Әскерге күштеп әкету операциясы

Әскерге күштеп әкету операциясы

Жастар неге әскерге баруға құлықсыз?

Соңғы жылдары әскер тақырыбы қоғамда бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Әскердегі өлім-жітім, әлімжеттік, зорлық пен әділетсіздікке қатысты жаңалықтар жиі тарап, жастар мен ата-аналар арасында үрей мен сенімсіздік артты. «Баламды әскерге жіберсем, аман орала ма?» деген сұрақ бүгінде көп ата-ананың көкейінде тұр.

Ол аздай жастарды әскерге күштеп әкету операциялары жиілеп кетті. Қоғамда «облава» деп аталып кеткен бұл науқан қорқынышты одан сайын күшейтті. Әскерге бару міндет емес, қауіпке бас тігу секілді болып кетті. Осындай үрдістің салдарынан қоғамда жаңа бағыт қалыптасты. Жеке компаниялар әскери борышты кейінге қалдыруға немесе онан заңды жолмен босатуға көмектесетін ақылы қызметтер ұсына бастады.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда ел бойынша шамамен 850 мың азамат әскерге шақыру жасында болған. Солардың ішінде 178 мыңы ғана әскери қызметке қабылданған. Яғни шақыртылғандардың тек бестен бірі ғана азаматтық борышын өтеген. Ал қалғандары түрлі себептермен босатылған. Мұндай айырмашылық қоғамдағы көзқарастың әркелкі екенін және жастардың әскерге бару туралы шешіміне көптеген жеке әрі әлеуметтік факторлардың әсер ететінін көрсетеді.

Жастардың әскери борышын өтеуге асықпауының бір себебі — әскердің ішкі беделіне деген көзқарастың төмендеуі. Ал бұл дағдарыстың түп төркіні сарбаздар арасындағы әлімжеттікте жатыр.

Бұл мәселе бүгін ғана пайда болған жоқ. Әскердегі бейресми қарым-қатынастар мен қысым көрсету үрдісі бұрыннан бар. Ол әр кезеңде әртүрлі сипат алғанымен, түбегейлі жойылған емес. Әр буын бұл мәселені өзінше шешуге тырысты: біреулер тәртіпті күшейтті, біреулер бақылау орнатты, енді бірі сарбаздың бос уақытын пайдалы іске бағыттауға тырысты.

Сол кезеңде мұндай мәселемен тікелей бетпе-бет келген әскери басшылардың бірі — генерал-лейтенант, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы және 2012–2013 жылдары Республикалық Ұланның қолбасшысы болған Амангелді Шабдарбаев.

Амангелді Шабдарбаев:
«Біздің уақытта “дедовщина” болмас үшін бәрі нақты тәртіпке бағындырылды. Таңғы алтыда тұрып, түнгі онға ұйықтайтын. Сарбаздардың бос уақыты қалмасын деп спорттық жарыстар, жаттығулар, мәдени іс-шаралар ұйымдастырдық. Осындай тәртіп пен күнделікті белсенділік озбырлыққа жол бермеді».

Оның айтуынша, сол кезде жүйеге деген сенімді арттыру үшін әскерге шақырылғандарды мүмкіндігінше өз өңіріне жақын жерге жіберуге тырысқан.

«Мысалы, Алматыдан келгендер Алматы маңында, Астанадан келгендер сол өңірде қызмет етті. Сенбі-жексенбі күндері ата-аналар арнайы рұқсатпен келіп, баласын уақытша үйге алып кете алатын. Осындай қарапайым әрі адами қадамдар жастардың көзқарасын түбегейлі өзгертетін», — дейді генерал.

Әскер қорқыныш символына айналған ба?

MediaNet халықаралық журналистика орталығына қарасты DEMOSCOPE қоғамдық пікірді жедел бақылау бюросының 2025 жылғы сауалнамасы қоғамдағы көңіл күйді айқын көрсетті.

Сауалнамаға сәйкес, азаматтардың 40 пайыздан астамы әскердегі басты мәселе ретінде зорлық-зомбылық пен «дедовщина» құбылысын атаған. Тағы 30 пайыздан астамы армиядағы материалдық жағдайдың төмендігін, ал 19 пайызы патриотизм мен моральдық рухтың әлсіздігін негізгі себеп ретінде көрсеткен.

Сонымен қатар, сауалнамаға қатысушылардың тек 38,3 пайызы ғана жақын адамының әскерге баруын толық қолдайтынын айтқан. Ал 25,8 пайызы — қолдайтынын, бірақ қатты уайымдайтынын жеткізген. Респонденттердің 7 пайызы әскерге бармаудың заңды жолын іздеп көмек беретінін, ал 3 пайызы басқа амал қарастыратынын айтқан.

Бір сарбаздың тағдыры — тұтас жүйенің көрінісі

Жастарды алаңдататыны — мылтық не сап түзеген күн емес, жүйенің өзіндегі әділетсіздік пен жасырын тәртіп. Әскерге аттанған сарбаздар елін қорғауға емес, қорқыныш пен қысымға толы ортаға тап болам ба деп алаңдайды.

Соңғы үш жылдың ішінде шамамен 270 сарбаздың өлімі тіркелген. Көп жағдайда ресми түсіндірмелер бір-біріне ұқсас. «Өз-өзіне қол жұмсаған», «қарумен абайсыз жұмыс істеген», «кездейсоқ жағдай» деген секілді. Бірақ ата-аналар да, қоғам да бұл нұсқаларға сенбейді. Олар әскери бөлімдердегі шынайы жағдай барынша жасырылады және ақпарат бұрмаланады дейді.

Мысалы Алматы облысының 18 жастағы тұрғыны Арманжан Арықбай сондай кезекті бір оқиғаның құрбаны болды. Ол әскерге өз еркімен емес, мәжбүрлі түрде алынған. Анасының көзі нашар көреді, ІІ топтағы мүгедек. Арманжан отбасының жалғыз асыраушысы еді. Алайда 2025 жылдың 12 маусымында оны қаладағы сауда орталығының жанынан әскери киім киген сарбаздар ешқандай ескерту мен түсініктеме берместен әскерге алып кеткен.

Алдымен оны Қонаев қаласындағы әскери комиссариатқа жеткізіп, екі тәулік бойы сол жерде ұстаған. Кейіннен Тараздағы №5513 әскери бөлімге жөнелткен. Араға бірнеше күн салып, сапқа тұрғызу кезінде Арманжан есінен танып құлаған. Таразда үш күн болғаннан кейін оны Алматыдағы Ұлттық ұланның әскери бөліміне ауыстырған. Анасы Фарида Қажымұратованың айтуынша, Арманжан Алматыға келген соң Қонаевта өзін әскери қызметші ұрып-соққанын жеткізген. Алайда Ф. Қажымұратова дереу дәрігерлерге жүгінгенімен, «ешқандай ауыр жарақат жоқ» деген жауап алған. Бірақ көп ұзамай оған «ұлыңыздың басында ісік бар» деген хабар жеткен.

3 шілде күні Фарида Қажымұратова ұлын көрмек болып, әскери лазаретке барады. Бірақ ондағылар:

«Ұлыңыз басқа мекемеде тексерісте жүр», — деген жауап береді

Ал бірнеше сағаттан соң дәрігердің аузынан мүлде басқа сөз естиді:

«Мен жаңа ғана ұлыңызды психиатриялық диспансерге жатқыздым,» деген.

Анасы бұл шешімге келісім бермеген. Аурухана есігіне келгенде “жұмыс уақыты бітті” деген жауап естіп, кіре алмай қалған. Көру қабілеті әлсіреген ана ұлын табу үшін өз бетімен іздеуге кіріскен.

Қорғаныс министрлігінің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты былай деп жауап берді:

«17 маусым күні №5513 әскери бөлімінің оқу-жаттығу пунктінде бастапқы әскери қызметін өтеп жүрген сарбазда сіңір тартылу ұстамасы байқалды. Ол дереу медициналық мекемеге жеткізілді. Өзінің айтуынша, әскерге дейін басынан жарақат алып, кейіннен сондай жағдайлар қайталанып тұрған. Қазір ол Алматы қаласындағы Республикалық психикалық денсаулық орталығында тексерістен өтуде. Жағдайы қанағаттанарлық, тиісті ем жүргізілуде».

Алайда анасы бұл мәліметтермен келіспей, ұлының әскерге дейін толықтай сау болғанын, психиатриялық есепте тұрмағанын және денсаулығына ешқашан шағымданбағанын айтады. Бұдан бөлек, ол баласының отбасын жалғыз өзі асырағанын да жеткізді.

Бұл оқиғадан кейін қоғамда тағы да сұрақ көбейді: «Неге әскерге шақыру комиссиясы әлеуметтік осал топтағы, мүгедек анасын бағып отырған жалғыз баланы қызметке жарамды деп таныды? Заң бойынша азамат босатылуы тиіс емес пе? Әлде кейде жүйе адамның өмірлік жағдайына көз жұма қарай ма?»

Сарбаздар не дейді?

Қазақстандық армияның ішкі халін бағамдау үшін біз әскер қатарында борышын өтеп келген, аты-жөнін жариялаудан бас тартқан сарбазбен сұхбаттастық.

«Басында бәрі қалыпты көрінді. Әскери тәртіпке үйренісу қиын болса да, шыдайын дедім. Бірақ уақыт өте келе шынайы жағдайды көресің. Бірдеңе дұрыс істемесең, бірден ұрыс естисің. Кейде ұрыс емес, қорлау. “Тәртіп орнатамыз” деген сылтаумен күш қолданады. Бір жолы бір сарбазға табуретканы қолына ұстатып қойды, шаршаса да тастауға рұқсат бермеді. Сағаттап тұрды. Кейде тіпті офицердің өзі де араласып, бәрін көре тұра үндемейді. Ондай сәтте ештеңе айта алмайсың, ал айтсаң, ертең саған қарсы шығады», — дейді ол.

Сарбаздың айтуынша, әскердегі ең ауыр нәрсе физикалық емес, психологиялық қысым.

«Бір сөз артық айтсаң, сені “тәртіпке бағынбайды” дейді. Сондықтан бәрі үндемей жүріп, санаулы айды өткізіп шығуды ғана ойлайды. Әскер ер жігітті шыңдайды дейді ғой, ал меніңше, кей жерде ол адамды сындырады», — деп түйіндеді сарбаз.

Дедовщина мен әлімжеттік мәселесі тек Қазақстанға тән емес. Бұл әлемдік армиялардағы ортақ проблема. Мысалы, АҚШ-та жүргізілген зерттеу нәтижесінде әскери қызметшілердің шамамен 12 пайызы қызмет барысында буллингке немесе әлімжеттікке ұшырағанын айтқан. Ал Норвегияда жасалған әлеуметтік зерттеу бойынша, сарбаздардың 22 пайызы өздерін қысым құрбаны санаса, 19 пайызы мұндай әрекетке өздері де қатысқанын мойындаған. Бұл деректер әскери ортадағы зорлық пен психологиялық қысымның жаһандық сипатқа ие екенін, алайда оның ауқымы мен салдары әр елде әртүрлі деңгейде көрінетінін айқын дәлелдейді.

Жастардың жаңа үрейі

Азаматтардың өз еркімен әскерге баруға құлшынысы азайған сайын, кей өңірлерде бұл мәселені күшпен шешу әрекеттері байқала бастады. Сол үрдістің ең даулы мысалы қоғамда «облава» деген атпен белгілі заңсыз шақыру тәсілдері. 

Бұл жағдай әсіресе соңғы жылдары жиілеп, қоғамда үлкен наразылық тудырды. Әлеуметтік желілерде әскери формадағы адамдардың көшеде жүрген жас жігіттерді ұстап, еш түсініктеме берместен көлікке отырғызып, әскери комиссариатқа апарып жатқаны туралы бейнероликтер қоғамда қызу талқыға түсті.

2025 жылдың маусымында елді дүрліктірген жағдайдың бірі Назарбаев университетінің Foundation бағдарламасы түлегінің көшеде ұсталып, әскери бөлімге бірден жеткізілуі болды. Ол кезде студент бакалавриатқа қабылдау нәтижесін күтіп, оқу ақысының кепілін төлеген еді. Алайда әскери бөлім өкілдері оның «студент» мәртебесін мойындамаған. 

ЖСН нөмірі eGov базасындағы жоғары оқу орындары тізіміне енбеген, өйткені ресми қабылдау туралы бұйрық тек тамыз айында шығуы тиіс болған. Қорғаныс министрлігі бұл әрекетті заңға сай деп түсіндіріп, «Foundation бағдарламасы ресми түрде жоғары білім санатына кірмейді» деген уәж келтірді.

Оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Бұдан кейін Назарбаев университетінің әкімшілігі студенттердің құқығын қорғау мақсатында арнайы шешім қабылдап, Foundation бағдарламасын тәмамдаған түлектерді бакалавриаттың бірінші курсына алдын ала тіркеу туралы бұйрық шығарды. Бұл олардың әскери шақырудан кейінге қалдыру құқығын заңды түрде бекітті. Университет бұл қадамды «білім алушылардың қауіпсіздігі мен академиялық құқығын қорғау үшін қабылданған шара» деп түсіндірді.

Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та тараған жаңалықтар жастарды одан сайын алаңдатты. Енді көпшілік үшін әскерге шақыру тек міндет емес, мазасыздық пен белгісіздіктің себебі. Кей жігіттер кешкі уақытта көшеде жүруден немесе қоғамдық орындарда ұзақ болудан қашады, себебі кез келген сәтте «военкомат өкілдері келіп қалар» деген ой маза бермейді.

Мұндай алаң көңіл тек ел ішіндегі жастарға тән емес. Соңғы жылдары шетелде оқып жүрген студенттер де дәл осындай күйді бастан кешіруде. 

АҚШ-та білім алып жүрген 19 жастағы студент елге оралуды уайым мен күмәнмен қабылдайды.

«Соңғы уақытта Қазақстанға қайта оралудың өзі мен үшін үрейге айналды. Әр келген сайын көшеде жүрген жігіттерді ұстап әкетіп жатқан видеоларды көремін де, өзімнің де сондай жағдайға тап болуым мүмкін бе деп ойлаймын. Бұл мүлде ақылға қонбайтын жағдай. Мен қашып жүрген қылмыскер емеспін, тек өз оқуымды оқып, білім алғым келеді», — дейді ол. 

Жұмыс істейтін жастар арасында да осындай уайым бар. Бізге сұхбат берген келесі кейіпкеріміздің әскерге баруға денсаулығы жарамайды екен. 23 жастағы жігіт университетті бітіріп, мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр. Әскери қызметке жарамсыз деп танылғанына қарамастан, ол шақыру науқаны басталса болды, іштей тыныштығын жоғалады екен.

«Кейде военкомат өкілдері жұмыс орындарына келіп, жас қызметкерлердің құжаттарын тексереді. Ондай кезде бәріміз абдырап қаламыз, кейбір әріптестер тіпті сол күні жұмысқа келмей қояды. Соңғы уақытта бәрін еш айырмашылықсыз ұстай береді деген ой маза бермейді. Денсаулығым жарамайтынын дәлелдейтін анықтамам болса да, түсінбей, ертіп кетіп қалуы мүмкін деген ой маза бермейді», — дейді ол.

Еске сала кетейік, Қазақстанда әскерге шақыру жасына 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар жатады. Бұған қоса, біз сөйлескен бірнеше респондент әскерге шақыру маусымында военкомат өкілдері компьютерлік клубтар мен ойын орталықтарына жиі баратынын айтты. Сол жерлерде жастар көп жиналатынын білген олар, кейде клуб иелерімен келісіп, келушілер туралы ақпарат алып отырады екен.

 «Кей клубтар военкоматпен байланысып, кім жиі келіп ойнайтынын айтып береді. Содан кейін бір күні әдеттегідей ойнап отырған жігіттерді ұстап әкетеді», — дейді жастардың бірі.

Мұндай әрекеттер қоғамда «жоспарды орындау үшін кез келген амалға барады» деген пікірді күшейтті. Әскердің беделін арттырудың орнына, мұндай оқиғалар жастарды одан сайын алшақтатып, бойларында алаңдаушылық пен сенімсіздікті күшейтті.

Жүйені цифрландыру — өзгерістің бастауы ма?

Осындай оқиғалар мен қоғамда туындаған сенім дағдарысынан кейін Қорғаныс министрлігі әскердің имиджін қалпына келтіру мен жүйені жаңартуға кірісті. Ведомство өкілі Фархат Айдарбаевтың айтуынша, енді көшеде жүрген жастарды күштеп ұстап, қорғаныс істері жөніндегі департаментке жеткізу тәжірибесіне жол берілмейді. 

Жаңа формат аясында шақырылушыларды іріктеу толықтай цифрландырылған жүйе арқылы жүргізіледі. Енді азаматтарға әскерге шақыру туралы хабарлама үш түрлі жолмен: SMS-хабарлама, «Egov» порталы және дәстүрлі қағаз шақырту түрінде жіберіледі. Шақырылушы өз деректерін онлайн тексеріп, егер медициналық немесе заңды себептері болса, кейінге қалдыруды электронды түрде рәсімдей алады. Сондай-ақ шақырту кемінде үш күн бұрын жіберілуі тиіс. 

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл жаңа тәсіл «Smart-военкомат» жобасының жалғасы болып табылады және ол азаматтардың құқықтарын қорғауға, ашықтық пен әділдікті арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, енді жас сарбазды қай әскери бөлімге немесе әскер түріне жіберу керектігін жасанды интеллект жүйесі анықтайтын болады. 

Жүйе әр азаматтың туған жері, денсаулығы, білімі мен кәсіби дағдылары туралы мәліметтерді талдап, оған ең сәйкес келетін бағытты ұсынады. Вице-министр Дархан Ахмедиевтің айтуынша, бұл жаңашылдық «әскерге адамды жай жоспар үшін емес, оның әлеуетін ескере отырып қабылдау» мақсатында енгізілген.

Бұл цифрлық шешімдер адами фактордың әсерін азайтып, әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған реформаның маңызды бөлігі. Министрліктің айтуынша, жаңа жүйе әскери қызметті заманауи деңгейге көтеріп, жас буынның әскерге деген көзқарасын жаңаша қалыптастыруы тиіс.

Сонымен қатар, жастарды ынталандыру мақсатында мемлекет 2025 жылы  2700 білім грантын және әскери оқу орындарына түсуге арналған 500 сертификат бөлді. Енді әскерден кейін жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ тапсырмай-ақ, сұхбат негізінде қабылдануға болады. Бұл реформалар әскери қызметті міндет емес, өз болашағыңа мүмкіндік ретінде көрсетуге бағытталған. Алайда бастапқыда бұл бастама қоғамда басқаша қабылданды, жаңалықтарда “грант барлығы үшін қолжетімді болады” деп хабарланған еді. Ал іс жүзінде бұл мүмкіндік шектеулі және тек белгілі бір критерийлерге сай келетін, үлгілі қызмет өткерген сарбаздарға ғана беріледі. Сондықтан да бұл жүйенің нақты тетіктері мен әділдігі туралы сұрақтар әлі де өзекті болып отыр.

Билік әскери борышты өтеудің балама жолдарын да ұсынуда. Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери-техникалық мектептер (ВТШ) арнайы 40 күндік қысқартылған әскери дайындық курсын өткізеді. Бағдарламаның құны шамамен 390 мың теңге, ұзақтығы 42 жұмыс күні. Осы уақыт ішінде қатысушылар атыс, саптық және тактикалық дайындықтан өтіп, оқу соңында әскери билет алады.

Бірақ қоғамда бұл жүйеге көзқарас әртүрлі. Бірі оны тиімді реформа десе, енді бірі “ақылы әскери билет алу тәсілі” деп сынайды. Яғни, мемлекет әскерді жаңаша форматта ұсынуға тырысқанымен, жастардың басым бөлігі бұл бастамаға бейтарап қарап отыр.

Жеке компаниялардың “көмегі”

Әскерге барудан бас тартуға еш негіз болмаса, бұл әрекет заңбұзушылық болып саналады. Себебі жалтару мәселесі заң жүзінде нақты реттелген. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, мұндай жағдайларда алдымен түсіндіру және алдын алу шаралары жүргізіледі. Алайда ескерту алғаннан кейін де әскери борышын өтемей жүрген азаматтарға заңмен белгіленген жауапкершілік қолданылады.

Егер шақырту қағазына келмеген жағдайда, азамат 10 айлық есептік көрсеткішке дейінгі (шамамен 37 мың теңге) айыппұл төлейді. Ал әдейі жалтару фактісі дәлелденсе, Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес, 3000 айлық есептік көрсеткішке дейін (шамамен 11 миллион теңге) айыппұл салынады немесе 800 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға не үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Дегенмен, заңдағы нақты жауапкершілік пен айыппұлдарға қарамастан, жастар арасында әскери қызметтен бас тарту немесе кейінге қалдыруға ұмтылу азайған жоқ. Керісінше, соңғы жылдары бұл құбылыс жаңа бағытқа, “қызмет нарығына” айналды.

Әскерден кейінге қалдыру немесе мүлде босату қызметін ұсынатын ұйымдар туралы біз өз зерттеуіміз барысында анықтадық. Солардың бірі Алматы қаласында жұмыс істейді және өздерін «құқықтық және медициналық көмек көрсету орталығы» ретінде таныстырады.

Әлеуметтік желілерде жиі жарнамаланып жүрген бұл қызмет бізге де қызық көрінді. Кеңес алу үшін алдын ала 1000 теңге төлеп, өтінім қалдырдық. Көп ұзамай оператор хабарласты.

Әңгіме бірден ресми сұрақтардан басталды:

– Қазір жұмыс істейсіз бе, әлде оқудасыз ба? Қаншалықты шұғыл қажет? Денсаулығыңыз қалай?

Біздің адам спортпен шұғылданатынын, жарыстарға қатысып жүргенін және жақында университетті тәмамдап жатқанын айтты. Бұған дейін бірнеше рет медициналық тексеруден сәтті өтіп, денсаулығы мықты екенін де нақтылап өтті.

– Яғни өзіңізді толықтай сау деп ойлайсыз ба?

– Иә, дәрігерлер де солай айтты, бәрі қалыпты.

Сол сәтте оператор жеңіл күліп былай деді:

– Толық сау адам болмайды ғой, бәрінің өз әлсіз тұсы бар. Кімнің жүйкесі, кімнің қысымы, кімнің көзі… бәрі де негіз бола алады. 

Осы қысқа диалогтың өзінен-ақ әңгіменің бағыты түсінікті болды. Мұнда әңгіме нақты денсаулық жайында емес, “құжат жүзінде” шешім табуға арналған схема екенін аңғару қиын емес еді. Бұдан кейін оператор бізге бүкіл процестің қалай жүретінін түсіндірді.

Алдымен заңгерлер сіздің кейсіңізді толық талдайды. Егер негіз болса, компания мен клиент арасында ресми келісімшарт жасалады, онда көрсетілетін қызмет түрлері мен міндеттемелер нақты жазылады. Содан кейін тіркеу орныңызды Алматыға ауыстырамыз. Осы кезде біз сізді серіктес клиникаларымыздың біріне жолдаймыз. Ол жерде медициналық тексеріс өткеннен кейін, қорытынды дайындалады. Военкоматқа баруға бір апта қалғанда Алматыға келуіңіз керек. Барлық рәсім шамамен үш-төрт күн ішінде аяқталады.

Бұл қызметтің бағасы туралы сұрағанымызда оператор еш кідірместен былай жауап берді: 

– Клиентке екі пакет ұсынылады: толық сүйемелдеу және құжат дайындау. Толық сүйемелдеу 1,2 миллион теңге, ал тек құжат рәсімдеу нұсқасы 800 мың. Біріншісінде біздің мамандар клиентпен бірге барлық кезеңнен өтеді. Тіркеуді ауыстыру, клиникаға жолдау, құжат жинау, бәрі қамтылады. Екінші нұсқада біз тек қажетті құжаттарды дайындап береміз, қалғанын адам өзі атқарады.

Мұндай бағаны естіген сәтте таңданысымызды жасыра алмадық. Дегенмен оператор бұған үйренгендей, “бұл қалыпты тәжірибе” деп жауап берді.

«Нәтиже кепілді ме?» деген сұраққа ол сенімді түрде:

– 99 пайыз жағдайда мәселе шешіледі. Тек төрт клиентке ғана өз бастамамызбен бас тарттық

Осы әңгімеден кейін бір нәрсе анық болды. Мұндай қызметтер тек сұраныстан емес, үмітсіздіктен туған нарыққа айналған. Заңнан гөрі амал іздейтіндер көбейген.

