Чт. Окт 3rd, 2024
Фото: malim.kz

Қазақстандық теолог, исламтанушы Ризабек Батталұлының осыдан 8 жыл бұрын әйелдерді ұруға қатысты айтқан пікірі желіде қайта қызу талқыланып жатыр. Теолог қазақ үйінің төрінде ілінетін қамшының әйелдерді тәубесіне түсіретінін, “әйелді нұқып алуға” болатынын айтқан еді. Мамандар бұл әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты қалыпты жағдайға айналдырудың әрекеті дейді. 

Қарағанды облысында туған Ризабек Батталұлы бакалавр мен магистратураны Мысырда оқыған. Кейін Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетіне келіп, докторантурада білім алған. Қазір сол жерде ұстаздық ететін Батталұлы әлеуметтік желілерде уағыз айтып, танымал болған.

2016 жылы тараған сондай уағыздарының бірінде ол еркек үстемдік етуі үшін жаралғанын айтып, әйелдерді басқару керегін меңзейді. 

«Ұрыңдар, пайғамбарымыз (әйелдерді) жарақат салып, бір дене мүшесін сындырып қоймайтындай деңгейде нұқып алу керек деген. Кезінде қазақтың шаңырағында қамшы не үшін ілініп тұрған? Қамшыны көргенде әйелдер тәубесіне түсетін болған. Өйткені, қамшыны бір жеген. Бірінші күннен бастап кететін болсаң, оңды-солды қиқаңдайтын болсаң, міне, сенің жауабың деп біліп қоюы керек», – деген еді ол. 

Қайта тараған сол видеоға желі қолданушылары түрлі пікір білдіріп, талқыға салып жатыр.

Мәселен, қазақстандық медианың instagram желісінде жарияланған видеоға 400-ге жуық адам пікір қалдырған.
Онда радиожүргізуші Мөлдір Жанбаева: “Мынадай уағыз айтуға қарсымыз. Отбасылық зорлық-зомбылықты жоя алмай жүргенде, мынау не насихат?”, – дейді

Теолог Батталұлының сөздерін қазір қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан Қуандық Бишімбаев ісімен байланыстырып, салыстырған пікірлер де болды. Тіпті бірі ғалымды “Екінші Бишімбаев болайын депті” деп айыптайды. 

“Осы адамның отбасында болған шығар осындай жағдай. Әкесі шешесін сөйтіп қамшымен сабап отырған, бұл сол көргенін бойына сіңіріп нормаға айналдырған ғой. Үйінде де соны жасап отыр деген сөз”, – деді Гүлсім Жағыпарова есімді өзге бір желі қолданушысы. 

“Қамшының ілініп тұрғаны әйелді сабасына түсіру деген емес. Қамшы қару ретінде және бүкіл күн көрісін қамтамасыз еткен жылқыны басқаруға қолданылған. Қамшы- қолөнердің биік жетістігі. Оны әйелдерге әкеліп тіремеу керек. Теологтарда этнографтармен, этнолингвисттермен пәнаралық байланыс болу керек.  Көп теологтар тек дінмен ғана шектеледі да, тарихпен, этнографиямен байланыспайды”, – дейді этнограф ғалым Тәттігүл Қартаева.

Теолог ескі видеоны қоғам талқысына түсуі қоғамдағы зорлық-зомбылыққа қатысты дискурс алаңының кеңейгенін білдіреді. Мысалы, Орта подкасына қатысқан азаматтардың виктимблейминг аргументін айқаны үшін сынға қалды. Олардың қатарында анымал әнші Jah Khalib те бар. Подкаст 2022 жылдың тамыз айында жарияланған болса да, қазір қызу талқыға түскен. 

Астаналық психолог Әлия Тұрдығалиева: “Қазіргі әлемде өзектілігі мен орындылығын жоғалтқан көптеген дәстүрлердің мысалында, мен мұндай дәстүрлер ежелгі дәуірдің жәдігеріне айналды деп санаймын. Егер біреу бұндай старизммен қоштасқысы келмесе, қазіргі қоғамда емес, өткен ғасырда өмір сүруі керек”, – деген ойын бөлісті.

Исламтанушы Батталұлының видеосы 2018 жылы әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Сол кезде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өкілі ұстаздық етіп жүрген теологтың пікірін қоғам дұрыс түсінбегенін айтып, мүфтият уағыз айтудың ережесін дайындап жатқанын мәлімдеген. Сол жылы Ризабек Батталұлы уағыз кезінде айтқан пікірі үшін халықтан кешірім сұрады

“Өзімнің өрескел қателігім үшін кешірім сұраймын. Осы аятты (Ән-Ниса сүресінің 34-аяты) түсіндіру барысында аятта көрсетілмеген, пайғамбарымыздың хадисінде ашық айқындалмаған өзімнің эмоциялық тұрғыдан өрескел қателік жіберіп, қамшымен ұру деген секілді дөрекі, халқымыздың мәдениетіне негізделмеген тұжырымды айтып, жамағаттың арасында келіспеушілік туғандығын білемін”, – деген еді ол.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *