған». Бірақ бұл пікір шындыққа жанаспайды екен.

Ислам шариғаты бойынша адам тәні Алланың аманаты болып саналады. Сондықтан адамның денесіне тірі кезінде де, қайтыс болғаннан кейін де құрметпен қарау — біздің міндетіміз. Дегенмен, қазіргі заман ғалымдары мен пәтуа кеңестері белгілі бір шарттармен мәйіттен ағза алуға рұқсат бар екенін айтады. Ол шарттар марқұмның көзі тірісінде келісім беруі немесе туыстарының рұқсаты, ағзаның сатылмауы және бұл іс басқа адамның өмірін құтқаруға нақты себеп болуы. Яғни, егер донорлық арқылы бір мұсылманның немесе жалпы адамның өмірін аман сақтап қалу мүмкіндігі болса, ол игі амал ретінде қарастырылады. Бұл жерде басты мақсат — жанды сақтап қалу ,— дейді Шейх Кунта қажы мешітінің наиб имамы, Данияр Байдуллаев:

Құранда да бұл жайында анық айтылған: «Кімде-кім бір адамды тірі етсе, барша адамды тірі еткендей болады» («Мәида» сүресі, 32-аят). Демек, барлық шарттары сақталса, қайтыс болғаннан кейінгі донорлық исламға қайшы емес.

Трансплантацияны үйлестіру бөлімінің жетекшісі Сауле Шайсұлтанова мәселені тек дәрігерлер емес, қоғамның барлық мүшесі талқылауы керектігін айтады.

-Көпшілігі бізді дәрігер болғандықтан қызығушылық танытып отыр деп ойлайды. Бірақ егер бұл тақырыпты жастар, қоғамдық ұйымдар көтерсе, халық оны басқаша қабылдайды. Қазақ  қай кезде де жәрдемдескен халық. Ал трансплантацияға мұқтаждар бүгінгі көмекке зәру адамдар. Сондықтан осы құндылық арқылы түсіндіруіміз керек.

Коллаж авторы: Аружан Кенжебаева

2020 жылдан бері Қазақстанда донорлық тек адамның тірі кезінде жазбаша келісімі болған жағдайда ғана мүмкін. Бірақ Сауле Талғатқызының айтуынша, бұл фактор трансплантация санына айтарлықтай әсер еткен жоқ.

Бұрын, 2015-2017 жылдары бізде жылына шамамен 20 донор болған кезеңдер болды. Кейін қоғамда теріс ақпараттар таралып, халықтың сенімі азайды. Қазір келісім немесе бас тарту тіркеушілердің саны халықтың 1%-ынан да аз. Оның үстіне, келісім бергеннің өзі кейін медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты донор бола алмай қалуы мүмкін, — дейді.

2024 жылдың қорытындысы да мәселенің өзектілігін дәлелдейді. Өткен жылы 86 ықтимал донор анықталғанымен, олардың тек 10-ының отбасы келісім берген. Медициналық көрсеткіштер бойынша бар болғаны 6 жағдай ғана сәйкес келіп, нәтижесінде 23 трансплантация жасалды.

2025 жылғы 22 шілдедегі соңғы статистикалық деректерде 4 384 науқас трансплантация кезегінде тұр екен. Ал 117 231 адам ерікті түрде келісім берген. Соған қарамастан, донорлық ағза күтіп жүріп, өмірден өтіп кетіп жатқандардың саны әлі де жоғары. Донорлық — жай ғана статистика емес, ол анықтаудан бастап трансплантацияға дейінгі адам өмірін сақтап қалатын шешуші фактор.

Коллаж авторы: Аружан Кенжебаева

Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық жүйесінде әлем елдері екі түрлі модельді қолданады. Біріншісі opt-in жүйесі, яғни адамның ағзалар мен жасушаларды алуға тек ол тірі кезінде ресми түрде келісімін білдірген жағдайда ғана рұқсат беріледі. Мұндай келісім донорлық реестрге тіркелу немесе арнайы құжатқа қол қою арқылы жасалады. Егер адам мұндай шешім қабылдап үлгермесе, қайтыс болғаннан кейін оның ағзалары мен жасушаларын алу үшін туыстарының рұқсаты талап етіледі. Opt-in жүйесі Германия, АҚШ, Қазақстан сияқты елдерде енгізілген. Ал екінші модель opt-out немесе келісім презумпциясы жүйесі. Бұл жағдайда әрбір азамат қайтыс болғаннан кейін донор болуға өмірінде ресми түрде бас тартпаған болса автоматты түрде келісім берді деп есептеледі, Яғни, адам алдын ала қарсылық білдірмесе, оның ағзалары трансплантация үшін пайдаланылуы мүмкін. Кейбір мемлекеттерде туыстарының қарсы шығуына мүмкіндік берілсе («жұмсақ презумпция»), басқаларында мұндай құқық берілмейді («қатаң презумпция»). Испания, Франция және Австрия осы үлгіні қолданатын елдер қатарына жатады.

Материалды әзірлеу барысында біз халық арасында сауалнама жүргіздік. Оның қорытындысы көрсеткендей, адамдардың басым бөлігі қайтыс болғаннан кейін ағзаларын донорлыққа беруден бас тартуын ең алдымен діни және мәдени себептермен түсіндіреді. Сауалнамаға қатысушылардың көпшілігі үшін бұл мәселе дәстүрлі наным-сенімдермен және «денені бүтін сақтау» ұғымымен байланысты болып шықты. Сонымен қатар, кейбір азаматтар донорлыққа қатысты діни көзқарастардың қоғамда толық түсіндірілмегенін атап өтті. Бұдан бөлек, сенімсіздік пен ақпараттың жеткіліксіздігі де жиі кездесетін себептердің қатарында. Демек, негізгі түйткіл діни-мәдени факторлар мен халыққа түсіндіру жұмысының әлсіздігі.

Халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, дамыған елдерде ағза донорлығына қоғамның көзқарасы әлдеқайда оң. Мәселен, Испания соңғы он жыл бойы донорлық пен трансплантация саласында әлемдік көшбасшы болып отыр: бұл елде миллион тұрғынға шаққанда 40-тан астам донор келеді. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш әлдеқайда аз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған деректерге сүйенсек, Оңтүстік Корея, АҚШ, Франция сияқты елдерде донорлық мәдениеті қоғамға кеңінен сіңіп, трансплантация ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған. Ал біздің елде бұл бағыттағы басты кедергілердің қатарында діни-мәдени көзқарастармен қатар, құқықтық және ақпараттық олқылықтар да бар.

Автор: Аружан Кенжебаева

ОБСУДИ МАТЕРИАЛ