Чт. Дек 5th, 2024
Фото: Жасанды интеллект / Ulysmedia

Таяуда Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі мен Францияның Қазақстандағы елшісі кездесіп, Францияға жылқы етін экспорттау бойынша келісім жасасты. Үкімет тарапы бұл келісімді еларалық сауда айналым арттырады деп есептесе, сарапшылар мұның саяси астары бар дейді.

22 қазан күні ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гионемен кездесті. Екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқылау барысында жылқы етін Францияға экспорттау мәселесі де сөз болған. 

Tengrinews.kz басылымының жазуынша, қазанның басында Францияда өткен ауыл шаруашылығы саммиті кезінде ет өндіретін қазақстандық “Қайып ата” мен француздың «Pegase BVS» компаниялары жылқы етін жеткізу мәселесі бойынша келісімге келген. Атап айтқанда, серіктестер аясында құны 50 миллион доллар болатын 5 мың тонна жылқы етін Францияға жеткізуге қол қояды. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі Францияға жылқы етін экспорттау еларалық сауда айналымын ұлғайту шеңберінде жүзеге асырылған кезекті сәтті келісім екенін айтқан. Биыл қаңтардан тамызға дейін екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 67 миллион долларға жеткен. Әсіресе, кейінгі жылдары Қазақстанда дайындалған рапсты Францияға жеткізу артып, соның есебінен Францияға жіберілетін экспорт көлемі 6 еседей артқан. 

НЕГЕ ЖЫЛҚЫ ЕТІ?

Жылқы еті Еуропа мен бірқатар Азия елдерінде танымал болмағанымен, бұрынғы көшпенді халық орныққан Орталық Азия, Қытай және Моңғолия елдерінде негізгі протеин өнімдерінің бірі ретінде пайдаланылады. Ерте тарихта Еуропадағы елдер де жылқы етін тұтынғаны белгілі. Мысалы, шығыс Еуропа елдерінде VIII ғасырға дейін жылқы етін жеу қалыпты саналған. Бірақ кейін Ватикан попы Герогия ІІІ тыйым салғаннан кейін жылқы еті жиі тұтынатын тағамдар қатарынан шығып қалған. 

Діни табу француздарға да әсер еткен. Бірақ XVIII ғасыр соңында Францияда төңкеріс болғанда ауқатты азаматтардың еншісіндегі жылқылар халыққа таратылады. Ғалымдар сол кездегі сиыр етіне қолжетімді балама ретінде жылқы еті ұсыныла бастағанын жазады. 

2013 жылы Еуропада жылқы етіне қатысты шу шықты. Швейцариялық Nestle компаниясы бірқатар елдегі супермаркеттерге жеткізген сиыр етінен дайындалған өнімдерін қайтаратынын мәлімдеген. Себебі оның құрамында жылқы еті анықталған.

Еуропалықтар жылқы етіне қойылған табуға қатысты түрлі пікір айтады. Бірі діни көзқарасқа қатысты десе, тағы бірі жылқыны ит не мысық секілді үй жануары іспеттес көретінін, сондықтан оның етін жей алмайтынын айтады екен. Франция үкіметі 1866 жылы ресми жылқы етін сатуға қатысты шешімінен кейін елде сиыр етіне балама өнім кеңінен пайдаланыла бастаған. 

Бастапқыда арнайы жылқы етін сататын дүкендер үкімет мақұлдауымен ашылса, XX ғасырдың орта шеніне дейін елдегі ең танымал ас жылқы етінен дайындала бастаған. Бірақ өткен ғасырдың екінші жартысында жылқы етін тұтыну көлемі азайған.

Ал кейінгі 20 жылда Францияда жылқы етін тұтыну 75 пайыз төмендеген. Оған негізгі себеп ет бағасы болған. Француз ғалымдарының 2020 жылы жүргізген зерттеуіне қатысқан азаматтардың 29 пайызы жылқы етін табу қиын әрі бағасы қымбат екенін айтқан. Соның есебінен қазір француздар жылқы етін ең көп тұтынатын елдер қатарына жатпайды. Ал бұл статусты бельгиялықтар мен италиялықтар алып отыр. 

“Францияның кейбір аймақтарында, әсіресе оңтүстік бөлігінде, жылқы етін дәстүрлі түрде жейді, тіпті жылқы еті қосылған «беф-дижон» сияқты бірнеше танымал тағамдары бар”, – дейді ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

© AFP 2024 / LUDOVIC MARIN

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКСПОРТТАУ КӨРСЕТКІШІ

Қазақстаннан Францияға жылқы етін экспорттау мәселесі бір жыл бұрын, яғни 2023 жылы көтерілген. Франция президенті Эммануэль Макронның 2023 жылдың қараша айындағы  Қазақстанға ресми сапарынан кейін тараптар Франция Республикасына жылқы етін жеткізуге келіскен. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мәлімдеді.