Осыған байланысты біз заңгер Айжан Толысбайқызынан мұндай қызметтердің қаншалықты заңды екенін сұрадық.

«Құқықтық тұрғыдан бұл қызметтерді заңсыз деу қиын, себебі олар ресми медициналық қорытынды мен құжаттарды пайдаланады. Дегенмен, бұл тәжірибе әскери жүйедегі әлсіздікті және азаматтардың мемлекетке емес, жеке делдалдарға көбірек иек артатынын айқын көрсетеді», — дейді ол.

2020-2025 жылдараралығында 92 мыңға жуық азамат әскери қызметтен жалтарған, олардың 12 мыңы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мұндай деректер қоғам мен қорғаныс жүйесі арасындағы өзара сенімсіздік пен алшақтықтың әлі де бар екенін байқатады.

Әскери құрылымдарға деген қоғамдық күдік пен беделдің төмендеуі елдің қорғаныс қабілетіне әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Сондықтан бүгінгі басты міндет тек заң аясында емес, жастардың көзқарасы мен ішкі қабылдауын өзгерту арқылы әскердің беделін қалпына келтіру.

Алайда халықаралық бағалаушы ұйымдар Қазақстан әскерінің әлеуетін жоғары бағалап отыр. Global Firepower 2025 рейтингі бойынша еліміз 145 мемлекеттің ішінде 57-орында, ал Орталық Азияда бірінші орында тұр. Бұл әскери әлеуеттің, техника мен кадрлық базаның жеткілікті екенін көрсетеді. Дегенмен сыртқы қуаттың өзі ішкі сенімсіздікті алмастыра алмайды. 

Дәл осы сенімсіздік пен әділдікке деген үміттің таусылуы қорғаныс саласындағы былықтың шегіне жеткенін көрсетті. 10 қараша күні Қорғаныс министрлігінің алдында бірнеше сарбаздың аналары жиналды. Олар балаларының өліміне қатысты істердің қайта қаралуын, кінәлілердің жазаланғанына көз жеткізуді және әскери жүйеге түбегейлі реформа жүргізуді талап етті. Аналар ұлдарынын қазасын жеке қайғы ретінде ғана қарастырмайды, оны жүйедегі жауапсыздық пен әділетсіздіктің салдары деп есептейді. 

Енді олар министрліктің емес, Президенттің өзімен кездесіп, мәселені ашық талқылауды көздеп отыр. Бұл жиналыс қоғамдағы терең сенімсіздіктің және әскери саладағы дағдарыстың айқын көрінісіне айналды.

Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы бұл мәселені назарсыз қалдырмай, Бас прокурорға он екі күн ішінде аналардың барлық шағымын қарауды, тергеу барысында заңдылықтың сақталуын бағалауды міндеттеді. Президент тапсырмасына сәйкес, Бас прокуратура қаза тапқан және зардап шеккен жас сарбаздардың аналарын жеке қабылдап, олардың айтқан әрбір мәселесін мұқият қарауға уәде берді.

Қарулы күштердің қуаты тек заманауи техникамен немесе қабылданған реформалармен өлшенбейді. Нағыз мықты әскер рухы биік, әділдік пен жауапкершілікке негізделген орта. Оның мәдениеті мен қадірі қоғамның жалпы көзқарасына тәуелді. Егер жастар бұл саланы қауіпсіз әрі әділ деп қабылдамаса, ешқандай цифрландыру да, жаңа формат та сенімді қалыптастыра алмайды.

Бүгінгі басты мақсат халық пен мемлекеттің арасындағы өзара түсіністікті күшейту. Әскер тек тәртіп пен бұйрық жүйесі емес, елге қызмет етудің абыройы мен азаматтық сана қалыптастыратын орта болуы керек. Ұрпақтың ерік-жігері мен жауапкершілігі ертеңгі мемлекеттің тірегі. Сондықтан әскери жүйені әділдік пен ашықтыққа негіздеу Қорғаныс министрлігінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ борышы.



ОБСУДИ МАТЕРИАЛ