“Біз француздармен жылқы етін экспорттау туралы сөйлестік, өйткені Франция жылқы етін тұтынатын ел. Қазірдің өзінде Жапонияға жылқы етін жеткізетін 32 жеткізушіміз бар. Сондай-ақ Францияға жеткізілім көлемін арттыруымыз керек. Кеше оларға жылқы етінен дәм ауыз тигізіп, жылқы етінің тіл үйірер дәмін көрсеттік. Оларға ұнағаны сонша, екінші мәрте қайталап сұрады”, – деп атап өткен.

Сондай-ақ, ол Ақтөбе қаласында жылқы өсіруді зерттейтін институт құрылатынын мәлімдеді. 

Қазақстан жылқы етін Жапонияға да экспорттайды. Екі жыл бұрын жапондарға жылқы етін дайындайтын компания саны артып, экспорт та көбейетіні белгілі болды. Бірақ етті экспорттайтын “Астана Агропродукт” компаниясы өкілі үкімет экспорт логистикасына жәрдемдеспеді дейді. 

“Жапония қазы-қартаға қызығушылық танытқан, бірақ біздің үкімет көлік мәселелерін шеше алмады. Соның салдарынан Жапония тым алыста орналасқандықтан экспорттау қиын болды”, – деді “Астана Агропродукт” компаниясы өкілі.

Францияның стандарттарына сай болу үшін отандық өндіруші “Қайып ата” кәсіпорнына қатаң санитарлық және ветеринарлық талаптар қойылған. Экономист Ерлан Каримов те Франция және өзге Еуропа елдері соңғы кезде экологиялық таза азық-түлікке көңіл бөліп жатқанын айтты. 

“Жылқы етін өндірушілердің арасында, Қазақстанның еті сапасы мен ветеринарлық қауіпсіздігі бойынша жоғары деп ойлаймын. Өйткені қазақстандық жылқылар табиға ортада өсіп жатыр”, – дейді экономист Ерлан Каримов.

Сондай-ақ сарапшы Францияның Қазақстан үшін қаншалықты маңызды серіктес екенін атап өтті.

“Ресей санкцияда жүргендіктен, Еуропа елдеріне Орталық Азия елдерінде сенімді серіктес қажет, өйткені Еуропа көптеген шикізатқа тәуелді және олар Азия мен Еуропа арасында транспорттық қатынасты нығайту керек. Қазақстан үшін Франция өте маңызды серіктес, әсірессе фармацевтика, энергетика, траспорт, ауыл шаруашылығы салаларында”, – деді экономист Каримов.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 4,6 миллион жылқы бар. ҚазАқпарат агенттігі Қазақстан жылқы етін ішкі нарыққа жеткілікті деңгейде жеткізуге қауқары жетсе де, сапасы төмен екенін жазады. Сондықтан елдегі кей ет өндіретін комбинаттар мен ресторандар Ресейден жылқының етін импорттайды. 

Сарапшылар ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп, сыртқа, әсіресе, Еуропа елдеріне экспорттау үшін технологияның мүмкіндіктерін ет өңдеу саласына енгізу қажет екенін айтады. 

Фото: gov.kz

САЯСИ АСТАРЫ БАР МА?

Франция осыған дейін уран өнімін Ресей мен Нигерден импорттап отырған. Бірақ Ресеймен Украинада соғыс бастағаны үшін жарияланған санкциялар есебінен келісімді ары қарай жалғастыру мүмкін болмай қалды. Ал Нигерде былтыр жазда әскери төңкеріс болғаннан кейін француздардың уран импортына қауіп төнді. 

Содан кейін Франция президенті Эммануэль Макрон Қазақстанға ресми сапар аясында келіп, Ақорда басшысымен бірқатар мәселелер бойынша келіссөз жүргізген. Батыс медиа ресурстары уранды импорттау талқыға түскен негізгі мәселелердің қатарында болды дейді

“Бізден шығатын басқа да көмірсутегі, минералды ресурстарымыз Францияның экономикасына өте тиімді. Атом өнеркәсібіне уранның біраз бөлігін олар Қазақстаннан импорттайды. Сол үшін де Қазақстанмен сауданың қай саласы болмасын арадағы байланысты ұзақ мерзімді қылуға мүдделі”, – деді экономист Бауыржан Ысқақов MNU Newsroom тілшісіне.

Жылқы етін Қазақстаннан импорттау екі ел арасындағы көптеген келісімдердің бірі болды. Кремлшіл басылымдар француздар энергетика дефицитін болдырмау үшін Қазақстан уранына тәуелді болып отыр, сондықтан екі ел арасындағы сауда қатынасын одан ары нығайтуға тырысып жатыр деп жазды. 

“Францияның 90% электр тоғы уранмен жұмыс істейді, оларға алдымен Қазақстанның арзан ураны қажет. Қазақстанда уранның 15% қоры бар, әлемдегі сатылып жатқан уранның 40% Қазақстанның шикізаты. Франция тек уран үшін келді демес үшін жылқы етін сатып алуға дайын екенін көрсетті”, –дейді экономист.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *